Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 10020 2 пікір 28 Мамыр, 2021 сағат 13:00

Сабан ақша (жалғасы)

(Әңгіме)

Басы: Сабан ақша

Алматыға келген соң Сергей Николаевич зым-зия жоқ болды. Тағы да «запойға» кетті. Бұл жолы ол жарты айға жоғалды. Қарашаның жиырмасыншы жұлдызында аспаннан түскендей сап ете қалды. Оны көрген бетте:

– Тағы да Ұлы Рухпен тілдесіп қайттыңыз ба?– деді Алма байсалды үнмен.

– Алмуша, оны қайтесің? Мен керемет іс бітіріп келдім,– деді Платонов масаттанғандай сөйлеп.

– Ол не тағы?

– Жүз елу миллион сом алып келдім.

– Қалайша?– деп Алма ұмсына түсті.

– Міне, чек. Ақтөбедегі белгілі фирма берген.

– Бұл қандай ақша? Мынауыңыз бір жапырақ қағаз ғой. Бұған кім сенеді?

– Сенгенде қандай, Алмуша! Қазір өзіміздің банкке барамыз да «Аланға» чек аштырып, соған түгел салып аламыз.

– Сұрауы жоқ па бұның? Не істемекшісіз? Ертең бар тапқанымыздан айырылып отырмайық,– деді Алма іштей қатты күмәнданып.

– Айырылмаймыз. Маған сене бер. Мен бәрін ойластырып қойдым. Бұл бір айға берілген пайызсыз несие деп санасаң болады. Отыз күнде қайтарып береміз. Осы уақыт ішінде бір айналдырып үлгірсек, үстінен кемінде жүз миллион сом табамыз. Екеуміз елу миллионнан бөліп аламыз. Болды! Іске кірісейік!– деді Платонов алақандарын ысқылап. Анандай ақшаны естігенде Алманың басы айналғандай болды.

– Тәуекел! Бірақ бәріне өзіңіз жауап бересіз! Мен тек банктен чек алып беремін,– деді ол қуанып.

– Әрине! Өзім жауап беремін. Жүр! Жүр енді!– деп Платонов Алманы асықтыра бастады.

Екеуі қаланың орталығында жаңадан ашылған «Казфинансбанктің» кеңсесіне келді. Банк төрағасының орынбасары Ангелина Александровна Пак есімді кәріс келіншек бұларды қуана қабылдап, жарты сағат ішінде «Алан» компаниясының су жаңа чек кітапшасына жүз елу миллион сом салдырып берді. Банктен шыққан соң Платонов Алмамен бірге кеңсеге барып, ақша салынған чектің жиырма бес бетіне түгелдей қол қойғызып, мөр бастырып алды. Өзінің атына сенімхат жаздыруды да ұмытқан жоқ. Бәрі реттелді деген соң көңілі жайланып:

– Алмуша! Сен енді алаңдамай өз жұмыстарыңды істей бер. Чекті мен алып кетемін. Құдай қаласа, жиырма күнде ақшаны айналдырып, пайдамен ораламын. Мүмкін жиырма бес күн болар... Тезірек бітіруге тырысамын ғой,– деді де кабинеттен шығып жүре берді.

Платонов Алмаға ең басты нәрсені айтпай кетті. Бұл қылмыстық әрекет болатын. Банктің ақшасын алаяқтықпен үптеудің тәсілі осы. Ақтөбеден алып келген мөрі бар чек жасанды еді. Онда ешқандай да ақша жоқ тұғын. Платоновтың судыр сөзіне сеніп қалған Ангелина Александровна өз қолымен банкті тақырға отырғызғанын білген жоқ.

Платоновтың жоспарынша: «Казфинансбанктің» есеп-шотына бір тиын да түспейді. Олар он төрт күннен кейін Ақтөбедегі фирмаға қызмет көрсететін банкке аталмыш ақша туралы сұраныс хат жібереді. Ақтөбеліктер бір апта ішінде ол хатқа жауап беруге тиіс. Әрине олар «Біз сіздерге ешқандай ақша аударуға тиіс емеспіз. Мұндай қаржылық операция тіркелмеген» деп жазады.

Ангелина Александровна өзінің алданғанын сол кезде түсінеді. Ол өздерін алдап соққан «Алан» компаниясын іздей бастайды. Оған дейін жиырма бір күн өтеді.

Жиырмасыншы күні бұл Алмаға телефон соғып, «Казфинансбанк» өкілдерінің көзіне түспес үшін қаладан бір аптаға кете тұр» дейді. Ол жасырына тұрады. Сонымен жиырма сегіз күнге созылады.

Демек бұл операцияны жиырма бес күн ішінде, мүмкін болса одан да ерте бітіру керек. Соған дейін ақшаны бір айналдырып, үстінен алатынын жонып алып, банктің қаржысын орнына қойып үлгеру керек. Қорқатын ештеңе жоқ. Қаржы орнына қойылса бұларға түк те болмайды. Міне, бұл Платоновтың нақты жоспары болатын.

Өмірде адамның ойға алғаны түгел орындала бермейді. Қашан да Алланың қалауы болады. «Казфинансбанкке» өткізілген чектің жасанды екені Платонов ойлағандай жиырма бір күнде емес, он үшінші күні-ақ анықталып, қылмыстың арты ашылып қалды.

*      *      *

Банк төрағасының орынбасары, қуыршақтай әдемі келіншек Ангелина Александровна Пак өз кабинетін ішінен жауып алып жылап отыр. Қызмет бабымен көтерілгеніне екі ай ғана болған еді. Мына алаяқтарға қалай алданып қалғанын өзі де білмейді. Бұған дейін талай чекті осылай қабылдағанда ешқандай оқыс оқиға болмаған. Осы жолғы қателігін өзіне кешіре алар емес. Енді таяуда қол жеткізген қызметі де қыл үстінде тұр.

Жаңа ғана банк төрағасы жеке шақырып алып, терісін тірі күйде сыпырғандай болды. Өмірде естімеген сөздерін естіп шықты. Төраға сөзінің соңында: «Қалай етсеңіз де бір апта ішінде жүз елу миллион сомды орнына қойыңыз. Олай болмаған күнде банкпен қош айтысасыз» деді. Жыламағанда қайтсін?

Он үш күннен бері хабар-ошарсыз кеткен Сергей Николаевич жаңа ғана кеңседегі кабинетінде отырған Алмаға телефон шалып, осы уақыт ішінде не тірлік бітіргенін баяндады. Шымкенттің шина зауытынан жүз миллион сомға доңғалақтар алып Красноярскіге жөнелтіпті. Бір аптада жүз елу миллион болып қайтады деді. Қалған елу миллионға Белоруссиядан трактор алдырып жатыр екен. Қазақстанға келгенде сексен миллионға айналатын көрінеді.

Көңілі көтеріңкі. «Павлодардан хабарласып тұрмын. Жақын күндерде Семей мен Өскеменге барамын» деді.

Ол хабарсыз кеткенге Алма шындап уайымға берілген. Платоновтың не істеп жүргенін кім біледі? «Ақшаны басып алып Ресейге қашып кетер ме екен» деп те ойлаған. Платоновтың өзі байланысқа шыққан соң алаңдаулы көңілі байыз тауып, келетін пайданың иісін сезіп күлімдей бастады.

Дәл осы кез Қазақстанда рекеттік топтардың аш бөрідей құтырынып тұрған шағы еді. Ұрдажық бандиттердің атынан ат үркіп, адам қорқатын. Ана топтың жігіттері, мына топтың жігіттері деп, екінің бірі «рекет» болып кеткен кез.

«Казфинансбанктың» да мәселелерін шешетін жуан жұдырықтар бар. Бұлар да білегі жуан жігіттердің көмегіне сүйенеді. Жылап отырған Ангелина Александровнаның ойына ең бірінші болып сол жігіттер оралды. Солар мәселені тездетуі мүмкін.

Бір апта ғана уақыт берілді. Болмаса органдар арқылы да қыспаққа алып көрер. Бірақ олар істі ұзаққа созады.

Нәзік қана кәріс келіншек көзінен мөлтілдеп тамған жасты сүртіп алып, телефонның нөмірін терді.

Жауырындары қақпақтай, қайыс күрткелі төрт жігіт әлекедей жалаңдап, жарты сағат ішінде жетіп келді. Ангелина Александровна мәселенің мән-жайын көз жасына шылап отырып жеткізген соң, тепсе темір үзетін төрт бозым «Алан» компаниясының кеңсесін көздеп тартып кетті.

Платоновпен сөйлескеннен кейін Алманың көңіл күйі жадырап отыр еді. Бір мезетте кабинетіне атпалдай төрт жігіт сатыр-сұтыр кіріп келді. Түстері суық, жүрістері суыт. Олар Алмамен көп сөйлескен жоқ. «Алма деген сен бе?» деді. «Иә» дегенше болған жоқ, ішіндегі қара бұжыр біреуі қалтасынан тапаншасын суырып алып, Алманың маңдайына тақады да: «Дыбысың шықпасын! Бізбен бірге жүресің!» деді. Алма табан астында не болғанын түсінбей: «Мені қайда апарасыңдар?» деп еді, «Банкке барасың!» деп қысқа жауап берді де кабинетін жабар-жаппас алдына салып айдай жөнелді.

Тұра қашатындай төртеуі төрт жағынан қаумалап, шетелдік көліктің артқы орындығына отырғызды. Жол бойы ләм-мим деген жан болған жоқ. «Казфинансбанк» кеңсесінің алдына келгенде төртеуі машинадан бірдей шығып, тағы қаумалады. Сол бойы тура Ангелина Александровнаның кабинетіне алып келді. Алма әлі де не болғанын айқын түсіне алмады. Кабинетке кіргенде әлгі тапанша кезенген жігіт:

– Міне, алып келдік,– деді бейне бір қолға түспей жүрген қашқынды ұстап әкелгендей Алманың желкесінен нұқып.

– Қолыңды тарт!– деді Алма өжеттігіне салып.– Әуелі не болғанын түсіндірсеңдерші.

Жылай-жылай көздері білеудей болып ісіп кеткен банкир келіншек Алмаға жақындап келді де, төрт жігіттің көзінше оның жағынан шапалақпен тартып жіберді. Алма өршеленіп, намыстан өліп кетердей болды. Ашуланып жұлқынғанда екі қолын ұстап тұрған зіңгіттей жігіттерге бой бермей кете жазады.

– Әй, сенің мені ұруға қандай қақың бар? Мына жер не, Гестапоның азаптау кеңсесі ме? Қол көтергенің үшін заң алдында жауап бересің! Одан да түсіндіріп айтсаңшы не болғанын?– деді айғайлап.

Бұның қатты өршеленгенін көріп Ангелина Александровна қорқып кетті. Көкірегін керіп бара жатқан ызаның желі шығып, бірден сабасына түсті. «Расында да мен не істеп жатырмын? Ақылымды ашуға жеңдірмейін» деп ойлады да кілт бұрылып төрдегі орнына барып отырды.

– Жақын келіп отырыңыз,– деді қарсы алдындағы орындықты нұсқап,– Сіздер үшін жұмыстан қуылғалы жатырмын. Менің сорыма қайдан тап болдыңыздар?– деді сазарып.

Зығырданы қайнап отырғанмен Алма да әйелдік қулыққа көшіп, сабырға келді:

– Сіздің клиентке қол көтергеніңіз ешқандай қызметтік этиканың шеңберіне симайды. Екеуміз де әйелміз ғой. Қатарлас та шығармыз. Жәй сөзбен айтсаңыз да болар еді. Мен не болғанын түсіне алмай отырмын,– деді салмақты үнмен.

– Кешіріңіз! Өзімді ұстай алмай қалдым. Сіздердің алаяқтық әрекеттеріңіз кімді болса да шыдамның шегінен шығарады,– деді Ангелина пиджагының жан қалтасынан шығарған шағын беторамалмен кішкентай ғана мұрнын сүрткіштеп.– Мұндай әрекетке неге бардыңыздар? Ақша қайда? Екі апта бұрын бір кісімен бірге келіп чекке салып алғансыздар. Жүз елу миллион сом болатын.

– Мен сол күні Сергей Николаевичпен ілесіп келгенім болмаса, ол ақшаның қайдан келгенін өзім де түсіне алмадым,– деді Алма шынын айтып,– Маған ол  Ақтөбедегі таныстарымнан бір ай мерзімге қарыз алдым дегендей қылды.

– Ол кісі сіздің орынбасарыңыз ба?

– Коммерциялық директор.

– Бәрібір бірінші басшы ретінде сіз жауаптысыз. Сондықтан сізден сұрап отырмын. Ақша қайда? Маған бір апта ғана уақыт берілді. Бір аптада ақшаны орнына қоймасаңыздар сіздермен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің экономикалық қылмыстар жөніндегі басқармасы айналысатын болады.

– Сіз қорқытып-үркітумен босқа уақыт өлтірмеңіз. Бәрібір одан ештеңе шықпайды. Расында да мен ештеңе білмеймін. Оданда не болғанын маған анықтап түсіндіріңіз. Сергей Николаевич өз ісіне өзі жауап береді,– деді Алма Ангелинаның көзіне тура қарап.

– Сіздер әкелген чек жасанды болып шықты. Мен сөздеріңізге сеніп қабылдатып едім. Онда ешқандай да ақша жоқ екен. Ал сіздің чегіңізге өз банкіміздің ақшасын салып бергенбіз. Сонда екі ортада біз ақымақ болып отырмыз. Бос қағазды көрсетіп, бізді сендіріп, жүз елу миллион сомды үптеп кетіп отырсыздар. Енді түсіндіңіз бе?

– Платонов «қарызға ақша алып келдім» деп ол қағазды көрсеткенде сіз түгілі мен күмәнданып едім. Бәрі дұрыс деп сендірді. Сіз банк қызметкері бола тұра қалай күмәнданбадыңыз? Неге тексеріп алмадыңыз? Енді осылай сізден шапалақ жеп, жерге қарап отырған маған оңай дейсіз бе? Ақша салынған чекті содан кейін өзім де көрмедім.

Сергей Николаевич сол кеткеннен мол кетті. Бүгін ғана Павлодардан хабарласты. Сіздің ақшаңызды қайтарып беремін деді. Сабыр етіп, күте тұрыңыз. Мен енді ғана түсіндім. Маған да өтірік айтқан екен. Ол өзі хабарласпаса мен оны таба алмаймын. Хабарласса, оған осы жағдайды айтып асықтырамын. Басқаша көмектесе алмаймын. Өзі келсе бәрін реттер,– деді Алма күрсініп.

– Оның жолына қарап отыратын менің уақытым жоқ. Бір аптада ақшаны орнына қойыңыздар. Әйтпесе мен органдарға шағымданамын.

– Маған енді не істе дейсіз? Мен бәрін айттым. Өзі алды ма, өзі жапсын! Мен ол чектен бір тиын да алған жоқпын,– деп Алма қайтадан қызбалана бастады.

Оның шындықты айтып отырғанын байқап, әрі «Сіздің ақшаңызды қайтарып беремін деді» дегенді естіп, Ангелинаның көңілінде аздаған үміт пайда болды. Сонда да болса тартпаны тарта түсейін деп, алдында отырған Алмаға өктем-өктем сөйледі:

– Айтпады демеңіз, бір аптада ақшаны орнына қайта қоймасаңыздар, сіздермен органдар айналысады,– деді діңкілдеп.

Есік ауызында отырған әлгі төрт жігіт әңгімеге араласпады. Алма кабинеттен шыққанда олар Ангелинамен бірге қалып қойды да, бес-алты минуттан кейін қуып жетті. Көшеге шыққанда бұжыр бет қара жігіт Алманың жағасынан қыса тартып:

– Айтқанды істемесең, өлдім дей бер! Үйің, машинаң, бала шағаң бар екен, бәрінен айырыласың. Өзіңді тауға апарып көміп тастаймыз. Содан кейін сені ешкім таппайды,– деді көзінен ызғар шашып.

– Сен, нағыз ақымақсың,– деді Алма басын кегжең еткізіп тартынып,– Бала-шаға сенде жоқ па? Әлде менің іздеушім жоқ деп ойлайсың ба? Түрмеде шірітермін сені! Менің бір тал шашым түссе сенің күнің қараң болады. Соны біліп ал!– деп кіжінді. Бірақ ол кімге сеніп айтып тұрғанын өзі де білмейтін. Бұл әншейін әйелдік соқыр ашудың сөзі еді.

«Өз елімде тұрып, қайдағы бір бұзақыларға басындырып қоямын ба?» деген ыза күні бойы Алмаға маза бермеді. Кешкісін үйге барғанда күндіз болған жағдайды күйеуіне айтып еді, ол: «Саған обал жоқ! Бәрің аферистсіңдер! Басымды қатырма! Тыныш жүр!» деп кесіп сөйлеп, бетін қайтарып тастады.

Өшіккен әйелді ойынан қайтару оңай емес. Алма бүкіл елге кеңінен танымал, беделді бір ауылдас ағасына телефон соғып, көрген құқайын баяндады. Тапталған намысын айтып: «Мені қорғайтын адам жоқ па?» деп жылады. «Айналайын, қалқам! Жылама! Ертең саған мықты деген жігіттерді жіберемін. Өзіміздің жерлестер. Солар көмектеседі» деп жұбатты үлкен кісі. Артынша-ақ Досан деген жігіт бұған телефонмен хабарласып: «Ағашка айтып еді. Таңертең барамыз» деп кеңсесінің мекен-жайын сұрап алды.

Досанның қасына Жанболат, Қайрат есімді екі жігіт ере келіпті. Бұлар кәсіпқой спортшылар екен. Үшеуі де сайдың тасындай, мығым жігіттер. Оларға арқа сүйеп, Алманың көңілі кәдімгідей-ақ өсіп қалды. Танысып, мән-жайға қаныққан соң Досан Алманы іштарта сөйлеп:

– Татешка! Ештеңе уайымдамаңыз. Сіз үшін кімді болса да орнына қоямыз. Ренжітіп жүрген кімдер екенін айтсаңыз болды, оларды жердің түбіне кетсе де тауып аламыз,– деді бір қолымен мыж-мыж болған құлағын уқалап.

– Аттарын айтпады. Төртеуі де мығым денелі. Сөз арасында біреуге «Руслан» деп жатқандарын құлағым шалып қалды.– деді Алма.

– Беті бұжыр-бұжыр қара жігіт емес пе?

– Иә, иә! Дәл соның өзі.

– Түсінікті болды. Бүгін кешке оларды тауып аламыз. Сізге ертең соғамыз.– деп Досандар қайтып кетті. Алма өзіне таудай тірек тапқандай мәз болып қала берді. «Міне, біздің жігіттер! Жаудан қайтпаған батыр бабалармыздың жалғасы ғой бұлар!» деп масаттанды.

Досан мен Руслан спорт интернатында бірге оқыған достар еді. Алманың кабинетінен шыға салысымен салып-ұрып соларға барды. Ескі достар құшақтасып, төс қағысып, мәре-сәре болып шұрқыраса көрісті. Сағынысып-ақ қалған екен. Жағдай сұрасып болған соң Досан Русланның иығына қолын артып:

– Жұмыс бар, бауырым!– деді.

– Айта бер, брат!– деп Руслан құлағын тосты.

– Біздің бір татешканы қысып жатыр екенсіңдер ғой,– деп күлді Досан,– Сол кісіден келе жатырмыз.

– Жүз елу миллион ба?

– Иә, соны не істейміз?

– Сен не айтсаң, соны істейміз, брат! Не істеу керек?

– Сендердің «доляларың» қай жақтан? Банктен алатын шығарсыңдар?

– Біз алатынымызды банктен алып алдық.

– Қанша алдыңдар?

– Он лимон.

– Онда былай істейік. Біз мына жақтан «долямызды» алғанша сендер татешканы қорқыта беріңдер. Бүгін түнде тағы да телефон соғып, зәресін ұшырыңдар.

– Оның үйінің телефонын білмейміз ғой.

– Менде бар. Қазір беремін,– деді Досан Русланның арқасынан қағып. Руслан темекі қорабының сыртына Алмалардың үй телефонының нөмірін жазып алды.

– Базарда тәуір иномарка қанша тұрады?– деп сұрады Досан Жанболаттан.

– Орташасы бес лимон болатын шығар. Не болды? Машина мінеміз бе?– деп Жанболат қутыңдап қалды.

– Татешкаға үшеумізге үш машина әпересің деп айтайық.

– Е, одан да он бес лимон бер десеңдерші,– деді Руслан,– Ақшаны алып алсаңдар арғы жағын көресіңдер ғой.

– Русландікі дұрыс. Ертең оған «Он бес миллион сом тап» дейміз. Ал, сендер түнде жақсылап қорқытыңдар. «Балаларыңды алып кетеміз» десеңдерші,– деп Досан Русланның қолын қысты.

Бейкүнә балаларын ойлап әбден зәресі ұшқан сұлу келіншек ертесіне Досанның қолына он бес миллион сомды қуана-қуана санап берді. Өзінің «қорғаушыларына» деген ықыласы одан сайын арта түсті. «Тағы бірдеңе керек болса айтарсыңдар. Тек бізге тыныштық берсінші» деп жалынғандай болды. Оның қатты қорыққанын байқаған Досан:

– Ой, татешка! Бүкіл елді дүбірлеттіңіздер ғой. Жан-жақтағы жігіттердің бәрі біліп отыр. Сіздер үшін үлкен «разборка» жасайтын болдық. Ол оңай шаруа емес,– деп өзінің бағасын арттырып қойды.

*      *      *

Келесі аптаның бейсенбісі күні Алма Қауіпсіздік комитетінің сұсты тергеушісінің алдында отырды. Ангелина Пак айтқан уәдесінде тұрыпты. Оқиғаның мән-жайын толық тізіп, Қауіпсіздік комитетіне шағым жазыпты. Алманы олар бірден тауып алды.

Платонов болса әлі хабарсыз. Оның қайда жүргенін бір құдай біледі. Қайтып келе ме, келмей ме? Ол да белгісіз.

Осы сергелдең басталғалы Алмада тыныш күн жоқ. Уайымға уайым қосылып, қарауытып, жүнжіп барады. Жұмысынан да, үйінен де береке кетті. Көздері алақандай боп, үрейленеді де отырады. Телефон шыр етсе талып қалардай қалтырайды. Әлемдегі ең қорқынышты нәрсе осы жасыл телефон болды. Жүйкесі шыдамаған соң үйдегі сұмпайы телефонды өшіріп тастады.
Кеңсе жаққа аяқ басқысы келмеді. Жұмысқа тіпті бармай қойды. Телефон үшін күйеуі екеуі күнде қырқысады. Момыным деп жүрген Дәркені «Жұмыс істеуге мүмкіндік бермедің. Сені көргім келмейді» деп ата-анасының үйіне кетіп тынды. Балалардың сабағы мен тамағы өзінің мойнында қалды. Әбден тығырыққа тірелді. Енді міне, көздері қанталаған қатал тергеушінің алдында отыр.

Бұның аты-жөнін, мекен-жайын, туған жылын, отбасы жағдайын түгендеп алған соң тергеуші негізгі іске көшті.

– Алма Исаханқызы, мына жағдайдың қалай болғанын басынан бастап айтып беріңіз. Ештеңені жасырмай, бар шындықты өз қалпында айтсаңыз өзіңіз үшін дұрыс болады,– деді капитан Телегин. Алма ештеңе жасырмай, болған оқиғаны болғандай етіп баяндап берді. Оның сөздерін түгел жазып, қол қойдырған соң тергеуші Телегин Аркадий Петрович өткір жанарын Алмаға қадап:

– Сізді қазір қамаймыз,– деді сұстанып,– Платонов ақшаны орнына қойғанша қамауда боласыз. Егер ол қашып кетсе, бес жылдан сегіз жылға дейін сотталасыз.

– Үйдегі балаларды қайтемін? Менің балаларым бар ғой,– деді Алма көздері шарасынан шығып кетердей қорқып. Өзін ұстай алмай еңіреп жылап жіберді.

– Бала кімде жоқ? Қылмыскердің бәрінде бар. Сонда сіздіңше қалай? Баласы бар деп қылмыскердің бәрін жазасыз қалдырайық па? Сіз қызық адам екенсіз! Балаларыңыз туралы неге бұрын ойламадыңыз? Әлде осы қылмысқа балаларыңыз үшін бардыңыз ба? Енді оңашада отырып, жымқырған ақшаны қалай қайтаруды ойлаңыз. Ол ақшаны сотталған күнде де қайтарасыз. Ертең маған қалай қайтаратыныңызды айтатын болыңыз,– деді де Телегин үстелінің астындағы қызыл түймені басып қалды. Есік сыртында тұрған арнайы униформа киген жігіт кіріп келді. Алма боз-боран болып, солқылдап жылап отыр.

– Мынаны апарып қамаңдар!– деді қатал тергеуші. Алма жылаған күйі жалбарынып:

– Құдай үшін, сізден өтінемін! Бір рет телефон соғуға мүмкіндік беріңізші. Балаларымды күйеуіме тапсырайын,– деп аласұрды. Телегин рұқсат берді. Алма сойылдай дәу қара телефонды дірілдей көтеріп, ата-енесінің үйіне телефон шалды. Арғы жақтан еріне дауыс қатқан Дәркенге:

– Мен бүгін үйге бара алмаймын. Балалар мектепте. Өзің ие бол!– деді өксіп тұрып.

– Енді балаларды тастап, түнделетіп тентірей бастадым десеңші. «Түнгі көбелек» деп дәл сендейлерді айтады,– деп ашулы күйеуі трубканы қоя салды.

Қаркөлеңке камераның іші тастай суық. Даладағы қыстың ызғары мұнда да бар. Сығырайған қуатсыз лампа сөніп қалардай болып, суықтан қалтырағандай дір-дір етеді. Жеке камерада жалғыз өзі түнімен бүрсеңдеп, жылап шықты. Бүрісіп отырып өткен тірліктің бәрін көз алдынан өткізді:

«Сергей Николаевич қайда жүр екен? Ол менің жағдайымды білмейді ғой. Білсе бірдеңе ойластырар ма еді? Ол неге хабарсыз кетті? Әлде өз тірлігін түгендеп, басқа елге тайып тұрды ма? Ол шынында да қашып кеткен болса мен мына бәледен қалай құтыламын? Кімге айтсам болады? Не істесем болады? Құдайым-ай! Қайдан ғана Платоновпен танысып едім? Неге ғана соған сеніп едім? Өмірімде ойламаған түрмені де көрдім-ау. Ендігі күнім не болады? Сегіз жылға сотталып кете барам ба? Бар дүниемді сатсам да жаба алмаймын ғой мына ақшаны. Мына қапаста отырып Сергей Николаевичті қалай табамын? Ол мені қалай табады? Бұл тұйықтан мені кім шығарады? Арқа сүйер ешкімім де жоқ екен ғой. Ешкімім жоқ екен! Нағыз бейшара екенмін-ау!» деп солқылдап жылады.

Расында да ол бұл шытырман шырғалаңнан қалай құтылудың жолын көрмеді. Әбден шарасы таусылып, шаруасы біткен соң өмірі аузына алмайтын жалғыз Жаратушы Алланы есіне алды. «О, Жаратқан Ием! Мен сияқты бейшара құлыңа өзің жар бола гөр! Өзіңнен басқа сүйенер ешкімім жоқ екен. Сенің құдіретің шексіз деуші еді ғой. Жаны жаралы, міскін пендеңе өзің көмектесе гөр! Өзің жол көрсет! Өзіңе ғана сенемін, қайырымды Тәңірім! Менен теріс айналмашы. Бар күнәмді кешіргейсің! Кешірші мені ұлы Жаратушым! Мен сияқты бір бейбақты мына қапас түнектен құтқара гөр!» деп зар еңіреді.

Ертесіне сағат он бірде Алманы тергеушіге алып келді. Телегиннің түр-өңі кешегіден жылы көрінді. Бұл кіргенде күлімдеп орнынан тұрып:

– Қайырлы таң! Романтикалық түніңіз қалай өтті?– деп амандасты. Алманың жылай-жылай көздері білеудей болып ісіп кеткен түрін көріп:– Ауырып қалған жоқсыз ба?– деп сұрады. Бұл үндемеген күйі кешегі орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

– Үндемейсіз ғой. Бірдеңе болып қалған жоқ па? Қалай? Ақшаны қалай қайтару жағын ойландыңыз ба?– деді тергеуші. Бұл әлі де мең-зең күйде сұлық отыр. Тергеушіге не деп жауап берерін де білмеді.

– Аркадий Петрович! Басым әбден қатып бітті. Сергей Николаевичті табуға көмектесіңізші,– деді әлден соң есін жиып. Бұл сөзді ауызына Құдай салды. Олай деп айтамын деп ойламаған еді. Телегин сымдай тартылып орнынан тұрды да үстелін айналып келіп, Алмаға қарама қарсы орындыққа жайғасты. Қос қолымен иегін таянып, Алманың көзіне тесіле қарап біраз отырды да:

– Табуға болар еді,– деді жымиып,– Тек елде болса. Меніңше ол енді келмейді. Кешелі бері мен біраз нәрселерді анықтадым. Ол шетелге қашып кеткен сияқты. Міне, таңертеңнен бері тағы біраз мәліметтер келді. Сіз үшін мен ойланып жатырмын,– деп ырғайдай ұзын бойын өзінің үстеліне созып, бір-екі парақ анықтамаларды қолына алды.

Платонов келмейді дегенді естігенде Алманың бойын мұздай темір қарып өткендей болды. Еріксіз тілін тістеп алғанын байқамай да қалды.

– Бұл не қағаздар?– деп сұрады тергеушіден.

– Бұл сіздің тағдырыңыз, Алма Исахановна! Платоновтың чекпен жасаған әрекеттері туралы мәліметтер. Ол ақшаны тауарға айналдырып Ресейге шығарған. Міне, «Шымкентшинаға» жүз миллион төлегені тұр. Тауар Красноярскіден табылды. Ақшасын алып үлгірмепті. Қалған елу миллионды Көкшетаудың астық комбинатына төлепті. Бидай сатып алып, Белоруссияға жөнелтіпті. Оның соңын таппай отырмыз. Платонов енді келмейтіні анық. Ол ақшаны сол жақтан шығарып алады да шетелге өтіп кетеді. Мен сіз туралы қатты ойландым. Бұл тұйықтан шығатын жол бар. Егер менің шарттарымды орындасаңыз,– деп Алмаға күлімсіреп қарады. Ішінен Платоновты жерден алып, жерге салып отырған Алма Телегинге үміттене қарап:

– Шарттарыңызды айтыңыз. Ойланып көрейін,– деді.

– Сіздің ойланатын мүмкіндігіңіз жоқ. Екі шарт та міндетті түрде орындалуы керек. Сонда ғана мен сізге көмектесемін,– деді тергеуші қуланып.

– Айта беріңіз, Аркадий Петрович!

– Оның біріншісін қазір орындайсыз. Содан кейін екіншісін айтамын.

– Айтсаңызшы.

– Қалай? Бірінші шартты орындауға дайынсыз ба?

– Білмеймін.

– Онда мына бөлмеге өтіңіз,– деп Телегин кабинетінің қуысындағы есікті нұсқады. Алма көрсетілген есікті ашып ішке енді. Оңаша сөйлесуге арналған шағын бөлме екен. Қабырғаға арқасын тіреген көк қайыс диванның алдында журналдық үстел қойылыпты. Артынан ере кірген Телегин не ойларын білмей есік аузында сілейіп тұрып қалған Алманың мықынынан мытып:

– Неге тұрсыз? Шешініңіз!– деді.

– Бұныңыз не? Не ойлағаныңыз бар?– деді Алма үрпиіп.

– Бұл менің бірінші шартым. Мен сізді қинамаймын. Орындамаймын десеңіз өзіңіз біліңіз. Онда мен де сізге көмектеспеймін. Камераға қайта барасыз ба? Түрмеге отырғыңыз келе ме? Платонов сізді құтқармайды. Сіздің құтқарушыңыз жалғыз менмін. Тағдырыңыз менің қолымда. Сондықтан ойланып тұрмағаныңыз жөн.

– Адамның тағдырымен осылай ойнауға бола ма? Мынау масқара ғой!– деді Алма көнгісі келмей дір-дір етіп.

– Өмірде бәрі болады. Сіз өте сұлусыз. Оған мен кінәлі емеспін. Енді көп сөйлесіп тұратын уақыт жоқ. Болыңыз!– деді тергеуші. Қапас камера мен түрмені ойлап еді Алманың меселі құрыды. Оның үстіне мына шырғалаңнан құтқаратын Телегиннен өзге тірі пенде жоқ. Алманың көнгеннен басқа амалы қалмады.

Телегин өз шаруасын бітірген соң асығыс түймеленіп, өзінің креслосына отырды да темекі тұтатты. Алма жылаған күйі үсті-басын ретке келтіріп орнына қайта келіп жайғасты. Екеуі де бойларынан қаны тасып, қып-қызыл болып отыр.

– Енді екінші мәселеге көшейік,– деді тергеуші жігіт.

– Құлағым сізде,– деп Алма оның қызара бөрткен жүзіне қарады.

– Маған машина керек,– деді Телегин Алманың өңіне сынай қарап.– Иномарка демеймін. Жаңа «Жигули» болса жетеді. Қалай? Бұған не дейсіз?

– Маған таңдау қалдырмадыңыз ғой. Керек болса, амалым бар ма? Ол қанша тұрады?– деді жасты көздері жаутаңдап.

– Жеті миллион сом. Ақшасын берсеңіз өзім аламын. Қашан әкелесіз?

– Үйде ұстап отырған шамалы ақшам бар еді. Бүгін десеңіз бүгін әкеліп берейін,– деді Алма терең күрсініп.

– Онда былай болсын, қазір сіздің жағдайыңызды ақылдасайық. Соңынан сізді қызмет көлігіммен үйіңізге жеткізіп саламын. Сол кезде беріңіз. Ал енді іске дұрыстап кірісейік,– деп орнынан тұрып, алдында жатқан қағаздарды көтеріп, Алманың қасына келіп отырды.

– Мен сізді бірінші кезекте «күдіктіден» «жәбірленуші» статусына шығаруым керек. Сондықтан қазір асықпай отырып Платонов пен Пактың үстінен шағым жазамыз. Платонов сізді алдап кетті, Пак оған көмектесіп, банктің ақшасын ұстатып жіберді дегенге келтіреміз. Екеуі бірігіп сізді алдап соққан болып шығады. Содан кейін үптелген қаржының бәрін Платонов пен Пактың мойнына саламыз. Құтылып көрсін! Қысқасы, сізді мен бұл бәледен құтқарып аламын,– деді Телегин көзін қысып.

– Красноярскідегі тауарды қайтарып алуға болмай ма?– деп сұрады Алма.

– Болады. Мен таңертең оларға телеграмма жібердім. Ол тауар ешқайда кетпейді. Бірақ ақшасы төленбейді.

– Соның ақшасын төлетіп алсақ қайтеді? Сергей Николаевич бір аптада төлеп береді деген еді.

– Әзірге солай тұра тұрсын. Уақыты келгенде көре жатармыз. Ең бастысы сізді осы істен ақтап алсам болды емес пе?

– Әрине, мен үшін ең бастысы сол. Осыдан құтқарыңызшы. Банктің ұрдажық жігіттері де мазамды алып болды. Қорқытып-үркітіп өлтіріп барады,– деді Алма мұң шаққандай сөйлеп.

– Мен Пакпен сөйлесемін. Олар сізге екінші рет жоламайтын болады. Ол жағын уайымдамаңыз. Тек екеуміздің әңгімеміз туралы жан адам білмейтін болсын.– деді Телегин.

Қажетті шағымды өзі баяндап отырып жазғызып, қол қойдырып алған соң Телегин Алманы тау жақтағы үйіне жеткізіп салды. Жеті миллион теңгені қалтасына басты. Қоштасарда Алманың тамағынан иіскеп, бетінен сүйіп:

– Мен сізді ұнатып қалдым. Ретін тауып кездесіп тұрайықшы,– деді қиылғандай болып. Сұлу келіншек басын шайқап:

– Не деген сұмпайы адам едіңіз?!– деді де тез бұрылып үйіне кіріп кетті.

Алма келгенде үйде ешкім жоқ еді. Балалар мектепте, Дәркен жұмысында болар. Күйдіргі телефон қосулы тұр екен, бірден күйеуінің жұмыс телефонын терді. Үйге келгенін ескертті де жуынып-шайынып, жұмсақ төсекке шалқалай кетті. «Ой, Алла-ай! Үйіме де жеттім-ау! Түнде ғана қараңғы қапастан, түпсіз тұйық шырғалаңнан шығар жол таппай, ботадай боздап отыр едім. Жалбарынғаным құлағыңа жеткен екен ғой, Жаратушы Ием! Шүкір! Шүкір! Мың да бір тәубә!» деп Тәңіріге іштей мінәжат етті.

*      *      *

Екі күннен кейін Телегиннің тегеурінді пәрменімен Платонов Алматыға жетті. Ол Алманың үйіне телефон соғып, хабарласты. Екеуі түсқайта кеңседе жолығатын болды.

Жолда келе жатып Алма іштей үлкен жанжалға дайындалы. Платоновты қарғап-сілеп, ит терісін басына қаптаймын деп келді. Бірақ нақты жағдай ол ойлағаннан мүлдем басқаша өрбіді.

Мұнтаздай болып, шырттай киінген Платонов Алманы сағынып қалыпты. Бауырына басып, құшақтап, бетінен сүйіп амандасты. Оның үстінен комитетке шағым жазған Алманың беттері дуылдап барады. Амандық-саулықтан соң жайғасып отырып сөйлесті.

– Сергей Николаевич, мұндағы жағдайды естімеген шығарсыз,– дей беріп еді, Платонов Алманың сөзін бөліп сөйлеп кетті:

– Алмуша-а! Мен бәрін білем. Сенің банкке барып сөз естігеніңді де, менің үстімнен комитетке шағым жазғаныңды да, бір күн камерада отырып шыққаныңды да білем,– деді күлімсіреп,– Мен Остап Бендер емеспін бе? Бәрін де реттеп келдім. Банкке барып, Ангелина Александровнаға амандасып шықтым. Тергеуші Аркадий Петровичпен де танысып, үлкен шаруаларды келістім. Бәрі де жақсы адамдар ғой. Сені сергелдеңге салғаным үшін кешірім сұраймын. Сен де жақсысың! Әй, сайтан қыз-ай! Бірақ, біраз нәрсені бүлдіре жаздадың-ау! Ештеңе етпейді. Жастық шақта ондай-ондай қателіктер болады ғой. Мен сені жақсы түсінемін. Сенің орныңда болсам, бәлкім мен де солай істер ме едім, кім білсін? Мен саған «Бұл жиырма бес күнде бітетін тірлік» деген жоқ па едім? Міне, бүгін жиырма үшінші күн. Сен қорқып кетпегенде бәрін айтқан уақытымда бітіретін едім. Енді бірер аптаға созылатын сияқты. Ең бастысы менің жоспарым кешігіп болса да орындалады. Ангелина Александровнаны соған көндірдім. Олар күте тұратын болды.

Платоновтың сөзін тыңдап отырып, Алма оның соншалықты ұстамдылығы мен сабырлылығына қайран қалды. Алма үшін соңғы он күн ақыреттегі ғарасат майданымен бірдей болмады ма? Қиямет-қайымның отына түскендей еді ғой. Пактың шапалақпен тартқаны, ұрдажық бұзықтардың қайта-қайта қорқытқаны, Досандарға кеткен он бес миллион, тергеушіге кеткен жеті миллион, суық камераның азабы, Телегиннің арын таптап зорлағаны, үйден қашқан береке, жанын жеген үрей мен қорқыныш... Бәрі-бәрі қабаттасып бір он жылға қартайтып жіберген жоқ па? Ал Сергей Николаевичті тыңдап отырсаң тіпті де түк болмағандай. Бәрі дұрыс. Бәрі жақсы адам. Бәрі солай болса бұл неге ақырзаман орнатып жүр? Осыны ойлап еді өзегі өртенгендей ашып кетті. Көкірегіне ыза тығылып, көзіне жас келді.

– Менің жаныма қатты батқаны сіздің алдап кеткеніңіз,– деп жанарын төмен салып, жылап жіберді.– Чектің жасанды екенін неге айтпадыңыз?

– Қымбаттым-ау! Оны айтсам сен бұл жоспармен келісер ме едің? Бәрі мен ойлағандай болғанда сен көрген құқайдың бірі де болмас еді. Мына заманда тәуекелсіз ештеңе бітпейді. Тәуекел деп іске кіріскен соң қандай қиындық кездессе де шыдау керек. Енді сәл ғана қалды. Қиындықтың бәрі артта қалды десе де болады. Осы жұмыс бітсе Ангелина Александровнаға он миллион, Аркадий Петровичке он миллион беремін деп көндірдім. Сонымен енді бізді ешкім қинамайтын болды. Мен жұмысымды асықпай бітіріп келемін. Сен өз тірлігіңмен айналыса бер. Аркадий Петровичке барып, шағымыңды қайтарып ал. Ол енді біздің досымыз.

– Ол менен де жеті миллион алды ғой. Сол жетпей ме оған?– деді Алма.

– Жетпейді. Бүгінгі адамдарда қанағат деген атымен жоқ. Жеті миллион емес, жетпіс миллион берсең де, «Әкеле бер! Әкеле бер!» дейді. Ал сен оған бекер беріпсің.

– Ол маған сіз енді қайтып келмейді деді ғой. «Шетелге қашып кетті» деді. Содан кейін амалсыз көндім,– деді Алма өзінің шарасыздығын мойындап.

– Ой, Алмуша! Алмуша! Баладай аңқаусың-ау сен! Жүрегің таза адамсың ғой. Мен ешқайда да кеткен жоқпын. Міне, отырмын ғой алдыңда. Комитетшілердің ең негізгі құралы қорқыту-үркіту, алдап-арбау, қысым жасап адамды естен тандыру екенін әлі білмейсің бе? Ол сенің қорқақ екеніңді, заңнан хабарсыз екеніңді біліп, камераға әдейі қаматып отыр.  Егер сен өз құқығыңды білген болсаң ол саған түк те істей алмас еді. Мықты болса, мені неге қамамайды? Өйткені қамай алмайды. Менің өз құқығымды қорғай алатынымды біледі. Олар нағыз әккі психологтар ғой.

– Бәрібір сіз мені танктің табанына тастап кеттіңіз,– деді Алма өкпелі сыңаймен.

– Қайдағы танкті айтасың? Танк түгіл сайтан да жоқ. Қорыққанға қос көрінеді. Өзіңнің қорқақтығыңнан болған бәрі.

– Қорықпай қайтейін? Мен әйелмін ғой. Бұзақылар мазалай берген соң оларға қарсы жігіттер жалдадым. Өзіміздің жерлестер. Оларға да он бес миллион бердім,– деді Алма өкінгендей күрсініп. Мұны естігенде Платонов күйіп кетті.

– О, Құдайым-ай! Саған не деуге болады?! Қандай адамсың өзің?– деді екі қолымен басын қысып,– Он бес миллион далада жатыр ма? Әлде аспаннан жауып жатыр ма саған? Бұзақылар дейді... Жігіттер дейді... Олар тағы не деп қорқытты сені?

– Маңдайыма тапанша тақады. «Балаларыңды алып кетеміз» деді. «Өзіңді өлтіріп, тауға апарып көміп тастаймыз» деді. Осы аз ба сізге?– деп Алма ашулана бастады.

– Соның бәріне сене бердің бе сен? Ол жәй қоқан лоқы емес пе? Ол қуаяқтар да психолог. Қорықпаған адамға ештеңе де істей алмайды. Батылырақ болсаң өздері сенен қорқатын еді. Қазір қоқан лоқы жасау, қорқытып бопсалау әрекеттері үшін қандай статьялар барын өзің білмеген соң, олар да білмейді деймісің? Олар қандай қылмыс үшін қандай жаза барын түгел біледі. Оңай жерден олжа тауып жүрген нағыз «дармоедтер». «Жерлестерім» дейсің... Олардың саған жаны ашиды деп ойлайсың ба? Жаны ашыса ақша талап етпей-ақ көмектесер еді. Есіл дерттері сенің ақшаңды суырып алу болған. Ол жігіттерді ертең Аркадий Петровичке тапсырсам, ізі түгілі көлеңкелерін де көрсетпей, тым-тырақай қашады. Оларға жолаушы болма! Жолап кетсең тағы біраз ақшаңнан айырыласың. Алаяқтар!– деді Платонов Алманың ақымақтығына шын ызасы келіп.

*      *      *

Желтоқсан айының соңына дейін Сергей Николаевич Красноярскідегі ақшаны толық алды. Белоруссиядан әкелген тракторларды түгел сатты. «Казфинансбанктің» ақшасын орнына қойды. Ангелина Александровнамен де, Аркадий Петровичпен де ақшаның арқасында жақын дос болып кетті. Тапқан пайдасынан Алмаға жиырма екі миллион сом бөліп берді.

– Бұл сенің шығындарыңды жапқаным. Егер тыныш отырғанда бұдан да көп алар едің. Осыған разы бол!– деді ол Алманың қолын қысып,– Бұйырса, бір айдан кейін «Ижевскінің» жұмысына кірісеміз. Сонда нағыз миллиардер боламыз! Әзірге демалып алайық. Мен барып, Ұлы Рухпен амандасып қайтайын.

– Рахмет, «Остап Бендер»! Ұлы Рухқа менен сәлем айтыңыз! Сізсіз менің күнім қараң екенін түсіндім. Үстіңізден білместікпен шағым жазғаным үшін алдыңызда басымды иіп кешірім сұраймын. Сіз – ұлы комбинаторсыз!– деп Алма оның бетінен сүйіп алды.

Қаңтар айының жетінші жұлдызы Алма үшін қаралы күн болды. «Запойдың» оныншы күнінде «Остап Бендердің» жүрегі тоқтап қалыпты.

Оның зиратының басында жылап тұрып, Алма терең ойға батты: «Қандай жақсы адам еді! Өлемін деп ойламады ғой. Әттең, дүние-ай! Бар жоғы отыз үш жасқа келіпті. Алдына қойған таудай мақсаттары, қызылды-жысылды армандары бар еді. Миллиардер боламын деуші еді. Енді оған ештеңе керек емес. Дүние тірілерге керек. Қысқа ғұмырды дүние қуып, итшілік талас-тартыспен өткізетін біз – адамдар не деген ақымақпыз? Қанағатсыз иттерміз ғой. Құрып кетсінші жанталас өмір! Ақшасы да құрысын!

Мен енді бәрін қоямын. Өзіммен өзім болып, адамша өмір сүрейінші. Балаларым мен жарымды аялап, туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысайын. Қарапайым ғана күн кешейінші.

Мына, Сергей Николаевич не көрді? «Сабан ақша» ақыр түбіне жетті. Қанша тапса да үй-ішінің берекесі болмады. Отбасы ыдырап кетті. Жалғыздан жалғыз қалып арақ ішетіні де бұл жалғанда жанына сая таппағандықтан болар. «Ұлы Рухпен тілдесіп қайтамын. Ол менің құрдасым. Мені сол ғана түсінеді» деуші еді жарықтық...

Айтпақшы, бүгін шығыс христиандарының «Рождество» мерекесі екен ғой. Христостың қайта тірілген күні. Мына сәйкестікті қарашы!.. Бәлкім жаның жәннатта болғыр Платонов дәл қазір Иса пайғамбардың қасында жүрген шығар?..».

Соңы.

Темірғали Көпбай

Сурет авторы: Қазанғапов Тұрар

Abai.kz

2 пікір