Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 5279 0 пікір 13 Сәуір, 2021 сағат 15:35

«Космонавтика күні», Илон Маск және Қазақстан...

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын һәм Қазақстанның ғарыш саласы қызметкерлерін «Ғарышкерлер күнімен» құттықтап, өзінің «Твиттердегі» ресми парақшасында жазба жариялады.

«Осыдан 60 жыл бұрын адамның ғарышты игеру дәуірі басталды. Юрий Гагариннің Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшуы – әлемдік ғылым дамуының жарқын көрінісі. Қазақстан халықаралық бағдарламаларға, ғарыш технологиясын игеруге белсенді атсалыса береді», - деп жазды президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

12 сәуірде КСРО-да «Космонавтика күні» ретінде аталып өтілетін мереке өтті. Адамның ғарышқа алғаш ұшқанына 60 жыл толды (1961 жылы 12 сәуірде). Бұл күні «Восток» зымыран тасығышы ғарыш кемесін орбитаға алып ұшты. Юрий Гагарин ұшқан зымыранның ұшуы сәтті өтті. Ал ол қонғаннан кейін Юрий Гагарин бүкіл әлемге әйгілі болды. Сол кезде КСРО және оның социалистік саяси-экономикалық жүйесі өзінің мықтылығын дәлелдеуге барлық жағынан қадам жасады.

Алайда, қазіргі Илон Масктың және басқа жеке американдық ғарыштық компаниялардың, соның ішінде «SpaceX-тің» жетістіктері «Роскосмосты» қатты алаңдатып отыр. Масктың алғашқы зымырандары «Falcon 1» (2006 жылы ұшырылған) және үлкен «Falcon 9» (2010 жылы ұшырылған) мүмкіндігінше экономикалық тұрғыдан тиімділігі ескеріліп жасалған. Илонның мақсаты – бәсекелестердің зымырандарына қарағанда әлдеқайда арзан зымыран жасау болды. Содан кейін «Falcon Heavy» (2018 жылы) іске қосылды.  Бұл зымыран өзіне ең жақын деген бәсекелестеріне қарағанда, жүкті орбитаға екі есе артық көлемде шығара алады және оның құны үш есе арзан болды.

Осыдан кейін, «SpaceX» «Super Heavy-Starship» жүйесін, одан да жетілдірілген нұсқасын жариялады. Ол жердегі қалалар арасында жылдам тасымалдауды және Ай мен Марста базалар салуды қамтамасыз етуге арналған еді. Сонымен қатар, «SpaceX» компаниясы «Dragon» ғарыш кемесін жасады. Ол жүктерді Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жеткізе алатын және бір мезетте жеті ғарышкерді алып ұша алатын болды.

Ресей Украинадан Қырым түбегін тартып алғанда, АҚШ Ресейге қарсы ауыр санкциялар һәм тыйымдар салды. Сол тұста Ресей үкімет басшысының орынбасары болған, беріде «Роскосмосты» басқарған Дмитрий Рогозин: «Біздің зымырандар болмаса, америкалықтар ғарышқа «батутпен» шығатын болады», - деген еді. Бірақ арада бірнеше жыл өткенде Илон Маск ресейлік Рогозиннің айтқанын өзіне еселеп қайтарды.

Илон Маск өзінің «SpaceX» жобасымен ғарыш кемесін және американдық ғарышкерлерді 2019 жылы наурыз айында автоматты түрде ғарышқа ұшырды. Енді АҚШ-тың Ұлттық аэроғарыш агенттігі NASA Ресейге тәуелділіктен құтылды. Ресей осыған дейін әрбір ғарышкердің ұшуы үшін 80 миллион доллар сұраған. Ал Илон Маск бұл тәуелділіктен құтылудың жолын ойлап тапты және Масктің зымырандарын көп мәрте пайдалануға болады.

Жуырда «SpaceX» пен «Tesla» компаниясының басшысы Илон Маск әлемдегі ең бай адам атанды. Оның байлығы 185 миллиард долларға бағаланған. 2019 жылдың басында Маск әлемдегі ең бай адамдар тізімнің алғашқы 50-лігіне кірген. Оның дәулетінің күрт өсуі  «Tesla» акцияларының өсуіне байланысты болды. Компания акцияларының бағасы тоғыз есеге көтерілді. Компанияның бағалы қағаздары бір акция үшін 799,6 долларға саудаланады, ал капиталдандыру 757,6 миллиард долларды құрады.

Бұл ақшаға «Ford», «General Motors», «BMW», «Volkswagen», «Fiat», «Chrysler» сияқты автокөлік компанияларын сатып алуға болады. Тіпті одан бөлек,  «Ferrari» сатып алуға да ақша қалады екен.

Ақпарат көздеріне сенсек, Маск ақшаның көп бөлігін Марста база құру үшін жұмсайды деп жоспарлапты. Бұл шын мәнінде солай болса таң қалатын жайт емес. Осыған дейін, Маскті АҚШ ғарыштық бағдарламасының ауқымды болмауы қынжылтса, сол олқылықтың орнын толтыру үшін ол «SpaceX» компаниясын құрды. Маск әлемдегі ең арзан ғарыштық зымырандарды жасау үшін бизнес ашты және қазір оның компаниясы жердегі ғарыштық зымырандардың 60 пайызын ғарышқа шығарады екен.

Маск сондай-ақ, адамзаттың жанармай (мұнайдан) отынынан алшақтауын тездеткісі келетіні жасырын емес. Соған байланысты ол әлемдегі жетекші электромобиль өндіруші «Tesla» компаниясын құрды.

«Morgan Stanley» инвестициялық банкі өткенде (қазан айында) «SpaceX-ті» 100 миллион долларға бағалапты. Аталған компания ғарышқа ұшу нарығында ойын ережелерін өзгертті. Осылайша АҚШ-тың ғарыштық бағдарламасы жаңа серпін алды.

2020 жылы Масктің «Crew Dragon» ғарыш кемесі алты ғарышкерді Халықаралық ғарыш станциясына ұшырды. Бұл АҚШ-тағы «Шаттл» бағдарламасы аяқталған 2011 жылдан бергі алғашқы ірі бағдарлама болды.

Айтпақшы, Түркия да 2023 жылдың аяғында ғарышқа өздері жасаған зымырандарын ұшыруды жоспарлап отыр екен. Түрік зымыраны Айға қонуға мүдделі. 2021 жылдың 9 ақпанында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ұлттық ғарыш бағдарламасын іске қосу кезінде осылай деп мәлімдеді. Оның сөзін «Anadolu» агенттігі жариялады. «Бағдарламаның басты және маңызды миссиясы – Түркияның жүз жылдық мерейтойы жылындағы Аймен алғашқы байланысты орнату», - деді Ердоған.

Ердоған ғарыш саласында жаңа буын спутниктер жасауда әлемдік аренадағы бәсекеге түсе алатын бренд құру қажеттілігін атап өтті. Ол Түркияның өз ғарыш айлағын құрып, өзін ғарыш кеңістігіне шығуды қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын баса айтты.

Ердоған: «Ғарыштық метеорологияға қаржы құю арқылы елдің ғарыштағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Түркия астрономиялық бақылаулардың тиімділігі мен Жерден ғарыш объектілерін бақылауды жақсартады», - деп сөйледі.

Сондай-ақ, Ердоған Түркияда отандық және шетелдік инвесторларды тартатын ғарыштық технологияларды дамыту аймағы құрылатындығын айтты. Ол соңғы 18 жылда жер серіктері, ғарыш, ұшыру жүйелері мен ғарыштық жабдықтарға қатысты 56 жобаға 2,1 миллиард лира (300 миллион доллар) бөлгенін мәлімдеді.

Осылайша, Түркия әлемді айналатын өз спутниктері бар әлемдегі 30 елдің қатарына кіруді жоспарлапты. Ал осы жылдың қаңтарында американдық миллиардер Илон Масктің «SpaceX» компаниясы орбитаға «Falcon 9» зымыран тасығышымен түріктің «Turksat 5A» байланыс спутнигін алып ұшпақ. Сөйтіп, Түркия өзінің төрт серігін ғарышқа ұшырды.

Қазақстанды күллі дүниежүзіне танытанын паспорттық брендінің бірі – Байқоңыр ғарыш айлағы. Сөзсіз, қазіргі таңда Қазақстанның алдында ғарыш саласының қызметін дамыту, аталмыш саланың әлемдік нарығындағы өз позициясын кеңейту, жсопарланған бірқатар жобалалрды іске асыру секілді маңызды міндеттер тұр. Бұл жоспарлар 2030 жылға қарай жоспарланғаны және рас. Олардың бірсыпырасы – Елордадағы  ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынау кешені, космостық қашықтықтан зондтау жүйесін жетілдіру, ғарыштық мониторингтің ұлттық жүйесін жасау, және жерүсті инфрақұрылымы мен аса жоғары дәлдіктегі жерсеріктік навигация жүйесін жетілдіру т.б.

Айта кетуіміз керек, Қазақстан бүгінгі таңда ғарыштық технологияларды отандық экономикаға белсенді түрде ілгерілетуде. Оның бір мысалы – Қазақстанның жерден 36 мың қашықтықта орналасқан екі геостационарлық жерсерігі бар. Олар: KazSat-2 және KazSat-3.

Дәл осы екі жерсерік қазіргі уақта отандық  ұялы байланыс, теледидар және интернетке қызметтерін 100% қамтып отыр.

Ғарыш саласының сарапшысы Қазбек Қазкенов: «Қазақстанның өз ғарыштық бағдарламасы, өзінің жер серіктері болуы елдің қауіпсіздігі бірінші орында тұрғанын айқындайды», - дейді. Ол үшін мүмкіндік те жоқ емес. Осы ретте айта кетерлігі, Қазақстанда Байқоңыр ғарыш айлағының болуы бізге қосымша артықшылық береді. Сондықтан, Қазақстанның ОА-дағы ғарыш саласының көшбасшысына айналу потенциалы жоғары екені анық.

Керімсал Жұбатқанов,

Қазақ-Орыс халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір