Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4962 0 пікір 7 Мамыр, 2012 сағат 10:39

Бәрі зерделей білуге байланысты немесе ырым-тыйымның түп негізі – тәрбие

Бала күнімізде «Табалдырыққа тұрма, бойың өспей қалады», «Үйдің ішінде ысқырма, шайтан шақырасың», «Бетіңді екі қолмен баспа, жақының қайтыс болып кетеді» деген секілді жорамалды тыйымдарды жиі еститінбіз. Шындығында солай ма? Әрине, жамандыққа жорығанды жақтырмайтын халқымыз мұндай ырымдарды басқа мағынада қолданған болса керек.

Бала күнімізде «Табалдырыққа тұрма, бойың өспей қалады», «Үйдің ішінде ысқырма, шайтан шақырасың», «Бетіңді екі қолмен баспа, жақының қайтыс болып кетеді» деген секілді жорамалды тыйымдарды жиі еститінбіз. Шындығында солай ма? Әрине, жамандыққа жорығанды жақтырмайтын халқымыз мұндай ырымдарды басқа мағынада қолданған болса керек.

Ырымдар халықтың табиғатпен үйлесуінен, біте қайнасуынан пайда болған. Адамның жаратылысты түйсінуінен туындаған. Әрбір мәдениеттің астарында діни наным-сенім жатады. Біздің қазіргі қолданыста қоғамның қалыптасу тарихындағы рухтарға табынған - тотемизм, аңдарға табынған - анемизм, тас мүсінге табынған - фетишизм және отқа табынушылықтардан қалған ырымдар да бар. Бұлардың кейбірі Исламмен синтезделгендіктен, біздің халыққа жат емес. Айталық, келін түскенде отқа май құю, жаңа үйге кіргенде отпен аластау секілділер. Түнде далада қалып қойса, жын-жыбырдан немесе далалық аймақта аң-құстан қорғану үшін от жағу - тиімді әдіс. Өйткені, ондай қауіптілер (жаман энергия, ит-құс, т.т.)оттан қашады екен. Асылында, ырым-тыйымдар - тазалыққа, адалдыққа, мәдениеттілікке бастайтын тәрбиелік құрал іспетті. «Босағаны керме», «Босағада, табалдырықта тұрып сәлемдеспе», «үйді, кісіні айналып жүгірме» деген секілділер күнделікті тұрмыстағы әдептілікті сақтауға байланысты айтылған. «Үйге қарай жүгірме»-нің мағынасы ертедегі тұрмыстық болмысымыздан хабар береді. Бұрынғы кездері жау шапса немесе суыт хабар жетсе, үйге, әлде ауылға қарай жүгіріп, яки атпен шауып хабарлаған екен. «Уһілеме» деген де бар. Мұның мәнісі мынада - ішінде шері бар мұңды адам жиі күрсінеді. Сондықтан, біреу уһілегенде «жамандыққа жорылмасын» деп айтылған. Сондай-ақ, Құран сүрелерінде ата-анаға қарап тіл қатқанда уһілеп сөйлемеу туралы айтылады. Мұндай мәндегілер - тәлімдік негіздегі ырымдар. Кейбір дәстүрлі дінімізге қарсы келетін жоралғылар да бар. Мысалы, өлік шыққан үйден «Осымен бұл шаңырақта енді өлім-жітім болмасын» деп мәйітпен бірге құлыпты қоса көму сияқтылар дінімізде көрсетілмеген. Бұл жөнінде Абай Құнанбаевтың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны жайлы» атты еңбегінде өте орынды айтылған. Қысқаша тоқталып өтейік: «...Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені Құдай қылып, дін тұтатұғын әдеттердің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар. Келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып, «От ана, Май ана, жарылқа!» дегізіп бас ұрғызған секілді, «өлген аруаққа арнадық» деп шырақ жаққан секілді, жазғытұрым күн әуелі күркірегенде қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып, «сүт көп, көмір аз» дегендері секілді. Бұған ұқсаған көп еді, Құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» дейді хакім ақын. Ал, енді «Түнде тырнақ алуға болмайды», «Сыпырғышты жоғары қаратып қоймайды» дегендер гигиеналық тазалық үшін айтылған. Себебі, түнгі күңгірт кезде алынған тырнақтың ыдысқа әлде асқа түсіп кетуі әбден мүмкін. Сыпырғыш бар лас қоқысты жиыстырады, оның басы жоғары қаратылып қойылса, ондағы микробтардың ауаға таралуы ықтимал ғой. Кей кісілер «қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп мән бермейді, бірақ, оның түп-төркінінде ғылыми негіз барын да білген жөн. Мәселен, шала туылған баланы мерзімді уақыты толғанша тұмақтың ішіне ұлпа мамық немесе ботаның түбітін, түйе­­нің жабағысын орауыш етіп, керегеге бай­лап күн түсетін жерде немесе қыс мезгілі болса жылы орында баққан. Бұл кәдімгі қазір медицинада қолданатын вакуум емес пе? Міне, осыны біздің халық ертеде-ақ білген. Бұдан байқайтынымыз, ырымдардың түбінде негіз бар. Тек, «Дүниенің озығы бар, тозығы бар» деп өткеннің де, жаңаның да жақсысын зерделей білген жөн.

Қамар РАХМЕТУЛЛИНА
Тараз

«Ана тілі» газеті

0 пікір