Сенбі, 27 Сәуір 2024
Сұхбат 5863 13 пікір 1 Наурыз, 2021 сағат 18:00

«Қазақ тарихы туралы тың деректер таптым»

Жақып Мырзахан, жазушы, тарихшы-ғалым: 

– Жақып аға, қазақ тарихын зерттеумен қай кезден бастап айналыстыңыз?  

-Менің негізгі мамандығым тарих. 1959 жылы Шыңжаң институтының тарих-гегерофия факультетін бітіргенен кейін Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының тарих зерттеу бөліміне келдім. Сол кездің өзінде тарихты зерттеп жазу мүмкіндігім бар еді. Бірақ солақай саясат дәурендеп құшағын кең жая бастаған кез болатын. Атап айтар болсақ, «стил дұрыстау» деген қозғалыс болды, «ұлтшылдыққа» және  «оңшылдыққа» қарсы күрес дегендер болды. Мұндай аумалы-төкпелі заманда қазақ тарихын зерттеу тұрмақ, жалпы Қытайдағы аз ұлттардың тарихы мен мәдениеті туралы сөз қозғау мүмкін емес-тұғын. Алайда, бізге мұның да бір жақсы жағы болды. Ол не десеңіз, ел улап-шулап жүргенде біз қоғамдық тексерурге жиі шығып тұрдық. Осы қоғамдық тексеруден бастап, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты деректерді жинай бастадым 

1962-1963 жылдары Іле қазақ автономиялы облысының Мұңғылкүре өңіріндегі Үйсін қабырларына жүргізген архелогиялық қазба жұмыстарына қатыстым. Одан кейін мәдениет төңкерісінің лаңы басталып кетті. Сонда да қоғамдық тексеру толастаған жоқ, өзінің жалғасын тауып отырды. 1972 жылы Алтай өңіріне қоғамдық тексеруде болдым. Кейін ойласам он неше жылдық қоғамдық тексеру менің қазақтың әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына қатысты материал жинауымның, қалам тербеуімнің негізгі кезеңі болған екен. Ал менің әдебиетке қалай келгенім туралы екі жыл бұрын өзіңе берген «Әдебиет пен тарих – менің қос қанатым» атты сұхбатымда кең көлемде тоқтақғандықтан бұл жолы ол туралы қайталап жатпайын.

Менің тарихқа бет бұруым 1979 жылы «Арман асуында» романым басылып шығуымен қатар болды. Өйткені, 1978 жылы Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің 11-кезекті 3-жалпы жиналысы солақай саясатты терістеді. Осыдан кейін Қытайға әдебиет көктемі, ғылым көктемі қайта оралды. Аз ұлттардың тарихын зерттеуге кең мүмкіндік берілді. 1979 жылдың қараша айында Шыңжаң университеті, Шыңжаң халық баспасы, «Шыңжаң газеті» және Шыңжаң радио-телевизия мекемелері бірлесіп қазақтың мәдениеті, әдебиеті және тарихына қатысты ұласпалы ғылыми баяндама жасау қомитеті құрылады. Осы комитеттің мүшесі Мөрқан Кемелқанұлы (қазір Шыңжаң университетінің профессорлары) деген жігіт мені іздеп келіп:  «Сіз қазақ тарихына қатысты баяндама жасап берсеңіз. Біз алдымен «қазақ» деген қандай халық? Ол қалай ұлт болып қалыптасқан? Біздің арғы тегіміз кім? Ол қайда? Ұлтымыздың мәдениеті, сал-санасы, ғұрып-әдеті қандай? деген келелі мәселелерге жауап беруіміз тиіс. Одан кейін барып, қазақ тілі мен әдебиеті жөнінде әңгіме айтпасақ, мұның бас-аяғы жоқ бір нәрсе болып қалатын көрінеді. Қысқасы, ғылыми баяндаманы ұйымдастыру алқасы сізге «баяндама жасап берсін» деп отыр», – деді.

Сонда мен оған: «Сіздің мені іздеп келгеніңіз орынды, өйткені менің негізгі мамандығым тарих. Оның үстіне қазақ тарихына қатысты дайындығым да жоқ емес, құдайға шүкір бар. Бірақ менің алдымда Нығымет Мыңжанұлы деген аға буын тарихшымыз бар. Бұл кісі респбуликамыз құрылудан бұрын, сонау 1947-1948 жылдары қазақ тарихына қатысты зертеулер жасап, ғылыми лекциялар оқыған адам. Ол кісіні мен ұстаз тұтамын. Бірақ шынымды айтсам, Нығымет  деген адаммен бет көріскен жан емеспін, еңбектерімен ішкі материалдан танысқам. Бұл кісі аударыспақ заманда көп қақты-соқты көрген екен, қазір Күйтүңде істеп жүр деп естідім. Ең жақсысы осы кісіге ұсыныс жасасаңдар дұрыс болар еді», – деп едім, Мөрқан: «Шыны керек, дәл қазір Күйтүңге Нықаңды іздеп баруға біздің жағдайымыз келмейді. Оған уақыт та жар беретін емес. Сіз бұлай кішіпейілдік танытпай-ақ, одан да дайындығыңызды жасап, ғылыми баяндаманың бет ашарын сіз ашыңыз!» – деді. Содан барып мен бұл ұсынысты қабылдадым. Оның үстіне сол жылы «Қазақтың тегі және ұлт болып қалыптасуы» атты мақалам жазылып болып, тек баспасөзде жариялануды күтіп тұрған еді. Сонымен не керек, осы ғылыми еңбегімді көтеріп барып, Шыңжаң университетінде жасалатын желілес баяндаманың бет ашары ретінде оқыдым. 

Бұл ғылыми мақаламда ата тегіміздің өте арыда жатқандығы жөнінде батылдықпен ізденіс жасадым. Қазақтың тарихы туралы өзіміз тұрмақ өзге ұлт оқымыстылары да ауыз аша алмай, қалам сілтей алмай отырған өңірге ат ізін салдым. Бұл және бір жағынан халқымыздың тарихын, мәдениетін, этнографиясын зерттеудің бастамасы сынды рөл атқарғандай болды. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан 30 жылдан бері қазақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті жөнінде мұндай ғылыми лекцияны тыңдамай, шөліркеп тұрған зал толы оқымыстылар мен студенттер ерекше қызу қарсы алды. Кейін бұл мақала «Шыңжаң университеті ғылыми журналының» тұңғыш санында жарияланды. Сонымен бірге 1985 жылы Шыңжаңның тұңғыш реткі философия, қоғамдық ғылым саласындағы шығармаларды бағалауында 2-дәрежелі «Таңдаулы мақала» жүлдесін жеңіп алды.   

– Демек, сіздің қазақ тарихын зерттеуге бел шеше кіріскен кезіңіз осы мақалаңыздан бастау алған болды ғой?  

– Сіздің бұл сұрағыңызға жауап беруден бұрын мен мына бір нәрсені айта 

кеткім келіп отыр. Сол кезде менің тарих зерттеушілігімнен гөрі жазушылығымның абройы артып кетті де, 1981 жылы Бейжіңдегі Лу Шұн әдебиет иниститутына бір жылдық оқуға баратын болдым. Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының тұңғыш президенті тарихшы-этногроф ғалым Гу Бау менің Лу Шұн әдебиет институтына білім асырып келуіме қосылды. Бірақ ол: «Егер сен Лу Шұн әдебиет институтына білім асырып келгеннен кейін Академиядан кетем десең, шыны керек онда бұл институтқа сені жібермеймін. Өйткені, сенің мамандығың – тарих. Біз сенен үлкен үміт күтіп жүрміз», – деді. Атап айтқанда ол – «сен ата кәсібіңді табуың керек, бұл жерден кетуіңе болмайды» деген қортынды шығарды. Мен әдебиет жасампаздығында табысқа жетсем де, Қытай қазақ романдарының тұңғыш авторы болсам да, әдебиет теориясын оқу менің арманым еді. Сол себептен ол кісінің бұл шартына мақұл болып Бейжіңге аттанып кеттім. 1982 жылдың көктемінде қайтып келсем, ол кісі маған қазақ тарихының этнографиясына қатысты зерттеу тақырыбын дайындап қойыпты. Бұл жұмысқа бір жылға жуық дайындық жасап, енді жазуға кірісе бастағанымда партия ұйымы мені Бейжіңдегі Орталық партия мектебіне оқып келуімді бұйырды. Енді қайттым деп  президентім Гу Бауға барып: «Мынаны не істеймін», – десем, ол: «Партия бұйырды, енді барасың. Біздің міндетті бір-екі жыл кешіктіріп жазсаң да болады», – деп күлді. Осылайша Орталық партия мектебін екі жыл оқып 1985 жылы Академияға қайтып оралдым. 

Осыдан кейін қазақтың тарихына, салт-дәстүрі, мәдениетіне үлкен шолу жасадым. Кейін бұлардың бәрін «Қазақ ұлты» деген этнографиялық кітабына топтастырдым. Бұл кітапты сол кездегі біздің жас тарихшымыз Нәбижан Мұқаметханұлы мен  қазақ тарихын зерттеп жүрген Хы Шіңлиң деген ханзу жігіті бірлесіп ханзу тіліне аударды. 1989 жылы бұл кітап Ұлттар баспасынан жарық көріп, 1990 жылы Шыңжаң бойынша «Үздік шығарма» сыйлығын алды. Және сол жылы Іле халық баспасы жағынан «Тарихи эннографиялық зерттеулер» атты жинағым шығып, оқырмандардың сүйіп оқитын кітабына айналды.  Содан жалғасты қазақ тарихында өткен ұлы тарихи тұлғалар туралы ізденістер жасадым. «Қабанбай батыр туралы», «Сабалақ» дастанының тарихи астары туралы» деген мақалам 1980-жылдардың басында, тарихымыздағы ұлы тарихи тұлғалар жөнінде, басқа зерттеушілер әлі де қалам тербеп үлгірмеген кезде жазылған мақалалар еді. Мен ұлт рухына өкілдік ететін бұл ұлы тұлғалардың өз кезіндегі тарихи орны және рөліне, сол кезге дейін қолыма түскен жазба және аңыз деректерге сүйене отырып ғылыми бағалар бердім.  

Енді қазақ шежіресі туралы жүйелі ізденіс жасап, осы құнды деректерге сүйене отырып «Қазақ шежіресінің жиналуы және қазақ тарихының зерттелуі жөнінде», «Еліміз қазақтарының шежірелік аңыздар және шежірелік таралуы», «Қазақ шежіресінің жазба тарихи деректерімен байланысы жөнінде» деген үш мақала жазып «Мұра» журналына жарияладым. Бұл желілес мақалаларымда да бұрын өзге зерттеушілер ден қойып үлгірмеген мәселелер жөнінде ізденіс жасап, қазақ шежіресінің жазба тарихи деректермен байланысы, әсіресе, Қытай қазақтарының шежірелік аңыздарының ғылыми құны туралы өз көзқарасымды ортаға салдым. Жоғарыда жазылған еңбектерімнің заңды жалғасы «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты кесек ғылыми еңбегімді жазып болып 1991 жылдың басында Шыңжаң халық баспасына ұсындым. 1992 жылы жарық көргенен кейін, бұл кітап барша оқырман қауым арасына тез тарап, қолдан-қолға өтіп қызу алқауға ие болады. Кітап туралы елімізде бірсыпыра баспасөздер мен радио-телевизорда жақсы бағалар, жылы лебіздер толассыз жарияланды. Бұл кітаптың жауапты редакторы Оразбек Қанапиін: «Бұл кітап баспамыздан бұрын шыққан Нығымет Мыңжанұлының «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітаппен тыныстас, ой қорытыу, тарихи талдау, ерте кездердегі тарихи фактілерге жүгіну жағынан бірін-бірі толықтайды, бірінде кемі екіншісінен табылады. Сонымен бірге әрқайсысының өзіндік айқын өзгешеліктері де бар» деп жазса, ал ғұлама ғалым Н. Мыңжанұлы: «Жақып Мырзақановтың бұл кітапты жазудағы өзіне тән слобы және ерекшелігі, оның тарихты суреттеп жазуы барысында анық көрнектіленген. Автор бір сыдырғы ізбен жүрмеген. Қайта ол алуан жолмен, әр қырынан зерттеу тәсілін қолданып, қолына түскен сан-алуан материалдан жинақтап, логикалық тұжырымдар жасап, тарихи әңгіме шерту жолымен жазды. Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі, автор жазба тарихи деректермен шежірелік аңыздарды ұштастыра зерттеу тәсілін қолданған. Мұндай зерттеу тәсілі қазақ сиқты көшпенді ұлт тарихын зерттеуде қабылдауға татитын әдіс. Бұдан бұрын қазақ халқының ауыздан-ауызға таралып келген аңыздар мен шежірелеріне анша көңіл бөлмеген едік. Ал мына кітаптың авторы болса, бұған ерекше көңіл бөліп, шежірелік аңыздар мен тарихи жазба деректерді ұштастыра зерттеу тәсілін қолданып, шежірелік аңыздар жөнінде өзінің көптеген көзқарастарын жазады», – деп жоғары баға берді. 

Демек, әрқандай бір тың ғылыми шығарма өзінен бұрынғы аға буындардың еңбегінен өзгешелігі болумен өз құнын сақтамақ. Менің қазақ тарихы және этнографиясы туралы жазылған бұл көлемді еңбегім 1992 жылы Шыңжаң халық баспасынан жарық көрген соң, еліміздің іші-сыртында жақсы бағалар алғаны осыдан болса керек. Іле-шала жер жүзініне тарайтын «Азаттық» радиосы сүйіншілеп «Қомақты да, құнды еңбек» деген мақала оқып, аса жоғары баға берді. Сонымен бірге кітапты түгел радиода оқыды. Сондай-ақ бұл еңбекті Қазақстан, Түркия, Германия және Моңғолия қатарлы елдердің де жоғары бағасына ие болды. Қазақ елінде шығатын «Азия» атты апталық газетте Дукен Мәсімқанұлының «Ата тарихымызды тірілткен» атты мақаласының жоғары баға берілген редакция аңдатпасы беріліп жариялануы, содан кейін жазылған Сағынтай Сұңғатайұлының мақаласы еліміздегі «Ұлттар ынтымағы» журналында жарияланып қана қалмастан, Қазақстандағы еларлық «Қазақ елі» газетінде «Ұлт танушының ұлағатты еңбегі» деген атпен басылып, Қазақ радиосында оқылуы мұның айқын дәлелі. 

– Ал енді бұл кітабыңызды өзге ұлт зерттеушілері қалай бағалады? 

– Бұл кітап 1994 жылы Шыңжаңдағы философиялық қоғамдық ғылымдар саласындағы таңдаулы ғылыми еңбектерді бағалап-сыйлауда 1-дәрежелі жүлдені алса, 1996 жылы Шыңжаң бойынша таңдаулы кітаптарды бағалауда және де 1-дәрежелі кітап сыйлығын еншіледі. 1999 жылы Академияның жас зерттеушісі Шәріпқан Әбдалиұлы ханзу тіліне аударады. Бұл кітаптың ханзушасы 2000 жылы Шыңжаң халық баспасынан жарық көреді. Ханзу және басқа ұлт зерттеушілері арт-артынан сүбелі мақалалар жазып, өрелі көзқарастарын білдірісті. Зерттеуші Жұң Гау «Қазақ танудағы тың талпыныс» деген мақаласында: «Жақаң өз ұлтының ауыздан-ауызға тараған мол шежірелік материалдарын ірі архелогиялық байқаулармен, ханзуша тарихи материалдармен өз ара салыстырып дәлелдеу арқылы, тарихи ақтаңдақтардың орнын толтыруда өзіндік дарын танытып, қыры мен сыры мол көптеген елеулі мәселелерді талмай зерттеді, сондай-ақ, осы мәселелер жөнінде өзіндік дара көзқарастарын ортаға қояды» деп жазады. 

–  «Азаттық» радиосы сүйіншілеген, ханзу тарихшыларын елең еткізген еңбегіңіз қанша тараудан тұрады? Әр тараудың негізгі түйінін тарқата кетсеңіз... 

– Қазақ ұлтының тарихы және этнографиясы туралы көп жылдық ізденістерім негізінде жазылған көлемді еңбегім – «Қазақ халқы және оның салт-санасы» 18 тарауға бөлінеді. Мұнда қазақ тарихындағы, жүйеден Қытай қазақтары тарихындағы басты тақырыптар мен күрделі тақырыптарды көрнектілендіріп жазу әдісін қолдандым. Айталық, бірінші тарауда – қазақ халқының көрікті атамекендерімен қоныстану мән жайы, жан саны, жаратылыстық ортасы, табиғи байлықтары және қазақ тарихына қатысты тарихи мұралар мен ескерткіштер туралы ханзудың көне жазбаларына, сондай-ақ, басқа да танымал тарихшылардың көзқарастарына негізделе отырып таныстыулар жасадым.

Екінші тарауда – «қазақ» атауы жөніндегі аңыздар мен тарихи деректер және маңызды зерттеулерге жан-жақтылы аялдап келіп, «қазақ» сөзі ХV ғасырда Қазақ хандығы құрылған кезде бір тұтас қазақ халқының аты болып танылса да, оның шығу тегі тым арыда жатқанын, ол ХV ғасырдан бұрын-ақ, кейбір рулар қамтыған тайпалардың, ұлыстардың аты болғанын, ұзақ тарихи барысты бастан кешіре келіп, соңында «қазақ» халқының есіміне айналғанын құнды материалдармен дәлелдеуге тырыстым.

Ал үшінші тарауда – қазақтың тегіне қатысты ерте заманғы елдерден сақтар, һұндар, үйсіндер, иүзілер, қаңлылардың тарихына және олар құрған мемлекеттер (хандықтар) туралы кеңірек тоқталып, олардың салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, рухани көңіл күйі, жартылыстық ортасы бәрі-бәрі кейінгі қазақ салтымен ұқсас екенін, олардың кезіндегі тілі, қазірі қазақ тілінде көп сақталғанын, үйсіндердің өзі сақтардан тарағанын, кезіндегі «Үйсін» елінің қазақтың іргелі ұлысы болғандығы да еш күман жоқ екенін бұлтартпас ақиқатпен айшықтадым.

Төртінші тарауда – біздің заманымыздан бергі (жаңа ерадан) қазақтың тегіне болған ұлыстық елдерден түрік, түркештер туралы аңыздар мен жазба деректерге жүгініп әрі қазақтың арғы сақтармен де, һұндармен де қою байланысты деген көзқарасты құптауға болатынын айқындай келіп, «Біздің заманымздан бергі түркештермен және қарлықтармен қазақтардың тікелей қатысты екендігіне дау болмаса керек, өйткені, олардың өсіп-өрбіген, еңсе көтерген, құдыретті ұлыстық ел құрған жерлері дәл қазір қазақ халқы қоныстанып отырған Алтай, Тарбағатай өңірі, Тианьшанның солтүстігі» деп келіп, «Оғыз қаған Римге жорық жасағанда оны бастаған «Көк түкті, көк жалды, үлкен бір арлан бөрі» болуы ежелгі «Үйсін елі» Күнбиі Елжау биді асырауы ойымызды қабытырады. Демек, оғыздар төтемдік сенім жағынан да үйсіндермен, һұндармен байланысты болып шығады. Екінші жағынан қарағанда, аңыз бен жазба деректерде оғыздар мен қазақ тайпаларын осылайша тығыз байланыстырады» деген тұжырым жасадым. «Майқы би» туралы кейбір көқарастарымды ел іші-сыртындағы көптеген ғалымдардың зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, салыстыра зерттей келіп, қазіргі қазақ ұлты жоғарыда аталған бір текті түркі тілдес байырғы көшпелі ұлыстардың тіке ұрпағы және олар жаратқан көшпенділер мәдениетінің  заңды мұрагері деген ғылыми тұжырымым жасадым.

Бесінші тарауда – Қытай қазақтарының басты тайпалары керейлер мен наймандардың ХІІ ғасырдың соңы ХІІІ ғасырдың басындағы хандықтары және олардың моңғолдармен (Шыңғысханмен) жүргізген  соғыстарына қатысты «Керей, найман ұлыстары және олардың моңғолдармен соғысы» деген арнаулы тарау жаздым.

Ал алтыншы тарауда – тың деректерге негізделіп, ХІІІ- ХVІІІ ғасырдың орталарына дейінгі аралықта қазақ тарихында өткен ірі оқиғаларға аңсарды аударып жіберіп, жетінші тарауға келгенде ханзудың жазба деректерінен ой қорытып, ХVІІІ ғасырдың орталарынан ХХ ғасырдың орталарына дейінгі аралықтағы қазақ тарихында өткен ірі оқиғалар мен тарихи тұлғалар өмірінен құнды мәліметтер ұсындым.

Сегізінші тарауға келгенде «Қазақтың байырғы қоғамдық құрылымы және саяси түзімі» жөнінде ізденіс жасап, үйсін елі заманынан Қазақ хандығына дейінгі үкімет құрылымы және саяси түзімі туралы, сонымен бірге қазақ шежіресі жөніндегі көзқарасымды ортаға салдым.

Тоғызыншы, оныншы тарауларда қазақтың сан-саналы шаруашылығы, заттық мәдениеті салмақты орын ала отырып баяндалса, бұдан былайғы тараулары қазақ халқының неке, отбасы, той-томалақ, өлім жөнелту, діни наным, халықтық білім (аспан әлемі туралы білімдер, күнтізбе, дәрігерлігі), оқу-ағартуы, тіл-жазуы, баспасөз-мәдениеті, әдебиет-көркемөнері, ойын-сауық қимылдары, спорты, мереке-мирамы туралы және олардың тегі жөнінде көп-көп көмескі жатқан білімдерді ашып алдыға жайдым. 

– Сіздің бұл кітабыңыз Алматыдағы «Жалын» баспасынан шыққан жоқ па? 

– Дұрыс айтып отырсың, бұл кітапты Алматыдағы «Жалын» баспасының директоры Бексұлтан Нұржекеұлы өз жоспарына кіргізіп, қаржы тапшылығынан шығара алмай отыр екен. 2001 жылы маусым айында «Қытай тарихнамаларындағы деректерді» аудару ғылыми тапсырмалық топтың мүшелерін Қазақстанға бастап барған сапарымда  министрлікте жұмыс жасайтын Әлібек Асқараров мырзаға бұл жағдайды айтып едім. Ол кісі: «Жарайды, кітабыңызды шығаруға қол ұшын берейін», – деді. Қысқасы, Ә.Асқаров бұл кітапты мемлекет жоспарына кіргізіп берді. Мен бұл жағымды жаңалықты Б.Нұржекеұлына айтып, еліме қайтып кеттім. Кейін «Тарих қойнауынан» деген атпен «Жалын» баспасынан кітабым шығатын болды дегенді естіп барсам, бұл кітап шөжіп қалған. Мүмкін кириллтцияға аударылғаннан кейін жұқарып кеткен шығар деп ойладым. Бексұлтанға алғысымды айтып, оның маған тарту еткен кітаптарын алып кеттім. Кейін жатқан үйіме барып кітапты ашып қарасам, тайға таңба басқандай екі үлкен қателікті көрдім. 

Бірінші қателік, кітаптың үштен бір бөлігі болған «дәстүр» (этнография) бөлімін түгел алып тастаған. Ол үшін баспагер автордың келісімін алу керек қой. Егер баспагер «мына кітаптың «дәстүр» бөлімін алып тастаймын» деп бір ауыз сұраған болса, онда мен «не болады, не болмайды» деп жауап берген болар едім. Не болмаса, қалай ықшамдадыңыз деп кітап басылмай жатып бір көріп шығар едім. Өкінішке орай, Нұрекең маған  ешқандай сұрақ қойған жоқ. Бұл кісі «дәстүр» бөлімін әдеттегі таныстыру деп ойласа керек. Бұл кітаптың қалай зерттелгені, оның маңызы туралы жоғарыда айтып өттім.  Енді бұл жерде оны қайталап айтып ақталғым келмейді. Ал, екінші үлкен қателік, кітаптың қалған үштен екі бөлігі басылды деген күннің өзінде, әрбір тараудың соңына жазылған пайдалаған әдебиеттер мен ескертулер түгел алып тасталған. Соны көргенде ішім удай ашып кетті. Пайдаланған әдебиет пен ескертулерді көрсетіп жазу ғылыми еңбектің негізгі шарты емес пе?! Ол сөзсіз болуы керек. Ол болмаса сенің ғылыми еңбегіңнің көктиындық құны қалмайды. Ақиқатын айтқанда ғылыми еңбек өз құнын жояды. Егер баспагер Б. Нұржекеұлы Қытайда болса әлде қашан сотқа берер едім. Бірақ амал қанша?! Мен бір шетелдік автормын. Қазақстанға бес күндік қонақпын. Бет жыртысуды ар санамадым. Содан тілімді тістеп еліме қайттым. Бұл үшін Бекеңнің өзі қорлануы керек.  

Демек, бұл ағаттық «мемлекеттік тапсырыс орындалса болды» деген немқұрайлықтан болған жоқ па екен? 

– Гәп осында болып тұр ғой. Егер сіз айтқандай болса, бұл авторға жасаған 

үлкен қиянат есептеледі. Бексұлтан Нұржекеұлы қарапайым баспагер емес, белгілі жазушы және зерттеуші-тарихшы да. Егер ол кісінің бір кітабын Қытайда шығарып, осылай істесе қайтар еді? Бұл кітап шыққалы биыл он жылдай болды. Шыққанын қайтейін, бұл менің дертіме айналды. Бір қызығы «Тарих қойнауынан» деген бұл кітабым осындай адам нанғысыз ағаттықпен жарық көріп отырса да, Қазақстанның жоғары оқу орнының оқулығына енгізіліпті деп естідім. Белгілі тарихшылар да пайдаланып жүр екен.  Халықаралық «Алаш» қоры «Наймандар» деген үш кітап шығарыпты. Бұл кітабымнан үзінді алыпты. Сонда недеп жазды десеңіз, «Тарихшы Жақып Мырзақановтың ескертпе берілмеген кітабы «Тарих қойнауынан» алынды» деп жазып қойыпты. Менің ескертпемнің әдейі алынып тасталғанын олар қайдан білсін. Он жылдан бері дертімді ішіме сақтап келдім. Міне, бүгін сенімен болған сұхбатта айтып отырмын. Осы арқылы бүкіл қазақстандық оқырмандарға, ғылым зерттеу саласындағы адамдарға мәлім болсын. Бұл кітап «Жалын» баспасынан қайта басылып шығуы керек. Мені ұятқа қалдырғаны үшін, масқаралағыны үшін Б. Нұржекеұлы менен кешірім сұрасын! Алдынғы ағаттық он жылдан кейін болса да түзетілу тиіс. Мен ұмытып барады екенмін, кітап басылудың сәл алдында Алматыға барған сапарымда Б. Нұржекеұлы маған: «Кітаптың аты ұзын екен, қысқартып берсеңіз!» – деген соң «Аттың жалында, түйенің қомында жүріп» асығыс «Тарих қойнауынан» деген ат қойып беріп кеткен едім. Сондағы менен кеткен кемшілік, бұл кітаптың үштен екісі – тарих, үштен бірі – дәстүр болғандықтан «Тарих және дәстүр» деп ат қойған болсам мүмкін, «дәстүр» бөлімі алып тасталмайтын ба еді?  Бұл кісі менің кітапқа қойған осы атыма орайластырды ма, кітаптың «дәстүр» бөлімін түгел алып тастаған. Бұл баспа заңына, автор құқығына қайшы әрекет қой?!   

Сол себепті, Бексұлтан «Сіз кітаптың атын «Тарих қойнауынан» деп қойып бердіңіз, сондықтан «дәстүр» бөлімін алып тастадым» деп ақталуы мүмкін. Бірақ тарих бөліміндегі пайдаланған әдебиет пен ескертулерді алып тастағанын қалай түсінуге болады? Оны қалай кешіруге болады?! Осы ағаттығы үшін де Б.Нұржекеұлы менен кешірім сұрауға тиісті! Сондай-ақ кітабымды қайта бассын. Не болмаса басқа баспадан шығуына баспа құқығын берсін. Мен ертенгі ұрпақ алдында масқара болғым келмейді?!

– Мүмкін төте жазудан кириллтция аударып жазғанда пайдаланған әдебиеттер мен ескертулер аударылмай қалған шығар. Олай боуы да мүмкін ғой?  

– Олай болу мүмкін емес. Қалып қалған күннің өзінде Б.Нұржекеұлы бұл кемшілікті толықтауға міндетті. Болмаса білдей бір баспаның директоры болып неге отыр. Әлде елді масқаралау үшін отыр ма?! 

– Сіз қазақ тарихын зертеумен айналысумен бірге Шыңжаң қоғамдық Ғылым академиясында басшылық қызмет те атқарыпсыз. Енді Академиядағы басшылық міндет атқарғаннан бері тындырған жұмыстарыңыз жөнінде қысқаша тоқтала кетсеңіз? 

– Ұзақ жылғы қажырлы еңбегімнің жемісі болса керек, 1984 жылы Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының тарих институтының орынбасар басшысы болдым. 1986 жылға келгенде Шыңжаң қоғамдық ғылым академияның орынбасар директорлығына көтерілдім. Осыдан кейін қызметтің талабы бойынша Академияда бір неше кесек ғылыми зеттеу еңбектеріне жетекшілік етуіме тура келді. Мұнда ең алдымен менің жетекшілік істегенім мемлекеттік ғылыми тапсырма «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген 4 томдық кесек еңбек болды. Енді бұдан басқа «Қазақ мәдениетінің арнасы» (айдыны десек те болады) деген және бір үлкен ғылыми зерттеу тақырыбы болды. Бұл да мемлекеттік тапсырыспен ханзу тілінде және қазақ тілінде жазылып жарық көрді. «Қазақтың дәстүрлі жол-жосындағы өзгерістерді зерттеу», «Ұлтымыздың даму мәселесі туралы толғаныстар» және «Шыңжаңдағы ұлттардың экономикасы мен мәдениетінің дамуы туралы зерттеулер» қатарлы кітаптардың шығуына да жетекшілік етумен бірге, алғы сөз жазып, бас редакторлық міндет атқардым. Ұлттар баспасы Қазақ редакциясының директоры, белгілі баспагер Амантай Сағатұлының ұйымдастыруымен 2000 жылдан бастап үш жыл ішінде «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» деген ортақ атпен тарихи тұлғалар туралы 40-қа жуық кітапты шығаруды жоспарға алады. Мен осы тарихи эсселерге бас редакторлық міндетті үстіме алдым. Бұл кітаптардың алғашқы 1-кітабына (12-кітапқа) ортақ «Алғы сөз» жаздым. «Алғы сөз» мен ғана емес, тұтас редакциялық алқа мүшелерінің және Ұлттар баспасының жүрек сөзіне өкілдік етеді деп сенемін. Мұның 1-кітабына менің жазғаным «Абылай хан» болды. Қазір бұл кітаптың қырық нешесі жарық көріп қоғамда жақсы әсер қозғап, ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор тамаша оқулыққа айналды. 

Менің және бір жетекшілік еткенім көп томды ғылыми аударма – «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» деген еңбек. Қазірге дейін мұның үш томын жарыққа шығардық. Енді жалғасты шығаруды жоспарлап отырмыз. Мұның қалған бөлігі тағы үш томға жүк болайын деп отыр. 

Мен жазған ғылыми мақалалар 120-дан асты. Оның 20 пайыздайы үш жинақ болып баспадан шықты. Қалған 80 пайыздайы әлі жиналған жоқ. Қазірге дейін менің қазақ тарихына қатысты зерттеу еңбегімнің 8 кітабі ел қолына тиді.  

Бұл үлкен еңбектің «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» деп аталуының себебі не? Оны Қытайдың қандай тарихый кітаптарынан алдыңыздар?    

– Қытай тарихына қатысты «26 тарих» деген кітап бар. Бұл Қытай тарихында өткен 26 әулетттің тарихының аса құнды, ең мол жазба деректерінің жиынтығы. Сонымен бірге Қытай тарихында өткен 26 әулетпен өз кезінде көршілес болған, Қытайдың қазіргі територялық аумағының солтүстігі мен батысында және қазақ даласы мен Орта Азияда дәурендеген көптеген көшпенді ұлттар мен жартылай отырықтанған ертедегі елдер туралы өте құнды аңыздар, жазба деректер сақталған. Анығырақ айтсақ, қазақ халқының шығу тегіне тығыз қатысты болған ертедегі этностардан сақ, ғұн, нүкіс, үйсін, қаңлы, алан, түрік, түркеш т.б. құрған ертедегі империялар, ұлттар туралы деректер қазақ тарихын, мәдениетін зерттеушілердің назарын аударғалы ұзақ болған. Әсіресе, қазақ ұлтын қалыптастырған, қазақ үш жүзінің ірі тайпаларының түгел дерлік ерте заман және орта ғасырлық этностар, ұлыстар ретінде «26 тарих» беттерінде жазылғандығын дүниежүзіндегі және Қытайдағы қазақ тарихын зерттеушілер ортақ мойындаған шындық...

– Сіз «Қазақ ұлтын қалыптастырған, қазақ үш жүзінің ірі тайпаларының түгел дерлік ерте заман және орта ғасырлық этностар, ұлыстар ретінде «26 тарих» беттерінде жазылғандығын дүниежүзіндегі және Қытайдағы қазақ тарихын зерттеушілер ортақ мойындаған шындық» деп қалдыңыз. Күні кешегедейін Қазақстан тарихшылары орыс тарихшылары мен батыс тарихшыларының жазған дерегіне имандай сеніп қазақ тарихын жазып келген жоқ па?! Бұл ірі жұмысты қолға алуларыңзға кім түрткі болды?  

– Дұрыс айтып отырсың, біздің елдегі қазақ тарихын зерттеуші ханзу, қазақ ғалымдарынан басқа, Қазақстан, Ресей және батыс елдеріндегі зерттеушілер «26 тарихтың» тек орыс миссионері Бичурин мен француыз ғалымы Эдиард Шауанның және басқалардың сұрыптап аударған бөліктерінен пайдаланып келген. Ал Қытайдағы қазақ тарихын зерттеушілер «26 тарихтың» ханзу тіліндегі беделді басылымдарынан тіке пайдаланғанымен, ұшан-теңіз жазбалардан керектісін іздеу, бейне инемен құдық қазғандай қиын жұмыс болатын. Сондықтан еліміздегі қазақ халқынан шыққан тарихшылар (Нығымет Мыңжанұлы, Жақып Жүнісұлы, Жақып Мырзақан) ғана емес, қазақ тарихымен мәдениетін зерттеу жұмысына көңіл бөлетін ел ағалары мен білікті зиялылар тегіс Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді сұрыптап аударуды армандап келген. Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының басшылық жұмысына араласуымнан бұрын-ақ, 1970 жылдың соңы 1980 жылдардың басында ел ағаларынан Жәнәбіл Сымағұлұлы мен Ерғали Әбілқайырұлы осы ірі ғылыми жұмыс жөнінде маған арнаулы айтқан. Ол кезде бұл жұмыс ойымда болса да, шарт-жағдайдың пісіп-жетілмегенін жасырмай айтқанмын. 1992 жылы Қаһарман Мұқанұлы академиямызға ауысып келгеннен кейін, оның Ұлттар баспасындағы кезінде оының да осындай ойы барлығын білген мен, осы жұмысқа жетекшілік істеуіме, академиямыздан оның маған мықты көмекші болатынын байқап, онымен қатысты дайындық жұмыстарын талай рет ақылдастым. Академиямыздағы тарих ғалымдарынан Го Пыңлиң, Шиуе Зұңжың, Иін Чиң, Чін Гогуаңдар бізге пайдалы ұсыныстар айтты. Академиямыздың кітапханасы материалдық дайындығымызға селбесті. Сонымен біз 1995 жылы алғашында академиямыздың Дін институтындағы Күлшат Тойкенқызына дайындатқан жобаны қайта толықтатып, бұрынңы 2 том жоспарды, енді 4 том болатын етіп қайта тұрақтандырдық. Қаһарман Мұқанұлы екеуіміздің қайталай ақылдасу негізінде «Қытай тархнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» деген атпен менің жетекшілігімде академиялық ғылыми тапсырма болып аударылатын бұл күрделі аударманың 1-кітабы академиямыз журналдар баспасының қарауында болатын болды. Осы жоба-жоспарымызды сол тұстағы ШҰАР парткомының орынбасар хатшысы Жәнәбіл Сұмағұлұлына апарғанымызда, бұл игі жұмысты қуана құптаған ол кісі қолма-қол бекітті және қаржы қиыншылығын шешті. 

– Бұл ылыми тапсырмалық жұмысты жүргізу тобы қалай құрылды және алғашқы жұмысты неден бастадыңыздар?  

– Бұл «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» академиялық ғылыми тапсырма болып 1-кітабының аударылуы тұрақтанған тұстағы аты «26 тарихтағы қазаққа қатысты деректер» болатын. Академия басшыларынан мен жауапты болып ғылыми тапсырмалық жұмыс ұйымдастырдым. Қаһарман Мұқанұлы екеуіміз ақылдаса келіп, Шыңжаң халық баспасынан аға редактор Әбділдабек Ақыштайұлын, Шыңжаң телевизиясынан аға аудармашы Кәкеш Қайыржанұлын, Шыңжаң педагогикалық университетінен аға редактор Самудин Әлғазыұлын тапсырмалық тобымыздың мүшесі болуға ұсыныс еттік. Еліміздегі қазақ халқынан жетіліп шыққан жоғарыда аталған көрінекті тіл және аударма ғалымдары бізді бүкіл ынта-пейілдерімен қолдайтындықтарын білдірді. Осы бір келелі ғылыми жұмыстың сәтті жүргізілуі үшін, 1-кітапты қаржыландырған ел ағасы Жәнәбіл Сымағұлұлын бас ақылшылыққа, Шиуе Зұңжің, Су Бихай, Сұлтан Жанболатов, Го Пиңлиң, Иін Чін, Чін Гогуаңдарды ақылшылыққа ұсыныс еттік. Академиямыздың журналдар баспасы қазақ редакциясынан Шадыман Ахметұлы, Жанар Жақанқызы, Қайрат Әпсейтұлы, Бақытнұр Қапасқызы 1-кітаптың корректорлығына қатынасты. Ғылыми тапсырмалық тобымыздың мүшелері қандай жұмыстар тындырғаны 1-кітапқа берілген «Алғы сөзде» жан-жақтылы жазылды. 1-кітаптың баспадан шығуы байланысымен 1999 жылы 19-қазанда ашылған әңгіме мәжілісінде ғылыми тапсырмалық тобымыздың мүшелері әр қырынан айтылған сөздер де ««Шыңжаң қоғамдық ғылымы» (№4, 1999 жыл) журналында тапсырмалық тобымыздың 1-кітапты аудару барысындағы қызметтері жан-жақтылы қортындылаған. Әсіресе, Қаһарман Мұқанұлы маған жақсы қолқанат болды, аударма жұмысын ұйымдастыру, атауларды талқыға дайындау, редакциясын қарау сияқты ауыр жұмыстарды өте жақсы тындырды. Шадыман Ахметұлы 1-кітапта жылнаманы аудару міндетін орындап, тапсырмалық тобымызға жас күш болып жегілді. 

«Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректердің» 1-кітабы 1998 жылдың соңында Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан шыққаннан кейін ел іші-сыртында жылы қабылданды. Сол жылы Академиямыз бен Шыңжаң қоғамдық ғылым жоспар кеңсесі аударылуы жоспарланған 2-кітапты мемлекеттік ғылыми тапсырма болуға жолдады. Тапсырмалық тобымыздың мүшелеріне ішінара реттеу жүрілді. Мемлекеттік қоғамдық ғылым тапсырмаларын жоспарлау жөніндегі мамандар алқасының мүшесі  болшған мен, мемлекеттік ғылыми тапсырма болып бекітілген 2-кітапты аударуға қайталай ұйымдастырылған ғылыми тапсырмалық торпқа тағы да жетекшілік міндетін өтейтін болдым. Ә.Ақыштайұлы, К.Қайыржанұлы, Қ.Мұқанұлы, Ш.Ахметұлы қатарлылар мүше болды. С.Әлғазыұлы денсаулық жағдайына байланысты тапсырмалық тобымызға мүше бола алмады. 2-кітаптың аударылуы тамамдаған тұста, 2001 жылы мамырда, ғылыми тапсырмалық тобымыздың мүшесі Қаһарман Мұқанұлы жүрек ауруынан қайтыс болды. Оның қазасы ғылыми тапсырмалық тобымыз үшін ғана емес, жалпы Шыңжаңдағы қоғамдық ғылым саласы, баспасөз саласы жөнінен ауыр қаза болды. Академиямыздан осы ғылыми тапсырманы орындау жолындағы нақты жұмыстарға маған ендігі көмекші Шадыман Ахметұлы болып қалған еді. Әбділдабек Ақыштайұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы тапсырмалық тобымыздың белді мүшелері болып ауыр жүк арқалады. Ханзу ғалымдарынан Шиуе Зұңжың бұрынғысындай көмек көрсетіп тығыз селбесті. 

«Қытай тарихнамиаларындағы қазаққа қатысты деректердің» 3-кітабы 2003 жылы қоғамдық ғылым саласы бойынша мемлекеттік ғылыми тапсырма болып бекітілді. Бұл жолғы ғылыми тапсырмалық тобымыздың жетекшісі және мүшелері негізінен тұрақты болды. 3-кітапқа енген мазмұндарды сұрыптауға да 1-, 2-кітап секілді тапсырмалық тобымыз өзі ие болып сұрыптап бекітті. Ханзу ғалымдарынан Академиямыздың тарих институтының директоры, тарих ғылымының докторы Тиян Уижияң ризасыз көмектесті. 15 жылдан бергі ғылыми тапсырмалық тобымыздың жетекшісі болу салауатыммен ілгерінді-кейін баспадан шыққан 3-кітаптың да жекекші бас редакторлық міндетін өтедім. Ал 1-кітаптың бас редакторлық міндетін Қаһарман Мұқанұлына жүктеген едім. 2-, 3-кітаптың бас редакторлық міндетін Кәкеш Қайыржанұлына жүктедім. 

– Бұл еңбекті қазақша сөйлету үшін жеңіл түспегені белгі болып тұр. Енді күрделі де, құнды еңбекті аудару барасындағы келелі жұмыстарға тоқтала кетсеңіз? 

– «Қытай тарихнамиаларындағы қазаққа қатысты деректердің» 3-кітабының аударылу барысындағы келелі мәселенің бірі аударылатын мазмұндарды сұрыптау болатын. Бұл мәселе жөнінде жоғарыда айтылды және 3-кітапқа жазылған «Алғы сөздерде» біршама толық баяндалған. Әр томға алғы сөз жазуды арқалаған міндеті, көтерген жүгінің ауырлығына орай бас редакторлық міндет өтеген әріптестеріме тапсырдым, соңынан тапсырмалық топтың мүшелерінің ортақ қарауынан өткізіп тұрақтандырдық. 

Екінші келелі мәселе, аударылатын мазмұндарға сай қажетті материалдармен қамдау болды. Мен тапсырмалық топтың мүшелерін барлық қажетті материалдармен қамдауға негізінен кепілдік еттім. Ел іші-сыртынан қажетті материалдар мен сөздіктер дер кезінде сатып алынды. 

Үшінші келелі мәселе, әрбір кітаптың аударылуы барысында, сұрыпталған деректердегі атауларды алдын ала талқылап тұрақтандыру болатын. Бұл осы күрделі де құнды ғылыми аударма еңбектің сапасына кепілдік етуді, атау-терминдерді бірлікке келтруді мақсат етті. Әрбір кітапқа сұрыпталып енген деректер, тапсырмалық тобымыздаға кімдер жағынан сұрыпталғаны сол томның өзінде жазылғандықтан бұл арада қайталамаймын. Тек ашалап айтуға тиісті мәселе әрбір кітаптағы атаулардың тапсырмалық тобымыздың қатаң ғылыми ұстанымымен  ұжымдық талқылауынан өтіп тұрақтандырылғаны. Міне, осындай ортақ мақсатпен 1-, 2-кітаптағы атау-терминдер яғни жылнамалардағы ерте және ерте орта ғасырлық этностар мен мемлекеттерге  қатысты ономастикалық атаулар алдымен Қаһарман Мұқанұлы жағынан талқылауға әзірленгеннен кейін ғылыми тапсырмалық тобымыз ұжымдық талқыладық. Мысалы, 1-кітаптың атаулары мен аудармадағы кейбір қиын мәселелер туралы 7 рет, жиыны 18 күн талқы өткіздік. Атаулар жөніндегі алғашқы жоба міне осындай қатаң талқы мен сараптаудан өтіп тұрақтанған соң ғана әрбір аудармашының пайдалануына берілді. 2-, 3-кітаптарда осы ғылыми стиль жалғасын тапты. Сондықтан біз бұл кітаптарды шын мәніндегі ұжымның ақыл-парасатының туындысы, ортақ еңбек деп қараймыз. 

Төртінші келелі мәселе, әрбір кітаптың аудармасының қатаң ғылыми ұстаныммен редакциялануы және қыруар түсінік жазылуы, жылнамалық көрсеткіш пен атаулар сөздігінің берілуі. Осы тұрғыдан айтқанда, бұл кітап көп томдық күрделі, ұжымдық еңбек, аса қиын аударма еңбек болумен бірге, зерттеу түсі басым ғылыми шығарма. Әр кітапқа берілген «Алғы сөздерде» бұл жұмыстарды кімдер тындырғаны анық жазылды. 

Бесінші келелі мәселе, «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректердің» қаржыландырылуына қатысты жұмыстар. Егер қаржы мәселесі шешілмесе, Академиямыздың менің жетекшіліндегі ғылыми тапсырмалық топты ұйымдастыруы да мүмкін емес еді. Сондықтан мен ең алдымен «Қытай тарихнамиаларындағы қазаққа қатысты деректердің» 1-кітабының аударылуы мен баспадан шығуын қаржыландырған ел ағасы Жәнәбіл Сымағұлұлы мен 3-кітаптың баспадан шығуын қаржыландырған ШҰАР парткомның тұрақты мүшесі Нұрлан Әбілмәжінұлына ерекше құрмет білдіремін. Ал 2-кітаптың аударылу барысындағы қаржы қиыншылықтарымызды шешуге көмектескен Дәлелқан Мәмиқанұлы, Қабыл Оспанұлы, Қызайжан Сейілқожаұлы, Мұқатбек Әділбекұлы, Күләш Қыдырбайқызы секілді басшыларға ерекше рақмет айтамын. 2-, 3-кітаптардың мемлекеттік ғылыми тапсырма болып бекітілуіне және табысты аударылуына көңіл бөлген қатысты орындар мен мамандарға борыштылық білдіремін. 

– Аталған кітаптың 1-кітабы жарық көргенен бастап ел-іші сыртындағы ықпалы жақсы болғанын айтып қалдыңыз. Бұл еңбектің біздің тәуелсіз Қазақ Елі ғалымдары қалай бағалағаны туралы айта кетсеңіз? 

«Қытай тарихнамиаларындағы қазаққа қатысты деректердің» 1-кітабы 1998 жылы баспадан шығуына орай өткізілген әңгіме мәжілісіндегі басшылар мен ғылыми тапсырмалық тобымыздағы ғалымдардың сөздері газет-журналдар мен радио-телевизияда таратылуының қоғамдық ықпалы күшті болды. 2-кітаптың мемлекеттік тапсырма болып істетілуіне жол ашты. Өйткені ол Қытайдың «26 тарих» сынды әлемге әйгілі, теңдессіз білім беретін тарихының қазаққа қатысты деректерінің сұрыпталуы негізінде, тұңғыш рет жүйелі аударылуы және ресіми баспадан шығуы еді. Қытайдағы қазақ халқынан шыққан тарих, тіл және аударма ғалымдарынан ұйымдасқан ғылыми тапсырмалық топтың көп томды болып аударылуы жобаланған бұл ұжымдық еңбектің 1-кітабының баспадан шығуының шетелге, әсіресе, қазақстан Республикасының ғылым саласына ықпалы айырықша күшті болды. Сондықтан ҚР-ның Білім және ғылым министрінің Ғылым академиясы тарих және этнология институтының директоры, академик Манаш Қозыбаев маған телефон беріп құттықтады және осы күрделі ғылыми аударма еңбектің Қазақстанда басылуына қатысты істерді кеңесу үшін бізді Қазақстанда ғылыми сапарда болуға ұсыныс етті. Мен мұны қуана құптадым және алда болатын екі ел ғалымдарының кездесуінің дайындық жұмыстарын ақылдасуға Қаһарман Мұқанұлын жіберетінімді айттым. Ол кісі қолма-қол қосылды.  

Осылайша Қазақстан Республикасындағы Манаш Қозыбаев бастаған тарих   ғылымдары «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді» ескі ханзу тілінен қазақ тіліне тіке аудару жұмысын білек сыбанып алдымен бастаған біздің еңбектерімізді өте жоғары бағалады. Жоғарыдағы айтылған алдын ала ақылдасу бойынша, 2001 жылы мамырда ғылыми тапсырмалық тобымыздың мүшелері Қазақстанға ғылыми сапарға аттануға дайындалған тұсымызда, Қаһарман Мұқанұлы тұтқиыл жүрек ауруынан қайтыс болғандықтан сапарымыз кешігіп, маусым айында бардық. Екі елдегі қазақ ғалымдарының ортақ мақсат жолындағы осы реткі кездесуінде, академик Манаш Қозыбаев бастаған Қазақстан  ғылымдары біздің Қытай тарихнамаларынан көп томды аудармамыздың жоба-жоспарымен танысты. 1-, 2-кітаптың аудармаларындағы атауларды көне заман ханзу тілі фонетикасындағы дыбыстық ерекшеліктерге икемдеп оқу арқылы талқылап тұрақтандырғанда, біздің ертедегі ата-бабаларымыздың тіліне жақын болатынын дәлелдегенімізде, мұның өзін ғылыми аудармадағы «бір төңкеріс» деп қарасты. Әсіресе, «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді» тұңғыш рет жүйелі, көп томды етіп ханзу тілінен тіке қазақ тіліне аударудың, ханзу тіліне жеттік Қытайдағы қазақ ғалымдарының қолынан шығуын «бір үлкен инженерия ретінде» бағалады.

Оның Қазақстанда кириллтция жазуымен шығуына Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ие болып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы селбесетін болды. Академик Манаш Қозыбаев пен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев қайтыс болып кеткенен кейін, олардың орнын басқан Мәмбет Қойгелдиев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев мырзалар олардың жұмысын жалғастырды. Екі ел ғалымдарының тығыз селбесуімен, Әшірбек Көбішев бас директорлығындағы «Өнер» баспасынан «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» деген атпен 2006 жылы шыққан басылмның 1-томына берілген «кіріспесінде» Талғат Мамашев пен Мәмбет Қойгелдиев: «Жалпы алғанда, көп томдық түрінде жарияланбақ қытайлық деректік материалдардың еліміздің тарихын кең әрі тереңірек мазмұнда түсінуге ықпалы зор болмақ. Көп томды басылымның қазақ тілінде жарық көруіне себепші болып, көп үлес қосқан Жақып Мырзақанұлы бастаған ғалымдар тобына ризашылығымызды білдіреміз» деп жазды. 2006 жылы Қазақстанда тек жарық көрген бұл екі томның Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан 1998 жылы және 2003 жылы шыққандығы, ал Қазақстан ғалымдарының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қытай жылнамаларындағы деректерді аудартуы бұдан кейін басталғаны көпке мәлім. Ал қазір аударылып болған 3-томы мемлекеттік ғылыми тапсырмалар сараптауынан «таңдаулы» бағаланып барып баспаға әзірленгендіктен айта кеткеніміз жөн. 

Мына 3-кітапқа Кәкеш Қайыржанұлы атынан жазылған «Алғы сөзде» айтылғандай, қазірге дейін аударылған үш кітапта қазақ атауы этнос ретінде кезікпейді. Бірақ бұл қазақ атауының этнос аты ретінде тарихта сонау ертеден мәлім екендігін терістемейді. Алдыңғы екі кітапта қазақ атауына өте жақын сақ елі, қазар, сақ секілді тайпа және елдердің аттары болуы, сондай-ақ ертедегі Үйсін елімен дәуірлес, қазақтың шығу тегіне тығыз қатысты Алан елінің кейбір тарихи кітаптарда «аса», «кіса», «хаса» деген аттармен аталуы да тегіс қазақ атауының тегі арыда жатқандығын меңзейді. «Қазақ» атауы жөнінде, шетел тарихшыларын айтпағанда, Қытайдағы қазақ тарихшыларынан Нығымет Мыңжанұлы, Жақып Жүнісұлы, Жақып Мырзақановтар осыдан 15-20 жыл бұрын жариялаған шығармаларында жан-жақты ізденіп, ғылыми тұжырымдар жасаған. Сондықтан біз қазақ үшін жүзін қалыптастырған кейбір ірі тайпалардың (мысалы, ұйсін, қаңлы, алан) және олармен замандас немесе олардың арғы тегі болатын біздің жыл санауымыздан бұрынғы сақ, ғұн елдерінің аттары Қытай жылнамаларына түскен дәуірдің жазбаларын сұрыптап аударуды өзіміздің борышымыз деп білдік. Демек, қазақтың тегіне тығыз қатысты жоғарыда аталған этностардың ата-бабаларымыз екендігі архелогиялық деректер арқылы да дәлелденді. 

Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбатты жүргізген: Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

13 пікір