Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жалқы сұрақ 6689 8 пікір 26 Наурыз, 2021 сағат 11:35

Облыс - республика емес, ал Архимед - министр емес!

Сүндет Байғожин Қостанайдан неге кетті?

Қостанайдың өз түлегі Сүндет Байғожиннің опера әншісі ретінде даңқы бүкіл әлемга тарап, еліміздің бұл өнерден де талай жұртты таң қалдыратынын дәлелдеген санаулы ғана саңлақтарының бірі десек артық айтқандық болмас. Оның опера сахнасында сомдаған тұлғалары өнердің бұл саласында алтын әріптермен жазылары тағы да сөзсіз. Енді міне, бұл жігітіміз орда бұзар шағында өзінің кіндік қаны тамған Қостанайға келіп, осындағы Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның тізгінін ұстағанда, мұндағы өнер сүйер қауымның бір желпініп қалғаны бар. Қанша дегенмен, мұндай атақты адамның шалғайдағы облысқа келіп, осындағы өнерлі жастарды өрге сүйреймін деп желпініп жүрген жандарды күнде кездестіріп жатқан жоқпыз ғой.

Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа бармады. Арада небәрі жарты жыл өтер-өтпестен Сүндет аяқ-астынан филармония директорлығынан бас тартып, астанаға қайтып оралды. Бұған өнер сүйер қауым түгілі, филармонияның ұжымы да аң-таң. Мәселенің мәнін білісімен осы ұжымның қырық шақты әншісі митинігіге шығып, өздерінің қарсылығын танатты. Көтергені жалғыз ғана ұран. «Сүндет Байғожинді қайтарыңдар!» деген қатаң талап. Мұндағы облысқа белгілі, әншілік өнерімен талай жұртты тәнті еткен Арыстан Құрманов, Серік Әбілов, Гүлбану Үсенова секілді әншілер Сүндеттің мұнда алаңсыз жұмыс істеуіне осындағы бір азғана топ үнемі кедергі келтіріп, ақыры кетіріп тынғандығын, мұндай әділетсіздіктің жолын кесу керектігін айтып, басапасөз мәслихатын да өткізді.

- Мұндай адамды үн-түнсіз шығарып жібергендігіне біздің ұжым қатты наразы. Оны бүкіл ұжым қолдайды. Ол бізге келгенде мұндай басшыға қатты қуанған едік. Ол жаңаша ойлай біледі, аса білікті және ұжым мүшелерінің пікіріне де құлақ аса біледі, - деді Гүлбану Үсенова.

Ал Арыстан Құрманов секілді әншілер Сүндеттің орны біреуге керек болғандығын, сол үшін әйтеуір, амалын тауып, оны жылы орнынан босатқандығын ашық айтып жатыр.

Бұл тұжырымның қисынсыз еместігін Сүндеттің өз сөзі де дәлелдейді. Оның айтуынша, ол осында келген соң заңгермен бірге қаржының орнымен жұмсалмай, ысырап етілетіндігін, соның салдарынан қаржылық құжаттардың бұрмаланғандығын  анықтаған.

- Мен басшы ретінде бұған көз жұмып қарай алмадым. Мұнда «өлі жандар» табылды, өз өкілдеттігін асыра пайдалану анықталды. Сонан соң, мұндағы кейбір адамдар менің жолыма тосқауыл қоя бастады. Бұған тіпті өз орынбасарым да араласып, мен жоқта вакансияларды таратып беру секілді тәртіп бұзушылыққа дейін барды. Қысқасы, маған жұмыс істетпеді, - дейді Сүндет Байғожин.

Бұған енді не айтуға болады?

Біріншіден, Сүндеттің басты қателегі - жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз беруі еді. Енді «болары болып, бояуы сіңді». Екіншіден, өз еркіңмен кеткен соң, айтқан сөздеріңде бәтуа да, салмақ та болмайды. Филармонияға тікелей басшылық жасайтын адамдар да міне осы «саясатты» ұстанады. Дұрысы, филармониядағы былық ашылған соң, Сүндет бірден облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтың қабылдауына кіріп, болған жайды жайып салуы қажет еді.  Оған Архимед мән бермесе ғана, не себепті бұл жұмыстан кететіндігіңді ашық айтып, қызметтен босауы керек. Ал енді не болды, «Той өткен соң, даңғыра» дегендей, бәрі өсек әңгіме күйінде қалады.

Бұл бұл жерде тек Сүндетті ғана кінәлаудан аулақпыз. Қанша дегенмен, өнер адамы ғой, аңғалдықпен, ақ көңілділікпен, ашу үстінде, жұмысын тастап кеткен шығар. Алайда, осында облыс, тіпті, республика ғана емес, бүкіл әлемге атағы машқұр адамның, енді ғана кіріскен қызметін тастап, не себепті кетендігі облыс әкімін неге ойландырамаған? Сүндеттің бұл кетісі өнер адамдарының ғана емес, бүкіл жұртшылық арасында түсінбеушілік туғызатындығын облыстың басшылығы мүлде ескермегендігі қалай? Бүкіл елдің ішіндегі ауыс-түйістердің бәрін біліп отыруға шамасы келмейтіндей, облыс - республика емес, ал Архимед не министр не президент емес! Қостанай, тіпті, Астана да емес, шаһарды түгел қамти алмайтын. Бір миллионға да жетпейтін, шағын ғана облыстағы жалғыз филармонияның директорының аты-жөнін де бімейді деуден аулақпыз.

Бұл жаны ашымастық па, әлде, оның астарында біз білмейтін бір құпия бар ма?

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар