Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2924 0 пікір 23 Сәуір, 2012 сағат 06:33

Әмірхан Балқыбек. Толқын жалына жармасқан жазушы (жалғасы)

Оның өмiрi өзiнiң кiтаптары секiлдi қызық та, тартымды болды. Сырттай қарағанға кедей ортадан шыққан бiлiмқұмар жiгiттiң табандылықтың, iзденгiштiк пен еңбекқұмарлықтың арқасында, ертегiнiң кейiпкерлерiндей, атақ пен даңққа қол жеткiзуi, дәлiрек айтқанда «америкалық бақыттың» өлшемi секiлдi көрiнсе де, бұл тағдырдың өзiндiк драматизмi мен трагедиясы да бар едi. Жазушы ғұмырбаянының әдебиеттанушылар мен мемуаршыларды оның қаламынан туған дүниелерден бiр де кем қызықтырмайтындығы сондықтан.

Ол 1876 жылы Сан-Францискода дүниеге келдi. Анасы қиялилау кiсi болыпты. Спиритуализм (рухтармен сөйлесу) мен астрологияның хас табынушысы болатын. Әкесi болса, әр түрлi тақырыптарға дәрiс оқи беретiн профессор едi. Бiрақ екеуi Джек (жазушының шын есiмi Джон) дүниеге келмей жатып ажырасып кеткен-дi. Болашақ жазушының жетiм қалуына, негiзiнен атаққұмар, қызуқанды, ойға алған мақсатын iске асыруға келгенде ештеңеден қаймықпайтын тәуекелшiл анасының кiнәсi көбiрек болған секiлдi.

Оның өмiрi өзiнiң кiтаптары секiлдi қызық та, тартымды болды. Сырттай қарағанға кедей ортадан шыққан бiлiмқұмар жiгiттiң табандылықтың, iзденгiштiк пен еңбекқұмарлықтың арқасында, ертегiнiң кейiпкерлерiндей, атақ пен даңққа қол жеткiзуi, дәлiрек айтқанда «америкалық бақыттың» өлшемi секiлдi көрiнсе де, бұл тағдырдың өзiндiк драматизмi мен трагедиясы да бар едi. Жазушы ғұмырбаянының әдебиеттанушылар мен мемуаршыларды оның қаламынан туған дүниелерден бiр де кем қызықтырмайтындығы сондықтан.

Ол 1876 жылы Сан-Францискода дүниеге келдi. Анасы қиялилау кiсi болыпты. Спиритуализм (рухтармен сөйлесу) мен астрологияның хас табынушысы болатын. Әкесi болса, әр түрлi тақырыптарға дәрiс оқи беретiн профессор едi. Бiрақ екеуi Джек (жазушының шын есiмi Джон) дүниеге келмей жатып ажырасып кеткен-дi. Болашақ жазушының жетiм қалуына, негiзiнен атаққұмар, қызуқанды, ойға алған мақсатын iске асыруға келгенде ештеңеден қаймықпайтын тәуекелшiл анасының кiнәсi көбiрек болған секiлдi.

Зерттеушiлер Джек өмiрiнiң кейiнгi бiр тұсында әкесiн iздеп тапқандығын, бiрақ әкесiнiң ұлына жылы қабақ танытпағандығын жазады. Қарт профессор өзiнiң ұлы жазушының әкесi екендiгiн мойындамай қойса керек. Мұнысы ғажап-ақ. Дегенмен, ұлының шешесiнен әбден зәрезап болған әкенiң бұлай ететiндей де жөнi бар. Себебiн бiлуге де болады. Мысалы, жазушының биографтары оқымысты профессор екiқабат әйелiн қызғаныштан туындаған ұрыс-керiс үстiнде пистолетпен атып жiбергендiгi туралы дерек келтiредi. Бұл жайт туралы сол кездiң газеттерiнде көп жазылыпты. Мiне, осы оқиғадан кейiн профессор әкенiң тағдыры «таздың кепешiн кигендiгi» анық. Әйелi «iшкенiн iрiң, жегенiн желiм» қылса ренжiмесiне не шара. Осы өкпесi баласына да ұласса керек. Әлде, бақытсыз әке өмiрiнiң сол бiр көңiлсiз, сұрқайлау тұсын қалай болмасын ұмытуға тырысты ма екен? Ал шын мәнiсiнде ызақор шеше күйеуiне ашуланып өзiн-өзi атқан көрiнедi.

Профессор әкесiнен жұққан қасиет пе, Джек сегiз жасында-ақ кiтапқұмар болады. Бұл - қолына түскендi жай оқи беру емес, тыңғылықты түрде бiлiм жинау едi. Жазушы осы әдетiне өмiрiнiң соңына шейiн адал болып өттi. Оклендтiң көпшiлiкке арналған кiтапханасы да әсершiл баланың ой-қиялының дамуына көп септiгiн тигiзгендiгi анық. Кiтапхана басшысы, өзi де ақын Айна Кулбрит ханым Джектiң кiтаптарды таңдап, саралап оқуына жетекшiлiк етiп отырғандығын ескерсек, болашақ жазушының сол кезге дейiнгi әдебиеттiң бетке шығар қаймағымен жан-жақты танысқандығына күмән жоқ.

Дегенмен, Джек «кiтапшыл» емес едi. Қиял-ғажайыпқа толы шытырман оқиғалы кiтаптарды оқи отырып, ол осының бәрiн өз басынан өткiзiп көрудi мақсат тұтты. 13 жасында орта мектептi бiтiрген Джек өз қатарынан көп ерекшелене қойған жоқ. Бiрақ оған жас кезiнен-ақ күнделiктi күнкөрiстiң қамымен әртүрлi жұмыстарға жегiлуге тура келедi. Газет сатты, түнгi күзетшi болды. Тер төгiп тапқан алғашқы екi долларына ескi қайық жалдап, ашық теңiзге шығатыны да осы кез. Бiрақ тағдыр тәуекелшiл жiгiттi еркелете қойған жоқ. Өгей әкесi пойыздың астына түсiп мүгедек болып қалғаннан кейiн отбасы жағдайы тiптi қиындап кеттi. Жоқшылық жағадан алған. Ысырапшыл шеше мен мүгедек әкенi асырау үшiн болашақ жазушы балалық арманымен қоштасып, консервi фабрикасына жұмысқа тұрды. Мұнда сағатына 10 цент төленетiн, ал жұмыс уақыты тәулiгiне 10 сағаттан асатын. Мұндай жұмыс бозбаланы балағынан сүрiнтiп, сүрлiктiрiп қана қойған жоқ, оның кiтап оқуына да мүмкiндiк қалдырмады. Ал Джек табиғатында еркiндiкке құмар едi. Қатыгез қара жұмысқа қолын бiр сiлтеп, қарызға алынған 300 долларға кiшiгiрiм кеме сатып алып, өзi сияқты жалаңаяқтармен «Шаян аулау қарақшылығымен» айналысты. Тапқан қаржысының бiразын анасына берiп отырса, қомақты бөлiгiн теңiз жағалауындағы барларға шашты. Спирттi iшiмдiкке әуестендi. Бiрақ ол алкоголизмнiң түбi қандай қатерге ұрындыратындығын ерте аңғарды. Бiрде мас халде дауылды теңiзге шығып кетсе, ал ендi бiрде ұшынып өлiп қала жаздаса, аңғармай қайтсiн. Оның үстiне теңiз жағалауындағы арзанқол сауықханаларда әртүрлi адамдар кездесетiн. Әлдебiр қаныпезердiң пышағынан қаза табуы да кәдiк едi. Яғни, өмiр сүру тәсiлiн өзгертпей болмайтын. Оң-солын пайымдай бiлген кешегi қарақшы Джек ұзамай балықшы патрулiне жұмысқа тұрады. Бұл жұмыс жүрек­тiлiктi, батылдықты қажет ететiн. Лондонның өр де ер мiнезi осы кездерi қалыптасты деуге әбден болады. Осы бiр жылдары, болашақ жазушы қандай жұмыспен шұғылданбасын, оның теңiзге деген махаббаты бәрiнен асып түсiп жататын.

17 жастағы Джек 1893 жылы үш мачталы шапшаң «Софи Сазерленд» шхунасына матрос болып жалданды. Бұл кеме теңiз мысықтарын аулаумен айналысатын-ды Тәжiрибелi теңiз көкжалдарының ортасына топ ете қалған Лондон мұхитпен, оның құбылмалы мiнезiмен танысты. Ел көрдi, жер көрдi. Жапония жағалауы, Алеут аралдары, Аляска мен Чукотка... жас теңiзшi болған жерлердiң ұзын-ырғасы осындай. Бiрақ бұл құр саяхат емес едi. Аңшылықтың шырқау сәттерiнде өлi мысықтардың майы мен қанына сүрленген палубада тайып жығылып жүрiп тер төктi. Бұл ауыр да аяусыз жұмыс едi.

Шхунада өткiзген сегiз айдан кейiн үйiне оралғанда оның отбасы қарызға белшесiнен батқан халде болатын. Ендi бозбала жiгiтке романтикамен қоштасып, кендiр фабрикасына жұмысқа орналасуға тура келдi. Ал алда жұмыссыздардың саны күрт өскен 1893 жылдың дағдарысы жақындап келе жатты. Станоктың қасында өткiзген он сағаттық ауыр жұмысына Джек, бар болғаны, жалғыз-ақ доллар алатын. Оның «Сан-Франциско колл» газетiнен әдеби конкурс туралы хабарламаны оқып қалатыны осы тұс. Мектеп журналына қатысқаны болмаса, ол бұған дейiн шығармашылықта күш сынап көрмеген-дi. Бiрақ анасы оны қолына қалам алуға үгiттеп көндiрдi. Талапкер жазушы жүзiп жүргенде көрген бiр эпизодын дәл де нанымды етiп суреттеп шықты. Осы «Жапон жағалауындағы тайфун» очеркi бас жүлде - 25 долларды жеңiп алды. Джек он долларды костюм сатып алуға, әрi ломбардқа өткiзген сағатын қайтарып алуға жұмсады. Екiншi, үшiншi жүлделердi Калифорния мен Тэнфорд университеттерiнiң студенттерi иемдендi. Лондонның осы бiр тырнақалды очеркiн оқып отырып, бүгiнде алып толқын мен буырқанған дауылдың қақпақылында қалған шағын кеменiң бортында тұрғандай хал кешесiң. Сұрапыл әсер күшiн сезiнесiң. Бiрақ бұл бiр сәттiк қана жеңiс едi. Бәлкiм алғашқы. Джек кендiр фабрикасын тастап, электростанцияға от жағушы болып кiредi. Алғашында жанын салып құмарлана iстегенiмен, ауыр жұмыс бозбаланы езiп тастайды. Ақырында бұл жерден де босауға тура келген.

Бұдан кейiн Лондон жұмыссыздар армиясына қосылып ел кезедi. Тiптi, қаңғыбастарға қосылып кеткен кезi де бар. Бұл да ештеңе емес екен, қайыршылықтың да дәмiн аз-мұз татып көруге тура келген.

Басынан өткен жайттар Лондонның көзiн бiр нәрсеге анық жеткiздi. Тек қара жұмыс iстеп жүрiп, қоғамның лас «етегiнен» көтерiле алмайды екенсiң. Көтерiлу үшiн бiр ғана жол бар. Ол - бiлiм алу. Бұл үшiн алдымен мектептiң жоғары сыныптарын бiтiру керек. Джек күнiге он екi сағаттан шұғылдана отырып, екi жылдық бағдарламашы үш айда игередi. Сосын Калифорния университетiне емтихан тапсырады. Бiрақ бiр семестрдей ғана студент болудың сәтi түстi. Жоқшылық тағы да қол байлаған. Кейiнгi бiлiмнiң бәрiн Джек Лондон тек өзiн-өзi қамшылау, өзiн-өзi жетiлдiру арқылы меңгердi.

Осы кездерi ол, бойында жазуға деген құштарлықтың бар екендiгiн аңғарды. Әйтсе де, оның алғашқы әдеби талпыныстары сәтсiз болады. Әңгiмелерi дайын штамптан шыққандай әрi қызылсөздiлiктен құралақан емес-тi. Бұның бәрiн ол кейiнiрек өзiнiң «Мартин Иден» романында шынайы суреттеп жазды.

1896 жылы, Аляскадан бай алтын кенiшi табылғаны туралы хабар бұрқ ете қалғанда, оңай олжа iздеп қарлы өлкеге аттанғандардың iшiнде Джек Лондон да бар едi. Дегенмен, тағдыр Лондонның талайына бұл жолы да кеш қалуды жазыпты. Алайда, бұны сәтсiздiк деуге бола қояр ма екен. Өйткенi, Джек Аляскадан алтын болмаса да, алтынға бергiсiз әсерлер мен болашақ әңгiмелерiне қажет материалдар алып қайтады. Жазушы болам деген жанға бұдан артық не керек? Лондон шығармашылығында Аляска, алтын iздеушiлер тақырыбы үлкен орын алатындығы да әлгi сөзiмiздiң растығын дәлелдей түсетiндей.

Аляскадан оралғаннан кейiн өзiнiң бай өмiрлiк тәжiрибесiнен жазылған әңгiмелер салынған топ-толық конверттердi ол журнал, газет редакцияларына жөнелтумен болды. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, әңгiмелерi ардайым керi қайтатын. Бейнебiр бұның әңгiмелерiне көз тиген секiлдi едi. Әйтеуiр, 1899 жылдың қаңтарында «Құрлықаралық әдебиет» журналында «Сапардағылар үшiн» әңгiмесi басылғанда, бұған құдайдың оң қабағы түскендей болды-ау. Ай өтпей осы журналда «Аппақ меңiреу дала» әңгiмесi тағы басылады. Лондон танымал жазушыға айнала бастады. Бұл қырсықты қойсаңызшы, әңгiмелерi белдi, беделдi басылымдарда шығып жатқанымен, жас жазушының қаламақысы мардымсыз едi. Тiптi, кейде сараң редакторлармен ақша үшiн жұдырықтасып қалуға да тура келетiн. Ендiгi жерде Лондон тәулiгiне бес-ақ сағат ұйықтайтын болды. Аптасына алты күн жұмыс iстеудi, тәулiк сайын мың сөзден жазуды (бес беттей) қағидаға айналдырды. 1900 жылы «Көкжалдың баласы» әңгiмелер жинағы шығады. Араға жыл салмай «Оның әкесiнiң құдайы» (1901) әңгiмелер жинағы, «Қар қызы» (1902) романы басылады. Бұлармен бiрге материалдық байлық, атақ-даңқ келедi. Кезбелiк ғұмыр аяқталып кәсiби жазушының өмiрi басталады. Ол Элизабет Маддеринге үйленедi. Ұзамай бiрiншi қызы, сосын тағы бiр қызы Бэсси дүниеге келедi. Лондон қыздарын қанша жанын салып сүйсе де, оны мұгагерiнiң, ұлының жоқтығы өмiр бойы мазалап, азаптап өттi.

Жазушы шығармашылығында Солтүстiктiң сұсты табиғаты, ондағы адамдардың тұрмыс-тiршiлiгi ғана емес, спорт тақырыбы да бiршама орын алады. Бокс, қылыштасу, жүзу, ат жарысымен әуестенген жазушыға бұл тақырып етене жақын едi. Бұлардың арасында «Бiр үзiм ет» әңгiмесi өте ерекшеленедi. Сондай-ақ «Мексика ұлы» әңгiмесi өте де әлем оқырманына кеңiнен танымал.

Дегенмен, жазушының ең үздiк шығармасы деп «Мартин Иден» (1909) романын айтуға болатын шығар. Көп тұсы автобиографиялық бұл романның өн бойында жазушының тұлғасы, оның дүниенi қабылдауы, шығармашылық туралы ойлары, жазушы еңбегiн түсiнуi әдемi де әсерлi әрi жарқын көрiнiс тапты. Роман, шын мәнiсiнде, жазушы үшiн «өмiр кiтабы» болып шықты. Романға көрiпкелдiк те жат емес едi. Әрине, Лондон ерен еңбектiң арқасында жазушылық даңқтың шырқау шыңына көтерiлген қарапайым теңiзшiнiң тарихына өз өмiрiнiң көп сәттерiн енгiзгенi анық. Роман көше төбелесiнде бай әулет - Морздарың ұлы Артурды құтқарып қалған Мартин Иденнiң осы отбасының ортасына келуiмен басталады. Қаратабан оған мұндағылардың бәрi нәзiктiк пен сезiмталдықтың, жоғары мәдениеттiлiктiң үлгiсiндей болып көрiнедi. Жаңа ортада өзiн-өзi ұстай алмай әлек болады. Ал осы үйде танысқан Артурдың қарындасы Руфьтi сұлулықтың, мына күнәһар дүниенiң пешенесiне лайық емес таза, ғажайып әлемнiң бейнесiндей сезiнген. Осы сезiмнiң жетегiнде кеткен ол қалайда Руфьке лайық болуды мақсат тұтады. Өзiн мынандай тектi ортада ұстаудың қыр-сырын үйренуге тырысады. Әрине, ол үшiн бiлiмдiлiк, бiлiктiлiк керек. Мартин ендi әдебиетке ден қояды, поэзиямен әуестенедi. Спенсер, Дарвин, Маркстiң iлiмдерiмен танысады. Руфьтiң ақыл-кеңесiне ден қоя отырып, өзiн-өзi рухани жетiлдiруге ұмтылады. Қыздың бойында да Мартинге деген құмарлық оянған. Руфьтi оның өзi жүрген ортаның бозбалаларына ұқсамайтын мiнезi, еркiн жүрiс-тұрысы қызықтырады. Екi иығына екi кiсi мiнгендей алып жiгiттiң күш-қуаты да оны өзiне баурап, тарта түскен. Рас, дөрекi тән күшi.

Бiрақ Мартин жан дүниесi рухани және интел­лек­туальдық жағынан өскен сайын, оған Морздардың таяздығы, эгоизмi, жалған мәдениеттiлiктiң тасасына жасырынған арсыздығы да ұғынықты бола түскен. Мартин Руфьтiң де осы ортаның жемiсi екенiн, бұл ортаның кемшiлiктерi оған да жат еместiгiн аңғарады. Оның өмiр туралы түсiнiгi тар да таяз екендiгiн сезiнедi. Бiрақ оған деген сезiмi суымайды. Ол үлкен Морздардан қызының қолын сұрайды. Ерлi-зайыпты Морздар Руфьке кедей жiгiттi лайық көрмейдi. Екеуiнiң некеге тұруына кедергi келтiрумен болады. Әрине, қоятын мақсаттары бiреу-ақ - болашақ күйеу қалыңдығын да, өзiн де асырай алатын табысты жiгiт болуға тиiс. Конторға немесе фирмаға тұрып жұмыс iстеуi шарт.

Бiрақ, Мартин Морздар отбасының талабына келiсе қоймайды. Ендiгi жерде оның алдында жалғыз ғана мақсат бар, ол - жазушы болу. Ол соңғы қаражатына шағын бөлме жалдап алып, өмiрден көргенiн, түйгенiн әңгiме, очерктерге айналдыруға кiрiседi. Өзiнiң шығармашылық туралы ой-пiкiрлерiн Руфьпен бөлiсiп отырады. Әйтсе де одан рухани қолдау таппайды. Руфь Мартин әңгiмелерiнiң әсер-қуатын мойындай отырып, ондағы шын өмiрдiң кескiн-келбетiн қабылдай алмайды. Бай отбасында өскен шолжаң қыздың бұлай етуi заңды да едi. Өйткенi ол, қарапайым адамдардың қалай өмiр сүретiнiн тегiн келiп жатқан байлық пен сән-салтанатқа көмiлiп жүрiп қалай аңғара алсын? Қалыңдығы ғана емес, газет-журналдардың да бұның әңгiмелерiн қабылдамайтындығы Мартинге қатты батады. Бiрақ талапкер алған бетiнен қайтпайды. Өйткенi, бұл кездерi ол өзiнiң жазушы болу үшiн туылғанын сезiнген. Мiне, ол жазушы ретiнде мойындалудың аз-ақ алдында тұр. Дәл осы сәтте Руфь одан бас тартады. Жазу-сызумен әуреленудi қоймасаң әйелiң болмаймын деген шарт қояды. Бұл да Мартинге тиген кезектi ауыр соққы едi. Бiрақ ол ендiгi жерде жазушылықты қоя алмайтындығын аңғарған.

Мартин Иденнiң талабы дұрыс екендiгiн аңдаған аз адамның бiрi ақын Бриссенден. Ол оған түбi атақты болатындығын, бiрақ сол атақ-даңқтың бұның жан-дүниесiн аяздай қаритын қатерлi болатындығын айтумен өтедi. Бриссенден қайтыс болғасын бiраз мезгiлден кейiн Мартиннiң фәлсафалық эссесi жарық көредi. Бұл эссе, оқырмандар арасында қызу айтыс-тартыс туғызады. Ал эссе авторы бiрден әйгiлi болып шыға келдi. Кеше ғана жас жазушының қолжазбаларын тәлкекке салып, керi қайтарып жүрген баспагерлер ендi сол қолжазбалардың соңына шырақ алып өздерi түседi. Өйткенi, талантты жазушының шығармаларынан өтiмдi қандай дүние болмақ? Бiр ай бұрын бес долларға да өтпей жатқан әңгiмелерi ендi мың, екi мың долларларға бағалана бастайды. Мартин бай адамдардың бiрiне айналады.

Ендi оны «ұлы жазушы» ретiнде үлкен басқосулар мен отырыстарға шақыра бастайды. Бұрын мұны менсiнбей шекесiнен кекiрейе қарайтын бай-манаптар алдында құрақ ұшып, құрдай жорғалайды. Газет-журналдарда жазушымен жақсы таныс, тiптi, дос екендiктерiн айтып мақтанысады. Бiрақ Мартин мұндай арзанқол дақпыртқа алдана қоймайды. Өйткенi, ол бұл пысықай байсымақтарға өз дүниелерiнiң бұрынғыдай жат, бөтен екендiгiн, оларға бұның тек атақ-даңқы, ақшасы қажеттiгiн сезiнген. Бриссенденнiң айтқаны айна-қатесiз ақиқатқа айналды. Мартиннiң жан дүниесiнде құлазу басталады. Қоршаған ортасынан көңiлi қалады. Кеше ғана қарамастай болып кеткен Руфьтiң өзi iздеп келiп кешiрiм сұрауы да суынған сезiмдi қайта жылыта алмайды. Екеуiнiң жан дүниесiн өзара жақындастыратын ештеңе жоқтығын ендi Мартин айтады.

Байшыкештерден көңiлi қалған жазушы өзiнiң шыққан ортасының қарапайым еңбек адамдарымен де қайта тiл табыса алмайды. Өйткенi, олармен бұның арасы ендiгi жер мен көктей алшақтап кетiптi. Кедей, әлi мойындалмаған кезiнде жазылған әңгiме, әлi iске аспаған идеялары өмiр сүруге, әрекет етуге құлшынысын оятатын, байлыққа қол жеткiзiп едi, сол құлшыныстан түк те қалмағандай. Алға қойылған мақсатына жетудiң шығармашылық адамына қандай залалы барын ол ендi аңғарған! Джек Лондон жазушы психологиясының қыр-сырын керемет суреттедi. Осы романын жаза отырып ол өз өмiрiнiң түбi қалай аяқталарына да көрiпкелдiк жасағандай едi. Расында Лондон өмiрiнiң соңғы жағы өз кейiпкерiнiң өмiрiне қатты ұқсайтын. Роман кейiпкерi секiлдi ол да өз шығармаларының бай-манаптарға керек еместiгiн, оларды әдебиеттегi айтулы есiм ретiнде ғана қызықтыратындығын ұқты. Бiрақ оның туындылары бар мақсаты күнкөрiстiң қам-қарекетiнен арыға аса алмайтын пролетарларға да қажет емес. Ауыр жұмыстың езгiсiнде қалған олардың әдеби кiтап оқуға, iшкi мәдениетiн жетiлдiруге уақыты қайдан болсын?

Өзiн тойдырып бiткен қоғамның лас атмосферасынан бiр сәт сергу үшiн роман кейiпкерi «Марипоза» параходына отырып ұзақ мерзiмдiк саяхатқа шығады. Бiрақ саяхат үстiнде жан дүниесiн жаулап алған шарасыздық сезiмiне қарсыласар күш таба алмай, өзiн кеменiң илюминаторынан ашық мұхитқа тастап жiбередi.

Рас, Лондон бұл романнан кейiн де бiраз өмiр сүрдi. Бiрақ ол жазушының шығармашылық iзденiстегi тоқыраулар мен керi кетулер кезеңi едi. Лондонның бұл тұстағы туындыларының денi ақша табу үшiн жазылған арзанқол, дүмбiлез дүниелер болатын.

1916 жылдың 22 қарашасында өлiм аузындағы Джек Лондон өзiнiң жұмыс бөлмесiнен табылды. Сырқатын жеңiлдету үшiн iшкен морфийдiң дозасы шамадан тыс көп болып шықты. Кiм бiледi, ол расында да жанына батқан ауруын бiр сәтке болса да ұмытқысы келдi ме екен? Қайткенмен бұл жайт жазушының өзiне-өзi қол салуына ұқсайды. Оның өлiмiнiң құпиясы әлi күнге дейiн ашылған жоқ.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2331
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1653