Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Дабыл 4371 2 пікір 17 Мамыр, 2021 сағат 12:23

Балқаш та Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін...

Соңғы жылдары ауаның көмірқышқыл газ және басқа заттармен ластануы салдарынан жер шары бойынша оның орташа температурасының үнемі көтерілуі үлкен қатер тудыруда. Бұл жер аумағының басым көпшілігіне ылғал мардымсыз түсетін, су ресурстары тапшы, өзендерінің көпшілігі трансшекаралық елдер үшін өзекті мәселенің біріне айналды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) болжамы бойынша шамамен 20-25 жылдан кейін Қазақстан су тапшылығын тартатын елдердің бірі. Еліміздің өзендерінің көпшілігі, Ертіс пен Іле Қытай  аумағынан, Шу мен Талас Қырғызстаннан басталса, Сырдария, Шыршық пен Келес өзендері Өзбекстан арқылы өтеді. Соңғы елмен 1998 жылы  Сырдария өзенін тиімді пайдалану жайлы келісім шарт жасалғанмен ол ылғи орындала бермейді. Көкөніс, жеміс жидек, мақта, жүгері мен майбұршақ және т.б. суғармалы дақылдарды егетін Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының  шаруақожалықтары жаз айларында  су тапшылығын жиі байқайды.

Көктемде тасқын немесе топан сулардан зардап шегетін аймақтарымыздың көпшілігінде егістерді суғаруды былай қойғанда, тұрғындарға қажет ауызсудың  тапшылығын  көріп отырған ауылдар  бар екені белгілі. Мемлекет және жергілікті әкімшіліктер тарапынан бақылаудың жоқтығынан кейде  құрылыс материалдарын (қиыршық құм мен  тас) дайындаушылар мен  пайдалы қазба  (алтын және т.б. металлдар) іздегендер өзен арнасы мен жағалауларын қопарып, бөгеттер жасап, ауыл тұрғындарын ауызсусыз қалдырады. Осындай жағдай өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында орын алса, жақында кеніш қазғандар Түркістан облысының бірнеше ауылдарын сусыз қалдырыпты. Жер бедерінің ерекшеліктерін ескере отырып, көктемгі сай салаға кететін қар суын жинап сақтайтын  су қоймаларын жасап, кейін шабындықтарды суғаруға пайдаланған тиімді болар еді.

Бүгінгі таңда су ресурстарын бақылау мен қадағалауды «Экология және табиғи ресурстар» және «Төтенше жағдайлар министрліктері», тиімді пайдалану мәселелерімен «Ауылшаруашылық министрлігі», облыстық, аудандық және ауылдық әкімшіліктер айналысады. Өкінішке орай аталған мекемелердің жұмыстарында үйлесімдік бола бермейтіндіктен біраз қарапайым мәселелер шешімін таппай, үлкен түйткілге айналуда.

Түркістан облысының тұрғыны, тәжірибелі маман Қ.Сұлтанов Abai.kz порталында жарияланған мақаласында осы күнге дейін су шаруашылығы мәселесі шешімін таппай келе жатқан түйткілдің біріне айналғанын, еліміз егемендік алғаннан кейін Су шаруашылығы және меллиорация министрлігі таратылып, су қорларын қадағалау мен тиімді пайдалану Ауылшаруашылық министрлігінің құзыретіне көшкенін, жапай жекешелендіруге байланысты ирригациялық  нысандар мен жүйелер жеке тұлғалардың меншігіне берілгенін жазыпты. Автор олардың көшілігі іске атүсті қарайтынын, нәтижесінде қираған су ғимараттары мен бетон науалар, істен шыққан суғару  жүйелері мен қамыс басқан каналдардан  миллиардтаған  кубометр ылғал жерге сіңіп, ысырап болып жатқанына назар аударыпты.  Осындай жағдай  Алматының күншығысында  Шелекке дейінгі автокөлік жолының бойында байқалады. Бұрын ирригация  жүйелері  жүргізіліп, дәнді және көкөніс дақылдары егілген  жүздеген гектар суғармалы жерлерді қамыс басып кеткен.

Мәжіліс депутаты М. Бақтиярұлының ҚР Үкімет басшысы А.Маминге сәуір айында жолдаған сауалында  бір миллионға жуық халық тұрып жатқан Қызылорда  облысында су тапшылығы  басты түйткілге айналғанына назар аударыпты.  Облыс аумағында инженерлік жүйеге келтірілген 180 мың гектар суғармалы жер бар, бұл  еліміз бойынша  16 пайызды құрайды, су ресурстарының 43 пайызы тұтынылады. Күріш 84,4 мың гектарға, көкөніс пен бақша дақылдары 18,5 мың гектар жерге егілмек. Автор сыр елінің тағдыры Сырдария өзенімен байланысты екеніне,  соңғы жылдары Кіші Аралдың көлемі 5 млрд текшеметрге азайғанына тоқталыпты. Оның жағалауындағы 207 көлдің тек 45-іне көктемде су толады екен, Қамыстыбас жағалаудан 200-300 метрге қашықтаған. Осыдан 15 жылдай  бұрын қабылданған су ресурстарын басқару туралы заң қазіргі талаптарға жауап бере алмайтынына назар аударыпты.

Ресми ақпараттарға қарағанда үстіміздегі жылы Сырдария алқабында 13,7 млрд кубометр, Шардара су қоймасында 4792 млн кубометр, Көксарайда  1404 млн  кубометр су қоры жинақталған. Бұл көрсетіштер ылғал тапшы болған өткен жылмен салыстырғанда біраз төмен, демек биыл  жағдай қиынырақ болатыны қазірден белгілі болып отыр. Осыған байланысты Қызылорда дихандары негізгі дақыл - күріштің егіс көлемін 5 мың гектарға қысқартпақ болған еді, енді  10 мың гектарға төмендетуге мәжбүр болып отыр.

Қытай аумағы арқылы өтетін Іле және Алматы облысындағы өзендерде су қорының төмендеп, саяздануына байланысты  Балқаш  көлі де Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Көршіміз  Іле өзені бойындағы суғармалы егіс көлемін бір млн гектарға жеткізген, демек елімізге жететін су мөлшері азая түседі. Осыдан елу жылдай бұрын Шарынға құятын Кеген өзенінен атты адам арнайы өткелдер арқылы ғана өтетін болса, қазір арнасының кез келген жері өткел, су аттың тізесінен әрең асады. Тяньшанның қарлы шыңдарынан басталатын Қарқара өзені маусым мен шілде айларында тасыған кезде қозы мен лақтарды, біраз жерге  ағызатын болса, қазір су аттың тілерсегінен ғана келеді.

Тәлімі жерлерге қарағанда суғармалы егістердің түсімділігі мен тиімділігі әлде қайда жоғары екені белгілі. Ресми деректерге қарағанда елімізде суғармалы жердің көлемі 2,2 млн гектар,  ­өткен жылы 1,6 млн гектары пайдаланылыпты.  Суғару жүйелерінің істен шығуы және т.б. себептерден  600 мың гектар жер пайдаға аспаған. Ауылшаруашылық министрі О.Сапаровтың алдағы он жылда суғармалы жердің  көлемін он есеге жуық өсіруге болады деген  мәлімдемесінің іске асуы  екі талай. Су тапшылығына байланысты елімізде   олардың көлемі қысқара бермесе көбеймейтіні анық.

Су ресурстарын үнемдеудің ең тиімді жолы дақылдарды тамшылап суғару, өткен жылы бұл тәсіл  14 пайыз суғармалы егістерде ғана қолданылыпты, демек 200 мың гектардан аспайды. Шағын қожалықтар үшін бұл оңай шаруа емес, егіс танаптарына электр жүйесі жүргізілуі қажет, суғару құрылғыларын орнату  қымбатқа түседі,  шығын төрт бес жылдан кейін ғана ақталады.  Осыдан он жылдай бұрын Қазақ өсімдік және егіншаруашылығы институты күздік бидай мен жүгері, майлыбұршақ дақылдарын жалдап еккен жағдайда себілетін тұқым мен егістерді суғаруға кететін ылғал мөлшері екі-үш есе үнемделетінін анықтаған еді. СИММИТ халықаралық орталығының көмегімен Үндістан мен Мексикадан  институтқа тәжірибелік мақсатқа  пайдалану үшін екі  сеялка әкелінген еді. Бұл технология еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік шығыс аймақтарында өндіріс жағдайында сынақтан өтіп, аса тимді екеніне  фермерлердің көзі жеткен. Институт ғалымы профессор Ж. Оспанбаев көпжылдық танаптық тәжірибелер арқылы  Алматы облысының шөлдала аймағында  күріш дақылын тамшылап суғару әдісімен өсіруге болатынын, бұл тәсіл өсу кезеңінде жұмсалатын су қорын он еседен аса үнемдейтінін анықтаған еді. Өкінішке орай  бұл жаңалықтар  өндіріске ендірілмеді, басты себебі елімізде дақылдардың тұқымын жалдап себетін арнайы сеялканың болмауы және тамшылап суғару әдісінің аса күрделілігі.

Ең бастысы біз халықты, қала мен ауыл тұрғындарын ауызсуды үнемді пайдалануға үйретіп, тәрбиелеуіміз керек.  Іле Алатауының мұздақтары еріп, көлемі жыл сайын азаюына байланысты 10-15  жылдан кейін Алматы тұрғындарының өзі адамның  тіршілік-нәрі ауызсуға зар болуы мүмкін.  Мен қаланың күнбатысындағы Асқаров пен Садықов көшелерінің бойымен күнделікті серуендегенде  қазіргі байлар тұратын хан сарайындай жекежайлардың айналасында көлемі  0,05-0,10 гектарға жететін көгалдар түні бойы жаңбырлата суғарылып, негізгі байлығымыз  босқа ысырап болып жатқанын  байқап, ішім ашиды.

Мұрат Қойшыбаев

Abai.kz

2 пікір