Дүйсенбі, 20 Қыркүйек 2021
Саяси портрет 21008 37 пікір 19 Сәуір, 2021 сағат 13:11

Ақжарылқап

Келер жылдың сәуір айында ұлт руханиятының дамуына елеулі еңбек сіңірген қайраткер тұлға Камал Сейітжанұлы Смайыловтың туғанына 90 жыл толады. Бүгін портал оқырмандарына Ұлттық мәдениет пен журналистиканың өркендеуіне  зор үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиелеген азамат жайлы қайраткер-ғалым, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Ақжарылқап» эссесін ұсынамыз.


Ғибратты жанның өлшеулі ғұмырынан
өнердегі өмірі әлдеқайда ұзақ.

Сұлтан САНЖАР,
ортағасырлық сопы

Біз, әрине, естелік жазатын жасқа жеткен жоқпыз. Бірақ екі жайт қолға қалам алмасқа қойғызбады. Оның бірі – Кәмекең дүние салған соң ағамыздың шығармашылық шырағын сөндірмей, жарық көргені бар, аманатқа қалдырғаны бар – азды-көпті мұрасын тиянақтау жолында жанын жалдап жүрген Надля апайдың өтініші болса, екіншісі – көзі тірісінде талай тәлімін алып, тағылымын көрген ақжарылқап ағаның биік рухын оралтатын осы жинаққа інілік ізетпен ілтипат білдіру.

Кейде оңашада ойға батасың: желдей есіп, жүйріктей жүйткіп бара жатқан уақыт па, әлде біздің өзіміз бе?

Меніңше, мейірімді, рақымды Жаратушының әмірімен дүние жаралғаннан бері жер де, кеңістік те, уақыт та өзгерген емес, оларды қатқа, қабатқа, кезеңге бөліп қырық құбылтып жүрген өзіміз. Тіпті жанды, жансыздың бәрі орнында, тек сол фәнидің қонағы іспеттес біздер маңдайымызға жазылған өлшеулі өмір тұйықталып, бұйырған дәм, тататын тұзымыз таусылған сәтте Абай атамыз айтқан «кейінгі толқынға» өмір төрін ұсынып, бақиға аттанамыз. Осылайша тіршілік ұлы мұхитының тағы бір толқыны жағалаумен жымдасып, тағы бірі айдынға асығады. Бұл – жаратылыстың мәңгі жалғастық заңы. Оның сыры бізге мәлім болмаса да өз пендесінің басқан қадамын бақылап, есебін алушы, таразыға тартып, төрелігін айтушы Құдіреті күштіге аян ақиқат. Біз тек оның «бәрі дағы өлінер, баяғыдай көрінерінің» кейіпкері ғанамыз.

Адам ғайып болғанмен, соңында «жақсы болса – аты, ғалым болса – хаты» қалады. Міне, сондай ғибратты ғұмыр сүріп, соңында абыройлы аты, тағылымды хаты қалған ағаларымыздың бірі – Камал Смайылов.

Естеліктің бір шарты: естіген емес – көзбен көрген, оқыған емес көкейге тоқыған жазылуы керек.

Мен Кәмекеңді сыртынан ертерек білгеніммен бетпе-бет жүздескенім – 1984 жыл. Ол кезде мен Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясының қатардағы редакторымын, ал біздің мекеменің басшысы қазақтың ғұлама ғалымы, академик Манаш Қозыбаев еді. Бір күні бас редактор мені кабинетіне шақырып:

– Мұхтар, келесі жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығы тойланатынын білесің. Қазақ телевизиясы осы датаға орай 40 сериялы деректі фильм түсірмекші. Мен сол сериалдың бас ғылыми кеңесшісімін. Барлық сериялар таратылып берілді, біреуіне ие табылмай тұр: ол – соғысқа қатысқан қазақ қыздары жайлы фильм. Өзім бағыт-бағдар беремін, сен осыған кіріссең қайтеді, – деп қолқа салды.

Академиктің сөзі ұсыныс түрінде айтылғанмен, бас білген адамға мұның өзі бұйрық болатын. Тапсырманың мен үшін тағы бір қолайсыздығы – менің бұл салада тәжірибемнің мүлде жоқтығы еді. Бірақ артымда Қозыбаевтай үлкен ғалымның тұрғандығы күдігімді сейілтіп, сенімімді нықтай түсті. Не керек, көп ұзамай «нар тәуекел» деп іске кірісіп кеттім.

...Арада біраз уақыт өткенде мені Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Камал Смайыловтың өзі шақырды. «Өзі» деген сөзге өзгеше екпін түсіріп отырғаным, мен ол кезде Манаш ағамнан үлкен бастықтың есігін ашып көрмеген жан едім. Осылайша Камал Смайылов менің қолын алып амандасып, бетпе-бет жүздескен тұңғыш министрім болды. Алғашқы әсердің адам жадында ерекше жатталатыны бесенеден белгілі емес пе. Сондықтан бұл кездесу менің есімде біржолата қалып қойыпты.

Министрдің кабинетін жүрексіне аттаған маған Кәмекең орнынан тұрып амандасты. Бұған дейін де талай-талай лауазымды қызметтер атқарған атақты адамның осыншалық қарапайымдығы мені таң-тамаша қалдырды. Қолын ұстаған адамым шынымен-ақ министрдің өзі ме деген аңырған ойдың құшағында тұрған мені ағамыздың: «Иә, қал қалай, Мұхтар», – деп атымды атай сөйлеген сөзі одан әрі абыржытып жіберді.

Кәмекең менің қобалжыған қалпымды байқамаған болып, байсалды әңгімеге көшті:

– Айналайын, бұл өзі өте жауапты іс. Орталық Комитеттің, тікелей Димекеңнің бақылауындағы дүние. Жазған-сызғаныңды білмесем де Манаш Қабашұлы ұсынған соң келісіп едім. Қалай нәтиже бар ма өзі? – деп әңгімені бірден талқыланбақ тақырыптан бастады.

Ары қарай Кәмекең шешіле сөйлеп, ежелден-ақ ер-азаматтармен тізе қосып, тұлпар мініп, ту алған қазақ қыздары туралы талай-талай әсерлі әңгімелер айтты. Мен қанаттанып шықтым.

Ағамызбен осылай ойда-жоқта басталған таныстығымыз аттай жиырма жылға созылып, екеуміздің ағалы-інілі рухани туыстығымызға ұласты.

Кейін байқадым, қарапайымдық пен кішіпейілдік Кәмекеңнің бойына жиырманың о жақ, бұ жағында жастар жетекшісі болған кезден-ақ дарыған сияқты. Жұмыстың да үлкен-кішісіне қарамай, байыбына жеткенше өзі атқаруы да оны кабинеттен басқаруға құмар өзге басшылардан даралап тұрушы еді.

Бұл сериал Қазақ теледидарының үлкен жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндігі барын көрсетті. Қырық сериялы фильм қазақ қауымына бес қаруын асынған «Қырымның қырық батыры» тіріліп келгендей әсер етті. Онда Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Нұркен Әбдіров, Сұлтан Баймағамбетов, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов сияқты батырлар бейнесі сомдалып, Жамбылдың өшпес жыры, Күләштің бұлбұл үні, Баубектің отты сөзі, тіпті Қажымұқанның ұшағына дейін кино шежіресіне түсті.

Сол фильмнің «Қазақтың қаһарман қыздары» атты 12-сериясының сценарийін ағалар қамқорлығымен 24 жасар кезімде өзім жазғанымды әлі күнге дейін мақтаныш етемін. Талантты тележурналист Н.Иманғалиұлының продюсерлігімен түсірілген небәрі 45 минуттық деректі фильмде қазақ қыздарының қаһармандығын күллі әлемге танытқан батыр апаларымыз: Мәншүктің апасы Әминаға, Әлияның сіңлісі Сапураға жазған жан тебірентерлік хаттарынан басталып, 300-ден астам жауынгерлік ұшуға шыққан қазақтың қыран қызы Хиуаз Доспанова, үш мәрте Кеңес Одағының батыры И.Кожедубтың механигі болған М.Ысқақова, штурман Д.Жәкеева, барлаушы Р.Ералина, танкіші Г.Талқанбаева, радистка Ш.Құсанова, дәрігер Р.Мақашева, әлемдегі алғашқы медбике ағылшын қызы Ф.Найтингейл атындағы медальмен марапатталған жер жүзіндегі 33 қыздың бірі Р.Ысқақова, әйгілі генерал И.В.Панфиловтың қызы В.Панфилова, Абайдың шөбересі И.Жағыпарова, майдангер жазушы Ә.Нұршайықов ағамыздың жары Қ.Өзбеханова сияқты Фариза ақынның тілімен айтқанда «алаулап от кешкен ару қыздардың» ерлігі баян етілді. Сценарийді жазу үстінде өзім де үлкен тебіреністе жүрдім. Фильм Кәмекеңнің де есінде қалыпты. Ол араға жылдар салып, өмірінің соңында жазған «40 жылдыққа – 40 серия» атты естелік-мақаласында: «Қару алған қыздар» атты бейнефильм әрі ұшқыш, әрі радист, әрі барлаушы, әрі артиллерияшы, әрі танк экипажының мүшесі болған, араларынан тұңғыш батырлар – Әлия мен Мәншүкті шығарған қазақтың қаһарман, жауынгер қыздары жөнінде айтады», – деп жазды.

Міне, ағамызбен таныстық осылай басталған еді. Жалпы Кәмекең басқарған үш жыл Қазақ теледидары мен радиосы үшін үш тоғыз болып үйіріліп түскен олжалы жылдар болды. Бүгінде миллиондаған көрерменнің көзайымына айналған айтыс теледидарға жолдама алып, тар студиядан шыға алмай тынысы тарылған «Тамаша» Республика сарайының кең сахнасына шықты. Біреуге ұнап, біреуге ұнамаса да «Азия дауысын» әлемге танытқан белгілі бағдарламадан бастап, қазақ тарихында тұңғыш ұлттық арна «Алатауға» дейін Кәмекең министр болған жемісті жылдары жүзеге асқан жобалар.

Ақжарылқап аға

...Кәмекеңмен есте қалған екінші кездесу 90-жылдардың басында болды. Бұл кезде мен бірқатар республикалық басылымдарда орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихына арналған кандидаттық диссертациямның тақырыбына орай бірнеше жарияланымдар шығарып үлгерген едім. Ал ол кезде «Қазақстан коммунисі» журналының басшылығына келген Кәмекең аз уақыт ішінде оның атын да, затын да өзгертіп, «Ақиқат» атты жұрт жабыла оқитын жаңа басылымға айналдырып үлгерген еді.

– Мұхтар, орыс энциклопедияларындағы қазақ тарихына байланысты мақалаларыңды оқыдым. Тың тақырыпқа түрен тартыпсың. Соның бірін біздің журналға да ыңғайлап берсеңші, – деген өтініш жасады. Жазылған жайды қайта шиырлағым келмеген маған Кәмекең жаңаша ой салып:

– Сен оған басқа атаумен, басқа қырынан кел. Мәселен, қазақтар тақырыбының әлем энциклопедияларында жазылуы тұрғысынан. Қазір бір кездері қолымызға түспеген капиталистік елдерде шыққан әйгілі энциклопедиялар оқырман игілігіне айналып жатқан заман ғой. Мүмкін солардағы қазақ тақырыбын да қамтырсың, – деді.

Қашанда тың ой, тосын тақырыпқа әуес Кәмекеңнің бұл сөзі бірден менің көкейімнен шығып, журналға ағамыз айтқан тақырыпта «Қазақтар – әлем энциклопедияларында» деген айдармен екі материал ұсындым. Олар 1992 жылдың қос нөмірінде қатар жарияланды. Сөйтіп Кәмекеңнің ұсынысы менің орыс энциклопедияларымен шектеліп қалмай, ағылшынның «Британника», американдық «Американа», немістің «Брокгауз», француздың «Ларусс», испанның «Эспаса» сияқты әлем энциклопедияларындағы қазақ тақырыбы туралы зерттеулеріме ұласып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. «Жақсыдан – шарапат» деген осы болса керек.

Камал ағаның Қазақ университетін тәмамдап, журналист мамандығын алғаннан кейінгі бүкіл өмірі баспасөз, радио, теледидар, кино саласында өтті. Шығармашылық жолын «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісінен бастаған Кәмекең әр жылдары «Білім және еңбек», «Парасат», «Ақиқат» журналдарын басқарып, қазақ баспасөзінің дамуына үлкен үлес қосты. «Үлкен» дейтініміз ол бас редактор болған басылымдар үнемі жайнап сала беретін. Өйткені төгілдіріп жазып, жарқыратып жариялайтын. Өзіне осындай биік талап қойған ол өзгеден де осыны талап етуші еді.

Әрдайым үлкен саясаттың қан базарында жүретін Кәмекең мұнымен де тоқтамай, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен 90-жылдардың басында Қазақстан журналистер одағының тізгінін ұстады. Берекесі кеткен одақтың басын қосып, біраз игілікті шаруалардың басын қайырды. Әкесі Сейітжан       37-нің тұзағына түсіп, жазықсыз жапа шеккен буынның өкілі болғандықтан да шығар, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақталған арыстар есімін ел жадында қалдыру үшін де аянбай еңбек етті. Кәмекең басқарған жылдары «Ақиқаттың» бетінде Едіге, Тәуке, Абылай, Кенесарылардан бастап, Б.Қаратаев, М.Тынышпаев, С.Сәдуақасов, С.Қожанов т.б. дейінгі ұлт ұлыларын ұлықтаған көлдей-көлдей материалдар жарияланды. Ол мұнымен де шектелмей «Атамұра» корпорациясымен бірге Қазақстан журналистер одағының Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков атындағы сыйлықтарын белгілеп, оны жыл сайын республиканың таңдаулы журналистеріне тапсыруды дәстүрге айналдырды.

Камал аға алпысқа енді ғана келіп, жазуын үдете түскен шағында «Ақиқат» журналының бас редакторлығынан да кетіріп тынды. Өзегін өртеген осы өкінішті жайдың шырқыраған шындығын асыл аға көзі тірісінде-ақ «Ақиқаттан қалай кеттім» деген мақаласында өз қолымен жазып та кетті.

Жұбы жазылмаған үш дос: Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов және Қалтай Мұхамеджанов

Камал ағамен кейінгі жылдары тым жақын араласуымызға Алаштың арда туған азаматы, академик Төрегелді Шарманов себепкер болды. Бір ауылда туып, бір партада отырған, кейін бір қалада тұрып, бір үкіметте қызмет істеген екі дос үнемі жұбы жазылмай ғұмыр кешті. Ана бір жылы Төкең Мемлекеттік сыйлық алғанда құшағын гүлге толтырып, Надля жеңгемізбен Шармановтар шаңырағына елден бұрын асығып тез жеткен жан да сол адал дос Кәмекең еді. Қашанда қиыннан қиыстырып сөйлейтін ер данасы Олжас Сүлейменов олардың бұл достығына таң-тамаша қалып: «Билік биігінде болған екі азаматтың қырық жыл бойы қатарын жазбай, адалдықтан аттамай, айнымас дос болуы қалай мақтасаң да тұратын нағыз достықтың үлгісі екен», – депті.

«Әзілің жарасса – атаңмен ойнаны» ұстанатын мен баласы Алмаспен төл құрдастығымды пайдаланып, Төкеңе кейде еркелеп, кейде еркінсіп «інішек» деп қоятыным бар еді. Соған ақжарылқап ағамыз балаша мәз болып: «Сөйтші Мұхтар, ит көйлекті бұрын тоздырдым деп төбемді тесіп қоймаушы еді. «Аға» ретінде тәубесіне түсіріп қойшы өзін», – дейтін екі езуі екі құлағына жеткенше.

Кәмекең 1999 жылы академик ағаларым М.Қозыбаев, Ә.Қайдаров, Ғ.Сапарғалиевтермен бірге мені сенаторлыққа ұсынып, Елбасына хат та жазды. Бірақ көзі тірісінде «мен сен туралы сүйтіп едім» деп онысын бір рет те бұлдаған емес. Бұл қашанда кішілікті ағаның кісілігінің де айқын көрінісі еді. Мен министр қызметіне тағайындалғанда Кәмекең елден бұрын құттықтап, кейін талай мәрте ақыл-кеңес бергендерін қалай ұмытайын. Осы естелікті жазу барысында Кәмекең туралы ағамыздың өз шығармашылық мұрасынан бастап, ол туралы жазылған біраз дүниелерді шолып шығып, талай жайттарға қанықтым.

...Бақсам Камал аға қасиетті Ұлытауға қанат жайған қалың ну – бағаналының сөз бастаған шешені, қол бастаған көсемі болған әйгілі Бабыр Бөкенбиұлының төртінші ұрпағы екен. Бабырдың абырой-атағы алысқа кеткендігі соншалық, ол дүние салғанда ханға лайық құрмет көрсетіліп, сүйегі Түркістанға Қожа Ахмет Яссауидің іргесіне жерленіпті. Кейін кесенеге жөндеу жұмыстары жүргізілгенде оның бағаналы таңбасы басылып, есімі тасқа қашалған құлпытасы табылып, қазақтың хан-сұлтан, батыр-бағландарымен бірге Ақсарайға арулап қойылды.

Өз әкесі Сейітжан ғасыр басында әуелі Троицкідегі медресені, кейін орысша-қазақша мектеп бітіріп, өз заманының озық ойлы азаматы болыпты. Ол әйгілі «Заман біздікіні» жазатын Баубек Бұлқышевтың немере ағасы (Камалдың атасы Смайыл мен Баубектің атасы Байқоңыр бір туысады) екен, тіпті сол Баубекті Қарсақпайдағы ФЗУ-ға өз қолымен жетектеп әкеп, оқуға түсірген де Сейітжан ағамыз болып шықты. Кейін сол Баубек кішкентай Камалдың қаламын ұштапты. Мұның бәрі өз алдына бір ұзақ хикая...

Өзі текті тұқымнан шыққан, тумысынан алғыр азаматтың университет бітірген соң-ақ тасы өрге домалап сала берген. Үнемі жалындаған, жанған, өркендеген, өскен. 1962-64 жылдары республика комсомолының идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқарған. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған Оразақын ағаның естелігінен оқыдым. Өзі отыздан енді ғана асқан Камал 1964 жылы әдебиетке жаңа ғана келген талай замандастарының көк қауырсын қанатының қатаюына себепкер болып, өзі алғы сөз жазып алғашқы жинағын шығарыпты. Оның ішінде қазақ әдебиетінің таңдаулы тұлғаларына айналған кешегі Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Оспанхандардан бастап, бүгінгі көзі тірі классиктеріміз Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Мағауин да бар екен. Бұл да Кәмекеңнің сол кездің өзінде-ақ жас та болса бас бола білгендігінің белгісі емес пе.

Кәмекеңнің 60, 70-жылдардағы өмірі қазақ киносымен байланысты болды. Ол бұл жылдары «Қазақфильм» киностудиясын, кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарды. Өзі «шабытты шақ» деп бағалаған бұл кезеңде ол «Қазақфильм» төңірегіне Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Мұрат Әуезов, Нұрғиса Тілендиев, Асқар Сүлейменов сияқты қазақ интеллектуалдарын топтастыра білді. Сол жылдары ол соғыс кезінде жазылса да талай уақыттан бері киностудия мұрағатында шаң басып жатқан Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» ғашықтық жыры желісімен жазылған «Гәкку» киносценарийін тауып алып, оны автордың келісімінсіз-ақ Мәскеуден бекітіп әкеледі. Кейін онсыз да мінезі ауыр Ғабекеңе сценарийді басынан аяғына дейін қайта жазғызып, режиссер С.Қожықов, композитор Н.Тілендиев, редактор А.Сүлейменов, суретші Г.Исмайылова, ақын Қ.Мырзалиев сияқты тамаша таланттар арқасында «Қыз Жібекті» ғажайып көрік-келбеті, тіпті жарқыраған жасау-жабдығымен әлемдік экранға алып шыққан да осы Камал Смайылов болды. Жалғыз «Қыз Жібек» емес, «Қилы кезең», «Қан мен тер», «Алты жасар Алпамыс» т.б. қазақ киносын одақ биігіне көтерген фильмдер де К.Смайылов басқарған жылдары түсірілді.

«Атаманның ақыры» атты «Қазақфильмнің» кезеңді туындысы Кәмекеңнің қиядағыны шалар қырағылығының арқасында дүниеге келіпті. «Правда» газетінде шыққан шағын мақаладан болашақтағы үлкен фильмнің сұлбасын байқап қалған Кәмекең қолма-қол ескі танысы А.Кончаловскийге хабарласып, болашақ фильмнің идеясын ұсынған. Кейін Шәкен ағамыз осы сценарий негізінде қазақтың алғашқы «экшн» фильмі – «Атаманның ақырын» дүниеге әкелді.

«Арпалыс» арқылы әйгілі Бауыржан Момышұлының атын аңызға айналдырған жазушы Александр Бектің қиғылық салып, қарсылық көрсетуіне қарамастан Баукеңнің өз кітабы бойынша қазақтың тұңғыш профессионал кинорежиссері Мәжит Бегалинге «Ел басына күн туса» фильмін түсірткен де осы Камал аға еді.

Күйеу бала А.Кончаловскийдің қыр-соңынан қалмай «Мәншүк туралы әннің» сценарийін жасатып, оны тағы сол Мәжекеңе экранға шығартқан да Кәмекең екенін қалай ұмытармыз.

Тіпті қазақтың алғашқы мультфильмі де К.Смайылов тұсында дүниеге келіпті.

Кәмекең өмірінің соңына қарай Қазақ мемлекеттік университетінде, Қазақ өнер академиясында профессор, кафедра меңгерушісі ретінде қызмет етіп, бірыңғай ұстаздық қызметпен айналысты. Әрдайым ақырын жүріп, анық басты. Өнбейтін іс, өшпейтін даудан бойын аулақ салды. Алғашқы кітабы сонау 1960 жылы жарық көрген Кәмекең өмірінің соңына дейін қаламы құрғамай жазып, оннан астам кітап шығарды. Кино өнерінің тарихын зерттеп, диссертация қорғады. Замандас-әріптестері Олжас, Әнуар, Шәкен, Мәжит, Асқар, Әкім, Қалихандар туралы мөлдіретіп естеліктер жазды. Тіпті шарт сынып, шалт кететін кейбір достарын үнемі табыстыру жағында жүрді. Өзінің төл құрдасы, қазақтың арыстан жазушысы Шерхан Мұртазамен жазысқан хаттары да 90-жылдары қоғамдық өмірді дүр сілкіндіріп, оқырмандарының ыстық ықыласын туғызды.

Татар дәм, көрер қызықтың таусылуға жақындағанын сезді ме, көргені мен көкейге түйгендерін тиянақтап, 2000 жылы «Атамұра» баспасынан жан сырын өзге емес, өзі айтатын «Жеті қыр, бір сыр» атты естеліктер жинағын да шығарып үлгерді.

Тек жақсылық үшін жаратылған, қашан көрсең езуі жиылмайтын ақжарылқап ағаның арамыздан кеткеніне міне, екі жылдың жүзі болыпты. Құдайға шүкір, орнында бар оңалады екен. Өткен жылы ағамыздың шығармалар жинағының үш томдығы жарық көрсе, енді міне, ол туралы естеліктер жинағы жарық көргелі отыр. Бұл өмірдегі өлшеулі уақыты таусылған ағамыздың өнердегі ғұмырының жалғасуы. Ылайым оның осы ғұмыры ұзақ болғай.

«Егемен Қазақстан», 12 наурыз 2005 жыл

Мұхтар Құл-Мұхаммед 

Abai.kz

37 пікір