Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2252 0 пікір 6 Сәуір, 2012 сағат 04:22

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Сол жексенбі демалысының ертерек берілетін кешкі тағамына таласа-тартыса кеп кіріп, алқына бас қойып едік. Дем алыс күндері тамақ екі-ақ уақыт берілетіндіктен гаңфанды1 пішенге кірген аш сиырша жапырып-жайпап жатқанбыз. Ұйғыр кластарының бір үстеліндегі сегіз оқушы бірдей бұқты, үстел астына бастарын тыға лоқсып, құса бастады. Біз өре тұрып, қараса қалдық.

- Мелли2 сабақтастар, жемеңдер! - деп айғайлай салды біреуі. Алдыларындағы тегенеде тұрған гаңфаннан жылқы тезегіндей бір нәрсені сақбымен қысып үстел үстіне қоя салды. Бірнеше ұйғыр жігіт есік жақтағы үстелден ас пысыратын үйге шыға жөнелісті.

- «Тышқан!» «тышқан!» - деген суық күбірлер естіліп тұр. Ұйғыр, қазақ сабақтастар арасынан лоқсушылар көбейе түсті де, ханзу сабақтастардың кейбіреуінен оларға қарсы иянат сөздер көбейе түсті.

- «Сіңку!», «Иерын!»3...

IV

Сол жексенбі демалысының ертерек берілетін кешкі тағамына таласа-тартыса кеп кіріп, алқына бас қойып едік. Дем алыс күндері тамақ екі-ақ уақыт берілетіндіктен гаңфанды1 пішенге кірген аш сиырша жапырып-жайпап жатқанбыз. Ұйғыр кластарының бір үстеліндегі сегіз оқушы бірдей бұқты, үстел астына бастарын тыға лоқсып, құса бастады. Біз өре тұрып, қараса қалдық.

- Мелли2 сабақтастар, жемеңдер! - деп айғайлай салды біреуі. Алдыларындағы тегенеде тұрған гаңфаннан жылқы тезегіндей бір нәрсені сақбымен қысып үстел үстіне қоя салды. Бірнеше ұйғыр жігіт есік жақтағы үстелден ас пысыратын үйге шыға жөнелісті.

- «Тышқан!» «тышқан!» - деген суық күбірлер естіліп тұр. Ұйғыр, қазақ сабақтастар арасынан лоқсушылар көбейе түсті де, ханзу сабақтастардың кейбіреуінен оларға қарсы иянат сөздер көбейе түсті.

- «Сіңку!», «Иерын!»3...

Гоминдандық ұстаздар келгеннен бері ханзу сабақтастардың бір қыдыруы ұлттық оқушыларға осы тілдерді тым жиі қолданатын болған; қазақ оқушыларға бұл «сыйлықтарға» қосымша «туфи!»1 атты айырым «сыбаға» тағы бар болатын. Ұстаздар алдында олардың сөзі инауатты болғандықтан, жергілікті ұлт оқушылары тілге тіл қайтаруды мүлде қойып еді. Осы кезекте де ешкім жауап қайтара алмай, ол иянаттарды елеусіз қалдырды.

Екі ұйғыр оқушы екі құлағынан ұстаған семіз ханзу аспаз борсаңдай кірді осы кезде. Құлақтан ұстаушы оқушыларға ханзу сабақтастардың екеуі қатар ақырды:

- Қоя бер! ... Босат!.. Жыртқыш!...

Ұйғыр оқушылардың бір жуаны орындығына шыға ханзушалап оларға ескерту айтты:

- Сабақтастар, сендер араласпаңдар!... Тышқанды аспаздың өз көзіне көрсетіп қана қоя береміз!

Құлақтап алған екі оқушы аспазды тышқан жатқан үстелдің алдына апарды да, өзі бітеу пысырған жануарын екі көзіне екі сүртті. Сол-ақ екен, ханзу сабақтастар шу ете түсті де, бірнешеуі ұмтыла берді. Тосқауылға қатар тұра қалған ұйғыр сабақтастар, кимелесе кетті олармен, құлақтаушы екеуіне жібере қоймады. У-шу айғай, ақыру-кіжінулер арасынан сарт-сұрт жұдырықтар естіледі. Ханзу сабақтастардың дені аттанысқа келгенде ұйғырларға қазақ пен моңғол оқушылардың бір бөлігі көмектесті. Ханзу сабақтастар көп еді. Әлгі құлақтаушы екеуге тұс-тұстан шабуылдап, таламай, тапаламай қояр емес.

Балуандарымыз бен батырларымыз көп - біздің жауынгер класс қыбырсыз, үнсіз тұрып қалды. Қанымыз қызбай тұрған жоқ, қан десі қастастық өз ішімізде болғандықтан, біріміздің аңысымызды біріміз байқап, аңдысып тұрмыз. Тәртіп меңгерушісі айтқандай, «екі қол бірін бірі ұстап», қыбырлатпай тұр. Бағана жатақханада болған өзара «соғысымыздың» ұшығы әлі шыққан жоқ қой. Осы кеште ашылатын «тұрмыс тексеру» жиыны тағы да қағындырып жібермесіне кім кепіл. Соның хаупі де тежей берді бізді.

Үлкен залдағы ұлы дүбірлі жұдырық енді қызып, орындықтар мен ыдыс-аяқ та шайқасқа қатынасар кезеңге жеткенде кірген ұзын бойлы ұйғыр Жяугаң[1] ақырып-ақырып жіберді. Әскери басшыда болатын сұсты сес осы кісінің қалың қабағы мен үңірейген шұңғыл көзіне түгелімен ұялаған еді. Ақырып-ақырып жібергенде осының ызғары атылып-атылып кеткендей бүріп, соғыс өртін тарпып өшіре қойғандай сезіндік.

Әшім Жяугуан ханзу сабақтастарға қатты зекіді. Ұрыс бастала бергенде-ақ сытылып кеткен аспазды қайта шақыртып алып, көпшілік алдында ұрсып шығарды. Едірейіп-күдірейіп алған оқушыларды тыныштандыру үшін асханаға бір ұйғыр аспаз қосуды мектеп кеңсесінен талап ететіндігін айтты. Жяугуанның бұл райына разы болса да, көпшілік тас аяқтағы гаңфандарын төңкеріп-төңкеріп тастап шықты.

Ханзу сабақтастардың мәлімдеуімен тәртіп меңгерушісі де алқына жетті. Асхана залына кіріп шыға сала ысқырық тартып, жатақхана алаңына ерекше жиын шақырды. Жоқтау уақыты әлі жете қоймаса да, әр кластың өзді-өз тізімі бойынша жоқтап алды да, сақылдай жөнелді.

Әшім бүгін кезекші Жяугуан болғандықтан кетпей, үнсіз қарап тұр еді, меңгеруші сақылдаған сайын түксиді. Өйтетіні, меңгерушінің сөзі Жяугуанның асханадағы сөзіне бүкілдей қарама-қарсы шықты, ұйғыр оқушыларға «құйрықсыз есек», «мүйізсіз сиыр» деген анықтамалар жасап, соларының «ғылмилығын» дәлелдей бастағанда, Әшім қолындағы түп-түзу шыбығын лақтырып тастай жөнелді. Тіп-тік басатын әскери жүрісінің тым нығыздығынан қатты ашуланғаны байқалады. Шың Шысайдың офицерлер дайындайтын мектебінен оқып, алғашқы кездегі ұлттар теңдігі сіңген миына мына зор ұлтшылдық симай, бас сүйегін кернеп бара жатқандай, тез шықты қақпадан.

Меңгеруші оған қарап та қойған жоқ. Ұлттық жақтан солай қорлап-жерлеп, мұжып-мұжып алды да, гаңфан арасынан тышқан алып көрсеткен оқушы мен аспазды құлақтаушы екеуін көпшілік алдына шығарды. Тышқан әшкерелеушіні алға, аспазды құлақтаушыларды оның артына қатар тұрғызып, қолдарын көтертіп қойды.

- Бүгінгі зор оқиғаны туғызған - осы үшеуі. Әсіресе мына уаңбадән1- деп тышқан әшкерелеушіні ақ қолғапты саусағымен қадай көрсетті меңгеруші. - Көпшілікке тамақ жегізбей қойған осы!... Тышқан да өздерің сияқты жәндік емес пе, сендер жиренетін несі бар оның! Сендер етті көп жейсіңдер, ол еттерің де жәндіктердің еті, ал бұл еттің одан не парқы бар?...

Ұлттық оқушылар арасынан шыққан күңкіл-күбірді меңгеруші ақырып тиді да, араларына ханзу банжаңдардан тексеруші кіргізді.

- Кім сөйлесе, сүйреп шығарыңдар мұнда ... мына үшеуі үш дагомен2 жазаланады. - Бұдан кейін кім осындай қылмыс өткізсе, аяусыз жазаланады!... Ұқтыңдар ма, жоқ па?

- Ұқтық! -деп ханзу сабақтастар ду ете түсті де, ұлттық сабақтастар үнсіз қалды. Меңгеруші зекіре қайталап сұрады:

- Ұқтыңдар ма, жоқ па?

- Ұқтық!...Ұқтық!... Бәрін ұқтық! - деп ұлттық оқушылар ерегесе айғайлап, аула қорғанын жаңғырықтырды. Ол осы жауапқа ғана разы болғандай, жылы сөйледі енді.

- Сендер Жұңхуа Мингоның жақсы бұқарасы болу жолында тәрбиеленіп жатырсыңдар, өз араларыңдағы мұндай хуайдандарды1 өздерің әшкерелеп тұру - сендер үшін шарт. Мұндайларды жасырсаңдар, бізден жақсылық көрмейсіңдер! Ал, мұндайларға болысып, ханзу сабақтастарыңмен соғыссаңдар тіпті қатты жазаланасыңдар!... Бәрің де мына қырық бесінші класс оқушыларынан үлгі алыңдар! Бұл кластағы сабақтастар мұндай бұзақыларына жол бермейді, тәртіп бөліміне өз уақытында мәлімдеп тұрады!...

- Ие, мәлімдейміз деп мүйізіміз қарағайдай болды! -деп қалды Шақан. Оның уыты Салықтың аузынан атылды.

- Жетістіргенсің!

Сыртымыздан аңдып тұрған ханзу банжаңдар тымтіне қарағанымен оның кім екенін айыра алмай қалды да, меңгеруші өз сөзін жалғастыра түсті.

- Олар өз араларындағы мәселелерді әшкерелеуші де, өздерін өздері түзетуші де болып келеді. Бүгін мен мектеп атынан қырық бесінші класқа ауыз сыйлығын жариялаймын!...

Тәртіп меңгеруші бізді осылай «жарылқап» тұрғанда «сәяпыл» желі үдеп, дауылға айнала бастаған. Үкімі жарияланып болса да, әлі қол көтеріп тұрған үш қылмыстыны өз орындарына зекіре қайтарып, жалпымызға асыға бұйырды:

- Бірің қалмай дереу мектеп алаңына барып, сапқа тұрыңдар! Дауыл қатайды, ту түсіреміз!... Жиесан1...

Дуылдай ағытылдық та енді мектеп алаңына барып тізілуге жөнелдік. Ұйғыр сабақтастардың шырайы іштегі ызаның дауылымен әлем-тапырық болып бұзылған екен. Бірнешеуі бізді кекетіп келе жатты.

- Нәмунашы2 сынып болып сайландыңдар, ә! -деді бірі маған. Ұзын бойлы, қырма сақал Юсуп Қасым атты құлжалық жігіт ашуын бізден қайтарғысы келгендей ашық өштесе тиісті:

- Бұ қоңқабайлар ауызша сыйлықты алтын тәж деп түсінетін шығар!

- Әрине, - деп қос бүйірімді таяна қойдым. Ашумен ширыға қалғанымды қасымдағы Қуат пен Өмірбек сезіп қарай қалды. - Бізге енді алтын тәж дегенің қиын ба, әр күні өзара соғысқанымыз үшін ғана ауызбен сыйлаған тәртіп меңгерушісі бірімізді біріміз ұрып өлтірсек, алтын тәжбен сыйлай алмай ма?!... Жүз тышқан сойып той қылып та берер!

Юсуп Қасым бұл сөзіме қатты күлді де қолтығымнан ұстай алды.

- Міне, енді түсіністік! -деп бәсеңдей сабақтады сөзін. - «Жұңхуа Минго» дегеннің не екенін білмей жүріппін. Албастының орнына албасты қоныпты емес пе!... «Мың гуй1» дейді тағы да! Бір албастыдан әрең құтылсақ мың албасты басты деші!...

Бұл сөзіне қарқылдай күлістік. Барлық өшімізді осы сөз қайтарғандай, Юсуп Қасымға сүйіне күлдік. Қатты дауылға қарсы келе жатқанымызды да, тіпті, ту бағанасының түбіне жеткенімізді де сезбей күліппіз.

- Бізге ханзу сабақтастарды өш қылып қойған да осы гөйлер! - деп Юсуп Қасым өз орнына кетті. Қатарлас тізілген басқа клас оқушылары бұл күлкімізді жаратпағандай, бізге қарап мұрындарын тыжырып қояды.

- Сыйланғандықтарың қойындарыңа симай тұр ғой, ә?- деп кекетті біреуі. Оған Қуат жауап қайырды:

- Жоқ, шырағым, біздің қойнымызға ауыз сыйлығы ғана емес, неше жүздеген арам таяқ та сиған!

- Әмірқанды іздеп Құдайдан келген елші тышқанды жеп қоя жаздағанымызға күлдік!- деді Өмірбек.

- Әмірқанның дәлелдемесін қазақ кластары түгел естіген екен. Жабыла күлісті бұл сөзге. Қатарымыздың төменгі шетінен Әмірқанның дауысы шаңқылдады:

- Жоқ, менің тышқаным қазанға түспейді, ол жатақханада ғой!

- Е, сенің шометайыңа дәлдеп түскен «елші», аңырайған қазанға түсе алмай ма!- деген Тілеуқан сөзіне қарқылдай күліп едік, Әмірқан қызарақтай жауап қайырды.

- Қазанға түскен тіпті де менің тышқаным емес, аспаздың тышқаны!... Пысырған тышқанын жемедің деген ашумен жазалап жатпай ма!

Кішілігі мен өткірлігі үшін Әмірқанды қазақ оқушылар түгел еркелетуші еді. Оның қадала түсетін тікен сөзін ешкім кек сақтамай, қызықтап күлетін. Бұл сөзін де қузастырған ешкім бола қоймады.

Ту түсіру үшін сап түзеу командасы берілді. Отыз метрдей биік бағана басында тұрған көк шеке «гоминдан қызыл» дауылға шабынғандай, құйрығымен екі «санын» шарт-шұрт сабалап, үздіксіз жұлқынып тұр еді. Тәртіп меңгерушісі мектептің бірнеше қызметкерін ерте келіп, алдымызға тізілісімен «Санминжуий» өлеңін бастадық. Ту тез түссін дегендей, боз бораннан асырып-ақ боздатып едік, тосын бір сәтсіздікке ұшыраған соң, «қозылатып» соза түсуге тура келді.

Екі оқушы саумалай сусытып түсіретін арқанның екі ұшын бағана түбінен шеше бергенде, туды қатты жел қағып ала жөнеліп, ық жақтағы электр бағанасының басына жаба салды. Бірнеше оқушы жүгіріп барып, созылып жатқан арқаннан тартып еді, түспеді; ту  дал болмай бағанадан ажырар емес, жел күшімен бағана басына орала жабысты. Түсіремін деп ұшырып алған ханзу сабақтастың бірі өрмелеп шығып барып ажырату үшін бағананы құшақтай бергенде, тәртіп меңгеруші ақырып, ақ қолғапты қолын шайқады, мұнысы бағанаға «шықпа!» дегені еді. Артына бұрыла қарап, әлде кімді көз қыдырта іздеп тапты да:

- Сен шық! - деді тышқан әшкерелеуші қылмыстыға, - міне, сенің кешірім алатын орайың келді, жыртпай түсір! Маңайындағылардың «шоқпа, шоқпа» дегенін тыңдамады «қылмысты», үлкен күнәдан «оңай құтқаратын бағанаға» қарай тұра жүгірді. Біз тіксіне қалдық. Басындағы он неше қатар электр сымы қатты желден айдаһарша ысқырып тұр.

- Тоқты ахұн дар ойынына машықтанған, мұндай бағанаға шығу оған сөз емес!- деді бір ұйғыр сабақтас.

Тоқты ахұн расында да ағашқа шығуға аса епті, машықты екенін көрсетті. Жеп-жеңіл өрлеп, электр сымына жете кідірді де, жерде тұрғандардан таяқ сұрады. Туды сонымен түртіп ажыратпақ сияқты. Меңгеруші бағана түбіне жетіп барып, қолындағы жаза таяғын лақтырды. Бір қолымен қағып алған Тоқты, туға қанша созса да, қысқа таяқ жетер емес.

- Түс, түс, түсіп кет!

- Тоқ тартып кетеді, түс!- десіп бірнешеу қатар айғайлады.

Тоқты ахұн өрлей түсті. Төменгі қатар сымнан сәл асыңқыраған басын қайқайта алыстатып алып, қолын тағы созып еді, таяқ толық жетсе де, қатты жел жабыстырып тұрған үлкен ту бағана басынан ажырамай қойды. Бір қолының қарымы жетпеген сайын ышқынды Тоқты. Электр сымдары да ышқына түсті, аш бөріше шулап, айдаһардай жұтынып тұр.

«Түс, түс!» деп көпшілік те шу көтерді. Батыс жақтағы қызыл тауға «еңкейген» күн мұнарлана түсті. Айғайлай ұмтылды Юсуп Қасым:

- Тоқтай тұр, мен де шығайын. Иығыма аяғыңды...

Бұл сөз айтылып болғанша Тоқтының бағананы қысып тұрған екі аяғы тайып кеп кетті. Таяқты тастай сап, бағананы құшақтай бергенде жақындай қалған маңдайдан сап ете түсті тоқ сымы, тартып жабыстырып ала қойды. Бағанадан аяқ та, қол да ажырап, сымға лездік қана асылғанда жауырынынан көк жалын бұрқ ете түскендей болды. «Жанды» әпсәтте суырып алып, тастап кеп жіберді денесін.

Қатты жерге түсірмеуге жапырлай ұмтылған сабақтастарының үстіне түссе де, «қылмысты» сылқ түсіп, иегін жалғыз-ақ қақты, «қылмысын» осылай жуып, «дагодан» осылай құтылғанын, біржолата мәңгіге құтылғанын қол-аяғы мен мойнының сылқылдауынан көрдік.

Бүкіл алаң «Алла-Аллалап» кетіп еді, «А... ла...» деп жымиды меңгеруші ең соңынан. Жымия қалды да жия қойды аузын. Бір адамды өлтіріп тұрып айтқан мына мазағына көпшілік атыла қарады. Жүздеген көз, ыржиып барып жиылған сол салпы ерінге төніп еді. Көпшіліктің көзінен секем алған ол:

- Дайфу ...Дайфу1- деп айғай сала жөнелді. Мұнысы дәрігер іздеу емес, көпе-көрнеу қашу екен, соңынан қуа жүгірді бір топ ұйғыр сабақтас; меңгеруші емханаға емес, тұп-тура мектеп бастығының кеңсесіне жүгіре кіріп, есікті қатты жауып алды.

Зәмбіл тауып әкеліп, мәйітті жатқызған ұлттық оқушылар сол «табыттың» артынан шұбаған беті мектеп кеңсесінің алдына жиылды. Үн-түнсіз тұнжырасып, терезелерге төністі.

- Ішінен іліп алыпты!- деп алдымен келген сабақтастар есікті ұрғылап тұр.

- Бұзыңдар!

- Аш, есікті!

- Шақ! ... қират!

- Асханадан балта әкел!- деген ашулы үндер сапырылысты бір мезетте. Тәртіп меңгерушісінің қорқып тығылғанын білген соң көпшілік шулай түсті. Бірақ, қимыл жасаған ешкім жоқ. Біздің кластағылардан тіпті оларға үн қосқан да ешкім болмады. Қолдарымызды қусырып, жым-жырт тұрмыз. Аңди қарасып қоямыз бір-бірімізге...

Сөйтіп тұрғанымызда қақпадан едел-жедел екі жеңіл машина келіп кірді. Меңгерушінің кеңседе отырып соққан телефоны бойынша оқу-ағарту меңгермесінен келген ыңғай ханзу бастықтар екен. Кеңсе есігінің алдында жатқан өлікке тыжырына-тыжырына қарасты да, жым-жырт қарап тұрған көп оқушыны көз қырларымен бір-бір шолып, күңк-күңк, сөйлесіп қалды.

- Бұл неден өлді? -деп сұрады бірі көпшіліктен. Оқушылар жапа-тармағай жауап қайырды:

- Тоқ соқты!

- Осы қатты желде электр бағанасына меңгеруші зорлап шығарды!...

- А.. а.. ешкім ұрып өлтірмеген ғой, тараңдар! -деп бұйырды әлгі бастық сес көрсетіп, кердие қалды енді. - Өлікті өз жатақханасының алдына апарып қоя тұрыңдар, тексереміз!

Көпшілік арасынан, кім екені белгісіз, бір ұйғырдың қатал үні шыға салып өшті.

- Тарамаңдар!

- Кім? Кім?- десіп үңірейе қарады бастықтар, көпшіліктің қаймығып тұрғанын ешкімнің қайталап үн қатпауынан сезген әлгі бастық одан әрі кердие, қатқыл үнмен сөйледі:

- Тараңдар!... мәселені мектеп бастықтарымен, оқытушылармен сөйлесіп шешеміз!... Сұраймыз, тексереміз, қайтыңдар!

- Олар білмейді!- деп қалды тағы бір оқушы. Екінші, үшінші, төртінші үндер бөлісіп алғандай үзіп-үзіп, ханзуша ең қысқа сөзбен жалғастырды талаптарын.

- Біз көрдік!

- Біз білеміз!

- Меңгеруші әдейі өлтірді!

- Шықсын өзі!

Бастықтардың көздері тышқан аңдыған мысықтың көзінше қанша ойнақши төнгенмен сол үндер кім-кімнен шыққанын тап баса алмай қалды.

Бекітілген кеңсесінде мүдірдің өзі де бар екен. Қатты қайғырған адамша зілдей салмақпен шықты есіктен. Сырттан келгендермен қол алысты да, оқушыларға үзілердей бәсең үнмен «жыламсырай» тұрып сөйледі:

- Сабақтастар, бүгін біздің ең жақсы бір сабақтасымызды тоқ соғып өлтіріпті. Тәртіп меңгерушісінен жаңа естіп, анықтап сұрап шықтым, ілініп қалған туды бағанадан түсіруге шығарған - тәртіп меңгерушісінің өзі екен. Қапыда қалыпты, қатты өкінеді. Бұл сабақтастың күштілігіне, ептілігіне сеніп айтқан екен, өздігінен елпек қағып жүгіре жөнеліпті. Бұл - отанды, үкіметті, көпшілікті шын жүрегімен сүйе білген ең қадірлі сабақтас!... Жерлеуге өз класындағы сабақтастары жетеді, дайындық көре берсін. Бар қаражаты мектептің қазына бөлімінен шығарылады. Тәртіп меңгерушісінің кемшілігін тиісті орындармен сөйлесіп шешеміз! Ұстаздар шешім ететін іске оқушылар араласпауға тиісті, ал, тараңдар!

Кәрі жәдігөйдің «жылы-жұмсақ» сөзіне оқушылардың бірсыпырасы жұмсарғандай, үнсіз тараса берді де, азырақ бөлегі бір-біріне қарасып тұрып қалды. Мен де бұрыла беріп, ойланып тоқтадым: «бұл «қадірменділікпен» емес, қастықпен өлтірілді ғой. Қылмысыңнан арыл деп шығарды ғой, арылатын қылмысы не еді сонда, тамақ ішінен тышқанды алып тастағаны ма?»

- Меңгерушінің «кемшілігі» емес, зор қылмысы тергелсін!- деп, топтың арт жағында тұрған біреу зекіп қалды. Шеттей тұрған тағы бір ұйғыр жігіт анықтай қостады оны:

- Меңгеруші бүгін кісі өлтіріп отыр, бұл «кемшілік» қана ма?!

- Дереу жазалансын! -деп шу ете түсті бірнешеуі.

Бастықтар өзара бір-бір қарасып қойды да, сөзді алдыңғы кердие сөйлеген бастық алды:

- Сабақтастар, пікірлерің болса, жазып беріңдер, ұстаз алдында оқушылардың бұлай сөйлеуі тәртіптілік емес. Шяужаңдарың айтты ғой, тараңдар, Жұңхуа Минго үкіметінің заңы мұндай істі аяқсыз қалдырмайды!

Бұдан соң оқушылар жағынан қарсы сөз шықпады. Өзді-өз кластарымызға тарадық. Сонан соң мектептегі жалпы ұйғыр оқушылар бірлесіп арыз жазды. Ол арызда мектептегі қазақ, моңғол сабақтастарды да айғақ-куә тартқан сөз бар екен. Бірақ, біздің ешқайсынымызды ешкім шақырып сұрай қоймады. Ертеңінде жерлеу салтына әр кластың ең-ең момын жандарынан таңдап шақырғандықтан Оралқан бас төрт-бес сабақтасымыз ғана қатынаса алды.

«Жұңхуа Минго үкіметінің заңына» мұнан соң да құлақ түріп жүрдік. Біздің кішкене Әмірқан тіпті сағат ара демалыстарда да жүгіріп шяужаң кеңсесінің алдында тұрып-тұрып қайтып жүрді. «Шындығын іздесе мендей бала ақымақтан сұрамай ма?» деп, тілі жететін Ақылбайды оның тақымдап тұрғанын көреміз. Бірақ, іздеген, сұраған ешкім болмады.

Ұйғыр сабақтастар топталып бір барғанда: «арыздарыңды жоғарыға жолдадық» деп қана жүре беріпті шяужаң.

Тоқты Самат жерленген соң біздің күткен сұраушы-анықтаушымыз үмітіміздің керісінше жылтыңдай қалды: Ол - өзіміздің Кәмен. Біздің әрқайсысымызбен жеке-жеке сөйлесіп, «меңгеруші жазалансын» деп талап қоюшылардың аттарын сұрастырды. «Меңгеруші бүгін кісі өлтіріп отыр» деп ашық сөйлеген оқушыдан басқасының кім екенін таба алмай жүріпті.

Бір елеусіз сәтін тауып менен де сұрай қалды.

- Сені мен менен басқасының бәрі сондай талап қойған!- дедім мен. - Оны қайтпексің?

- Мен досыңмын ғой,- деп жуып-шайды Кәмен, - сені сақтандыру үшін сөз етіп тұрмын. Әнеу күнгі өлімде артта қалып талап қоюшылардың ішінде сен де бар екенсің, сонда кім-кімнің сөйлегенін сен көргенсің.

- Сен өзің де тұр едің ғой сонда?

- Мен әншейін тұрғанмын, кім сөйлегеніне зер салмаппын.

- Ұзын құлақ сен «әншейін» тұрғанда, шүлдір шұнақ мен қалай естімекпін?

«Ұры арты қуыс», Кәменнің топырақ сары жүзі қызғылт тартты.

- Досым, тілің бұрыштай екен өзіңнің, ұзын құлақ боп не қыппын?

- Құлағың менен гөрі естігіштеу дегенім ғой, ол жерде кімнің не деп тұрғанымен шаруам болмапты.

- Меңгеруші туралы сөйлеуден сақтан,- деді Кәмен қамқорсып, -сол өлім жөнін меңгерушіге артушылар ханзу сабақтастар арасында да бар екен. Ондайларға тұрмыс тексерту жиынында қатты сын айтып, ескерту беріп жатыр. Егер тағы қайталаса жаза қолданылатындығын айтты...

Кәменнің бұл хабарының шындығын ханзу тілі класында оқып жүрген Асылқаннан сұрап анықтадым: Тоқты Саматтың өліміне меңгеруші жауапкер екендігін дәлелдеп, шяужаңға пікір жазған ханзу сабақтастар, өз араларында қатты сындалыпты да, олардың ұйғыр, қазақ оқушыларымен байланысы шектеліпті. Бұдан кейін ондай сөз шығарғандарына «ұлттар ынтымағын бүлдіруші» ретінде «үлкен күнә» жазылатындығы ескертіліпті.

Сөйтіп, бұл өлім жөніндегі сөздерге үш-төрт күн ішінде-ақ тиым салынды да, меңгеруші шарқ ұрып, бұрынғы әуеніне баса берді. Кәмен сияқтылардың мені сақтау үшін емес, әділ талаптарды тиып, меңгерушіні сақтау үшін зор міндет өтегенін сол тәртіп меңгерушінің бұрынғысынан бетер шақылдауынан түсіндік.

Дүйсенбі күндері ашылатын «Сун Жуңшанды еске түсіру» жиынының бірінде меңгерушінің құдіреті тіпті ашық көрінді.

Гоминданның партия туы мен мемлекет туы арасына ілінген Сун Жуңшан суретіне бес минут бас иіп, аза білдірісімізбен «Зұңли өсиетін»1 меңгеруші бастап оқытты. Дағдыда оны шяужаң өзі бастап, мектеп қарауындағы барлық адам еріп оқитын. Бұл жолы шяужаң өз орнын әдейі беріп тұр екен. Меңгеруші өсиетті бір сөйлемнен айтып оқытып шықты да артына қайрыла сала жанқалтасынан «мектеп басқармасының ерекше қарарын» шығарды: екі ұйғыр сабақтастың «мектеп тәртібін үздіксіз бұзып» бағынбай келгендігі, мектеп тәрбиешілеріне «шабуыл жасауға дейін жеткендігі», сол үшін мектептен қуылғандығы жазылыпты. Оқу-ағарту меңгермесінің бұл жөніндегі бекітуін де оқыды.

«Екі бұзақының» кім екенін айыра алмай тұрғанымызда айдала жөнелді, Кәмен іздеп жүрген «көп бұзақының» екеуі екен. Бірі, «меңгерушінің қылмысы тергелсін» деген «бұзақы» екен. «Дереу жазалансын» деп шу көтерген «қарақшылардың» тамыры көп болып, қарымы жетпегендігінен бе, әлде, мезет-мерзімі жетпегендігінен бе, әйтеуір, оларға балта тимепті...

Жиын тарасымен ұйғыр сабақтастар өздіктерінен үн-түнсіз тізілді де, қақпадан шыға жөнелді. Бір сағаттан соң қайтып келгенде естісек, оқу-ағарту меңгермесіне арыз айта барыпты да, жаппай жылап жабыла шулап тұрып «тексерейік, сөзсіз тексерейік» деген жауабын әрең алып қайтыпты.

Сол тексерудің нәтижесі ілбігеннен ілбіп зорға жетті бізге: меңгерушіге «даго» әрең жазылыпты. Бірақ сол жазалануына сенер-сенбесіміз белгісіз күйінде қалдық. Сенбейік десек, оқытушылар мен тілмаштарды түгел жиып, меңгерме бастығы жариялапты, сенейік десек, жазаланушымыз жалаңдаған семсер күйінде сақталды.

 

Әділетті тергеушім, осы өлтірілген қылмысты мен мектептен айдалған екі бұзақы жерлік жағынан болмаса да, елдік жағынан сіздің ағаларыңыз еді. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, бұл үшеуінің бұлай жазалануына сіздің бүйрегіңіз, әрине, бүлк етпеген шығар. Сізше болғанда, бұларға ең кеңшілік саясат қолданылған да, өте жеңіл жаза берілген ғой.

Бұл оқиғада сіздер сүйіне қуаттайтын, біз қылмыстылар қауымы «суайт сенім» деп даттайтын тағы бір үлгілі дәстүр бар. Яғни құқықты кісі нені қылмыс деп жарияласа, бағынышты пенделер соны қылмыс деп мойындай беруі, сол қылмысынан неғұрлым тез арылып, адалануы қажет. Тоқты Самат қылмыстан қалай адаланды?! Қылмыс түгіл өз өмірінен де адаланбады ма, неткен қаһармандық!... Мархұмның жаны жәннәтта-ақ шығар-ау! Оған адалану орайын тауып бере қойған тәртіп меңгеруші неткен рахымды жан, шаһитке балаған шяужаң қалай әділ еді!

Сіздің бұл жолғы үкімдердің біреуіне ғана наразы екендігіңізге дауым жоқ, ол төртіншіге шығарылған үкім. Меңгерушінің кісі өлтірген «кемшілігі» Тоқты Саматтың тамақтан тышқан алып тастау сипатты зор қылмысына астар бола алар ма? Екеуіне бірдей «даго» жазылғаны неткені?!...

Сол жерде өзіңіз болсаңыз әлгі бұзақылардың нақ кері төңкерісші шайка екендігін бақалшағын шағып отырып мойындатар, мойындарын үзе салар едіңіз ғой!... «Меңгеруші жазалансын» деп шулаған сол топтың арасында менің де бар екенім айтылып кетті, игіліктің ерте-кеші жоқ, сол қылмысым үшін, міне мойным!

 

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


1 Гаңпан (қытайша) - «Құрғақ тамақ» дегені. Құба-құрғақ бөрттірілген күріш.

2 Мелли (ұйғырша) - ұлттық.

3 Сыңку, иерын (ханзуша) - мал, хайуан, жабайы адам.

1 Туфи (ханзуша) - банды, қарақшы.

[1] Жяугуан (ханзуша) - әскери оқытушы

1 уаңбадан (ханзуша) - тасбақа жұмыртқасы (өз тілінде ауыр иянат сөз). Оңбаған, жексұрн, сұмпайы сияқты ауыспалы мағынада қолданылады

2 Даго (ханзуша) - үлкен күнә. Үш үлкен күнә жазылған оқушы мектептен қуылады.

1 Хуайдан (ханзуша) - шіріген жұмыртқа, бұл арада иянат сөз.

1 Жиесан (ханзуша) - таралу (тізілген саптан, жиыннан тарау бұйрығы).

2 Нәмунашы (ұйғырша) - Үлгілі.

1 Гүй (қытайша) - албасты. Жерлік халықтың менгоны - «мыңгүй» деп атап жүргені - тілдегені екен.

 

1 Дайфу (ханзуша) - дәрігер, емші.

1 Сун Жуңшан өсиеті осылай аталатын.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1983
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2376
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1946
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1571