Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3832 0 пікір 3 Сәуір, 2012 сағат 08:47

Жұмамұрат Шәмші. Тау алыстаған сайын асқақтайды

(Ақселеу  Сейдімбек  ескерткен екі мәселе)

Алашқа әйгілі, марқұм Ақселеу аға  өмірінің соңғы жылдарында Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы университетте ұстаздық қызмет атқарды, қарапайым тіршілік кешті. Шәкірт тәрбиелеуді бақытым деп білді. Амал қанша, осыдан тура екі жарым жыл бұрын қазақ халқын шөлдетіп, мезгілсіз, қазасымен өзі білетін адамдардың қолына сұрақ белгісін ұстатып, «бұл өмірмен бірге мені де зертте» дегендей, мәңгілік әлемге ұшты да кетті.

Мен алғаш рет Ақаңды Астана қаласында өткен 2005 жылдың 28 қыркүйегінде II-ші Дүниежүзілік қазақ құрылтайында көрдім.  Өзбекстан Республикасынан келген бауырларыммен шүйіркелесіп тұрған едім, анадайдан ұзын бойлы, қабағы сұсты, қысқа сақалды, баяғының патшалары секілді адам асықпай адымдап келіп, қоңыр даусымен «Қандастар, қай жақтан келіп едіңіздер?» деді.

Ақаңды мен бірінші танып:

- Ассалаумағалайкум аға, Өзбек жерінен келіп едік, -  дедім.

- Бәрекелді, қазақтың қайсы руынан боласың, бауырым, - деп Ақаң маған қарады.

- Кіші жүздің ішіндегі Әлімбет балқы руынанмын.

- Түсінікті. Балқы Базардың ұрпағы болдың-ғой, Навоий облысы Тамдыбұлақ ауданынан шығарсың?- деп жымиды.

(Ақселеу  Сейдімбек  ескерткен екі мәселе)

Алашқа әйгілі, марқұм Ақселеу аға  өмірінің соңғы жылдарында Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы университетте ұстаздық қызмет атқарды, қарапайым тіршілік кешті. Шәкірт тәрбиелеуді бақытым деп білді. Амал қанша, осыдан тура екі жарым жыл бұрын қазақ халқын шөлдетіп, мезгілсіз, қазасымен өзі білетін адамдардың қолына сұрақ белгісін ұстатып, «бұл өмірмен бірге мені де зертте» дегендей, мәңгілік әлемге ұшты да кетті.

Мен алғаш рет Ақаңды Астана қаласында өткен 2005 жылдың 28 қыркүйегінде II-ші Дүниежүзілік қазақ құрылтайында көрдім.  Өзбекстан Республикасынан келген бауырларыммен шүйіркелесіп тұрған едім, анадайдан ұзын бойлы, қабағы сұсты, қысқа сақалды, баяғының патшалары секілді адам асықпай адымдап келіп, қоңыр даусымен «Қандастар, қай жақтан келіп едіңіздер?» деді.

Ақаңды мен бірінші танып:

- Ассалаумағалайкум аға, Өзбек жерінен келіп едік, -  дедім.

- Бәрекелді, қазақтың қайсы руынан боласың, бауырым, - деп Ақаң маған қарады.

- Кіші жүздің ішіндегі Әлімбет балқы руынанмын.

- Түсінікті. Балқы Базардың ұрпағы болдың-ғой, Навоий облысы Тамдыбұлақ ауданынан шығарсың?- деп жымиды.

Қазақ шежіресінен хабары барлығы соншалықты, Ақаң сол тұрған бойында кімнен кім туатынын жатқа айтып берді, таңданбасқа шараң жоқ, қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерін өз бесігіне бөлеп алу ісінің қас шебері екендігін мойындатты.

Сол күннен бастап, көз жұмғанға дейін, Ақаңмен бір кісідей қоян-қолтық араластым. Ол кісіден өзіме өмірлік азық жинадым десем артық айтқандық болмас.

Бір қалада тұрған соң әредік Ақселеу ағамен кездесіп, сұхбат құрғанды аңсап тұратынмын. Сондай сұхбаттарымыздың бір-екеуін оқырманға ұсынуды жөн көрдім. Осы екі сөзінде Ақаң іштей пісіп-жетілген  аманат сөзін қалдырып, ескерту жасап кеткендей көрінеді маған.

  1. Бірде Ақселеу ағама өмірде қандай құбылысқа таңданасыз деп сұрақ бердім.

- Жұмамұрат, білесің бе, кейінгі уақытта еш нәрсеге таңданбайтын болып барамын, - деп бастады сөзін Ақаң. -  Өйткені мен «Қазақ әлемі» дейтін 600 беттік кітабымды бір әріпін қалдырмай тұтас көшіріп алып, өз атынан шығарып жіберген адамды да көрдім. Ол жөнінде «Егемен Қазақстанға» фельетон шықты. Мұны мен тоналғаннан соң айтып отырғаным жоқ. Исі шығармашылық әулеттестерім, әріптестерім осындай бір заңсыздықтың, бассыздықтың қорлық-зорлығын бастан өткеріп отыр. Біздің шығармашылық адамдар туралы не заң жоқ, не мемлекеттік деңгейде қорғау жоқ, не оның еңбегін елеп-ескеріп, қаламақысын төлейтін тетік жоқ. Баспагерлер бізге не қаласа соны істей алады. Қандай зорлық жасаса да қолында. Енді бұл қандай сұмдық, айдың-күннің аманында 600 беттік зерттеу еңбегімді үш жыл жазған едім, алдына үш бет, артына жеті бет қосады да біреу өз атынан шығарып жібереді. Оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Бұл өз алдына зар ғой.

Бұндай іс-әрекеттердің бәрі құлдық санадан бастау алады. Себебі құл әрдайым өзі секілді құлды қорлағысы келіп тұрады. Көп жылдар бойы отарда болған елдің өз жүрегі өзіне шабуыл жасайды. Оның емі-рухани азаттық және рухани жаңару. Азаттық дегеніміз --өз еңбегің өзіне бұйырып, өз жүрегіңдегіні жасқанбай айта алуың. Кеңес Одағы кезінде жеке ұлттардың тек-тамырына үңілудің қажеті де болмады. Көптеген ұлттар өздерінің этногенетикалық тек-тамырынан көз жазып, сырттан зорлап таңылған «бұрынғы жабайы жұрт» деп келетін теориясымақты жатқа айтуға мәжбүр болды.

Соның салдарынан идеологиялық өктемдіктің зардабын түркі тілдес халықтардың ішінен әсіресе қазақ халқы қатты тартты. Ассимиляция мен аккультурация қарқыны жағынан қазақ елі құрлықтың қай пұшпағынан да кем түспеді. КСРО-нің энциклопедиялық сөздігінде «ассимиляция-это слияние одного народа с другим с утратой одной из них своего языка, культуры и национального самосознания» деп жазылыпты. 1940 жылға дейін қазақ әліпесін бір емес, екі рет ауыстырып жіберді, әдейі халықты өз тарихынан мақұрым қылдыру үшін, кейінірек мүлдем өз-өзінен жатырқайтын ұрпақ өсіп жетілді.

Ақырында, қазақ сияқты бодандықтың бұғауында болған ұлттар тарихи даму үрдісіндегі өзінің ақиқат болмысын парақтау қабілетінен айырылды. Асылын аяқ асты етіп, жасыққа малданатын, жатқа жалтақтайтын болды. Бұл дегенің  этникалық таным мен талғамның дертті болуы, яғни сапасыздану еді. Батыс пен Шығыстың жазба деректерін айтамыз-ау, өзіміздің аузымызды ашсақ ақтарылған ас та төк бай фольклорымыз, біле білсек, ең алдымен тарихи дерек көзі ретінде қанағаттанарлық деңгейде зерттеліп отыр ма?

Енді қара, өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап руға, жүзге, атаға, жікке бөліну індеті басталды. Жүзге бөліну деген сөз барып тұрған ақымақтық, төл тарихын білмеушілік болып шығады. Өзі жаман індет басталғанда - өрт секілді елді шарпып кететін әдеті. Бұл індет талай адамдарды азапқа, әуреге салды. Әлі де әуреге салып келеді. Сорымыз болар, бағымыз болар Тәуелсіздік алғаннан кейін әркім өз қотырын өзі қасып нарықтық жүйені таңдадық. Ал нарықтық жүйе дегеніміз -- байлықтың бәйгесі. Баюдың бәсекесі. Баю жолына түскен адамдар өзіне қолайлы әдіс-тәсілдің бәрін қолданады. Үлкен ақыл, тәжірибені қолданудан бастап, кісі өлтіруге дейін барады. Оны өзің де естіп көріп жүрсің. Демек нарықтық жүйе өзінен-өзі протекциялық аңсарды дүниеге әкеледі. Протекция деген не? Белгілі мақсатқа жету үшін топ құрады. Әрине, кез келген адам топқа өзі білетін адамдарды тартады. Олар өзінің рулас, аталастары болуы мүмкін. Бірақ сол руластары, аталастары көңілінен шықпаса, соның өлігін аттап тұрып мүлде басқа ұлтпен пәтуаласады. Дегенмен түпкі мақсатқа жетуден тайынбайды. Протекция деген осы.

Біз протекциялық ындынды жүзшілдікпен, рушылдықпен шатастырып отырған жәйіміз бар. Қазақта рушылдықтың болуы мүмкін емес. Оны болдыртпайтын тетікті ата-бабаларымыз жасап кеткен. Өйткені менің шешем, әйелім, келінім басқа жүзден. Сонда басқа жүзден болғаны үшін анамды тәрк етуім керек пе? Бұл ешбір адам бара алмайтын механизм. Оған бару мүмкін емес. Мұндайға тек жынды адам ғана барады. Демек қазақта рушылдық, жүзшілдік бар деген адам мүлде қазақ ұлтының ішкі этножарылым тетігін, механизмін білмейтін көрсоқырлардың тірлігі. Ондай адамға мүсіркеп, рухани кемтар ретінде жаның ашып қаруға тура келеді.

  1. Тағы бірде ағадан  «Қазақстандық ұлт» дегенді қалай түсінесіз? деп сұрадым. Ақселеу аға терең тыныс алып барып, жауабын былай қайырды:

-   Социализмнің қазанында қайнаған көптеген ұлттардың бойында бұл дерт бар. Өйткені 1,5-2 ғасырға созылған отаршылдық жүйе, 1 ғасырға созылған социалистік идеология ол ұлттың діліне, менталитетіне айналады. Қанына сіңеді. Ол да бейнелеп айтқанда дерт сияқты. Батпандап кіреді, мысқылдап шығады. Демек белгілі бір ұрпақ ауысқанға дейін біз социалистік идеологияның жалаңбұт ұраншылдығынан, желбуаз әпербақандығынан көпке дейін арыла алмаймыз. «Қазақстандық ұлт» деген баяғы Сусловтың кезіндегі «паспортымызға  «ұлтым Совет Одағы» деп жазайық» деген ұсыныс сияқты болып естіледі маған. «Қазақстандық ұлт» деген сөз өзінің бастауын американдық ұлттан алады.

Америка аборигендерін жаулауда Джеймс Кук, Лаперуза, Магелан мен испандық конкистадорлар барлық әдіс-тәсілдерін қолданды. Тұс-тұстан барған басқыншылар үндістерге жаудай тиді. Сөйтіп, оларды ағылшын тілінде ғана сөйлейтін, ұлтқа бөлінбейтін американдық ұлтқа айналдырды. АҚШ елінде бес жыл тұрсаң болды, американдық деп қолыңа паспорт бере салады, шығу тегің аса қызықтырмайды. Тап сондай шетелдіктердің басып алып тізе батырудың алуан түрі біздің елімізде жүріп жатыр. Сөзім дәлелді болу үшін айтайын, «Казахстанская правда» газетінің 2003 жылғы №20 санында былай жазылыпты.

«Большинство месторождений нефти и газа оказались в руках иностранцев.. . «АктюбеМунайгаз» перешло в руки Китайской нефтяной компании. Китайцы стали собственниками многомиллиардного состояния... Мы стали бесправными рабами китайцев. Город превращается в китайские провинцию... в каждом многоэтажном доме целые китайские кланы...Требуются на работу люди, владеющие китайским языком... Китайские нефтяники поработили нас».

Есіңде болсын, еш уақытта бірнеше этностан құралған ұлт болмайды. Ұлт деген жеке адам сияқты өте дара жаралым. Ал ұлт пен мемлекетті шатастыруға болмайды. Мемлекеттің аясында бірнеше ұлт болуы мүмкін. Бірақ міндетті түрде мемлекетке ұйытқы, тірек, іргетас жалғыз ұлт болады. Өзге ұлттар ұлт болып есептелмейді.

Сол мемлекет аясындағы диаспора, өзге ұлттардың өкілдері болып қалады. Бұл тарих, этнология ғылымындағы аксиома. Мені өкіндіретіні, мемлекет идеологиясының тізгінін ұстап отырған пақырлардың қарапайым этнологиялық зердесінің жоқтығы. Басқасын былай қойғанда, қазақтың қара тілінен көсіліп әңгіме дүркін құрай алмайтын шырақтардың соңынан қазақ ереді дегенге кім сенеді? Билік басындағы осындай шенеуніктерден не үміт, не қайыр? Сондай адамдарға тізгінді қорықпай қалай ұстатады екен?! Бұл баланың қолына жалаң, өткір қылыш ұстатқанмен бірдей ғой. Ешуақытта мемлекеттің бірнеше ұлттан жаралуы мүмкін емес. Империя болуы мүмкін. Онда да негізгі тірек ұлт өз өктемдігін көрсетеді. Оны біз кеше ғана Ресей империясынан көрдік. Орыс ұлты басқа 204 ұлтқа білгенін істеді. 70 жылға жетер-жетпес уақытта 93 ұлт жер бетінен жойылып кетті. Қазіргі таңда  Якутия мен Читаның арасында 20 ұлттан елуден асқан 10 шақты ғана адам өз тілінде сөйлей алады екен, арадан 10-20 жыл өткен соң олар о дүниеге аттанса, өздерімен бірге 20 ұлт жер бетінен жоғалады деген сөз.

Қазақстанды алайық. Қазақстанның тірек ұлты -- қазақ. Қазақстанның жері -- қазақтікі. Басқа ұлттардың өкілдеріне біздің  елде өмір сүру маңдайларына жазылыпты. Сондай тағдырдың қалыптасқаны үшін оларды кінәламауымыз керек. Оларды біз тағдырластар, отандастар ретінде жақсы үмітпен, жақсы болашақты қарсы алуға насихаттауымыз қажет. Бұл ретте артық сөз айтып, жалпақшешейлікке барудың қажеті жоқ. Қазақстанда 130 ұлттың өкілі бар деп даңғырап мақтанудың керегі не? Қазақстанда 130 ұлт жоқ. Өйткені ұлттың анықтамасы бар. Оның жері, тілі, мемлекетінің беріктігін білдіретін банкілік ақшасы болуы керек. Қазақстандағы басқа ұлттардың жері басқа жерде. Негізгі ұлты басқа жақта орналасқан. Өркендеп, гүлденетін тілі де басқа мемлекетте. Сол себепті қазақ халқына да, Қазақстанды мекен еткен басқа ұлттарға да ақиқат шындықты ғана айтуымыз керек. Шын ниетімізді ғана білдіргеніміз дұрыс. Жауырды жаба тоқымаған жөн. Оны сыртымыз да, ішіміз де, тарихтан, этнологиядан хабары бар адамның бәрі біліп отыр. Ал біздің кейбір саясаткерлеріміз орысша айтқанда «лукавит» етуге құмар. «Әртіс» болуға құмар. Мені осы өкіндіреді.

Осындай әңгімелерден кейін күндер күйбең тірлікпен өте беріпті. Сөйтіп жүргенде мен Ақаңды соңғы рет 2009 жылдың қыркүйек айының басында асығыс көшеде ғана көріп  қалыппын. Жалпы, Ақселеу ағаға ықылысым шексіз еді. Мезгілсіз қазасын естігенде төбемнен төмен қарай мұздай су құйып жібергендей қатып қалдым, ішкі жан-дүнием алай-түлей болып кетті, көзіме ыстық жас келді. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...ол жан-жақты дарын иесі ретінде өзінің бүкіл білімі мен қажыр-қайратын туған халқының мүдесіне бағыштап, мейлінше мақсатты әрі жемісті еңбек ете білген аса айтулы тұлға еді.

Ақаңды жақсы білетін адамдардың сөзіне қарағанда, үй толы кітаптарын кітапханаларға асығыс жүріп таратып берген көрінеді.  Құнды суреттер мен қағаздарын мұрағатқа қаттап, тізімдеп қайтыс боларынан бір күн алдын яғни, 2009 жылы қыркүйектің 15 күні өткізіпті. Бұл турасында мұрағат қызметкері Марал қарындас айтып отыр. Сондай-ақ ауылына соңғы рет барғанында «өле қалсам, осы жерге қоярсыңдар» деп інілеріне құлаққағыс қылғаны сан-алуан ойларға жетелейді. Сөз арасында өзіне-өзі қол салыпты деушілер де ұшырасты. Оған өз басым сенбес едім. Тіпті, бір досына «Әй, мен осы жылдан қалмаспын» депті. Соған қарағанда, Ақаң ажалын алдын ала сезіп-білген және соған асыққан сыңайлы. Азабы мен мазағы қатар жүретін бұл жалғаннан ертерек кеткенді жөн көргендей. Ақаң билікке де, байлыққа да қызықпайтын мәңгілік мекеніне бұрынырақ баруға, аруақтар арасына тезірек жетуге асыққандай көрінеді де тұрады маған. Жаның жәннатта болсын, асыл аға.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1537
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1407
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1154
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1162