Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2565 0 пікір 3 Сәуір, 2012 сағат 09:55

20 миллионға жетудің жолы бар ма?

Біз, 2020 жылы да 20 миллионға жетпейтін болдық. Кеше Парламент алдында есеп берген Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов осындай көңілсіз мәлімдеме жасады. Ғалымдар Қазақстан тұрғындарының қатары елеулі өсіп жатқандығын анықтапты. Бір қуантарлығы, бұл бақуатты Қазақ еліне қаптап қоныстанушы мигранттардың емес, негізінен, халқымыздың өзінің табиғи өсімінің есебінен болып отыр екен. Ал бір қынжылтарлығы, соның өзінде, СтатАгенттіктің есептеуінше, қазақстандықтардың саны 7 жылдан кейін 18,7 миллионға әзер жетпек.

Біз, 2020 жылы да 20 миллионға жетпейтін болдық. Кеше Парламент алдында есеп берген Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов осындай көңілсіз мәлімдеме жасады. Ғалымдар Қазақстан тұрғындарының қатары елеулі өсіп жатқандығын анықтапты. Бір қуантарлығы, бұл бақуатты Қазақ еліне қаптап қоныстанушы мигранттардың емес, негізінен, халқымыздың өзінің табиғи өсімінің есебінен болып отыр екен. Ал бір қынжылтарлығы, соның өзінде, СтатАгенттіктің есептеуінше, қазақстандықтардың саны 7 жылдан кейін 18,7 миллионға әзер жетпек.

Әрине, бұл - статистердің болжамы ғана. Алла бұйыртса, қазақтың басы жеті жыл ішінде үш миллионнан астамға өсіп, жиырмадан да асып жығылуы ғажап емес. Ұлы даламыз талай ғажайыптарға куә болған. Оның үстіне, мемлекет те ана мен бала өлім-жітімін азайту жолында жан салуда. Бұған қоса, қазақстандықтардың өмір жасын ұзартсақ, бұл - қосымша миллионды берер ме еді?! Қазақстан көшбасшысы Н.Назарбаев 2020 жылға қарай өмір сүрудің орташа ұзақтығын 72 жасқа жеткізу міндетін қойған көрінеді. Әзірге, былтырғы қыркүйекте «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген оты-рысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлімдегеніндей, Қазақстанда өмір сүрудің орташа ұзақтығы екі жылда өсіп, енді 68,4 жасты құраған. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш небары 63 жастан аспайтын. Егер тарихқа үңілер болсақ, қазақстандықтардың ең жоғары өмір сүру ұзақтығы 1990 жылы тіркеліпті (68,7 жас).

Сонымен, бүгінде халқымыздың саны 16 миллион 675 мың адамға жетіп отыр. 2000 жылдың деректерімен салыстырғанда, қазақстандықтардың қатары 10,6%-ға артыпты. Яғни он жылдан астам уақытта он пайыздан сәл астамға ғана ұлғайған. Статистер «Қазақстан тұрғындарының саны жыл сайын шамамен 200 мыңдық қарқынмен өседі» деген болжамды осы мәліметке сүйене отырып, есептеген екен. Әйткенмен, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара берсе, жағдайын жасаса, ынталандырса, ырза етсе, құрсағы алтын аналарымыздың етегінен бала сауламас па?!

Десек те, ел Үкіметі әлі де ескеруі қажет мәселелер жетерлік. Мәселен, кейбір сарапшылар шенеуніктердің кедейшілік шегін ең төмен деңгейде жасанды ұстап тұрғандығы жөнінде пікір айтады. Кеше мемлекеттің бас статисі, Қазақстанда «тақыр кедей» деп, айлық табысы 13 мың теңгеден аспайтындар ғана аталатындығын жеткізді: «Әрбір елде кедейшіліктің ұлттық шегі деген бар, - деді Ә.Смайылов, - Қазақстанда ол 13 487 теңгені құрайды. Ресейде бұл көрсеткіш екі есе жоғары. Қырғызстанда - 11 мың теңгедей». Сонымен, бір уақытта, бар іс қаржыға келіп тірелетін қазіргі заманда республикамызда 20 мың теңгеге де өмір сүру қиын екендігі құпия емес. Бірақ кедейшілік шегі 20 мыңға көтерілсе, кедейлер саны артып шыға келмек. Осыдан үрейленген Үкі-меттің оған баруы неғайбіл. Ал жақсы көрсеткіш - жан семіртеді. Әрине, шенеуніктердің жанын!

«Бізде кедейшілік деңгейі жыл сайын төмендеуде, - деп мәлімдеді СтатАгенттік төрағасы Ә.Смайылов, - 2001 жылмен салыстырғанда, 7 есе, 2006 жылға қарағанда - 3 есе төмендеді!» Рас, ол ауылдағы кедейшілік деңгейін қаланікімен салыстыруға да болмайтындығын, оның үстіне өңірлер арасында да «үлкен айырмашылық» барлығын мойындады. Ауылда кедейлер қатары, қалаға қарағанда, 3 есе көп көрінеді, ал өңірлер арасындағы кедейшілік деңгейіндегі айырмашылықтар 5 есеге дейін жетеді екен.

- Сонымен бірге оңды өзгерістер байқалуда, - деп елең еткізді Әлихан Смайылов. - Қор коэффициенті деген бар: елдің ең бай 10 және ең кедей 10 адамының табысы салыстырылады. Соңғы онжылдықта бұлардың аражігі 1,5 есе төмендеді. Бұл азаматтарымыздың әл-ауқаты жақсарып келе жатқандығын көрсетеді.

Өкінішке қарай, Агенттік төрағасы Қазақстандағы ең бай он адамның кімдер екендігін айтпай қойды. Бір жағынан, осы статистиканың дәлдігіне күмән келтіру де кінә емес: азаматтардың табыстары мен мүліктерін жаппай декларациялау жүргізілмейтін елде ең бай он адамды нақты анықтау - беймүмкін емес пе? Елімізде байлар өз дәулетін көздің сұғынан қорғап, жасыратыны бар. Декларация тапсыратын шенділер мал-мүлкін туғанының атына тіркейді. Бұл «жаман әдетті» тыю үшін мемлекет Қазақстанда табыстарды жаппай декларациялауды алдағы 2013 жылы ендіруді жоспарлаған. Дегенмен шын мәнінде, ол 2017 жылы ғана «өмірге жолдама алады» деген Қаржы министрлігінің ақпары бар.

Айқын да нақты статистикаға деген қажеттіліктің өтелмей отырғандығына заң шығарушы билік те кеше атқарушы биліктің назарын аударды. «Қолда қанша астық, мал басы және құстың бар екендігі, сондай-ақ ауаға шығарылатын ластаушы заттар, жұмыспен қамту, қазақстандықтардың кірістері мен кедейшілігі, өмір сүру деңгейі бойынша дәл статистикалық деректер сайлаушылардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр» деді Мәжіліс атынан қосымша баяндама жасаған палатаның Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов. Мұның сыртында ол Үдемелі индустрияландыру бойынша, Кеден одағы елдерімен өзара сауданың ағымдағы көлемі, ДСҰ-ға кіру туралы шынайы ақпараттық-статистикалық мәліметтермен қамтамасыз етуде қажеттілік барлығын жасырмады. Сондықтан депутаттар Агенттіктің барлық мемлекеттік және салалық бағдар-ламалардың орындалуы, олардың көрсеткіштері мен индикаторлары туралы мәліметтерді әзірлеуі және оларды «Талдау» жүйесіне енгізуі қажеттігін айтты.

Бір атап өтер жайт, жыл сайынғы инфляция туралы ресми мәліметтерге қарапайым бұқара түгіл, депутаттар да шүбә келтіреді екен. «Азаматтар, әсіресе, азық-түлік пен тұтыну бағасының тоқтаусыз өсуін сезетін халықтың осал топтары: «инфляция деңгейінің өзгеруі нарықтағы шынайы бағаға неге сәйкес келмейді?» деген сұрақты жиі қояды, - деді депутат Сейітсұлтан Әйімбетов. - Мәселен,статистиканың деректері бойынша, егер 2011 жылғы тамызда жылдық инфляция 9 пайызды құраса, ағымдағы жылдың ақпан айының соңында ол 4,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Яғни инфляция 2 есеге дерлік азайды. Бұл ретте тұтыну тауарлары мен қызметтер көрсету бағалары, неге екені белгісіз, республикада төмендемей, тіпті жекелеген аудандарда керісінше, едәуір өсуде».

Қалаулылар қазақстандық статистердің ісінің бір кемшілігін көзге түртіп көрсетті. Мәселен, олар салалық ведомстволардағы шенеуніктердің ұсынған ақпарларына сүйеніп, статистика түзеді. Сондықтан кешегі жиын қорытындысында Парламент «республиканың шынайы әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсететін экономика секторлары бойынша нақты цифрларды алу үшін статистика органдары ең алдымен, тәуелсіз сарапшыларды, алдыңғы қатарлы ғылыми кадрларды, жаңа инновациялық технологияларды тартуға тиіс» деген ұсыным білдірді.

Әйтпесе басқа мекеменің теріс ақпары үшін осы агенттіктің таяқ жейтін кездері бар. Мәселен, кеше депутат М.Тінікеев статорган басшысына кәрін төгіп, оны шахтаға «қуды». «Шахтер-регрессниктер» бойынша сендердің Қарағанды облысы бойынша статкомитеттерің мынадай деректер береді: тау-қазу машинисінің орташа жалақысы - 87 мың, тіреуші-крепильщик - 52 мың, үңгуші-проходчик - 94 мың. Олардың алатыны ең кем дегенде - 200 мың. Ондай сандарды сендер осы байғұс мүгедектерге әлеуметтік төлемдерді аз төлеу үшін әдейі көрсетесіңдер!» деп шүйлікті қалаулы. Әлихан Смайылов нақты кәсіпорын жіберген статесептерді көтеруге уәде беріп құтылмақ болған. Бірақ бұған қанағаттанбаған Мұхтар Тінікеев оған, қызметкерлерін ертіп, шахтаға баруды, әлгі адамдардың қандай жағдайда жұмыс жасайтындығын көруді ұсынды.

Айхан ШӘРІП

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1435
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1278
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1037
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1089