Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3161 0 пікір 2 Мамыр, 2012 сағат 11:33

Жанкешті жұмаққа жоламайды

 

 

Жанкешті жұмаққа бара ма? Талас тудыратын сұрақ - осы. Мұсылман ғалымдары бұған қатысты: «Жұмаққа барамыз» деп сенетін жанкештілер қатты қателеседі», - дейді.

Жерленбеген жанкешті

Ислам ғалымы Мәулана Аминулла Шах та - осы пікірді қоштайтындардың бірі. Бүгінде ол Нью-Исламабадтың Мохалла ауданында тұрады. Жақында ислам ғалымы жанкештілерге қатысты ұстанымын жариялады. «Лаңкес-жанкештілер - жер бетіндегі ең бақытсыз жандар», - деді ол. Артынша: «Өзге мұсылман бауырларға қарағанда, олардың (жанкештілердің дегені) сүйегі жуылмайды, жерленбейді», - деп қосты. Шынында да, жанкештілердің жаназасын шығармауға қатысты жайттар жиі орын алатын болып жүр. Былтыр қараша айында... Ауғанстанда... 17 жасар жанкештінің жаназасы шығарылмады. Неге дейсіз ғой? Жергілікті және коалициялық күштерге шабуыл жасағаны үшін. Жанкештінің аты - Рехманулла еді. Есімін «Алланың рақымы» болсын деген ниетпен қойыпты. Амал нешік, енді... қаһарына ұшарамаса болды. Рехманулланың әкесі - қара жұмысшы. Гуфран Хан әлі күнге дейін ұлының қазасына қапалы. Қайғыдан қан жұтып жүр. Әкенің айтуынша, тәліптер баласын ұрлап әкетіп, санасын әбден улап тастаған. Енді амал қанша? Баласын «жерлей» алмағаны жанына аяздай батады.

...Қашып құтылды

Рехманулланың жолы болмады. Бірақ Сайфулланың айы оңынан туды. Сайфулла да - осы облыстық тұрғыны. Рехманулла сияқты Сайфулланы да тәліптер қолға түсіріпті. Оқиға былай болған. 2005 жылдың мамыр айы. Мардан аймағында «әл Қағида» ұйымының аға үйлестірушісі Әбу Фарадж әл Либби тұтқындалды. Арнайы қызмет өкілдері әл Либбидің қолына кісен салды. Осы оқиғаға тәліптер Сайфулланың қатысы бар деп күдіктенді. Тәліптер: «әл Қағида» өкілін ұстап берген Сайфулла», - деп түсініпті. Сосын жазаламақшы болған. Алайда көрер жарығы бар екен. Сайфолла қашып құтылды. Әкесінің айтуынша, қазір ол бас сауғалап жүр. «Тәліптер Сайфулланы ұрлап кете алмады. Ол Германияға қашып кетті», - дейді ол. Бұл хабарды әкесіне көршілері жеткізіпті. Олар баласының қауіпсіз жерге кеткені үшін арнайы құттықтапты да. Әкесі былай дейді. «Менің білуімше, тәліптер менің баламды да жанкешті ретінде пайдаланар еді. Онда баламның денесі жуылмай, құран оқылмай, мұсылман ғұрпымен жерленбейтін еді». Ол ұлының өз өзіне қол жұмсамағанына қуанады. Қазір Пешавар аймағында женкештіні «жерлемеу» аса маңызды ғұрыпқа айналып отыр. Пешаварлық Аджмал Шахтың айтуынша, өз өзіне қол жұмсау - қатаң айыпталынатын іс. «Өзін-өзі жарып, кінәсіз мұсылмандарды өлтіргендер, жетекшілері үйреткендей, жұмаққа апармайды», - дейді Аджмал Шах.

Сананы ула

Қазіргі уақытта тәліптердің адам ұрлау әрекеті жиілеп барады. Олар жұмыссыз жастарды күштеп тұзаққа түсіреді. Түрлі әдебиеттер ұсынады. Бейнематериалдар көрсетеді. Сөйтіп адастырады. Жастардың санасын улап, жанкештілікке көндіреді. Азғырушылары - сауатсыз. Сондықтан, жұмақты басқаша қып суреттейді екен. Құрандағыдай емес. Ал женкештінің мұсылманша жерлеуден қағылатыны жайлы тіс жармайды. Аджмал Шах: «Ең басты қасірет - жасөспірімдер лаңкестік жасау арқылы Алланың рақымына бөленеміз деп ойлайды. Шындығында, олар Алланың қаһарына ұшырайды. Исламда лаңкес-жанкештілер жоқ дегенге ешкім де дау айтпайды. Алланың үкіміне бағынбай, жанкешті болуға бел буғандар тозаққа түседі», - дейді Аджмал Шах. Оның айтуынша, содырлар жастардың діни сезімімен ойнайтын көрінеді. Лаңкестік шабуыл жасауға мәжбүрлейді. Ал балаларын жоғалтқан ата-аналарға: «Сіздердің балаларыңыз шейіт» болды», - деп «жұбатады».

Шейітке - құрмет,  лаңкеске - лағынет

Жоғарыда жанкештінің жерленбейтіндігін айттық. Ал лаңкестік құрбандары үшін керісінше. «Биліктегілер лаңкестіктің құрбаны болған адамдардың мүрдесіне құрметпен қарайды». «Леди Рединг» жедел жәрдем ауруханасының басшысы Ширак Қаюм осылай дейді. Аурухана қызметкерлері эксгумация жасап, ДНК сараптамасын жасайды. Осы арқылы өлген адамның кім екенін анықтайды. Белгісіз құрбандарды арулап қайта көметін көрінеді. Ал жанкештілердің денесіне мүлде басқаша қарайды екен.
«Біз жанкештілердің денесін ешқашан көмбейміз. Оларды тек сот сараптамасы үшін ғана пайдаланамыз», - дейді Ширак Қаюм. Міне, олардың лаңкес-жанкештілерге деген құрметі. Қазіргі уақытта қоғам олардың әрекеттеріне өшпенділікпен қарайтын болған. Тіпті жанкештінің денесінің қалдықтарына деген өшпенділік қалыптасқан. Оны аурухана басшысының әлгі сөзінен-ақ аңғаруға болады.
Рахимулланың айтуынша, лаңкес-жанкешті болу - исламнан бас тарту екен. «Исламда: «Бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең», - деп анық айтылған», - дейді ол. Рахимулла - Шабкадар тұрғыны, жанкештінің әкесі. Оның ұлы Кари Накибулла 2011 жылы 10 коалиция әскерін өлтірген болатын.
Ал Уәхидулла 2008 жылы қаңтар айында жоғалып кеткен еді. Ол - Сурх Дери Чарсадд ауылының тұрғыны. Жоғалғанына екі ай өткеннен кейін кәрі әкесін содырлар іздеп келіпті. Таң намазын мешітте оқып жатқан әкесі Жұма Гүлге «Талибан» содырлары келіп: «Балаңыз шейіт болып, жұмаққа аттанды», - деп «сүйінші» сұрапты. «Алғашқыда мен бұған сенбедім. Олардың «сүйінші» сұрап, құттықтағаны төбе шашымды тік тұрғызды. Менің баламның бұл ісі үшін тәліптерді қарғыс атсын деп тілеймін», - дейді. Кәрі әке әлі күнге дейін баласының қазасын көтере алмай жүр. Уәхидулланың әкесі баласының қазасын жалғыз жоқтапты. Ешкімнің басына бермесін, мұндай өлім ата-ана үшін екі есе ауыр. Байғұс әке: «Көңіл айту - Мұхаммед пайғамбардың және оның ізбасарларының жолы, қайырымдылықтың белгісі. Бірақ, балаң қаза болыпты деп көңіл білдірген бір жан болмады. Адамдар жанкештілердің шабуыл жасауын жақтырмайды. Сондықтан ешкім көңіл сұраған жоқ», - деп қынжылады. Жұма Гүлдің айтуынша, Алланың ұлының күнәлерін жарылқап, қайырымдылық жасарына ешқандай үміт жоқ. Себебі, ұлы ислам тыйым салған әрекетке барып, өз-өзін жарып өлтірген. Айтпақшы әкенің айтуынша, лаңкес-жанкештінің қазасына ешкім көңіл айтпапты. Мәселен, «Алла ақырын берсін!», «жаны жәннатта болсын!» деп айтуға болмайтын көрінеді. Себебі, бұл жағдай олардың отбасына қосымша ауыртпалық әкеледі екен. Содырлар осындай тәмсілдерге көзсіз сенеді.

Сүйекке түскен таңба

Исламда өзіне-өзі қол жұмсауға тыйым салынған. Шах және басқа да сарапшылар осындай пікір айтады. Өзін-өзі өлтіргендердің жаназасы шығарылмаса да, туыстары денені жуып, жерлейді. Бірақ өзгелерді де өлтірген лаңкес-жанкештілердің денесіне ешқандай ислам дәстүрі қолданылмайды. Жанкештінің туысқандарының жанына бататын тағы бір жамандық бар. Ол - жерленбеген соң, оның басына да баруға болмайтындығы.
Пәкістан мен Ауғанстан... Бұларда жарылғыш құрылғыларды дайындаған немесе орнату кезінде жарақат алған лаңкестерге аяушылықпен қарамайды. Мәселен, былтыр Дера Газиде жараланған Омар атты жасөспірім-жанкештінің үстінен әскерилер жарылғыш заттарды шешіп алды. «Жанкешті» көпшіліктің алдына шығып, халықтан кешірім сұрағаны үшін, оған Пәкістан билігі аяушылық танытыпты. Себебі, ол ислам қағидалары бойынша бейбіт өмір сүруге уәде берген.
Пешаварлық дінтанушы Мәулана Жаханзеб: «Лаңкестер Исламға ешқандай пайда әкелмейді. Керісінше, оның беделіне нұқсан келтіреді. Өз басындағы жағдай үшін ешкімнің өзгелерді өлтіруге құқығы жоқ», - дейді. Ал Пешавардағы Сархад университетінің мұғалімі Абдул Уәсім Хаттактың пікірінше, бомба қоюшылар есі дұрыс адамдар емес. «Қоғамның алдында бұл - сүйекке түскен таңба. Қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды қою барысында өлген немесе жараланғандар ешкімнен де аяушылық күтпесін», - дейді ол.
Қоғам лаңкестердің отбасын да жек көреді. Айталық, 2007 жылы қараша айында Пир уәлаятының министрі Мұхаммад Хан мен тағы да төрт адамды бір жас жанкешті өлтірді. Сол лаңкес-жанкештінің Новшердегі отбасын көп адамдар әлі күнге дейін «азғындар» деп есептейді. Арада төрт жарым жыл өтсе де, ол отбасымен ешкім араласпайды. Тіпті ағайындары да олардан безген.

Өз бомбасынан өлгендер

Соңғы жылдары содырлар арасында өз бомбасына түсіп жарылып өлгендер көп. Мәселен, Хайбер аймағында ақпан айында 8 содыр жарылғыш затты дұрыс қолданбай опат болды. Олар жарылғыш затты қашырмен өңгеріп салып, жол жиегіне орнатпақшы болған. Ал 22 қаңтарда екі содыр Хайбердің Захахел ауданында бомба қойып жатқанда қаза болған еді. Ауғанстанда да лаңкестер «жиһадқа» дайындалып жатқанда жарақат алды.
28 ақпанда Ғылман уәлаятында тәліптердің сардары және 6 адам бір автокөлікке бомба қойып жатып, өздері жарылып өлген. 2010 жылдың ақпанында сарбаздарды жаруға арналған бомбасына өздері түсіп 20 содыр өлген.

Жанкешті әйел

Биыл 10 ақпанда Бидгис уәлаятының Бала Мургаб ауданындағы жарылыс кезінде жанкешті әйел опат болды. Әйел «Талибанның» «көлеңкедегі» губернаторы Дастагир молданың 65 жастағы қарындасы болып шықты. Ол осылайша 2009 жылы оққа ұшқан ағасының кегін алмақ болыпты. Ауғанстанда жанкешті әйелдер өте сирек кездеседі. Бұл оқиға ауған қоғамының төбе шашын тік тұрғызды. «Біздің қоғамда әйелдердің атқаратын шаруасы басқа. Олар - аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, әйелдеріміз бен қыздарымыз. Олар - отбасымыздың абыройы. Олардың бұлай адам өлтіргенін көрген емеспін», - дейді жергілікті студент Сумбал Жафар. Кабулда тұратын жас дәрігер Аднан Қайюмның сөзіне қарағанда, лаңкестерді ауған қоғамы жек көреді екен. «Өлтіруге немесе жарылғыш құрылғы қоюға қатысы бар адамдар ең қатаң жазаға тартылуға тиіс», - дейді Аднан Қайюм.

Ашфак Юсуфзай,

Жауәд Әзиз Хан

«Жас қазақ» газеті

 

0 пікір