Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Тарих 6244 2 пікір 19 Наурыз, 2021 сағат 11:51

«Айқаптың» алғашқы саны шыққанына 110 жыл

Осыдан 110 жыл бұрын 1911 жылы 10 қаңтар Троицк қаласында қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» алғашқы саны шықты. Атауы туралы журналдың басқарушы һәм бастырушысы Мұхметжан Сералин бас мақаласында: «Журналымызға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінгенде болар, түсінбегенде табылар. Біздің қазақтың «Айқап» демейтұғын қай ісі бар?! ...«Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң жорналымыз да өкінішке лайық «Айқап» болды» деп, журналды шығару үшін қаламға жармасқанын, мақсаты атақ шығарып білім сату емес екенін, журналға басылуға жіберілген сөздер қазақша, ноғайша, орысша, түрікше болсада қабылданатын айтады.

(№1. 1911 ж.)

(№88. 1911 ж.)

Журналдың соңғы бетінде қазақ жұртына журналға жазылу және қолдау туралы үндеуі басылды. «Жеті облысты мекен еткен қазақ халқы үшін тым болмаса бір журнал шығару тиіс екендігін әр кім білсе керек. Әлбетте журналы алушы көп болса шығарылар; алушы жоқ болса тоқталар. Мұның үшін әр бір көңілінде жұртына азырақ мұхабаты бар қазақ баласы жәрдем етер деп үміт етеміз. Әдрес: г. Троицкъ. Оренб. Губ. Реддактору-издателю журналы «Ай-капъ» Мухамеджану Сералину, въ редакции газеты «Степь». (№1. 1911.)» - деп көрсетілді.

Алғашқы жылда «Айқап» жұрттың көпшілігін қазақша журнал оқуға үйір қылды. Қазақша ойлауға, ойлаған ойын қазақша жазуға бір сыпыра адамды үйретті. Сол кездегі ең өзекті болған мәселенің бірі – жер  әңгімесі жайында азды-көпті жұрттың ойын қозғауға себеп болды. Народный сод, балаларды оқыту, сайлау туралы сөз қозғады. Алатау етегіндегі ұлы жүз ұрпағы мен Жайық жағасындағы кіші жүздің талапкерлерін таныстыруға себепші болды. Қазақ халқына керекті:  тіл, жер, народный сод, әйел мәселесі, оқу һәм оқыту «Айқаптың» алдымен қолына алған кеңестері болды.

Журнал 1911 жылы айына 1 мәрте шығып тұрса, 1912 жылдан бастап айына 2 мәрте шығару жоспарланды.  Сонмен қатар «Айқап» журналының алдымен  қолға алатыны жалғасты жер мәселесі болды. «Алты Алаштың баласының басын бір жерге қосып жер хұсысында сөйлесу мүмкін болмағандықтан, тым болмаса журнал арқылы кеңесіп, мәслихатты бір жерге қою теріс болмас еді. Жерден соңғы журналымыздың көп ой жүргізетін мәселесі таласу һәм партия болуды жоғалту болар. Үшінші мәселесі: оқу һәм оқыту хақында. Төртінші: хатұн қызларымыздың кемшілікте тұрғандықтарын халыққа ескерту. Бұл мәселе біздің қазақ халқында қозғалмай тың жатқан мәселелердің бірі» (№1. 1912.). Осылайша қазақтың тұңғыш журналы өз бағытымен жер және халықты ағарту тақырыптарында тереңнен толғап, көлемді жазбалар басуын жалғастырды.

Аталған тақырыптарда ой қозғап, пікір жазғандар алғашында санаулы қазақ оқығандары болды. Алғашқы  өлеңдерін жариялаған қазақ қаламгерлері де «Айқап» журналының өркендеуіне үлес қосты. Авторлар арасында: М. Дулатов, Б. Ержанов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ғ. Тоқтарбеков, Ж. Тілеулин, Х. Бекмұхамедов, М. Жолдыбаев, М. Малдыбаев, Р. Марсеков, Б. Қаратаев, Ш. Қосшығұлов, И. Арабаев, Ғ. Мұсағалиев, Ж. Сейдалин, А. Жанталин, Ж. Көпеев, Ғ. Қараш, К. Тоғысов, Б. Майлин, С. Торайғыров, Б. Сырттанов, Е. Қасаболатов, Ж. Басқарин, А. Баржақсин, С. Дөнентаев, С. Сейфулин, А. Мамытов, Х. Кемеңгеров, М. Бектұрлин, Ш. Құдайбердіұлы тб қаламгерлер болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Он төрт тоғыз бола ма» (№2.1915.)  мақаласы да осы «Айқапта» басылған еді.

Мұхаметжан Сералин мырза 1912 жылдың ортасында тиісті орыннан рұқсат алса да, қаражат жеткіліксіз себепті «Айқапты» тек  қарашадан бастап айына екі мәртеден шығара бастады. Журналдың жалғасты тоқтамай шығып тұруына оқырмандар мен қолдаушылардың көп болуы маңызды екенін еске салады. «Журналы һәм газеттердің тоқтамай шығып тұруы екі нәрсеге тіреледі: біреуі бір бай адам малын аямай жұмсап шығарып тұрса. Екінші оқушылар көп болып көбірек жазылып оқып тұрсалар» (№14.1912.). Осылайша 1912 жылдың қарашасынан бастап 1915 жылдың 28 тамызына дейін айна екі мәртеден шығып тұрды. Журнады шетелдегі қазақтар да жаздырып алып тұрды. 1912 жылдары «Айқап» журналын он бес шамалы қытай қазақтары жаздырып алып тұрғаны айтылады. 1912  жылдардан соң бұл сан артпаса,  азаймағаны анық.

Журналды қаржылай қолдаушыларға әр жылы соңғы сандарында алғыс айтылып, ризалық білдіріп тұрды. Мысалы, 1913 жыл №24 санында «Айқапты» қолдап ақша берген 23 азаматқа, журналға жазылушы тауып, таралуына көмектескен  10 азаматқа алғыс білдіреді.

1914 жылғы бір санында, қазақ студенттерінің Мекке мен Мединеден жер сатып алып тұрақты медресе салмақшы болғанын жазады. «Авторы: К.Ғ» - деп, «адресі: Турция, г. Медине» - деп көрсетіліпті. (Бұл туралы алда толықтай жазармыз).

Журналдың тағы бір ерекшелігі қазақ кітаптары мен оқулықтары туралы жарнама һәм сипаттама беріп отырды. Олардың қатарында: «Қырық мысал», «Оян қазақ», «Әлфба төте оқу», «Көкселдір», «Әдебиет өрнегі», «Бақытсыз Жамал», «Көркінді бала һәм үлгілі ана», «Топ жарған», «Иман һәм намаз», «Пайғамбар заманы», «Қазақ шежіресі» тб кітаптар кездеседі.

«Айқаптың» жалпы 88 нөмері жарық көрді. 1911 жылы  12 саны, 1912 жылы 14 саны, 1913 жылы 24 саны, 1914 жылы 24 саны, 1915 жылы 14 саны толық шықты.

1914 жылы басталған бірінші жаһан соғысы қазақ қоғамына да әсерін тигізбей қоймады. Баспахана бағасының көтерілуі һәм жазылушылар саны азайған себепті журналы 1915 жылдың 28 тамыз №14 санынын бастап тоқтатылды. Бұл туралы «Басқармадан» жазбасында: «Соның үшін біз «иесіз ауыруды, жынсыз бұрқан бағады» болмайық деп, осы номерімізден соң журналымызды уақытша тоқтатпақ болдық» - дейді.

Болашақта қазақша тағы да жаңа журнал шығару ісінде жастарға үміт артады. «Журнал шығарғандағы мақсатымыз халықа жол көрсетпек еді. Газетшілік һәм журналшылықтың қазақ жігіттерінің қолынан келетұғын жұмыс екендігін спат етпек еді. Біз бұл мақсатымызға жеттік. Ендігі жұмыс оқыған жастардың мойнында.

Біз надан болып өсірдік

Иектегі сақалды...

Біз болмасақ сіз арсыз

Желкілдеп шыққан жас шөптей

Үміт еткен достарым

Сендерге бердім батамды. (Алтынсарин сөзінен)» - деп тамамдайды, өз сөзін қазақтың тұңғыш журналы «Айқапты» шығарушы Мұхаметжан Сералин мырза.

Абай Мырзағали

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар