Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2885 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 19:12

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ. ХАЛЫҚ 70 МЛРД. ТЕҢГЕДЕН ҚАҒЫЛДЫ

Былтыр республикалық бюджеттен бөлiнген қаражаттың 13 млрд. теңгесi игерiлмептi. Ол аз десеңiз, 52 млрд. теңге дебиторлық қарыз бен былтыр қаржылық дағдарыстың алдын алу үшiн бөлiнген 5 млрд. теңге тағы бар. Демек, қаражатқа зәру әлеуметтiк-экономикалық сала 2008 жылы 70 млрд. теңгеден қағылды. Сонда бiр жылдық бюджеттiң шекесiн қыздыра алмай жүрген Үкiмет үш жылдық бюджеттi қайтiп игермек?

Былтыр республикалық бюджеттен бөлiнген қаражаттың 13 млрд. теңгесi игерiлмептi. Ол аз десеңiз, 52 млрд. теңге дебиторлық қарыз бен былтыр қаржылық дағдарыстың алдын алу үшiн бөлiнген 5 млрд. теңге тағы бар. Демек, қаражатқа зәру әлеуметтiк-экономикалық сала 2008 жылы 70 млрд. теңгеден қағылды. Сонда бiр жылдық бюджеттiң шекесiн қыздыра алмай жүрген Үкiмет үш жылдық бюджеттi қайтiп игермек?
Өткен аптада Үкiмет депутаттар алдында есеп бердi. Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы республикалық бюджет кiрiсi – Ұлттық қордағы қаражатты қоса есептегенде, 3,3 трлн. теңге, ал шығын көлемi – 3,6 трлн. теңге. Әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарыстың кесiрiнен шағын және орта кәсiпкерлiктiң қарқыны бәсеңдеуi себептi, салықтың басты түрi – қосымша құн салығы мен корпоративтiк табыс салығы орындалмаған. Есеп комитетiнiң төрағасы Өмiрхан Өксiкбаевтың мәлiмдеуiнше, 2007 жылы ең iрi компаниялардан түсетiн пайда едәуiр қысқарған. Мысалы, “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС – 28,4 млрд. теңге, “Казцинк” АҚ – 22,4 млрд. теңге, “Қазатомпром” ҰАҚ – 27,1 млрд. теңге т.б. Жалпы көлемi – 573,8 млрд. теңге. Қаржы тапшылығының кесiрiнен қыруар қаржыдан мемлекеттiк қазына қағылды дегенмен, былтыр бюджетке “Kazakhmys PLC” и “ENRC Pic” тарапынан 3 жарым млрд. теңге көлемiнде жоспарланбаған кiрiс кiрген. ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев аталған қаражат Ұлыбритания заңына сәйкес төленгенiн айтады. Сондай-ақ, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорынан түскен қаржы 1,7 есеге көп көрiнедi. Ал “Қазатомпромнан” келген кiрiс 1,4 млрд. теңгеге жоғары. Соған қарамастан, 2008 жылғы бюджет төңiрегiнде өрбiген келеңсiздiктер жетерлiк. Мәселен, “бастапқыда бекiтiлген жоспар 4,8 пайызға дейiн қысқартылса да бюджеттiң кiрiс бөлiгi 1,5 пайызға орындалмаған, ал бұл соңғы 10 жылда болмаған жағдай. Егер кiрiс бөлiгiн орындалды деп қарастыратын болсақ, ол Ұлттық қордан түскен 1 трлн. теңгеден астам қаражаттың арқасында жүзеге асырылған. Демек, бюджетке түскен кiрiстiң қаншалықты азайып кеткенiн аңғарамыз” (Ө.Өксiкбаев). Былтыр заңсыз жолмен тiркелiп, пайда тапқан жалған кәсiпорындар да бюджетке кесiрiн тигiзген: салық органдарының қызметкерлерi тексеру жүргiзгенде төленбеген мiндеттi және басқа да салықтың 63,5 пайызы заңсыз кәсiпкерлердiң үлесiне тиген.
Үкiмет тарапынан шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, отандық шағын және орта кәсiпкерлiктiң өте баяу дамуы да бюджетке түсетiн пайдаға кедергi. Осыдан екi жыл бұрын 39,3 пайыз болған бюджеттегi кәсiпкерлiктiң үлесi, былтыр өсудiң орнына, керiсiнше, 2,2 пайызға (37,1%) күрт қысқарыпты. Кейбiр сарапшылар үстiмiздегi жылдың басында былтырғы көрсеткiшке қарағанда, 4 пайызға қысқарған ЖIӨ деңгейi төмендеуiн әлi жалғастыруда деген пiкiрде. 2008 жылдың соңына қарай ҚР үкiметiнiң 2009 жылға арналған бюджеттi шұғыл түрде қайта қарастыруы – осының айғағы. Әп дегенде 2,7 пайызға жоғарылатуды көздеген ЖIӨ көлемi биыл Үкiметтiң болжамы бойынша, 1 пайызбен шектелмек. Ал сауда балансының жағымды сальдосы – 18,6 млрд. доллардан 10,5 млрд. долларға дейiн. ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiндегiлер үстiмiздегi жылы салықтық төлемдер де жоспарланған межеден 317 млрд. теңгеге аз түсетiнiн көлденең тартады. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 25 пайызға төмен. Ал бюджеттiң кiрiс пен шығыс бөлiгiндегi болымсыз айырмашылық – 668,5 млрд. теңге. Бұған себеп, Президенттiң тапсырмасы бойынша экономикалық және қаржылық дағдарысқа қарсы күрес шараларын жүзеге асыру үшiн қосымша 297 млрд. теңге қажет көрiнедi. Жәмiшев 2008 жылы ЖIӨ көлемi 3,3-ке өстi дейдi. Алайда, кейбiр тәуелсiз сарапшылардың есебi бойынша, былтырғы ЖIӨ 3,3% емес, 2,48%. Бұл 1999 жылдан бергi ең төмен көрсеткiш.
Үкiмет бюджет тапшылығын Ұлттық қордан бөлiнуi тиiс кепiлдiк қаражатты 347,9 млрд. теңгеден 320 млрд. теңгеге дейiн қысқарту арқылы шешудi қарастыруда. Жәмiшев былтырғы және биылғы бюджет тапшылығының 3,4 пайызға (ЖIӨ) артуы үкiметтiк қарыздың көбеюiне ықпал еткенiн айтады. Қазiргi кезде мемлекеттiк қарыз бен мемлекеттiк кепiлдiк берген қарыз – 1 398 трлн. теңге. Бұл сома Үкiметтiң бюджет тапшылығын қаржыландыруға қатысты әрекетiнен қордаланған. Тәуелсiз сарапшылар қауымы қаражаттан қысылған қазақ билiгi Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнен немесе Халықаралық қаржы қорынан несие алуға мәжбүр болады деген пiкiрде. Қоғамды толғантқан сауалдардың бiрi әрi бiрегейi: бiр жылдық бюджеттiң шекесiн қыздыра алмай, қыруар қаражатты ысырап еткен билiк үш жылдық бюджеттi қайтiп игермек?

 


Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ
«Түркістан» газеті» 2 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2091
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2506
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2171
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1617