Сенбі, 4 Мамыр 2024
Талқы 6610 18 пікір 6 Мамыр, 2021 сағат 15:26

«Оппозиция» – дегеніміз өзіміздің Қазыбек екен ғой...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси реформалардың алғашқы пакеттері заңдастырылып, қолданысқа еніп үлгірді.

Соның бірі - Қазақстан Республикасының «Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» заңына енген «Парламенттік оппозиция» ұғымы.

Қазір «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының фракциясы өздерін Мәжілістегі оппозиция санайды. Үкімет отставкаға кетіп,  жаңа премьер-министр тағайындаларда, «Ақ жол» фракциясы Президент ұсынған Асқар Маминнің кандидатурасына қарсы дауыс берді. Бұл – Қазақ Парламенті тарихында өте сирек кездесетін оқиға. Өкінішке орай, қатарының аздығы себепті, олар Асқар Ұзақбайұлын құлата алмады. Бірақ, бүлініп кеткен ештеме жоқ, Үкімет өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Оппозиция десе, біздің билік ыршып түсетін. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бізге парламенттік оппозиция институты керек!» дегенде, жұрт кәдімгідей қуанып қалды.

«Оппозиция – мемлекеттің жауы емес, олар позициясы бөлек адамдар ғана. Оппозицияда жүрген қаншама білікті, ақылды жігіттер бар. Олар келіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуы керек!» - деп, пікір білдірген болатын сол кезде қоғам қайраткері Ерлан Саиров.

Иә, «Оппозиция» - адам қорқатын нәрсе емес, ол – өзіміздің кәдімгі Қазыбек Иса екен ғой. Депутаттық пен журналистікті қос қанаты етіп, жұрт көкейіндегі мәселелерді бірінен соң бірін Мәжіліс төрінен ашық әрі батыл түрде көтереді де отырады екен. Сондай-ақ, өлетін жерін де біледі екен.

Жақсы ма?!

Әрине, жақсы! Өте жақсы!

«Оппозиция – мемлекеттің жауы емес!» - деп, Ерлан Саиров дұрыс айтты. Қазыбек Иса соны дәлелдеп тұр. Қазекең мемлекеттің жыртығы жамалсын, тесігі бүтінделсін деген азамат. Міне, оған биліктің бойы үйреніп келеді. Енді ол кісі өзі көтерген мәселелерін қаншалық деңгейде орындата алады, ол бөлек әңгіме.

Сөйтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Өз пікірлерін айтып жүрген белсенді азаматтар бар. Біз ондай көзқарастарды қоғамдық пікір деп қабылдауымыз керек. Осыған байланысты парламенттегі саяси азшылық мәселесін заңдық тұрғыда реттеу қажет» деген бір ауыз сөзі біздің биліктің бір бұтағына оппозиция деген ұғымның ұя салуына жол ашып берді. Енді ол ол ұядан азат ойлы, ашық пікірлі азаматтар түлеп ұшады да отырады...

Мемлекет басшысының реформасы онымен де тоқтаған жоқ, саяси партияларды құру үшін тіркеу талабы 40 мың адамнан 20 мың адамға төмендетілді.

Сондай-ақ, Президент сайлау босағасын жеті пайыздан бес пайызға түсіруді және сайлау бюллетендеріне «Бәріне қарсымын» деген жазу енгізу туралы шешім қабылдады.

Міне, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Саяси партиялар туралы» заңдарға жаңа нормалар енгізу үшін Мәжілісте талқы жүріп жатыр.

Алла қаласа, аталған жобаны қос палата толық қолдап, дауыс береді. Тіпті, оппозициялық «Ақ жол»  фракциясы да қарсы болмасы анық.

Мен бұл бастамалардың бәрін демократияға басылған құт қадам деп есептеймін. Осы орайда өз ұсынысымды да айтуды жөн көріп отырмын.

Қазір халықтың саяси белсенділігі өте жоғары деңгейде деп айтуға болады. Соған ілесіп, жұрттың саяси мәдениеті де белгілі дәрежеде қалыптасты. Оған түрткі болған, әрине, жоғарыда айтылған саяси және экономикалық реформалар екені анық. Сондықтан реформа уақыт талабына сай үздіксіз жүргізіліп отыруы керек.

Халық ешқашан жаңылмайды. Сонымен бірге, қай кезде де халықтың талабы мен пікірі дұрыс болып саналады. Және олар өздеріне қандай Парламент керек екенін де жақсы біледі. Егер, таңдау мүмкіндігі толық берілсе, министр, әкім және депутат таңдаудан халық ешқашан қателеспейді.

Мысалы, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қызметтен кетеді екен деген сыбыс шығып еді, әлеуметтік желі апта бойы қарсылық білдіріп, араша түсті. Ақылбек Күрішбаев Сенат депутаты болып сайланып еді, қараша қауым да, ұлт зиялылары да бөркін аспанға лақтырып қуанды. Мәжіліс депутаттығына жаңадан сайланған Қазыбек Исаға Ербол Мәндібек атты бауырымыз тиісе қалып еді, жұрт Ерболды бір-ақ түнде орнына қойып, Қазыбек ағасынан кешірім сұратты...

Ал, Сіз осы үш тұлғаны салмақтап көріңізші, үшеуінің де қазір өз әріптестерінен оқ бойы озып тұрғаны жасырын емес.

Сондықтан, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына тағы бір жаңа норма енгізіп, партиялар ұсынған кандидаттардың ішінен депутаттарды азаматтардың тiкелей сайлауына, таңдау жасауына мүмкіндік беру керек.

Партиялық сайлау жүйесіндегі қалыптасқан дағды және жиналған тәжірибеге сай, партиялар кандидаттыққа ешқашан да жай адамдарды таңдамайды. Сайлау бюллетендеріне сол үміткерлердің аты-жөні мен мамандығы жазылып, оның қасына дауыс беру белгісін қоятын кәтекше орналастырылса, халық шын мәніндегі өз таңдауын жасайды. Нағыз мамандар мен тұлғалар іріктеліп, Заң шығарушы органға барады.

Мұндай сайлау жолымен Мәжіліске барған депутаттар Үкімет жайындап берген заң жобаларын бекітіп берумен ғана шектелмей, өз жанынан жаңа, тың ұсыныстар беріп, оны заңдастыра алады. Бұл жерде, ең бастысы, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға кең жол ашылады, Президенттің шын мәніндегі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құру мақсаты орындалады.

Сондай-ақ, бір партияның Мәжілістен 60%-дан артық орын алуын шектейтін де норма енгізген дұрыс.

Біз түбі осы жолға түсеміз. Уақыт ұттырмай, ертерек түскеніміз дұрыс болар еді.

Сенатор А. Күрішбаев пен Мәжілісмен Қ. Иса бұл ұсынысты назарларына алып, талқыға ұсынады деген үміттемін

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1095
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 991
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 726
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 844