Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Білгенге маржан 10606 13 пікір 2 Наурыз, 2021 сағат 12:47

Ұлттық қор таусылса, ұлт пен ұлттық мүдде не болмақ?

Әлем мемлекеттерінде ұлттық қор жинау тәжірибесі бар. Кей елдерде оны мемлекеттік қор деп атайды. Ұлттық қорды көбіне шикізатқа тәуелді мемлекеттер жасақтайды. Қазақстан дәл сондай елдің бірі. 1991-жылы тәуелсіздікті қалпына келтірген сәттен бастап, біздің еліміз өзге мемлекеттердің қаржылық тәжірибесін алуға тырысты. Солардың бірі қиын-қыстау кезеңге арнап қор жинау болатын. Бұл жағынан Қазақстан Норвегия тәжірибесіне сүйенуді жөн көрді. Норвегия Ұлттық қоры да мұнайдан түскен қаржы негізінде жинақталуда. Қазіргі таңда ол 1 трлн доллар көлемінде.

Қазақстан Ұлттық қорға 2001 жылы алғашқы қаржыны құйды. Ол «Шеврон» компаниясынан түскен 660 млн доллар болатын. Мемлекет шикізат сату саясатын өзгертпестен Ұлттық қорға қаржы құюды да жалғастырды. Ұлттық қордағы салымның ең жоғарғы көрсеткіші 2014-жылы болды. Ол 77 млрд долларға дейін жетті. Алайда 2014-жылдың орта шегінен бастап мұнай бағасының күрт төмендеуі, Ресейге Батыс тарапынан салынған санкциялардың бізге әсер етуі салдарынан девальвация процесі болып, төл теңгені ұстап тұруға Ұлттық қордан млрдтаған доллар қаржы құйылды. Бір ғана статистикаға назар аударыңыз, 2014-2015-жылдары Қазақстан теңге бағамын ұстап тұруға Ұлттық қордан 28 млрд доллар қаржы жұмсады. Бұл саясаттың жұмыс істемегені, тек теңгені уақытша ұстап тұрғаны айдан-анық болатын. 2015-жылы теңгеге жасалған интервенция долларды 255 теңге көлемінде ұстап тұрса, 2021-жылы бұл көрсеткіш 416 теңгені көрсетіп тұр. Яғни құйылған млрдтар өзін ақтаған жоқ, тек уақытша алдамшы сезім сыйлады.

2020-жылы әлемнің астан-кестеңін шығарған коронадағдарыс әлі жалғасуда. Қазақстан үшін бұл күтпеген соққы болды. Оның үстіне 2020-жылдың наурыз-сәуір айларында мұнай бағасы күрт түсіп, барреліне 22 долларды көрсетті. Әрине, бұл Қазақстан билігін әбігерге салды. Билік әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру мақсатында Ұлттық қорға қол салды. Қол салғанда мол салды. 2020-жылдың 5-мамырында президент коронадағдарыспен күресуге 13 млрд доллар қаржы жұмсалғанын мәлімдеді. Оның басым бөлігі Ұлттық қордан алынған болатын. Жыл соңына дейін тағы да 4 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған, оның ішінде теңге бағамын ұстап тұруға 2020-жылы 2 млрд долларға жуық қаржы кеткен. Бұл өте көп. Ұлттық қордан бюджет тапшылығын толтыру үшін 6 жылда алынуға тиіс қаржы көлемі болып отыр. 2020-жылдың желтоқсан айындағы мәліметке сай, Ұлттық қордың толықтырылған көлемі 58 млрд долларды құрайды.

2020-жылдың қараша айында президент Тоқаев 2021-2023 жылдарға арналған Ұлттық қордан бюджет тапшылығын жабу мақсатында жасалатын трансферт көлемі туралы заңға қол қойды. Ол бойынша 2021-жылы 2 трлн 700 млрд теңге, 2022-жылы 2 трлн 400 млрд теңге, 2023-жылы 2 трлн 200 млрд теңге жұмсау көзделген. Аз қаржы емес.

Ұлттық қор көлемі азайып келеді. Коронадағдарыстың қашан бітетіні де белгісіз. Мұнай бағасы да ойнамалы күйде. Ал Қазақстан шикізат бағасына байланған ел. Мұнайдың өсуі қуаныш, бағасының түсуі өкініш, тіпті мемлекет тыныштығына қауіп. Осы уақытқа дейін Қазақстан барлық экономикалық қиындықты Ұлттық қорда жиналған қаржыны жұмсау арқылы еңсеріп келді. Алайда ол үнемі солай болады дегенді білдірмейді. Шикізатқа байланған Қазақстан болса, экономиканы әртараптандыруды тек сөз жүзінде іске асыруда.

Ұлттық қорға қолды көп салу, өте үлкен тәуекел. Бір ғана сұрақ: Ұлттық қор таусылса, ұлт пен ұлттық мүдде не болады? 1 млрд доллар үшін Ресейге қол жайған қоры жоқ Беларусь елі сияқты күн кешіп қалмаймыз ба?!

Асхат Қасенғали

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар