Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Сайлау 4922 17 пікір 20 Мамыр, 2021 сағат 14:47

Ауыл әкімдерін сайлау: сайлау ма, марафон ба?

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасының кезекті ұсынысы іске асады. Ол ауыл әкімдерін сайлау. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі. Жалпы бұл демократиялық құндылығы қалыптасқан, азаматтық қоғамы қарыштап дамыған елдерде бар құбылыс. Қазақстан оған енді қадам басып жатыр. Еуропа елдерінде президенттен бастап қала, ауыл, аудан, тіпті мектеп және университет ректорлары мен директорларын сайлап келе жатқанына жарты ғасырдан асты. Нәтижесінде Еуропа дамыған, халқы бай елге айналды. 

Ауыл әкімдерін сайлауға қатысты ұсыныс Президент жолдауында айтылған болатын. Артынша ол заң жобасы ретінде дайындалып, Мәжілісте мақұлданып кетті. Енді 2025 жылға дейін ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі іске асады. Бұл саяси науқанды жүргізу үшін бюджеттен 17.6 млрд теңге бөлінбек. Биылғы сайлауға алдын-ала белгілі болғандай, 4.8 млрд теңге қаржы жұмсалатын болады. 2021 жылы 836 ауыл әкімін сайлау өтпек, ал жалпы 2025 жылға дейін 2345 ауыл әкімін сайлау болады. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық жүйесі 2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 14 облыстан, республикалық маңызы бар үш қаладан, 183 әкімшілік аудандардан, 2186 ауылдық округтер, оның 510-ы бір ғана ауыл тұрғындарынан тұратын ауылдан тұрады. Демек ауыл әкімдерін сайлау барлық ауылдарда өтеді, кей ауылда әкім қызметінің мезгілі аяқталуына байланысты қайта ұйымдастырылуы мүмкін.

Енді ауыл әкімдерін сайлау қандай нітиже беруі мүмкін. Ресми билік ауыл әкімдерін сайлау арқылы мына нәтижелерге қол жеткіземіз дейді.

- азаматтардың өздерінің конституциялық құқықтарын толық іске асырудағы белсенділіктерін арттыру;

- халықтың билікке деген сенімін және әкімнің халық алдындағы есебін күшейту;

- ауыл әкімінің тұрғындардың қажеттіліктері мен проблемаларына жауаптылығын арттыру;

- «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын толығымен жүзеге асыру.

Алайда ауыл әкімін сайлау басқа да кері әсерін беруі мүмкін деген болжамдар бар. Атап айтқанда ол рушылдық және жүзшілдік бөліністі арттыруы мүмкін, ал солтүстік аймақтарда ауыл әкімдері тұтастай дерлік орыс тілді азаматтардан сайлануы ғажап емес. Себебі дауыс берушілердің басым бөлігі солтүстікте орыс тілді азаматтар екені де жасырын емес. Демек бұл қауіпті сайлау науқанында ескермеу қателік болар еді. Мемлекеттік мүдде мен ұлттық қауіпсіздікті ескере отырып, сайлауда тәжірибе ретінде оңтүстік аймақта жасап көріп, барлық кемшіл тұстарын процесс барысында анықтап, артынша 14 облысқа өткізген дұрыс болар ма еді?!

Мысалы ауыл әкімі болып сайланғысы келген азамат 1% қолдау дауысын жинауы тиіс. Ал егер ауыл әкімі партия атынан түссе, онда оған қолдау дауысын жинаудың қажеттілігі туындамайды. Бұл дегеніміз азаматтардың саяси науқанды бастамай жатып, тең құқықтық принципін шектеу болып саналады. Артынша сайлау науқаны басталып, бір ауылдан екі үміткер шығып, бірдей дауыс жинады делік. Ондай жағдайда жеңімпаз деп кімді таниды? Күлмеңіз, ондай сәтте жеңімпаз болып құжатты бірінші тапсырған үміткер аталады екен. Күлкілі. Себебі әлемде жоқ ноу-хау. Сонда бір үміткер сағат 09:35-те құжатын өткізсе, екінші үміткер жолы шұрық-тесік көшемен жетемін дегенше көлігінің дөңгелегі жарылып, бір сағат кешігіп 10:20-да құжатын өткізсе, біріншісіне жеңісті беріп жіберу қаншалықты әділетті. Бұл қай әкім тайм-менеджментке берік екен деген сайыс емес қой. Неге тең түскен жағдайда жеңімпазды келесі сайыс арқылы немесе сол ауылдың ең күрделі мәселесін шешуге қатысты идеялық сайыс арқылы анықтамасқа. Сол ауылдың азаматтары көріп, қайта дауыс берісн. Жоқ, бірден кім бірінші құжат өткізді, сол жеңімпаз болу керек деген абсурд. Біз уақытқа қарап жеңімпаз анықтайтындай марафон ұйымдастырып жатқан жоқпыз ғой.

Айтпақшы, ауыл әкімдеріне бюджет беруді, оның жұмысына баға беріп, арқадан қағуды яки сөгіс жасап, сынап алуды Мәслихат іске асырмақ. Сайлайтын халық, бірақ құзыреті маслихаттың қолында болмақ па? Бұл қалай? Маслихат депутаттарын партиялық тізіммен сайлап алғанымызды ескерсек, ауыл әкімдері үш партияның қас-қабағына қарап отырмақ па?

Жәә, тойдың болғанынан болары қызық дегендей, сайлау науқанының өтуінен дайындығы қызық. Ауыл әкімдерін сайлау осылайша түрлі түсініксіз ережелермен, тепе-теңдіктің сақталмауымен басталмақ...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1348
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1192
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 936
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1044