Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2744 0 пікір 3 Сәуір, 2012 сағат 08:53

Мұнайдар Балмолда. Орысша жазатын Орал қаласы әкімінің ойында не бар?..

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында ресми мәліметке сүйенсек, 240-тан астам жарнама билборд бар көрінеді. Үстіміздегі жылдың басында (24.01.2012)  қала әкімі қызметіне кіріскен Болат Шәкімов осы жарнама біткенге «жаудай тиіп» соңғы екі-үш жылда орнатылған дүниені екі-ақ аптаның ішінде тып-типыл қылды. Оның ішінде қала көшелерінің бойын жағалай орнатылған халқымыздың даңқты тарихи тұлғалары: Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Ғарифолла Құрманғалиев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Төле би, Қадыр Мырза Әли, Ақұштап Бақтыгереева тағы да басқа толып жатқан айтулыларымыздың бейнесі мен мазмұнды қанатты сөздері көзден бұл-бұл ұшты.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында ресми мәліметке сүйенсек, 240-тан астам жарнама билборд бар көрінеді. Үстіміздегі жылдың басында (24.01.2012)  қала әкімі қызметіне кіріскен Болат Шәкімов осы жарнама біткенге «жаудай тиіп» соңғы екі-үш жылда орнатылған дүниені екі-ақ аптаның ішінде тып-типыл қылды. Оның ішінде қала көшелерінің бойын жағалай орнатылған халқымыздың даңқты тарихи тұлғалары: Исатай, Махамбет, Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Ғарифолла Құрманғалиев, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Төле би, Қадыр Мырза Әли, Ақұштап Бақтыгереева тағы да басқа толып жатқан айтулыларымыздың бейнесі мен мазмұнды қанатты сөздері көзден бұл-бұл ұшты.

Қала сәулетіне жауап беретін архитектура бөлімі мамандары бұл біткен істі: «Заман талабына сәйкестендіріп, адам өміріне қауіп төндірмейтіндей етіп, қайтадан салуды жоспарлап отырмыз, жаңа жарнамалар сити форматта болады, ол дегеніңіз арнайы сәулелендіру әдісі» деп ақпарат таратып үлгерді.  Біз түсіндік, бек жақсы түсіндік. Шыныменде жолдың бойындағы қолақпандай билбордтардың орнына шағын, дизайыны келісті, әдемі жаранамалар қойылса, қала көркі кіріп қалар еді деген ойға біз де қосыламыз. Және әкімнің бұл ісін қызу қолдаймыз. Бірақ, бірақ ұлтқа ұран болған ата-бабаларымыздың рухқа, тілге, өнер мен мәдениетке қатысты айтқан сөздері сол жаңа жарнамаларда қайтадан орын таба ма, жоқ па, бізді осы арасы алаңдатады. Ұлыларымыздың даңғарадай бейнесі жоғалған соң ба, қала біртүрлі «орыстанып», «рухсызданып» бара жатқандай көңілді шошытады екен. Арты қайыр болса, әкім сөзінде тұрып, жаңартса жарады. Ал әлдеқалай бұл тосын бастама қазақ зиялыларының бейнесі мен айтқан сөздерін құртудың айла-шарғысы болса, онда іс оңбады...

Қазір қала бойынша бүкіл билбордтар алынып бітті деуге болар. Әйтеуір орталық көшелердегісі ізім-ғайым болған. Қала әкімі отырған ғимараттың артқы жағындағы Қасым Аманжолов атындағы көшеде ұлтымыздың айбоз ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ» деген сөзі қазақ және орыс тілінде жазылып, ақынның суреті де берілген. Бұл сөз қалтарыста тұрғандықтан ба, әйтеуір суретін түсіріп үлгердік. Міне, осындай қазақстандық ұл-қыздың ой-санасына тамыздық болар сөздердің біз қайтадан қала көшелерінен орын алуын қалаймыз. Бір қарағанда ондай жарнамалар елеусіз сияқты көрінгенмен, балаға, жастарға, жалпы адамға берері мол. Баламызды жетектеп бара жатқанда: «Әке, мына суреттегі Махамбет батыр ғой, дә?» деп сұрақ қоюы, оған сенің жауап қатуың әке мен бала арасын, кеше мен бүгіннің арасын байланыстыруға бір сеп. Және бұл рух мәселесі.

Орал қаласының әкімі Болат Шәкімов Қазақстанның емес, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, былтырғы жылдың желтоқсанында Мәскеуде Ресей жазушылар үйінде «Что там за далью?» деген кітабының тұсаукесері өтіп, орыс зиялылары: «Қатарымызға жаңа талант қосылды» деп жаңа жазушының атына ойдай-ойдай жылы сөз айтып, облыстық бұқаралық ақпарат құралдары оны жылдың жақсы жаңалығындай қылып бірнеше күн жалаулатты. Мұны неге қыстырдық? Әкімнің жазушылығына дауымыз жоқ, жаза берсін, аты асқақтасын, бірақ өзіне емес, өзгеге, турасы орысқа бүйрегінің бұрыңқырауының салқыны оның жаңа басталып жатқан әкімдік қызметіне ықпал етпес пе екен деген ой-күмән іште жоқ емес. Оны  жасырып қала алмадық.

Болат көкеміз Бөрлі ауданына әкім болып тұрған кезінде де шетелдік компанияның өкілі Роджер Фокс дегеннің атына Ақсай қаласынан бір көше беремін деген бастамасымен құдыққа қауға салған Қожекеңе ұқсап, айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Ел-жұрт біраз даурығып, бетін қайтарған. Енді, міне, елеусіздеу көрінген жаңа бір бастама «билбордтарды жою» деп аталады. Құдайға шүкір, билборд құлап, астында адам қалды дегенді естімедік, бірақ сақтықта қорлық жоқ, жаңа бастама қолдауға әбден тұрарлық, тек тағы қайталап айтам, мұның арты қазақ зиялыларының бейнесі мен сөздерін де аластау болмаса неғылсын? Егер бұл мемлекттік тілімізге мұрын шүйіре қарауға ұласса, жағдай 1991 жылды елестетпек. Себебі, сол тоқсан бірде қалалық кеңестің басшысы Болат Молдашев Орал қаласында мемлекеттік тіл қазақ тілінің қолдануына ресми түрде тыйым салу шарасына дейін барғаны есімізде. Оның арты басқа да жағдайлармен қабат ушығып, айтулы «Қыркүйек оқиғасына» ұласып, саяси ахуал асқынғанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ.

Мен сырт көзге түймедейді түйедей етіп, байбалам салып жатқандай көрінуім де мүмкін, құдайақы, мейлің тап осылай болсыншы, мен-ақ масқара болып қалайын. Ең бастысы Орал жаңарып, елдік рух салтанат құратындай жағдай тусын. Соны қала әкімі Шәкімов жасаса, мың да бір алғыс айтып, бөркімді аспанға атып, шын қуанар едім. Сол күні: «Сен бала ана кісінің атына босқа сын айтып, даурығыпсың» деп менің бетіме түкірген адамға алғыс айтамын.

Марқұм Болат Молдашевтан соң Орал әкімдігіне біраз адам келіп-кетті. Енді араға жиырма жыл салып, тағы бір Болат билікке келген екен, енді бұл кісі жазушылығына, ел басқарудың біраз сатысынан өткен біліктілігіне, ақылға салып, қаланы егемендігімізге сай, ел күткендей түлетеді деп сенейік. Сенейік те әліптің артын күтейік. Бізде басқа қайран бар ма?  Бар. Ол - бұқара халық. Сіз бен біз. Тілінен қымбат еш нәрсе жоқ халық, қалың ҚАЗАҚ бар!

Орал қаласы.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1469
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1329
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1080
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1125