Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Деп жатыр 7350 23 пікір 30 Наурыз, 2021 сағат 14:49

Әлеуметтік желімен емес, арандатушы арналармен алысыңыз!

Бүгін Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов «Әлеуметтік желілерге қатысты арнайы заң қабылдауға» шақырды.  Оның айтуынша әлеуметтік желілердің зияны мен идеологиялық шабуылы арту үстінде.

«Сіздер Жусан операциясының нәтижесін білесіздер. 590 азаматымыз Сириядан оралды, оның 406-сы бала. Шетелдік саясаткерлердің ішінде жалған ақпарат тарататындары да бар. Қазақстан сондай жағдайларға дайын болып, ұлттық құндылықты сақтай білуі керек», -деді депутат. «Шетелдік саясаткерлердің ішінде жалған ақпарат тарататындары да бар» деген депутаттың сөзінің түп мағынасын түсіну қиын. Ал Сирияға кеткен азаматтардың ішінде әлеуметтік желі арқылы идеологиялық екпінмен, радикалдық топтардың құрығына түскен жандар жайлы меңзеген болса, онда бұл қауіппен күресіп жүрген Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік комитеті және арнайы қызмет күштері бар емес пе?!

«Пандемия сәтінде әлемде идеологиялық вирус та өршіп тұр. Жалған ақпарат сол вирусты әлеуметтік желі арқылы таратып отыр. Сондықтан әлеуметтік желі туралы заң қабылдауымыз керек. Бұл сөз бостандығын шектеу емес, әлеуметтік желіні заң аясына енгізіп, әлеуметтік желі қолданушыларының заң алдында жауапкершілігін көтеру. Жаһандану дәуірінде жас азаматтар батыстың кей топтарының ықпалына түсіп қалғанын байқамауда. Олар өз миларының улануынан қақпанға түсуде. Осылайша технологиялар қоғамдық ойлауға әсер ете алатын құралға айналды. Біз үшін өзіміздің ұлттық мүддеміз бен ұлттық құндылықтарымызды қорғау маңызды»,- деді депутат.

Әрине, депутаттың ұлттық құндылық пен ұлттық мүддені барлығынан жоғары қоятыны қуантарлық жағдай, алайда мұнда айтылған ұсыныстар заң жүзінде бар ғой. Егер «батыстың кей топтарының ықпалы» деген сөзді ЛГБТ-ны насихаттауға қатысты айтқан болса, онда әлеуметтік желі туралы заң емес, «ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы заң» қабылдау керек емес пе? Ал экстремизм, терроризм, ұлт араздық туындату, діни ұстанымына, шығу тегіне тіл тигізу, есірткіні жарнамалау, сепаратизмды насихаттауға және басқа да қылмыс түрлеріне қарсы заңдар бар және олар әлеуметтік желіде де қызметін атқарып тұр. Әлеуметтік желі арқылы сепаратизм пиғылдарын көрсеткен, діни экстремизмді насихаттаған қанша азаматқа қылмыстық іс ашылып, заң аясында өз жазасын алды. Әлеуметтік желіде жеке басқа тіл тигізсе, кез келген азамат арнайы органдарға шағым түсіре алады. Ұлтқа, дінге тіл тигізсе де солай. Заң бар, жұмыс істеп тұр. Тағы бір заң не үшін керек?

Депутат «азаматтардың сөз бостандығын шектеу емес» десе де, шектеу ғой. Айтуға, жазуға болмайтын пікірлер мен сөздер, хэштегтер енгізу тәжірибесі көршілес Қытайда бар. Ал Қытай ресми демократиялық, бейресми тоталитарлық ел. Мысалы Қытайда 2003 жылы «Алтын қалқан» атты жоба іске қосылды. Оның құны 800 млн долларды құрады. Жобаның мақсаты сайттар мен әлеуметтік желілерде қолдануға болмайтын сөздер, сөз тіркестері, пікірлерді сүзгілеп отыру болаты. «Далай лама», «адам құқығы», «Тяньаньмэнь», «фалунгун» сынды сөздерді жазған сайттар бұғатталып келеді, ал осы сөздерді қолданған желі қолданушылыраның парақшалары жабылады. Оны арнайы заң аясында іске асыруда. Сондықтан Қытай азаматтары отандық іздеу құрылғылары арқылы емес, VPN арқылы басқа елдің іздеу құрылғыларымен ақпарат алуға тырысады. Алайда соңғы жылдары Қытайда VPN-ге қарсы заң шықты. Ол 2018 жылы іске қосылды, себебі елдің солтүстік батысындағы адам құқығына қатысты түрлі фактілер жаһандық ақпарат көздеріне тарап кетті. Ал осының барлығы да о бастағы сайттар мен әлеуметтік желілерді сүзгілеу жобасынан бастау алған еді. Біздегі қабылдау керек деген ұсынысымыздың соң осы болмасына кім кепіл.

«Әлеуметтік желі туралы заң» дегеніміз «мынаны жазуға болады, ал мынаны жазуға болмайды» деген демократияға қарсы цензуралардан ғана емес, қажет уақытта әлеуметтік желіні бұғаттау, отандық желіге өту, ғаламдық іздеу жүйелерінен қажет болса бас тарту деген сынды пунктерді жинақтауы да мүмкін. Ал бұл азаматтардың сөз, іс-әрекет еркіндігін шектеу. Әлеуметтік желі соңғы уақытта онлайн кеңістік арқылы офлайнда азаматтық қоғамның құрылуына себепкер болып келеді. Әсіресе бізде. Мысалы азаматтардың митинг арқылы ойын білдіруге үндеу осы әлеуметтік желілер арқылы жүруде. Бұл кез келген өзін демократиялық ел санайтын мемлекетте болатын құбылыс. Батыс Еуропа мен АҚШ, оңтүстік шығыс Азиядағы дамыған елдерге қарасаңыз, тура осы жағдай. Сондықтан арнайы заң азаматтық қоғамның алға жылжуына да кедергі болуы мүмкін.

Жалпы Қазақстанда әлеуметтік желі бойынша алаңдарлық ештеңе жоқ. Экстремизм, терроризм, сепаратизмге шақыру заңмен қудаланады. Жеке басқа, ұлтқа тіл тигізу Конституциямен қорғалады. Онлайн болсан, офлайн болсын. Қазақстан басқа дүниемен бас қатыруы тиіс. Ол әлеуметтік желі арқылы келіп жатқан «батыстық» идеология емес, теледидар арқылы күнде көріп, радио арқылы күнде естіп, газет-журналдар арқылы күнде оқып отырған ресейлік идеологиядан құтылу. Елімізде Ресейдің кино, музыка, сериал, жаңалықтарын көрсететін сан түрлі арналары бар. Олар күннің батысы, таңның атысы «Қырымда тартып алуы жайлы», «Ұлы империя» «Орыс әлемі», «Өзгенің қолында кеткен сыйға берілген территориялар» хақында жалған ақпараттарды үйіп-төгіп беріп жатыр, беріп жатыр. Нағыз қауіп осында. Ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүддеге жасалған шабуылдар да осы ақпараттық ағында жатыр. Сондықтан әлеуметтік желімен алыспай, ресейлік арналар мен газет-журналдарды сүзгіден өткізіп, ұлттық мүддеге қайшы келетіндерін ел аумағында тыюға қатысты ұсыныс айтылса қолдар едік.

Ресей 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап «Әлеуметтік желіге қатысты арнайы заң» қабылдады. Енді Ресейде әлеуметтік желіде жазылған былапыт сөз үшін парақша иесі емес, әлеуметтік желі жауап береді. Әлеуметтік желі ондай жазбаларды өшіріп отыруы тиіс, олай болмаған жағдайда 4 млн рубль (20 млн теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Осындай заң қабылдаған Ресей адам құқығын таптау бойынша ақпан айында көш бастады. Ойланарлық дүние...

Асхат Қасенғали

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2365
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661