Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2605 0 пікір 2 Мамыр, 2012 сағат 11:57

Балжан ШЕРТІМ. ОППОЗИЦИЯНЫҢ СЕТІНЕУІ ТОҚТАРМЕН ТОҚТАР ЕМЕС

Жақында ғана оппозиция қатарынан кеткен Тоқтар Әубәкіров туралы «ергежейлі» Ғани Қасымов: «Тоқтар қай жерде, кіммен болмасын мен үшін, сондай-ақ есі дұрыс адамдар үшін, ол ергежейлілер еліндегі Гулливер секілді көрінеді», - деп қайырды. Оның сөзі «ергежейлі» Әміржан Қосановтың: «Әрине, Батырдың қатарымыздан кетуі оңай соғып тұрған жоқ. Бірақ кез келген саяси партияның жеке тұлғаларға ғана сүйенуі - дұрыс емес. Танымал да беделді адамдардың болуы, сөз жоқ, оң фактор, бірақ ол шешуші фактор емес!», - деген сөзімен толықты. Енді «ергежейлі» Ермұхамет Ертісбаев не дер екен деп күтіп отырмыз.

Осы Ғани Қасымов та ойланбай сөйлей салады. Сонда біз не, ергежейлілер елінде жүр ме екенбіз? Бораттың сөзін қалаулымыз Қасымов айтып қатырды, сөйтіп. Оппозициядан бір ала шапан, биліктен бір ала шапан киген ағамыз «размерден» жаңылып қалды ма екен, әлде? Керек кезінде оп-оңай оппозиция бола салатын бұл ағамызды олай да, бұлай да ойқастатып қойған заман-ай десеңізші. Ғани Қасымовқа «жиын-терінімізден төбе көрсетіп жүріңіз» деп әулекілендіріп қойған осы оппозицияңызда да мықты ұстаным жоқ-ау өзі.

Жақында ғана оппозиция қатарынан кеткен Тоқтар Әубәкіров туралы «ергежейлі» Ғани Қасымов: «Тоқтар қай жерде, кіммен болмасын мен үшін, сондай-ақ есі дұрыс адамдар үшін, ол ергежейлілер еліндегі Гулливер секілді көрінеді», - деп қайырды. Оның сөзі «ергежейлі» Әміржан Қосановтың: «Әрине, Батырдың қатарымыздан кетуі оңай соғып тұрған жоқ. Бірақ кез келген саяси партияның жеке тұлғаларға ғана сүйенуі - дұрыс емес. Танымал да беделді адамдардың болуы, сөз жоқ, оң фактор, бірақ ол шешуші фактор емес!», - деген сөзімен толықты. Енді «ергежейлі» Ермұхамет Ертісбаев не дер екен деп күтіп отырмыз.

Осы Ғани Қасымов та ойланбай сөйлей салады. Сонда біз не, ергежейлілер елінде жүр ме екенбіз? Бораттың сөзін қалаулымыз Қасымов айтып қатырды, сөйтіп. Оппозициядан бір ала шапан, биліктен бір ала шапан киген ағамыз «размерден» жаңылып қалды ма екен, әлде? Керек кезінде оп-оңай оппозиция бола салатын бұл ағамызды олай да, бұлай да ойқастатып қойған заман-ай десеңізші. Ғани Қасымовқа «жиын-терінімізден төбе көрсетіп жүріңіз» деп әулекілендіріп қойған осы оппозицияңызда да мықты ұстаным жоқ-ау өзі.

Қоғамның пікірі қақ жарылып жатқан кезде, ойда жоқта пайда бола кететін Ермұхамет Ертісбаевты жоқтатпайтын сөз айтылды неғылса да. Қасымовтың өлшемімен алғандағы «ергежейлі» Ермұхамет Ертісбаевтың «мәлімдемесі» аса қажет те болмай қалды, шындығын айтқанда. Себебі «Азаттан» неге кеткенін, онда да жай кетпей, жоғарғы билікті неге қолдап шыққанын тұңғыш ғарышкер өзі-ақ айтып берді. Бірақ оппозициядан кеткен «тұңғыш» емес ол!

Былтыр Әлихан Байменов мемлекеттік қызметке кеткен кезде қалай шуладық. Айтпаған сөз, тақпаған атағымыз қалмады. Сөйтсек шулаған халық емес, Байменовтің өзінің «ата жаулары» болып шықты. Тоқтар Әубәкіров кеткен кездегі қисынға салсақ, солай болып тұр ғой. Тіпті, Әміржан Қосановтың сөзімен айтқанда, әркімнің еркі өзінде. Адам ата-ананы таңдап алмайды, содан соң Отанды таңдап алмайды. Ал партия дегеніңіз ауыстыра беретін қолғап сияқты болып қалды бізде. Бір тараптан бұл да дұрыс шығар, мықты партия болмасаң, қатарың сетіней береді өстіп.

Сонымен басқасы басқа, Тоқтар Әубәкіровтің бұл «кетісі» ел арасын біраз дүрілдетті. «Оппозицияға да, билікке де бармай, әдемі қартайып, демалысқа кетуі керек пе еді», - деп те ойладық. Бірақ «бөлтірік бөрік астында» деп қамсыз жүре беретін кешегі күн емес, сырттандар сырттап жүрген бүгінгі күніміз аса бір сақтықты қажет етеді. Дегенмен болары болды, бояуы сіңді. Батырдың «кетісі» оппозицияның өз мұңы туралы ойландырмай қоймады.

Оппозицияның жұлдызды сәті кешегі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясымен, бәлкім содан соңғы «Нағыз Ақжолмен» бірге кеткендей көрінеді. Екі ондықта бұл қозғалыстың өзіндік тарихы да қалыптасып үлгеріп қалды. Тіпті Серікболсын Әбділдин сияқты «зейнеткерлері» де бар. «Халықаралық саудадағы» Әкежан Қажыгелдин де ақыры «Антанта» одағын құра алмай кетті. «Сен тұр, мен атайын» азаматтардың жарияға жар салып кеткені бар, жым-жырт кеткендері де жоқ емес. Ал кейбіреулерінің кеткені де белгісіз, кетпегені де белгісіз.

Естеріңізде болса, әу баста Олжас Сүлейменов те «Ұлттық конгресс қозғалысын» құрып, пікірін ашық айтып, оппозиция болғандай болып жүрген еді. Ол кезде тәуелсіздікті енді алып, абыр-сабыр болып жатқан ел едік. Сонда олар оппозицияның «иісін» сезді ме, дәмін алып үлгерді ме, ол жағынан бейхабармыз. Бірақ көп уақыт өтпей Олжас ақынның Италияға елші болып кеткені мәлім. «Оппозицияда жүргеннен кейін таза жүру керек», - дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали. «Сол «Ұлттық конгресс қозғалысының» басшылары меніңше, мыс сатқан, салықсыз дүниелер сатқан. Сөйтіп тәп-тәуір ақша жасаған...», - деп жорамал айтады ол. Сол ақша оппозиционер ақын Олжас Сүлейменовтің «түбіне» жетіп тыныпты-мыс.

Оппозицияның ақсақалы Серікболсын Әбділдин жариялы түрде Ғазиз Алдамжаровқа орнын тапсырып, демалысқа кеткені баршаға белгілі. Оның орнын басып отырған Алдамжаров та «сау сиырдың тезегі емес». 2000 жылы Президент әкімшілігіне кетіп, қайтып Коммунистік партияға келген адам. Биліктің «төл» оппозиционері Әкежан Қажыгелдиннің соңғы кезде күмәнді істермен айналыса бастағаны байқалып қалды. Шет елге барып жан сақтаған экс-оппозиционерлердің ішінде белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин де бар болатын. Кейіннен Президенттен кешірім сұрап, елге келіп, сүйікті ісі журналистикамен айналысып жүр. Әбіләзов түрмеден шығу үшін «Қазақстан демократиялық таңдауынан» бас тартып, БТА Банкке барған. Ол жалпы партияны былай қойғанда, өз елін «отырғызып» бір-ақ кетті. Осындай-осындай қулық-сұмдықтар болмаса, қазіргі қоғамдық өміріміз сақардай қайнап жататын ба еді, кім білсін? Сол қатарда яғни «басы істейтіндердің» қатарында текті атаның ұрпағы Ораз Жандосов та бар еді. Оппозициядағылармен бірге біраз қиындықтарды басынан өткергеннен кейін, қажыды ма, Азат Перуашевке кеңесші болып кетті. Таралымы 35 мың данамен шығатын «Республика 2000» деген газет болған еді кезінде. Оппозициялық басылымның бас редакторы Лира Байсейтова да «оңай шағылатын жаңғақ» болмаған. Басынан талай шырғалаңды өткерген ол қазір Женевада тұрады. Санатта бар, сапта жоқ, бірақ. Төлеген Жүкеев «Азат» партиясының басшылық құрамынан шыққанымен, А.Сәрсенбайұлы атындағы қорда қалды. Ал Төлен Тоқтасыновты үнсіз кеткен оппозиционерлердің қатарына жатқызсақ, ренжи қоймас. Қазір Моңғолияда денсаулығын түзеп жүргенге ұқсайды. Дегенмен «Қазақстан Демократиялық таңдауы» халықтық партиясы әлі өз миссиясын орындап болған жоқ» деген пікірде екенін оқып қалған едік бірде. Отбасын алып, үнсіз кеткендердің тағы бірі Ғалымжан Жақияновты Ханьянда деп естиміз. Соңғы аталған екеуінің, алайда, саяси күреспен түк қатысы жоқ кәсіпкерліктері туралы көп айтылады. Ал кеткені де белгісіз, келгені белгісіз Айдос Сарымның есебі түгел. Нағыз саяси ойынның шебері болып алған ол екі жақпен де тіл табысып жүргендей көрінеді. Сондықтан саясаттанушы емес, саясаткер ретінде тани бастаған сияқтымыз оны. Бірақ елге, ұлтқа, мемлекетке пайдалы сөз айтып жүргенін мойындауымыз керек оның. Қайткенде де ол Досым Сәтбаев емес.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының құрамында болған Асылбек Қожахметов қазір ғылыммен айналысып жүр. Халықаралық бизнес академиясының ректоры. Бұрын депутат болған Уәлихан Қайсар «Азат» партиясының құрамында біраз жүрген еді. Бір күні «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары болып шыға келді. Уәлихан Қайсар былтыр Президент сайлауына түсіп, қазақ тілінен тест тапсырғанда өтпей қалып, аты бір шықты, бірақ. Одан кейін «Әділет» партиясының орынбасарлығынан түсіп қалыпты деп естідік. Біз үшін, келгені де, кеткені де белгісіз оппозиционерлердің бірі болып қала берер енді. Содан қайтып Уәлиханды көрмедік. Олжас ақын «оппозиционер» болып жүргенде орынбасары болған Гүлжан Ерғалиеваның кейін ашық кеткені «Свобода словадан» белгілі. Қазір өзінің «Guljan.org» сайты арқылы анда-санда жылт етіп бір көрінгені болмаса, оның да «үні» өшті.

«Адам мұқалады, сондықтын формальды адамдар ұзақ уақытқа шыдай алмайды. Не принципін өзгертеді, не ұзақ жүреді. Оппозицияда жүру үшін жүректің түгі болуы керек. Сондай-ақ қаттылық, батылдық, ұятты болу керек», - дейді Әзімбай Ғали. «Біздің оппозциялық партиялар системадан тыс шыққан партиялар. Олар өте күрделі жағдайда. Оларды қолынан сүйреп, саяси режимге кіргізіп, ауыр портфельдерді беріп қою керек. Сонда қоғамда диалог болады. Ол көп шығынды, көп ақшаны, жүйкені қажет етеді. Бірақ әрқашанда оппозиция бола білу керек», - деп ойын қорытты саясаттанушы.

Шынында да, «оппозиция біліксіз» деп айта салу ауызға оңай екенін осы жолы байқадық. Оппозицияда жүрген азамат ұстамды болмаса, қарсы жақтың саяси технологяларына тез беріліп қоюы әбден мүмкін. Өздерінің тарам-тарамы шығып жатқанда қалай мін тағарыңды да білмейді екенсің. Қайсысын алып қарасыңыз да тағдырлы. Бас көтере алмайтындай шері бар. Әйтеуір ілініп-салынып келе жатқанына шүкір дегің де келеді. Қазір оппозиция десе көзімізге Әміржан Қосанов елестейді. «Құламайтын, құлап қалса тез тұрып кете алатындай болуы керек» деген тұлға осы Әміржан ғана сияқты құдды. Жармаханы да, Болаты да көзге көрінбейді. Бастары бірікпей, төбелері тоқайласпай, әрқайсысы әр жақта жеке бастың қамын күйттеп кеткен экс-оппозиционерлерге алғашында аяушылықпен қарайтын едік. Енді құрметпен қарай бастаған сияқтымыз ба, қалай?..

Әсілінде «құрмет» деген сөзбен «зейнет» деген сөз қатар жүретінін ұмытпайық, ағайын. Неғылса да бұлардың Тоқтармен тоқтамасы белгілі болып қалған секілді. Артының қайырын берсін, әйтеуір.

«Халық сөзі» газеті

0 пікір