Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2845 0 пікір 7 Мамыр, 2012 сағат 10:38

Әлімжеттік деген балабақшада да бар

Осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын, 1992 жылдың 7 мамырында бізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясына шақыртты. Ол кезде мен Алматыдағы әскери бөлімшелерді аралап,  үсті-басым шаң-шаң болып жүрген едім. Резиденцияға кіргенде көргенім: генералдар түгел жиналыпты. Төрде ақсақалымыз - Сағадат Нұрмағамбетов. Сол оқиға әлі есімде, біз 40-50 минуттай отырып қалдық. Сөйтсек, Елбасы Б.Ельцин Ресейдің қарулы күштері құрылсын деген жарлыққа қолын қойғанша күтіпті. Б.Ельциннің осы жарлығынан кейін, Кеңес Одағының қарулы күштерінің демі таусылды. Елбасы «Қазақстанның Қарулы Күштері құрылсын!» деген жарлыққа қол қойып, өзіміздің Қорғаныс министрлігіміз құрылғанын бізге сол күні жариялады. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы ортаға шығып: «Қазақстанның Қарулы Күштерінің жоғары басшылығымен бірге суретке түсейік!» деді. Біз аңтарылып тұрып қалыппыз. Осылайша, 7 мамыр тәуелсіз Қазақстанның тарихында өз әскеріміздің құрылғаны күні болып тасқа жазылды.

Әскердің қазығы - темірдей тәртіп

Осыдан тұп-тура 20 жыл бұрын, 1992 жылдың 7 мамырында бізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясына шақыртты. Ол кезде мен Алматыдағы әскери бөлімшелерді аралап,  үсті-басым шаң-шаң болып жүрген едім. Резиденцияға кіргенде көргенім: генералдар түгел жиналыпты. Төрде ақсақалымыз - Сағадат Нұрмағамбетов. Сол оқиға әлі есімде, біз 40-50 минуттай отырып қалдық. Сөйтсек, Елбасы Б.Ельцин Ресейдің қарулы күштері құрылсын деген жарлыққа қолын қойғанша күтіпті. Б.Ельциннің осы жарлығынан кейін, Кеңес Одағының қарулы күштерінің демі таусылды. Елбасы «Қазақстанның Қарулы Күштері құрылсын!» деген жарлыққа қол қойып, өзіміздің Қорғаныс министрлігіміз құрылғанын бізге сол күні жариялады. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы ортаға шығып: «Қазақстанның Қарулы Күштерінің жоғары басшылығымен бірге суретке түсейік!» деді. Біз аңтарылып тұрып қалыппыз. Осылайша, 7 мамыр тәуелсіз Қазақстанның тарихында өз әскеріміздің құрылғаны күні болып тасқа жазылды.

Әскердің қазығы - темірдей тәртіп

Қазақстан президенті, Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында еліміздің Қарулы Күштері аяғынан тік тұрды деуге болады. Әрине, Кеңес одағы ыдыраған кезде әскерге ешкімнің барғысы келмей, жұрттың қашқақтап жүрген кездері де болды. Сонда біз жағдайдың түзелетініне сеніп едік. Соған жеттік. Әскеріміздің жағдайы жаман емес. Бірақ, онда 100 пайыз мәселе жоқ дей алмаймыз. Мәселе көп. Мысалы, тәртіп. Темірдей тәртіп болмаған жерде, мінез-құлығы, тәрбиесі, санасы әртүрлі адамдар әртүрлі қылық көрсетеді. Тәртіптің тұтқасы - командирде!

Яки шағын топ болсын, яки үлкен әскери бөлім болсын, оның командирі дұрыс, әділ болса - ол жердің тәртібі де дұрыс. Ал егер командирі болбыр, еріншек болса - ол жерде тәртіп те төмен. Мен бұл мәселеге екі мысал келтірейін. Біріншіден, біздің әскерімізде взвод командирлеріне деген тапшылық 40 пайызды құрайды! Бір жолы Қарағандыдағы парламент сағатында әскерилерге: «Әскери мамандар жеткілікті ме?» деген сұрақ қойдым. Сөйтсек, төменгі звенода сарбаздармен сөйлесетін адам қалмапты! Бұл - өте күрделі мәселе. Тағы бір мысал. 2007 жылы әскердегі тәртіп қатты төмендеген Отарға бардым. Сарбаздарды жиып, тексеріс жүргіздім. Сөйтсем, ол жерде де взвод командирі, старшина деген жоқ. Рота командирлері аз. Яғни сарбаздар өз бетімен жүре берген. Мәселені шешу үшін, дереу төменгі офицерлерді тағайындадық. Сөйтіп іс оңға басты.
Әскердегі әлімжеттікті 100 пайыз жоямыз деу қиын. Әлімжеттіктің көкесі балабақшада! Мысал керек пе, айтайын. Бір күні Қарағандыдағы мектепте оқитын немеремнің сатып алған самсасын пышақ кезеген сыныптасы тартып алыпты. Онымен қоймай: «Сен маған күнде-күнде осындай самса алып беріп, тұрасың!» - дейтін көрінеді. Бұл әлімжеттік емей немене?! Сондықтан, әлімжеттікті 100 пайыз жоямыз деу - қате. Өйткені, барлығы баланың анасының құрсағында жатқанынан басталады. Тәрбие мәселесін кешегі ассамблеяның жиынында Елбасы да қадап-қадап айтты. Жуырда теледидардан пионерия дегенді енгізіп жатқанын көріп қалдым. Расында да, тәрбие беруде бір жүйе болуы керек. Бәрі төменнен басталады. Әскердегі әлімжеттікті азайтамыз десек, дұрыс тәрбиені балабақшадан бастайық.

Сарбаздар да «ұрттап» қояды

Әскердің мерзімін 3 жылдан 1 жылға қысқартқан мен едім. Себебі, әскерге контрактниктер, яғни келісімшартпен қызмет ететіндер келді. Сонда қараңыз: біздің әскеріміздің (бір жылдықтарды айтамын) 50 пайызын - жаңадан келгендер, 50 пайызын - аздап дайындығы барлар құрайды. Алайда, әлгі аздап әскери өнерді үйренгендер 1 жылдан кейін кетіп қалады. Ал, жаңадан келгендер - дайын еместер. Міне, мәселе! Сондықтан да қазіргі кезде Ресей әскерінің 85 пайызын «контрактниктер» құрап отыр. Штаб басшысының айтуына қарағанда, біздегі «контрактниктер» - 65 пайыз. Енді «контрактниктердің» артықшылықтары мен кемшіліктерін айтайын. Біріншіден, олар - кәсіби шеберлер. Бұрын әскерде болған, 25-30 жастағы тепсе темір үзетін жігіттер. Оларды әскерге не үшін шақырдық? Мысалы, бір жылға келген солдат машинаны үйреніп болғанша, уақыты өтеді. Ал, күрделі әскери қару-жарақтарды меңгеретін маман керек. Сондықтан, бүгінде механик-жүргізуші, наводчик, байланысшы, автоматика, ұшақтарды ұшуға дайындайтын мамандардың көбісі - келісімшартпен әскерге келгендер. Бір тиімділігі, олар 20-25 жылға келісімшартқа отырады. Мұның пайдасы зор. Біріншіден, олардың қолындағы қару-жарақ сақталады. Екіншіден, қандай қаруды да бір-екі жылда меңгеріп алған соң, қалғанын өзі істейді. Яғни осындай жағынан алғанда, олардың қызметі әрі арзан, әрі тиімді. «Контрактниктер» офицерден сәл төмендеу болғанымен, артықшылығы көп. Мысалы, олар таңертең жұмысқа келіп, кешке үйіне кетеді. Киімі, тамағы, жалақысы, демалысын мемлекет төлейді. Жалақысы да аз емес. Алайда, олардың арасында да тәртіп бұзатындары кездеседі. Кейбіреулері «ұрттап» қояды, бірдеңе ұрлап қояды. Бұл - әрине, әр адамның санасына, тәрбиесіне байланысты. Тағы бір мәселе бар. Мәселен, жеңіл қару-жарақты қолданатын жаяу мотоатқыштарды келісімшартпен ұстау - тиімсіз. Өйткені, олар автомат пен снайперді ғана ұстауы мүмкін. Содан соң, 27 жастан асқан жігіттерді бір айлық әскери дайындыққа шақырамыз. Олар бір айда жеңіл қаруды қолдануды үйренеді. Осылайша, резервімізді көбейтеміз. Жасыратыны жоқ, елімізде әскерге бармайтындардың (27 жас­тан асқандар) саны көбейіп кетті. Сондықтан, контрактниктердің санын 70 пайызға жеткізуіміз керек. Мәселе санда емес, сапада ғой. Елбасымыз айтқандай, әскердің саны аз, сапасы мықты болуы керек.

Қару-жарақты Ресейден алатынымыз рас

Әскердің «көзірі» - қару-жарақ. Біздің нөмірі бірінші мәселеміз - қару-жарақты жаңадан алу. Бүгінгі күні қару-жарағымызға кем дегенде 20-25 жыл болғаны рас. Ескі деуге болады. Бірақ, темірдің аты - темір емес пе?.. Мысалы, танкінің, БМП-ның (жаяу әскердің машинасы), артиллерияның тозатын несі бар?.. 20 жылда корпусына ештеңе болмайды. Бірақ, ішкі жабдықтары (резеңкесі, байланыс жүйесі және т.б.) жетілдіріліп, жаңартылып отырады. Яғни, мәселе танкіде немесе артиллерияда емес. Қазіргі кезде ұшқышсыз ұшу, зымырандық технология, байланыс автоматикасы және радиоэлектронды күрес жүйесі деген бар. Соңғысын алайық. Бұл - ең алдыңғы қатарлы қару. Алматы, Астана сияқты үлкен қалаға «помеха» қойып жіберсе, оның «тілі» мен «құлағын» кесіп тастайды. Яғни теледидар, телефон, спутник дегендерің түгелдей өшіп қалады. Міне, біз Испаниядан осындай қаруды алдық. Әрине, өте күрделі қару. Мықты мамандар дайындауымыз керек. Екіншіден, зымырандық технология деген жоғары дәлдіктегі қарулар бар. Артиллерия оғын беталды ата берсе, бұл дәл нысанаға ғана атады. Мысалы, жаудың байланыс торабын немесе ұшақтар қонатын аэродромын құрту керек болса, жоғары дәлдіктегі қаруды атамыз. Бұдан кейін бізге тиісемін дегендер жақсылап ойланады. Бұл бағыттағы беталысымыз жаман емес. Ал Қазақстанның қаруды Ресейден алатыны рас. Мысалы, әуеден қорғанудағы С-300 бізге жетіп жатыр. Ресейліктердің қолданған техникасын бірен-саран алуымызға болады. Неге? Өйткені, әрі қымбат, әрі шикі жаңа техникаға шығындалғанша, ресейліктердің сынағынан өткен сапалы техниканы алған тиімді. Себебі, оны біздің мамандарымыз да қолдана алады. Екіншіден, ол қару бізге алдағы 10-15 жылға жетеді. Одан кейін қандай технология боларын бір Құдай білсін?.. Яғни бүгінгі уақыт пен болашақтың арасын толтыру үшін, орыстардың сапалы қаруын сатып алуға болады. Әрине, ең алдыңғы қатарлы технология - ғарыш спутнигі. Біз енді-енді ғана ғарышты игеріп жатырмыз. Сондықтан, алдыңғы қатарлы технологияны игеруге ұмтылуымыз қажет. Содан кейін, Ресеймен қатар, Израильдің, АҚШ-тың және Еуропа елдерінің де аса сапалы қару-жарағын алуымызға болады. Ең бастысы сол, әскери техниканың тұжырымдамасын бекітіп алуымыз керек. Сонда дұрыс бағытта жүреміз. Бізге ертеңгі күнді ойлау керек. Өйткені, бүгінгі таңда Елбасының көмегінің арқасында біздің Қарулы Күштеріміздің бюджеті 70 млрд теңгеден (бұл 2006 жылғы көрсеткіші) 300 млрд теңгеге жуық ұлғайды. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, алдыңғы қатарлы қару-жарақтарды сатып ала бастауымыз қажет. Оған 10 жыл уақыт кетеді.

Патриоттық сезім әр жауынгердің жүрегінде

Арлингтон зиратындағы Кеннедидің құлпытасында мынадай сөздер ойылып жазылыпты: «Сен, елім маған не берді деп сұрама, Сен өз еліңе не бердім ойлан». Бұл сөзді неге айтып отырмын? Біз елде жүргенде кейбір сөздерді ойланбай айтамыз. Бірақ, өзіміз туған Отанымыздан жырақта жүргенде көк байрағымызды көріп, әнұранымызды тыңдағанда көзімізге жас аламыз. Спортшыларымыз да халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, біздің әнұранымыз ойнағанда қуаныштан жылайды. Патриотизм дегеніміз - осы. Бұл сезім әр адамның жүрегінде бар. Соны оята білу керек. Ел басына күн туа қалса, ол бірден оянады. Сол сияқты, елсүйермендік сезім әрбір жауынгердің жүрегінде бар. Алайда, сол сезімді әрдайым жоғары деңгейде ұстап жүре аламыз ба?.. Мысалы, әр сарбаз өзінің елі үшін, өмірін де қиюға тиіс. Соған дайын болуы керек. Өйткені, ол - өз халқына ант берді ғой. Өз әке-шешесін, туыс-бауырын, бала-шағасын қорғауға ант берді. Міне, осы мәселені сарбаздарға жиі-жиі түсіндіруіміз керек. Оны айқайламай, шуламай жеткізген жөн. Шынында да, мына дүниеде әке-шешеңнен артық қадірлі кімің бар?.. Сол әке-шешеңнің қалтасынан 200-300 млрд теңгені алып, әскерге жұмсап отырмыз. Яғни ол қаржыны халық өз қалтасынан беріп отыр. Сондықтан, елімізді қорғау - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Өкінішке қарай, кейбір төмендегі басшылар ой-өрісінің тарлығынан осы нәрсені түсіндіре алмайды. Патриотизм туралы бейбіт өмір де, әскер де көбірек айтуымыз керек. Сонда ғана қасиетті сезім жалынды жүректерді жарып шығады!

Жазып алған Төлен ТІЛЕУБАЙ

«Жас қазақ» газеті

0 пікір