Жексенбі, 28 Сәуір 2024
1670 0 пікір 3 Сәуір, 2021 сағат 14:18

Шығыстағы қалқан

Аягөздегі әскери қалашық 1969 жылдың 28 тамызында Түркімен КСР қоныс аударған 78-ші Қызыл Тулы Невель танкі дивизияның негізінде құрылды.

Кеңес Одағы тарауға санаулы жылдар қалғанда осы 78 танкі дивизияның құрамында екі танкі полкі, жеке зымыран дивизионы, түрлі бағыттағы 7 дербес батальондар, басқарма мен артиллериялық барлау батареясы, сондай-ақ,  коменданттық рота болды.

Тәуелсіздік жылдары, яғни, 2000 жылдың 20 қазанынан бастап, Кабанбай батыр атын иеленді. 2003 жылы Бригадалық құрылымға көшкен шақта бұрынғы дивизия үшке бөлініп, екеуі – Аягөз қаласында қоныс тепті.

Әскерилер мен олардың отбасына барша жағдйа жасалынып отыр. Осындай ел қорғаны тұратын жердегі Аягөз гарнизонының баспасөз қызметімен хабарласып, бірталай жағымды жаңалықтарға қанықтық.

Артиллериялық дивизионының тактикалық оқу-жаттығуы өтті

Аягөз гарнизонындағы әскери жаттығу полигонында артиллерия әскери бөлімінің 3-ші артиллериялық  дивизионы штаттық жауынгерлік техникаларымен  тактикалық оқу-жаттығуын орындады.

Бөлім жеке құрамы далалық оқу-жаттығу алаңына ұрыс машиналарымен марш жасап, әскери қызметшілер жауынгерлік іс-қимылдарға даярлықтарын шыңдады. Ұрыс әрекеті ауданына шығып, қорғаныс шараларына қатысты.

Оқу-жаттығудың басты мақсаты бойынша әр түрлі ұрыс жүзіне жақындатылған тапсырмаларды орындау, шебер және батыл іс-қимылдар жасаумен олардың жауынгерлік әзірлігін тексеру үшін бөлімшелердің жауынгерлік үйлесімін және далалық дағдысын жетілдірді. Сонымен қатар командирлер мен штабтардың бөлімшелердің атысын басқарудағы, артиллериялық барлау, топогеодезиялық және гидрометеорологиялық қамтамасыз ету бөлімшелерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру және де отпен қолдаудағы қарсыластың белсенді радиоэлектрондық және атыс әсері жағдайында олардың жан-жақты қамтамасыз етудегі практикалық дағдылары арттырылды. Жалпы ату тапсырмалары өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылардан орындалды.

Осы Оқу-жаттығу жайында бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Николай Павлов: «Дивизионның тактикалық оқу-жаттығуы командирлер мен жеке құрамның штаттық атыс құралдарының барлық түрлерінен нақты оқ атумен жауынгерлік міндеттерді орындауды үйренеді. Олар бөлімшелердің көмегімен жауды жоюды ұйымдастыру мен жүзеге асыруда, сондай-ақ олардың арасындағы үздіксіз өзара іс-қимылда тәжірибе алмаса алады» - дейді.

Әскерилер тек оқу-жаттығуда ғана емес, спорт пен мәдениет саласында өздерін танытып жүрген жайы бар енді сол жайында сөз етейік.

Әскерилер Аягөздегі көпбалалы анаға баспана сыйлады

Таяуда Аягөз гарнизоны танк және артиллерия әскери бөлімдерінің жеке құрамынан құралған шағын футбол командалары санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілген шағын футбол жарысына қатысты.  Бұл додалы жарыста аудан көлеміндегі мекемелер мен ауылдардан жиыны 24 команда өзара бақ сынасты. Командалар төлеген жарна жеңіс қоры болып табылды. Республикалық "Харекет" қайырымдылық қоғамы ұйымдастырған турнирдің нәтижесінде әскерлер  Жаңа Майлинде тұратын көпбалалы анаға баспана сыйлады.

Бұл әскери қызметшілер қызметтен тыс уақытта қайырымдылық іске белсене қатысуын танытады. Аягөз ауданының басшылығы бұл жайында:

- Екі жыл бойы қатарынан өткізілген футбол жарысын "Харекет" республикалық қайырымдылық қоғамы ұйымдастырып отыр. Қайырымдылық қоры 2017 жылдың қазан айынан бастап, республика аумағында ресми түрде қызмет атқаруда.

Басты мақсаты - мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көпбалалы, жалғызбасты аналарға үй немесе жер телімін сатып алуға көмек көрсету, - дейді.

Командасы жеңімпаз атанған Танк әскери бөлімінің спорт және дене даярлығы қызметінің бастығы, аға лейтенант Дархан Кесікбаев:

- Біздің әскери қызметшілер әрқашанда қол ұшын беріп, көмектесуге дайын. Алайда бүгінгі шағын футбол жарысы арқылы бір отбасының баспаналы болуына кішкентай да болсын атсалыстық. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дегендей, әрқашан бір-бірімізге қол ұшымызды созуға дайынбыз. Алдағы уақытта ізгі істер жалғасын тапса дейміз, - дейді.

Сарбаздар арасында ұлттық ойын насихатталуда

Наурыз айының соңында Аягөз гарнизонындағы танк әскери бөлімі сарбаздары арасында ұлттық «асық ату» ойынынан жарыс өтті.

Асық ойынынан өткізілген жарыстың мақсаты төл мерекеміз аясында бабалардан жеткен қымбат қазыналарымыздың бірі ұлттық ойындарды насихаттау болып табылады. Оның ішінде кезінде қазақ сарбаздарын шынықтырған мергендікке үйреткен асық ойынының маңызы зор екені айтпаса да белгілі.

Сонымен бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Бақытжан Сералиев төрешілік еткен жарысқа әр батальондардан сайдың тасындай іріктелген 20-ға жуық сарбаз қатысты.

Жарыс қорытындысы бойынша «Асық ату» ойыны сайысынан зениттік дивизонының қатардағы жауынгері Қуат Молдәлім 1 орынды иеленіп, арнайы естелік сыйлықпен марапатталды.

Мәдени шара аясында

Қалада орналасқан Танк әскери бөлімінің сарбаздары Аягөз ауданының өлке тану мұражайында мәдени саяхат жасап қайтыпты.

Әскерилердің бұл мәдени шарадан көздегені сарбаздарды олардың өздері азаматтық борышын өтеп жатқан өңірдің  тарихымен таныстыру.

Экскурсия барсында сарбаздар өңірдің рухани асыл қазыналарымен танысып, әртүрлі экспонаттарымен, оның ішінде - минерология, палеонтология, археология, тұрмыс пен этнография, қол өнері мен зергерлік бұйымдар, сирек кітаптар, деректі құжаттар, фотоматериалдар коллекцияларын көріп және қазіргі кезеңде мұраға айналған дүниелерді көздерімен көріп, рухани-мәдени көкжиектерін кеңейтті.

Қатардағы жауынгер Нұрислам Абу: «Мен Аягөз өңірі жайлы қазақ тарихының тағылымы мол кітаптарды оқып, сонымен қатар Қозы Көрпеш пен Баян сұлу махаббаттары  жайлы көптеген мағлұматтар мен кинолар, театрда қойылымдар көргенмін. Қазір осында әскери борышымды өткерудемін. Біз осы мәдени шара аясында өлке тану мұражайындағы тарихи естеліктерді көзбен көрдік. Бұл маған және жауынгер достарыма  үлкен әсер берді. Алдағы уақытта бөлім кітапханасынан тағыда осы өңір жайлы ақпараттар оқып тереңірек білсем деген ойдамын, - дейді ағынан жарылып.

Шығыс аймаққа қалқан болған сарбаздарымыз осындай игі істердің ну ортасында жүрген жайы бар.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір