Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3427 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 20:19

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ. Ұлттық бренд: қарым мен қабілет

 

 

Ешқандай шикізаты жоқ жапондар әлемдік нарықта электронды құралдарымен танылып отыр. Германия технологиясымен тегеурінді. Швейцария қарапайым ғана сағатымен-ақ сыртқы нарықта кең көсілуде. Қытай жеңіл өнеркәсібімен әлемді жаулап алды. Ал Қазақстан ше? Осы жерде ауыз толтырып айтар ештеңе таппай, кібіртіктеп қалатынымыз жасырын емес…
Жалпы,  Қазақстанның жер көлемін картадан көрген әлем халқы жеріміздің ұланғайырлығына тамсанады. Біз әлем көзін шикізатымызбен қызықтырудамыз. Билік тарапынан «отандық өнімнің әлеуетін арттырып, шикізатты экспорттауды үйренуіміз қажеттігі» қанша жерден қадап айтылғанымен, әзірге бұған ден қойып жатқан қазақ баласы жоқ. Киетініміз – шетелдің киімі, ішетініміз – өзге елдің тамағы, мінетініміз – тағы сол шетелдік көлік, тіпті күнделікті тұрмысқа қажетті  дүниенің ішінде «мынау Қазақстанда жасалған» деп кеуде керіп көрсетеріміз  жоқтың қасы. Қысқасы,  бізге қажетті дүниені өзгелер тұтынады, біз олардан бірнеше еселеп қымбатқа сатып аламыз. Ал біз қай уақытта ныспысы қазақтікі екенін айқындайтын өзіндік нышан қалыптастыра аламыз осы? Хош, біз біраздан бері ұлттық бренд мәселесін сөз етіп-ақ келеміз. Біршама уақыттан бері «қымыз бен шұбатты ұлттық брендке айналдырамыз» деп бір күпіндік. Одан соң «уранымыз ұлттық ұранымыз болады» деп бір масаттандық. Тіпті отандық алтын-күмісті ұлттық нышан етеміз деп те талпындық. Әйтсе де аталмыш секторларға серпін бере алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Неге? Енді осы сауалдың астарына үңіліп көрсек…
Алтын-күмісті ұлттық нышан ете аламыз ба?
Қазір ресейлік дейсіз бе, украиндық дейсіз бе, түркиялық деймісіз, итальяндық бола ма, алтынның неше атасы бар. Алайда осылардың арасында қазақтың алтынының беделі көмескі. Мысалы, Италия алтын өндірумен айналыспайтын ел болса-дағы, әлемдегі барлық алтын бұйымдардың 70 пайызы итальяндардың туындысы. Ал бұл Италия экономикасына  айтарлықтай үлес қосуда. Немесе іргеміздегі Қытайда жылына 200 тонна алтын шығарылып,  оны өңдеп, сыртқы саудаға зергерлік бұйымдар жіберуде алдына жан салмай келеді. Ал бізде жылына 10-ақ (!) тонна алтын өндіріледі. Оның 200 келісі зергерлік бұйым ретінде ішкі нарықта сатылса, қалғаны  шикізат түрінде экспортқа кетеді.
Қазақстан зергерлері ұлттық қауымдастығының мүшесі Әрсен Серәлиевтің айтуынша, 2003 жылы Қазақстанда алтын бұйымын шығаратын 63 кәсіпорын бар болса, бүгінде олардың ұзын саны  80-нен асып-жығылыпты.  Әрине, бұл деректер  елімізде алтын бұйымдарын өндіруге ықылас білдірушілердің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен елдегі алтын бұйымын жасаушы кәсіпорындардың дені шағын кәсіпорындар екенін ескерсек, олардың бүкіл қазақстандықтардың сұранысын қамтамасыз ете алмайтыны түсінікті. Осыдан барып біздің елімізге сырттан ағылған алтын бұйымдар легі бүгінде 87 пайызды құрайтын деңгейге жеткен. «Олардың ішінде контрабандалық жолмен елге еніп жатқандары да бар. Ол алтындардың сапасын қатаң қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бұл – отандық кәсіпкерлікті бас көтертпей, тұншықтырып отырған бөгеттің ең негізгісі», –  дейді Ә.Серәлиев мырза. Ал осыдан кейін «алтын тұрғысында бәсекелестік жөнінде сөз қозғаудың ауылы алыстау ма» деп те қалдық. Пайымдасақ, біз әлі де алтынның нарықтағы парқын ұғына қоймаған екенбіз.
Ал уранымыз ұранға айнала ала ма?
Соңғы кездері бірқатар дамушы елдер атом өнеркәсібінен қуатты нышан қалыптастыруға болатынын жиі қаузап жүр. Жер қойнауындағы байлықты ұқсатуды көздеген біраз елдер уран өндіру, мұнай-газ саласын нықтау тәрізді реформаларға реңк беруде. Сол-ақ екен, біздің еліміздің ғалымдары да өзара зерттеу жүргізе келе, «Қазақстанның ураны әлем алдындағы беделімізді көтереді» десті. Рас, бүгінде зерттелген қоры жағынан еліміз уранға бай үштіктің қатарына енді. Қазір де осы мақсатта ұлттық атом өнеркәсібін жандандыру жайы жиі сөз болуда. Техника ғылымының докторы, профессор Қайыр ЖҰБАНОВ:
– Егер уранымызды ұқсата алсақ, арзан энергия көзіне де қол жеткізуге мүмкіндік туар еді. «Жарық пен жылу бер» деп көрші елдерге көз тікпейтін едік. Сондай-ақ тау-кен индустриясын дамытуға да үлкен мүмкіндік алар едік. Жалпы, қазақтың ураны – бірден-бір бренд. Әттеген-айы, біз соны әлі де болса дұрыс ұғына алмай жүрміз. Қазақстанның ураны ғана емес, бүкіл атом өнеркәсібі брендке айналатын уақыт әлдеқашан жеткен. Сондықтан бізге осы салаларды нығайтуға күш салуымыз керек, – дейді.
Шикізатты ұқсатсақ…
Негізінде, ұлттық бренд туралы сөз еткенде мамандардың қайсыбірі шикізатты ұқсатсақ, ұлтымыздың мерейі асқақтайтынын дәлелдеп-ақ жүр. Біздің шикізатты ұқсата алмауымыз жер қойнауындағы қорлардың рәсуа болуына, минералды шикізаттың шала-шарпы біржақты болуына әкеліп соғып отыр. Ал мұндай үрдіс кен-металлургия саласының жандануына да кері ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бұл ретте химия ғылымының докторы, профессор Хакім СҮЙІРБАЕВ былай дейді:
– Қазақстанның минералдық-шикізаттық кешені әлемдік минералды шикізат балансында айтарлықтай күшті позицияға ие. Әлемдік мыс, титан, ферроқорытпа және болат рыноктарында Қазақстанның атқаратын рөлі аз емес. Әйтсе де бізде кен өндіру және өңдеу салаларындағы қарым-қатынасын нақты реттейтін заңнама әлі жасалмаған. Соның кесірінен табиғи ресурстарымыз тиімсіз жұмсалынып, еліміз қыруар шығынға батып отыр. Сол толық пайдаланылмаған шикізаттың құрамында көптеген улы заттар да бар, оларды залалсыздандыру  ісі де дұрыс шешілмеген. Егер біз осы мәселені оңтайлы шеше алсақ, әлемдік нарықта беделіміз аспандай түсер еді.
Ойтүйін
Сөйтіп, біз «әлемнің сауда базарында қазақ қалай бедел жинайды» деген төңіректе сөз қозғадық. Әрине, бұл тізімге қайсыбір сарапшылар мысал етіп жүргендей, қазақтың қымызы мен шұбатын, қымыраны мен сүт-қаймағын қосуымызға да болушы еді… Бірақ біреулер қаржы институттарымен, технологиясымен, электронды құралдарымен атын әлемге әйгілеп жатқанда біз «саба толы қымызымызбен қазақты танытамыз» деп күпінсек қалай болар екен?..  Әрине, қазақтың ұлттық тағамдары белгілі бір уақытта әлемдік нарықта өзіндік орын алатынына сенім бар.  Бірақ тек қана мұнымен шектеліп қалуға болмайды.
«Ендігі біздің ойымыз  ұлан-ғайыр жеріміздің байлығын орнымен игере білуде болу керек. Оған қоса, мәдениетіміз, әдебиетіміз дами түсуі қажет. Мәдениет, өнер, ғылым, спорт, әдебиет, экономика саласындағы жетістіктерге қолдау көрсетілуі тиіс. Жалпыұлттық саясат осындай деңгейде болғанда ғана Қазақстан дамыған елдердің көзін қызықтыратын болады» дейді еліміздің экономист сарапшылары.

 


Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті 2 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2077
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2501
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2129
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1612