Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 6425 7 пікір 9 Мамыр, 2021 сағат 14:33

Василий Шукшин. Петька Красновтың әңгімесі...

(Әңгіме)

Оңтүстікке барып белінің құяңын емдетіп қайтқан Петька Красновтың әңгімесін тыңдау үшін туысқандары оның үйіне жиналған болатын.

Петька дәл сенбі күні келіп, ыстық моншада біраз буланып, сақтаулы «сыбағасын» сіміріп салған соң әңгімеге кірісті. Тегінде ол сөзге шорқақ жан, бір әңгіменің басынан түсіп отырып, аттап-пұттап аяғынан бір-ақ шығады, оның үстіне «ш»-ны қасқа тісіне тіреп, «с» мен «з»-ның ортасында ысылдатып сөйлейтіні бар. Әдетте сөзіне ешкім құлақ аса бермейтін, бұрын-соңды дүйім жұртты аузына қаратып көрмеген Петька қазір сасып-сабдырап толқу үстінде. Петьканың күмпілдеп сөйлегісі, әңгіме айтқысы-ақ кеп отыр. Әңгімесінің жұртқа қызық екенін де іші сезеді.

– Халық деген, мля!.. – Оның бір жаман әдеті әр сөзінің арасына «мля»-ны қыстыра кетеді. Петьканың онысына жұрт құлағы үйренген, ешкім тыймайды.

– Жағажайды жағалап келе жатасың, мля, мында да – жалаңас қатын-қалас, анда да жайраған  – қатын-қалас. Кіндігінен аттап жүре бересің. Петька, бірақ, «кіндігінен» деген жоқ, «індігінен» деді.

–  Сонда не, мүлдемге тыр-жалаңаш па?

–  Неге? Анандай бар, әлгі не деусі еді... жағажайда киетін ысқыр елі төстартқыс. Оның өзі айтарға ғана.

–  Ал сен қалай? Киімшең жүрдің бе?

–  Неге? Бастапқыда мен тізкиіммен жүргем. Сосын маған біреу жағажайдың сәнімен сәйкесетін ердің бұтжабарын ки деп кеңес берді. Мен де бұтжабар киген соң көпке сіңіп кеттім ғой. Олар қайтеді дейсің, мля, көседе солақ салбармен, сортикпен жүре береді. Былайынса жүре бересің ғой, бірақ жан-жағыңа қарайсың: бір түрлі ыңғайсыз, мля...

– Басқаларға бәрібір шығар?

– Маған сонда біреу айтты: көзіңе қара көзілдірік алып тақ, – деді, – сонда деді ол,  – қайда қарап тұрғаныңды өзің де білмейсің.

–  Ол қалай?

– Қалай дерің бар ма? Мә, тақ. Тақ. Болды.

– Содан...

– Зойкаға қара, әне – бұрылма. Көзіңді төмен жібер. Көрдің бе?

– Содан...

– Белгілі ғой оның қайда қарап тұрғаны?

– Расында, міне, керемет!

– Кескісін мейрамханаға кіресің, кәуап алдырасың, ал анда музыканы құтыртып ойнап жатады, құйындатып жібереді, тіпті. Бірі еңіретіп ән салады, екінсісі екіленіп билейді дерсің. Билейді-ақ енді... Жүрегің жанып кете жаздайды. Бәрі үйлесімді деп ойлайсың, іле тағы ойлайсың: жоқ, ғажап! Егер олай болмаса, мен неге төңірегімнен тек үйлесім іздеп тұруым керек. Атом ғасыры, мля, –  тегеурінді текпін керек. Сөз жоқ, ғажап! Анадай жерде біреу тұрды, «ұятсыздар» деп қояды. Оны дереу оқшаулап жібердік: ұнамай ма саған, қарама! Бар да ұйықта. Ал бір кезекте «Очи черные»-ні шырқағанда, жанарымды жас жуып кетті. Бәрін де құсағыма сыйдырғым келді. Жылап жіберуге де сақ қалдым, мля. Тауға да сығып кеттік – мен деген таудың ұсар басына өрмелей жөнелдім, мля, дүние тамылзып тұр. Теңіз!.. Кемелер... Ең кереметі, әр кемеде тербелген әуен басқа, күй бөлек. Теңіз әнмен салқып жатқан сияқты, мля. Етекке түсеміз – қайтадан мейрамхана.

– Егер анда да, мында да мейрамхана болса, күніне қанша жұмсайсың?

– Ол жерде бір адым аттасаң болды, алдыңнан мейрамхана табыла кетеді. Қымбат, әрине. Сонда маған бір жанасыр жақыным бірінсі және соңғы рет ескертті. Жоқ, мейрамханасыз да түспараханамен күнелтуге болады екен. Түспарахана – қадам бассаң қасыңда тұрады.

– Түшпарахана?

– Түспара. Мархабат етіңіз. Үс кесесі былай жетеді.

–  Сен дегенің мейрамханаға жүз елуді жүгіртіп жүр едің ғой?

– Арзан керек емес. Мен сендерге айтайын: ол жерде дөрекі сөз қолдануға болмайды. Абайсызда сеседен тартып жіберсең – Құдай сақтасын! Тек қана әзіл және әзіл. Бәрі бүлкілдеп күліп жүреді, әдемі әзілдеседі. Күлімсіреп сөйлескенде көңілің сайдай асылады. Масты көрмейсің. Келе жатасаң, байқайсың: қу. Негізі қатты қызу. Бірақ сатқаяқтамайды.

Бір қызық болды! Чехов тұрған үйді көрмек боп бардық, еденді былғамау үсін аяғымызға сүберек сәркей ілдік. Баяу басып жүріп келеміз, тыңдаймыз...Әйнектің ісінде былғары тон ілулі тұр екен. Әлгі жерде бір әйел, инабатты-ақ жан енді, әйнекетің ісіне үңіліп... айқайлап жібергені: «Ол сондай зор болыпты ғой!» Дауысы тым оғас сықты.  – Петька инабатты әйелдің таңданысын жасыра алмай таңдай қаққанын есіне түсіріп жалғыз өзі ұзақ күлді. – Аяғында биік өксе, тонды жанығып жақыннан көрмек болды да, барқ ете қалды. Бәрі ісін басып күліп қапты.

– Ол не тон. Қандай тон?

– Чеховтың тоны, жазушының. Ол сол тонды киіп кезінде Сахалин барған.

– Сет жағасын естіген екенсіңдер ғой? Ал мен оны көзіммен көрдім. Сол тоннан бойын суық алған. Сондай тонмен Сібірге сапарлағанын айтсаңсы. Мен одан сұрадым: «Ол неге құрт ауруына салдыққан?» – «Иә, не ғой, өмірі қиын, тағдыры ауыр болған», – деп жақаурата бастады. Қайдам, анандай былғары тонмен бүкіл Сібірді кезіп сығуға болатын еді...

– Шынымен өмірі қиын болған шығар, әйтпесе, тон орнына тұлып киер еді.

– Мүмкін, есіл ер бұл жақты қандай аяз буып тұратынын білмеген болар.

Петька үнсіз қалды, өйткені ол экскурсовод әйелден Чехов Сібірге жазда барды ма, әлде қыста барды ма деп сұрауды ескермепті.

– Білесіңдер ме оның бойы қандай болған?

– Кімнің?

– Чеховтың. Жүз сексен метр болған!

Чеховтың бойшаңдығы Петьканың туыстарын таң қалдыра қоймады. Тіпті одан да биік болған десті. Ал экскурсант әйелдің сөзіне сонда түгел қайран қалысқан,  Петька да көппен бірге бас шайқаған-ды. Қазір де ол ағайындарын таңқалдырмақ еді... болмады.

– Ал беліңнің құяңын қайттің? Тәуір болдың ба?

– Құяңның құқайынан құтылған сияқтымын, сезбеймін. Міне, қара: тұрам, еңкейем, тіктелем... – Петька орнынан тұрды, еңкейді, түзелді. – Бұрын еңкейсем бойымды жаза алмай қалатынмын.

– Таудың басына төрттағандап өрмеледім деп едің?

– Ол – тау ғой! Тауға сығу маған қазір ауырлау.

– Ендеше қайталық, – деді Петьканың қайын атасы. Өзі отырған орнынан зорға түрегеліп, қайтадан тізе бүкті. – Ертең ерте тұру керек. Менімен бірге шөп шабуға барасың ба? Әлде жол соқты болып шаршап келдің бе? Демаласың ба?

– Барамын, – деді Петька құлшына жауап қайырып, – әбден-ақ демалдым.

– Оған шабындықтың көлемін еселеп беру керек, – деді жұртпен бірге жылы жақтың әңгімесін тыңдауға келген Родин ағай. – Бір айға мың жарым норма – бұл дегенің...

– Алыс жол жүріп келді ғой! – деді енесі бұрқылдап.

– Ештеңе етпейді, демалғанның еңбек десе делебесі қозып тұрады.

Құрып кеткір құяңға екі жүз сомнан артық ақша жұмсағанына Петька ыңғайсызданып қалды.

–  Құяң қайтып соқса, мен тек өзімді кінәлаймын.

– Сені кім кінәлайды! – Атасы ағынан жарылды.  – Сені ешкім кінәламайды. Дерттен айығу қашанда қымбатқа түседі.

Осыған бәрі тоқтады.

Тек енесі ғана бірер сөз қосты:

– Бұдан былай күтініп жүр! Күтіну дегенді тегі білмейсің. Сызды жерге жауырыныңды беріп, машинаның астына терлеп тұрып кіріп кетесің. Сөйтуге бола ма екен! Арқаңа күпәйкеңді төсеп жатпайсың ба, қолың да тоңбас еді. Есесіне денің сау!

Мұжықтар бір бір қайыра шылым сорды. Родин ағай үйіне қайтты.

Петька папиросын тартып үстелдің шетінде отыр, темекінің тұқылын тәрелкенің ернеуіндегі күлімен сыпырып, ұқыптап сөндірді де, бұрышқа тастады, сосын түпкі бөлмеге – әйелі Зоя жатқан бөлмеге енді.

Зоя төсекті салып, теріс қарап жатып қалған екен. Сырт киімін шешпеген Петька жарын алдымен аймалап, сүйіп алғысы келді. Зоя көрпені бүркене түсті. Петька сыбырлады:

– Сен не?

– Ештеңе... жақындама маған. Олар жағажайда жарқырап жатты ғой, неменеге ынтығасың маған?

– Өй, Зой, бұның не?

– «Бұның не?», «бұның не?». Жолама қасыма, бітті. Ана жақта қызықтағаның аз болды ма?

Петька сирек ашуланатын адам, әйтсе де, осы жолы түтеп кетті:

– Ақымақсың сен, ақымақсың!.. Кімге керек болыппын мен ол жерде?  Менсізде онда жетеді – әуелдесең сонымен шындап айналысатындар бар. Оларды менімен салыстырма!

Зоя көрпені серпіп тастады да, жүрелеп отырды. Ол ызалы еді.

– Кеш бойы сені қай сайтаның түртіп тек солар туралы айтқызды? Басқа ештеңе таппадың ба – қатын-қалаш, қыз-қырқын... Анда жалаңаш қатын, мында жалаңаш қатын...

– Жағажайда жалаңас қатын-қалас өріп жүрсе, мен өзге нені айтамын?

– Сен қатын-қалаш, қыз-қырқынға көзіңді сүзу үшін емес, емделуге  кеткенсің! Бұған қайтер десең, көзілдірік сатып ал деп кеңес беріпті... Ардан безген! Дастархан басында ұяттан өртеніп кете жаздап әрең отырдым.

– Жазған-ау, ым, белгі білдірмедің бе? Мен қызық болсын деп есе беріппін. Су сығарма енді. Бекерге су сығарып отырсың.

– Су сығарма, су сығарма... Суысылдаған қара басқыр!

– Қой, қоя ғой енді,  – Петька елжірей сөйледі. – Мен біраз кіреберісте  отырып келейін, сылым сегейін. – Ол іштей әйелінің ренішімен риясыз келісті: әңгіме қылып айтатын мардымды тақырып таппаған соң аузына түскенді аңқыта бергені рас-ақ қой. Мейрамхана туралы сөз қозғағаны тіпті қисынсыз еді, бір айда мейрамханаға екі-ақ рет барыпты. Соның бірінде «Очи черные» шырқалған. Иә, рас, би болған.

– Мен темекі тартуға кеттім.

– Қайда кетсең, онда кет!

Петька ауыз үйге шығып, арқасыз орындыққа отырды. Әйелімен арада болған аяқасты керіске кейіген жоқ – ол сондай, Зоя: ашуы бұрқ етеді де тез басылады. Сөз қуып, кек тұтпайды.

Түн... Бақтағы қайың жапырағы сәтке сілкініп, сәл желпініп алды... Қора-жай жақтан сиырдың, бұзаудың, тауықтардың жылы демі, тынысы жетеді. Қолжуғыштың шүмегінен шләпшінге тырс-тырс тамшы тамады. Теңізі үнсіз толқыған, жылы жақтың алыста қалған түндері  ойға оралады... Петька күлімсіреп отырып: «Жер не деген байтақ еді?» деп ойлады. Пальмалар өседі; адамдар билейді, күледі; самсаған аппақ үйлер – бұл жер бетінде не жоқ десеңші!

Түн. Терезенің қақпасы ақырын тербеліп ысқырады – ол және үзбей үн шығарып тұрады. Қайыңның жапырақтары сыбдырлайды. Кенет тына қалады  – тыныштық, сосын қайтадан сыбдырлап, дегбірсіз шулай жөнеледі... Сөйтеді де тыншиды. Осының бәрі жанды тербейтін таныс күй.

Петька рахат хал кешіп отыр.

Орыс тілінен аударған Дәурен Қуат

Abai.kz

7 пікір