Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 8769 20 пікір 27 Мамыр, 2021 сағат 12:10

Білім берудің Ұлттық концепциясы керек, министр мырза!

Тағы да сол «Жаңартылған оқу бағдарламасындағы» оқулықтар «жыры»

Қазақта, адам қартайғанда бала сияқты болып кетеді, деген ескі тәмсіл бар. Жаны бар сөз. Жақында «YouTube» каналынан бір бейнежазба көрдім. Бейнежазбада, түріне қарасам жасы сексеннің маңайындағы, (аты-жөнін де жазып еді, ұмытып отырмын) бір кездердегі Қазақстан мұғалімдері үшін өте мәртебелі атақ болып есептелінген «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» деген мәртебелі атағы бір апа: «Осы тұс мұғалімдер еңбегінің еленген кезі болды»,- деп Қазақстан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке алғысын жаудырып жатты.

Теледидардан өздеріне ыңғайлы адамды сөйлетіп, солардың пікірін халықтың пікірі секілді етіп көрсету – бүгінгі біздің биліктің үлкен жетістікпен, қапысыз меңгерген тәсілі. Бұл түсінікті жәйт. Десек те, апамыздың сөзін министрдің өзі де, оның айналасында отырғандары да айта түссе екен дегендей, күлімсірей түсіп, аса мұқият тыңдады. Мұғалімдердің еңбегінің еленгені министрге ұнайтын секілді. Мені де таң қалдырған осы нәрсе.

            Мұғалім еңбегі біздің елде қашан еленіп еді?!

Апамыздың еңбегі еленді деп, мұғалімдердің айлық жалақысының көтерілгенін айтса, біріншіден, мұғалімдердің жалақысын халықаралық деңгейге жеткіземін деген президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың уәдесі бар. Екіншіден, мұғалімнің айлық-жалақысы қанша жерден көтерілгенімен, көтерілген жалақы пайызының біразын инфляция жеп қойды. Сондықтан, айлық-жалақысы қанша жерден көтерілсе де, тапқаны тамағынан артылмаған мұғалім, әлі сол баяғы жалаңаяқ күйінде жүр.

Менің жеке өз ойымша, мұғалім еңбегінің еленуі, ол – мұғалім сөзін тыңдап, оны қаперіне алып, мұғалім пікірімен санасу деген сөз. Дәл қазіргі таңда мұғалім сөзін елеп-ескеріп жатқан билікті де, сол биліктің бір саласы – Білім ғылым министрлігін де өз басым көріп отырғаным жоқ.

Елімізде ең көп «реформаланған сала», ол – білім саласы. Осы көп «Реформалардың» бірде-бірі білім саласына оң нәтиже берген жоқ. Осы нәтижесіз аяқталған «білім реформаларына» кеткен қаражат есебіне мәжіліс спикері Н.Нығматулиннің өзі де біренеше рет сұрау салды. «Білім реформаларына» кеткен қаражатқа есеп беріп жатқан пенде баласын өз басым әлі көргенім жоқ. Таусылмайтын «білім реформаларының» шығыны қарапайым салық төлеушінің қалтасынан кетіп жатқан, сіз бен біздің ақшамыздан жиналған халық қаражаты екенін, оның есебі болуға тиіс екенін билік басындағылар ұмытып кеткен секілді. Халықтың қыруар қаржысына жасалып жатқан бұл реформалардың еліміздің білім саласы үшін тиімсіз болғандығын мәжіліс депутаты Б.Тілеуханнан бастап Ұлттық ғылым академиясының президенті М.Жұрынов, академик Бахтияр Сман, профессорлар Дандай Ысқақов пен Айгүл Ісмақовалар да айтудай айтты. Дәлелді ойларын кеңінен тарқата отырып, мақалалар жазды. Ең аяғы қарапайым мектеп мұғалімі, осы жолдардың авторы мына менің; «Латын әліпбиіне көшу – тіл мәселесін шешпейді», («Жас Алаш» №33(16219) 2017жыл 27 сәуір) «Бүгінгі білім саласы: «Кім кінәлі?» дегеннен көрі «Не істейміз? деген сұрақ төңірегінде ойлансақ...» («Жас Алаш» №27 (16213) 2017 жыл 6 сәуір) «Мұғалім кітап оқымайды» («Жас Алаш» №40 (16266) 2017 жыл 18 мамыр) «Біз, мұғалімдер, ешкімнен «Жаңартылған» оқулық сұраған жоқпыз» («Abai.kz» порталы, 2019 жыл 4 желтоқсан) секілді мақалаларым бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Қаншама қоғам белсенділері, әсіресе мектеп мұғалімдері еліміздің білім саласында жасалынып жатқан жөнсіз реформаларға өз қарсылықтарын білдіріп жатты. Бірақ, «мәу» деген билік болмады. Осы ма мұғалімнің еңбегінің еленгені?!

2019 жылдың 4 желтоқсанында «Abai.kz-те» жарияланған «Біз, мұғалімдер ешкімнен «жаңартылған оқулық» сұраған жоқпыз» атты мақаламды екі күннің ішінде 44482 (қырық төрт мың төрт жүз сексен екі) адам оқып, жүз отыз жеті пікір жазылыпты. Жазылған пікірлердің тоқсан бес пайыздан астамы мақалада көтерілген «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты «Білім реформасының» келеңсіз мәселелерімен келіспейтінін жазып, авторға қолдау білдірген. Бүгінгі айтпағымыз: тағы да сол, пандемия салдарынан біраз ұмытылғандай болған, «жаңартылған оқу бағдарламасы» реформасының оқулықтары хақында.

Бірден айтайын: «Жаңартылған оқу бағдарламасы» да елімізде жасалынған көп «білім реформаларының» бірі ретінде нәтижесіз аяқталатынына мен сенімдімін. Бұл ойымның негізгі себебі мына төмендегісінше:

Қазір менің алдымда 5-сыныпқа арналған Қазақ әдебиеті оқулығы жатыр.

Авторлары С.Ч. Тұрсынғалиева, Р.Зайкенова. Астана, «Армап-ПВ» баспасынан 2017 жылы жарық көрген. Міне, осы оқулықтың 111 бетіндегі «Қолдану» деген айдармен берілген 5-жаттығуда: «Туындыны сюжеттік композициялық құрылысына қарай талдаңдар»,- деген тапсырма беріліпті. Тапсырма Марат Қабанбаевтың «Бауыр» әңгімесі туралы.

Біріншіден, психологиялық-драмалық желіге құрылған М.Қабанбаевтың «Бауыр» әңгімесінің тілі де, сюжеттік мазмұнының қабылдануы да 5-сынып оқушысы үшін өте ауыр. Мен сабақ беретін 5-сыныпта жалпы саны 45 оқушы отыр. Сол 45 оқушының бірде-біреуі М.Қабанбаевтың «Бауыр» әңгімесінің мазмұнының не туралы екенін мұғалімнің көмегінсіз өздігінен түсіндіріп бере алмады. Онсыз да 5-сынып оқушысы үшін өте ауыр шығарма туралы, «Туындыны сюжеттік-композициялық құрылысына қарай талдаңдар»,- деп тапсырма берген оқулық авторлары 5-сынып оқушыларын университеттің 3-курс студенттерімен шатастырып алған секілді.

Айналайын-ау, бастауыш сыныптан кеше келген 10-11 жасар бала онсыз да тілі ауыр, психологиялық-драмалық стильде жазылған әңгіменің «сюжеттік-композициялық құрылысын» қалай талдайды? Авторлық ұжым М.Қабанбаевтың «Бауыр» әңгімесін ғана емес, жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Нағыз әже қайда?» әңгімесін оқулыққа енгізерде де және сол шығармаға байланысты тапсырма берерде де оқушының жас ерекшелігін ескермеген. Біз мұны оқулықтың үңірейіп тұрған ең осал, кемшін тұсы деп бағаладық. Меніңше, оқулық құрастыруда қойылар ең басты талап, ол – оқушының жас ерекшелігін ескеру болса керек.

Ал, балалар тақырыбына өндіріп жазып жүрген талантты жазушымыз Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Анасын сағынған бала» әңгімесінің оқулықтағы қысқартылып басылған нұсқасында жазушының айтпақ болған негізгі ойы мен әңгіменің идеясы оқушыға түсініксіз қалпында қалып қойған. Авторлар алқасы балалар туралы жазылған шығармалар ғой деп ойлаған болу керек, жоғарыда аты аталған жазушылар шағармаларын ешқандай талап-талғамсыз, 5-сынып оқушысының психологиялық жас ерекшелігін ескермей, әңгімені түсініксіздеу етіп қысқартып, 5-сынып «Қазақ әдебиеті» оқулығына енгізе салған. Бұл да авторлық ұжым тарапынан жіберілген үлкен қателік. Мектеп оқушысы төменгі сыныптан бастап жазушы шығармасын түсінбей өссе, оның әдебиетке деген сүйіспеншілігі қалай оянбақ? Жас жеткіншек баланың туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігінің бастауында әдебиет пәні тұрған жоқ па?! Ойлану керек қой...

5-сыныпқа арналған Қазақ әдебиеті оқулығында «Әдебиет теориясы» айдарымен «Повесть туралы түсінік», «Тақырып», «Идея», «Әңгіме жанры», «Сюжет», «Сюжеттік байланыс», «Теңеу», «Эпитет», «Композиция» туралы айтып өткен. Ең қызығы, әдеби-теориялық терминдер «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамасында қалай жазылса, авторлық ұжым «Энциклопедиялық анықтамалықтың» бір сөзін де өзгертпей, дәл сол қалпында қиып алып, 5-сынып «Әдебиет оқулығына» енгізген де жіберген. Күлесің бе, жылайсың ба?...

«Жиендік жасапты» деп ойлап қалмасын деген болу керек, авторлар тобы әдеби-теориялық ұғымдар алынған дереккөздерді 5-сынып «Әдебиет оқулығында» көрсетіп те қойыпты.

Айналайындар-ау, «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығын 5-сынып оқушысы түгілі, арнайы ғылыми дайындығы бар үлкен адамның өзі әрең түсінеді ғой.

Жалпы, «Әдебиет теориясы» бастауыш сыныптан кеше келген, 5-сыныпта оқитын 10-11 жастағы оқушы балаға не үшін керек? Тақырып оқушының жас ерекшелігіне мүлдем сәйкес келмейді ғой. Жарайды, мұғалім айтқан соң түсінбесе де, осы әдеби-теориялық ұғымдарды оқушы жаттап алды делік. Жаттанды білім кімге, не үшін керек?

Жаттап алған білім мектептің табалдырығынан аттай бере естен шығады да ұмытылады. (Ә.Бөкейхан, Серуен жасап зерттеу әдісі. Ғылыми мақала. Таңдамалы, 256-бет. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы. Алматы, 1995 жыл)

Аксиомаға айналған осы ғылыми-педагогикалық тұжырымды оқулық авторлары қаперіне неге алмаған?! Ойымызды бірер сөзбен тұжырымдасақ, С.Ч. Тұрсынғалиева және Р.Зайкенова жазған 5-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы қай жағынан алғанда да сын көтермейтін, сапасы өте төмен оқулық екендігінде дау жоқ.

Ал, енді 2017 жылы Астана, «Арман-ПВ» баспасынан жарық көрген Т.Н.Ермекова, Ж.К. Отарбекова, Р.Н. Мұнасаева жазған 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының да жетісіп тұрғаны шамалы. Ең бастысы оқулықта ғылыми жүйе жоқ. Дыбыс, дыбыстың түрлері, үндестік заңы, ықпал түрлері тақырыптарын оқулыққа енгізген авторлық ұжым, Тіл білімінің «Фонетика» бөлімін осымен бітірген де, асығыс түрде Тіл білімінің «Лексика» саласына көшкен. «Лексика» бөлімінен сөздердің тура және ауыспалы мағынасы, түбір сөз, күрделі сөз және олардың түрлеріне тоқталыпты. Күрделі сөздердің жасалынуы, олардың емелесі туралы бір ауыз сөз жоқ. Төменгі сынып боп есептелінетін 5-сынып үшін сөздердің жасалыну жолдары мен олардың емелесі басты назарда тұруға тиіс! Себебі, емлелік заңдар мен сөздердің жасалу жолдарын меңгермеген оқушы қалай сауатты болмақ? Қазақ тілі пәнінің ең баасты міндеті, ол – баланы дұрыс ойлану және сол ойын жазбаша сауатты түрде жеткізе алуға үйрету емес пе?!

5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығында «Фонетика», «Лексика», «Морфология» бөлімдері қамтылғанымен, Тіл білімінің осы аталған салалары асығыс түрде, бетінен ғана қалқып алыныпты. Мысалы: «Морфология» бөлімінен Зат есім, Сын есім, Сан есім және жалғаулардың түрлеріне тоқталған авторлар ұжымы жұрнақ туралы бір ауыз да сөз айтпаған. Міне, осылай жұрнақтың не екенін оқушыға түсіндірмеген авторлар, оқулықтың 85-бетінде: «Салыстырмалы шырай жасайтын жұрнақтар 2-ге бөлінеді»,-деп жазады. Жұрнақтың не екенін білмейтін оқушы сын сеімнің шырай түрін жасайтын жұрнақтарды қалай түсінеді?

Оқулықта белгілі бір ғылыми жүйе жоқ. Түсіну өте қиын. Тіл білімінің «Морфология» бөлімінен Зат есім, Сын есім, Сан есімдерге тоқталған авторлар, енді Есімдік туралы айтады екен десек, олар «Автор сөзі, Төл сөз, Төлеу сөз және олардың тыныс белгісі» туралы жазып кетіпті. Бұл тақырып 5-сынып оқушысы үшін өте ауыр тақырып. Дәл осы тақырыпты 8-9 сынып оқушыларының өзі үлкен қиыншылықпен меңгереді. Жалпы бір мақала көлемінде оқулықтың кемшіліктерін жүйелі түрде талдап шығу мүмкін емес. Десек те, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған 5-10 сынып аралығындағы Қазақ тілі оқулығынан біз байқаған кемшіліктер мына төмендегісінше:

1. 5-10-сынып аралығындағы қазақ тілі оқулығында Тіл білімінің грамматикасын бар деп те, жоқ деп те айта алмайсыз. Себебі, «Жаңартылған бағдарлама» бойынша жазылған қазақ тілі оқулықтарында белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы: қазақ тілінің «Фонетика», «Лексика» бөлімдері 5-сыныпта да, 8-сыныпта да берілген. 5-сыныптың Қазақ тілі оқулығында тіл білімінің салалары «Фонетиканың» да, «Лексиканың» да, «Морфологияның» да басын бір жерге қосып, қойыртпақ быламық жасап жіберген. Тіл білімінің күрделі үш саласын 5-сынып оқушылары қалай бірден меңгермек?

2. Оқулықтар ғылыми негізде жазылмаған. Мектеп оқушылары тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салаларын жеке-жеке бір-бірімен араластырмай, мектеп оқушыларының жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай кезегін бұзбай оқыту керектігін оқулық авторлары ескермеген.

3. Қазақ тілі оқулықтарындағы грамматикалық ережелер мен анықтамалар ғылыми тілде жазылмаған. Мысалы: Бастауыш атау септігінде тұрып, іс-оқиғаның иесін білдіреді. Кім? Не? Кімдер? Нелер? Кімім? Нем? деген сұрақтарға жауап береді, деп, өте қарабайыр тілде жазылған (8-сынып. Қазақ тілі,124-бет) Біз оқушыларға ғылыми тұжырым мен ғылыми тілде сөйлеуді мектеп қабырғасынан бастап үйретуіміз керек.

4. Оқулық жазуда ғылыми жүйе мүлдем ескерілмеген әрі оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілмеген.

5. Қазақ тілін және оның грамматикасын басқа ғылым түрлерімен бірге меңгертеміз,- деген ой ұстанымда болған авторлық ұжым, оқулыққа басқа пәндердің тақырыптарын енгізу арқылы оқушылар ойын негізгі қазақ тілі пәнінен мүлдем басқа жаққа бұрып жіберген. Нәтижесінде мектеп оқушыларына Қазақ тілі пәнінің грамматикасы екінші, үшінші кезектегі мәселе секілді болып көрініп қалған.

Ең бастысы, «Жаңартылған білім бағдарламасының» оқулық авторлары орта мектеп оқу жоспарындағы Қазақ тілі пәнінің грамматикасына жете мән бермегені былай тұрсын, қазақ тіл грамматикасы мектеп оқушысына не үшін қажет екенін түсінбейтін де секілді. Мәселен, қазіргі ҰБТ-да оқушы Қазақ тілі пәнінен тек қана «Оқу сауаттылығын» ғана тапсырады. Анығына келгенде, аты айтып тұрғандай, ҰБТ-дағы «Оқу сауаттылығы» бастауыш 3-4 сынып оқушысының оқу сауаттылығын ғана тексеруге арналған «сынақ-емтихан» секілді. Олай дейтін себебіміз: ҰБТ-дағы «Оқу сауаттылығында» оқушыға бір мәтін беріледі. Сол мәтіннің мазмұны бойынша берілген сұрақтарға оқушы жауап беруі тиіс. Сұрақтың жауаптары оқушының көз алдындағы «Оқу сауаттылығындағы» мәтіннің ішінде тұр. Ес-ақылы түзу, ұлттық мектепте Қазақ тілі пәнін 11 жыл оқыған оқушы үшін, «Оқу сауаттылығындағы» мәтіннің мазмұнына байланысты сұрақтарға жауап беру тым жеңіл. ҰБТ-дағы «Оқу сауаттылығының» сұрақтарына 5-6 сынып оқушыларының өзі де өте жеңіл жауап береді. Себебі, «Оқу сауаттылығында» Қазақ тіл пәніне байланысты грамматикалық сұрақтар мүлдем жоқ. Грамматикалық сұрақтар болмағандықтан ҰБТ-дағы Қазақ тілі пәні бойынша «Оқу сауаттылығынан» берілген 20 сұрақтан оқушы 20 немесе 17-18 балл жинайды. Тек қана жоғарғы оқу орнына түсуді ойлаған бала ҰБТ-дан жоғарғы ұпай алғанына мәз. Міне, дәл осындай жолмен оқушы балаларымызды сауатсыз да білімсіз етіп, еліміздің ертеңгі болашағының тамырына өз қолымызбен өзіміз балта шауып жатырмыз. Тіл білімінің грамматикасы, сөздердің дұрыс жазылу емелелік заңдылықтары, диктант, шығарма жазу мүлдем қарастырылмағандықтан, өз ойын жазбаша түрде жеткізе алмайтын сауатсыз да білімсіз ұрпақ қалыптасып келе жатыр. Бұл ұлттық трагедияның негізгі себепкері – «Жаңартылған білім бағдарламасы» атты еліміздің білім реформасы!

Ал, енді «Жаңартылған білім бағдарламасындағы» Қазақ тілінен соң Қазақ әдебиеті пәні туралы ойласам: «Самарқанда бір апам бар, ол менен де өткен сорақы»,- деген сөз есіме түседі. Ең бірінші айтпағымыз: Біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің ұлттық көрінісі баяндалатын біздің бай ауыз әдебиетіміз бен оның түрлері және олардың жанрлық ерекшеліктері туралы «Жаңартылған оқу бағдарламасында» бір ауыз сөз жоқ. Ұлттық әдебиетіміздің негізі болған, «Халық ауыз әдебиеті» деген әдебиет бізде болмаған секілді.

Егер біз, бүкіл тарихымыз бен мәдениетіміздің өзегі – ауыз әдебиетімізді оқушыларға мектеп қабырғасынан бастап, ғылыми негізде, жүйелі түрде оқытпасақ, жас ұрпақ-мектеп оқушыларын елін, жерін, ұлтының әдебиеті мен мәдениетін сүйетін патриот етіп қалай тәрбиелейміз? Екіншіден, әдебиет – ғылым. Әдебиет ғылым ретінде «Әдебиет тарихы», «Әдебиет сыны», «Әдебиет теориясы» деген үш бөлімнен тұрады. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жазылған қазақ әдебиеті оқулықтарында жоғарыда аталған үш бөлімнің ешқайсысы да ғылыми негізде толық қамтылмаған. 10-сынып әдебиетінде әдеби жанрлар мен әдебиет көркемдегіш құралдарына автор шығармасымен байланыстырмай жеке-жеке түсінік бергенімен, оқулыққа енгізілген авторлар шығармаларына тарихи-әлеуметтік тұрғыдағы сын және теориялық талдау жасалынбаған. Шығармашылық тұлғалардың өмір сүрген уақытына қарай, әдебиетті кезең-кезеңге жіктей отырып, әдебиет белгілі жүйемен ғасыр-ғасырға бөлініп топтастырылмаған. (Мысалы: «XIX-ғасыр әдебиеті», «XX-ғасыр әдебиеті» деген секілді.) Әдебиетті ғылым ретінде оқытуда қалыптасқан осындай әлемдік үрдісті авторлық ұжым ескерусіз қалдырған. Ең бастысы, мектеп окушыларына әдебиет пәнін ғылым ретінде оқытуды авторлық ұжым мақсат етпеген. Бұл – оқулықтың мазмұны мен сапасына үлкен нұсқан келтіріп, оқулықты түкке алғысыз, жарамсыз етіп көрсетіп тұр. Жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша жазылған Қазақ тілі және Әдебиеті пәні оқулық авторларының ұстанған ең негізгі басты қағидасы, ол – жаңа оқулықтарды бұрынғы оқулықтарға барынша ұқсатпауға тырысқан секілді. Оқулық авторларының бұл әдісі – оқулықтың ғылыми негізіне үлкен нұсқан келтіріп, оның білімділік сапасын сын көтермейтін өте төменгі дәрежеге түсіріп жіберген.

Тоқсан ауыз сөзді бірер сөзбен түйіндесек: «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған 5-11-сынып аралығындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтары,пән мұғалімдерін былай қойғанда, мектеп оқушыларының қарапайым сұранысына да жауап бере алмайды.

Бұрынғы мақалаларымда айтқанмын, қазір де қайталаймын: Соңғы білім реформасының БЖБ (Бөлімдік жиынтық бағалау), ТЖБ (Тоқсандық жиынтық бағалау), «Күнделік кз» секілді «жаңалықтары» - ғылыми негізі жоқ, ешқайда бастамайтын баспалдақ екенін ғылыми-практикалық тұрғыдан толық дәләлдеп бере аламын. Уақыт тығыздығына байланысты, және бұрынғы мақалаларымда жан-жақты тоқталғандықтан БЖБ, ТЖБ, «Күнделік кз» мәселелерін сөз етуді жөн санамадым.

Бір сөзбен айтқанда, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» - жас ұрпағымызды білімсіз надандықтың қара түнегіне алып келе жатыр! Мұның соңы – бүгінгі ұрпағымызды мәңгілік құлдыққа байлап берері хақ! Ойланайық, халайық...

Сөз соңында айтарым: Еліміздің білім саласында жасалған сансыз көп реформалардың бірде-біреуі оң нәтиже бермеді. Неге? Себебі, бұл «білім реформаларының» авторы біреу. Ол – билік.

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қабылданған Ұлттық демократиялық «Алаш» партиясының бағдарламасында: «... оқу жолы өз алды автономия түрінде болуы; үкімет оқу ісіне кіріспеуі»,- керек деп, тайға таңба басқандай анық жазды. (Ә.Бөкейхан. Шығармалары. 256 бет, IX том «Сарыарқа» баспасы, Астана 2016 жыл) Шындығына келгенде, ғылым-білімді басқару атқарушы биліктен тыс тұруға тиіс. Себебі, кез-келген атқарушы билік – уақытша. Ал, ұлттың өркениетке жетуі мен даму стратегиясын айқындайтын ғылым-білім – мәңгілік. Уақытша билік арқылы ғылым-білімнің мәңгілік жолын басқара алмайсың. Дамыған мемлекеттердегідей ғылым-білімді дамытудың ғылыми жүйесін қалыптастыруымыз керек. Өркениеттің биігіне жеткісі келген кез-келген мемлекет, ғылым-білімнің өсіп-өркендеуіне жағдай жасауға міндетті. Ал, білім негізі – орта мектеп қабырғасында қаланады. Бұл – аксиома.

Меніңше кез-келген реформа төменнен басталуы шарт. Ал, білім беру жүйесінің төменгі буыны болып саналатын орта мектеп бағдарламасы бойынша жасалынатын білім реформасын – білім жүйесін жетік білетін тәжірибелі мектеп мұғалімдері мен осы саланың белгілі ғалымдарын қатыстыра отырып, кең көлемдегі халық талқылауы арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Түрлі «реформалардан» әбден шаршаған еліміздің білім саласының қазіргі таңда кезек күттірмейтін ең басты мәселесі, ол – білім берудің Ұлттық концепциясын жасау болып табылады.

Оқырман құлағына алтын сырға: Білім берудің Ұлттық концепциясы ұлт болашағына бей-жай қарамайтын Отанын, Ұлтын сүйетін патриот, елшіл, ғалым-зиялылар тарапынан жазылып та жатыр.

Алла бұйыртса, нәтижесі алдағы күннің еншісінде.

Нұрғали Махан,

педагог

Abai.kz

20 пікір