Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 3976 0 пікір 26 Мамыр, 2021 сағат 14:02

Н.Нығматулин: бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

Нұр-Сұлтан, 26 мамыр, Мәжіліс үйі. Бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін жаза заңнамалық түрде күшейтілетін болады. Бұл туралы бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері туралы заңнамалық түзету I оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын талқылау барысында Нұрлан Нығматулин жуық арада ғана Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді қарағанын, сол кезде Қазақстанда ЕАЭО бойынша серіктестерімізден – Ресей мен Беларусьтен айырмашылығы бағалы металдардың заңсыз айналымы саласында жасалған қылмыстар үшін «Неге қылмыстық жауапкершілік жоқ?» - деген сұрақ туындағанын атап өтті. Нәтижесінде, тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны анықталды.

- Бұл осы саладағы қылмыстық белсенділіктің кең көлемде өсуіне әкелгені анық. Мәселен, тек Степногорск өңірінде 2015-2020 жылдар аралығында құрамында алтыны бар заңсыз өндірілген 6 357 тонна шикізат тәркіленді, - деді Палата Спикері.

Нәтижесінде Н. Нығматулин ел экономикасына, оның ішінде салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық түспеуі түрінде елеулі залал келтірілгенін атап өтті. Сондай-ақ, осы заңнамалық түзетулердің нәтижесінде оң өзгерістер болатынына сенім білдірді.

Тұтастай алғанда, заң жобасының нормалары азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыруға, прокуратураның қадағалауын кәсіпкерлердің проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлауға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің өз қызметіне заңсыз араласудан, бизнес субъектілерін қылмыстық қудалау аясына тартудан кепілдіктерін күшейтеді, сондай-ақ осы түзетулер бағалы металдардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге мүмкіндік береді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар