Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2810 0 пікір 24 Наурыз, 2012 сағат 10:45

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

 

ІІІ

 

Дөрбілжіндегі орталау мектепті 1941 жылы көктемде бітірдім. Озат оқыған куәлік алып шықсам да, ойсырап шықтым: "енді қайтіп оқырмын, қайдан оқырмын!" деген қайғы желкемнен баса шықты. Ендігі ең жақын мектептен   -  Шәуешек орта мектебінен оқудың шығынын Дөрбілжіндегі семья тұрмысы көтере алмайтынын қыстан бері-ақ есептеп, қайғырысып келгенбіз. Оқушы шығаратын жатақ шығыны, тамақ шығыны, сабақ шығыны, тағы-тағы "календыр" болып аталмау жөніндегі барлық шығындарды қосқанда қолымыз жетпейтін биік екендігі белгілі болған. Жат қаладағы жатақхана шығыны мен тамақ шығыны үшін ғана жалданатын және бір аға болса, жетеқабыл мүмкіндік болар еді-ау. Дариға, жалшылықтан басы артық аға да, іні де қалған жоқ. "Енді қайтермін?!" деп куәлігіме қарай-қарай қайттым.

 

ІІІ

 

Дөрбілжіндегі орталау мектепті 1941 жылы көктемде бітірдім. Озат оқыған куәлік алып шықсам да, ойсырап шықтым: "енді қайтіп оқырмын, қайдан оқырмын!" деген қайғы желкемнен баса шықты. Ендігі ең жақын мектептен   -  Шәуешек орта мектебінен оқудың шығынын Дөрбілжіндегі семья тұрмысы көтере алмайтынын қыстан бері-ақ есептеп, қайғырысып келгенбіз. Оқушы шығаратын жатақ шығыны, тамақ шығыны, сабақ шығыны, тағы-тағы "календыр" болып аталмау жөніндегі барлық шығындарды қосқанда қолымыз жетпейтін биік екендігі белгілі болған. Жат қаладағы жатақхана шығыны мен тамақ шығыны үшін ғана жалданатын және бір аға болса, жетеқабыл мүмкіндік болар еді-ау. Дариға, жалшылықтан басы артық аға да, іні де қалған жоқ. "Енді қайтермін?!" деп куәлігіме қарай-қарай қайттым.

Ана мектептен босап шыққан соң, ендігі мектебім де, терезесі жарығырақ мекенім де ұйым кітапханасы болып көрінді. Ұйымға газет-журнал оқу үшін ғана емес, "қол жетерлік" бір оқу орнын іздестіру жөнімен де барғыштай беріп едім, осы жазда қыр райондарынан шығарылатын көшпелі театрға ілініп қалдым да, оқуға дайындалудан мүлде аулаққа кеттім. Бұл оқыс жолға түсуіме бірнеше сабақтасым мен әке-шешем де себепкер болды. Әке-шеше, әрине, "кымыз ішіп, қан толтыруымды" қуаттаса, сабақтас достарым қыздырма жел соқтырмай ма. Сөйтіп, жаз бойы үш таудың қымызын ішіп, қызы болып ойнауға шықтым. Асу аузына дейін арбамен жетеміз де жайлаудағы елден отыз шақты лау ат алдыртамыз. Соған қарағанда тым сүйкімді сауықшы емес екендігіміз белгілі ғой. Оның үстіне, бұл театрдың негізгі бұйымтайы - ұйымның салық қойларын қузастыру болып шықты. Әрбір "зәңгі", "елубасы" ауылдарына барып ойын қоярда бастығымыз Тынысқан жиылған жұртқа алдымен сол жайында сайрайды.

Былтыр салына бастаған аудандық орталау мектептің жатақханасы әлі бітпей жатқанын, қойдың бүкіл аудандағы қазақ оқушыларының игілігі үшін тез жиылып қалаға түсуі кажет екенін, "данышпан көсеміміздің" қамқорлығында бұл мектептің қаншалық рөл атқаратынын айтып сайрайды. "Қалқаман мен Мамырды" өз көзімізбен көретін болдық" деп балаша қуанып отырған жұрт Тынысқанның бұл сөзіне келгенде кәрілерше күрсініседі.

- Бұл келген адамдардың ішінде қызы жоқ сияқты ғой, Мамыры қайда? - деп жиылған әйелдер күбірлеседі.

- Қалқаманы да көрінбейді... Бәрі де қалпақты, жаңаша киінген мұғалімдер мен шәкірттер ғой!..

Әйелдер бас қатырып шеше алмай отырған бұл мәселеге оларға жақынырақ отырған кейбір қу жігіттер жауап айтады:

- Мамыр мен Қалқаманды көрімдік алмай көрсете ме бұлар, екі сандыққа салып түйемен әкелгені - солар емей кім дейсің! Жаңағы қылқылдап сұрап тұрғаны солардың көрімдігі емес пе!..

Артта қалған момын халықтың аңқауына ақылдысы айтып жатқан осы сөздер-ақ біздің сауық үшін
емес, қылқындау үшін келген "салдар" екенімізді әйгілейді.
Конақасыға күндіз-түні сойылып жатқан қойдың, әр ауылдан келіп жатқан саба-саба қымыздың зәңгі бұйрығымен өрлі-қырлы шауып жүрген шабарманның айдалып, не өңгеріп келіп жатқан сойыс малдың бүкіл ауыл азаматтарын албарынды етіп жатқан сахна үйі мен артындағы жасану үйінің, әр ауылдан жиылып жатқан декорация жабдықтары мен киім-кешектің бәрі де біздің зіл ауырлықты сала келген жұт салдар екендігіміздің айғағы сияқты.

Күндіз Айтбек пен Дәулеттің қымыз үстіндегі қызу тартыстарына ішегіміз түйілгенше күлісіп, ішіміз кепкенше ішеміз. Сегіз қанат үйге сыймай, сырттан да тыңдайтын думаншыл жастар мен сауыққұмар әйелдерді мәз-мәйрам, ду күлкіге бөлеп отырғанымызбен, атқа мінерлердің ауыл сыртында кедей-кепшікті қаншалық аттандатып жатқандығын әуелде аңғармаппыз. Жұт болсақ та бар салмағымызды байлар көтереді деп түсінуші едік. Қаладан шыққанда алман-салық бөлінісін жуан мойнымен бір-ақ көтеріп алғандай ыңқылдап, іркілдеп шығатын зәңгі-елубасылар өз ауылына келе сала қақпыш кедей мен жауыр жалшылардың қыл арқаларына артығымен арта салатынын тұңғыш рет бір елубасының ауылында көрдік.

Қымыз бен қызыққа бөккен сондай бір сегіз қанат үйден Қиялзат екеуміз "дүзге" шықтық, жазық сазды айнала қонған көп ауылдың орта шеніндегі бір топ үйме-жүйме қойтастарға қарай тарттық. Түскі ашық күн, жаңа қоныс, жап-жасыл жасаң аңқыған иісін өз ішіне тойымсыз тартып, тына қалыпты.

Былай шыға бергенімізде үйдегі толассыз дуылдаған күлкі көмескілене қалды да, сол қой тастардың сыртынан ақырған ашулы тарғыл дауыс естілді. Алқақотан малдастарын құрып отырған бір топтың ортасынан сақалсыз, қара мұртты Омарбек елубасы ерекше күжірейіп көрінді. Оның қарсы жағында жүгініп екі тонды отыр. Бірі ескі тымағын шыжыған ыстықта баса киіп алыпты да, бірі тымақты алдына тастап маңдайдан түйілген кір-кір шытпен отыр. Бұлардың артын ала бір бүкір кемпір түрегеліп тұр. Шығыс жағындағы бір бөлек ауылдан үйелмелі-сүйелмелі екі жалаңаш баласын екі қолымен дедектетіп, жыртық кәжекейлі әйел жетті. Оның артын ала және екі қызыл жалаңашын жетектеп, бір кішкенесін көтерген жастау әйел келеді. Оның тым шардиып, теңселіп келе жатқанына қарағанда құрсағымен төртінші біреуін көтеріп келе жатқаны анық еді.

- Еркектері қайда бұлардың, бермегендерінің бәрін
шақыр!.. Сен баршы! - деп елубасы бір шабарманын жұмсады.

Театр қоя келіп өзіміз бір театрдың үстінен түскендей, Қиялзат екеуміз жалпақ тастың үстіне отыра қалдық. Қарамағансып, көз құйрығын жүгіртіп отырмыз.

- Ой, әлгі сойысқа беретін малдарың кайда?! - деп ақырды елубасы, - кеше елу қой сойыс осы ондықтың түтін басына бөлініп еді ғой!.. Бір ғана маған келген сыйлық емес қой бұл!

- Мырза, мен қой таба алмадым! - деп тымақты шал
алдымен жауап қатты, - сауындық бес-алты лақты ешкім ғана
қалып еді. Соның біреуін әкеліп берейін, қайтемін енді!

Елубасы енді шьптыға зекірді:

- Ей Қоңқай, сенің қойың бар емес пе еді, мені сынап отырмысың, неге әкелмейсің?!

-Төрт-бес саулықтан басқа бойдақ қалмап еді менде, тақсыр-ау!.. Күзде тауып берейін, қазірше өзіңізден бір бойдаққа қарызданайын деп отырмын!

- "Жаман ұста жанынан" демекпісің!.. Бір қозыңды күзде бойдақ қой қатарында өткізе салмақсың ғой! Қиқаңыңды қойып қазір тауып әкел!

- Сұрамаған жерім қалмады, тақсыр... Сойысқа өзімді апарып сойсаңыз да дәл бүгін таба алмаймын, - деп Қоңқай аталған шытты жауабын кесе қайырып қалып еді, елубасы камшымен қасқайта салып-салып жіберді. Қамшының өрімі арқасына барып тиген Қоңқайдың тоны сарт-сарт ете түскенімен өзі үнсіз, қыбырсыз отырып қалды.

- Қайдан тапсаң да келтіресің бүгін! Үйімнің салығынан бөлінген екі қойды да бүгін табасың!.. Үкімет адамдары адам сойғызып жегелі келіп отыр ма екен! Бүгін таппасаң осы сөзіңді айтып, осы үкіметтің өз алдына салып беремін! Үрімжіге айдалып жатқан мықтылардың қайсысынан мықты едің сен неме! Көзіңді ашып қара!

Төбесінен жай түскендей отырып қалған Қоңқай ауыз аша алмай тұқыра берді. Бұл сөз болып жатқанда келген кекселеу төрт-бес тондыға төнді елубасы:

- Сендердің сойыс малдарың қайда?

- Сойысты кешке жақын әкеліп береміз! - деген сирек бурыл сақал-мұртты қара шал жүгініп отыра қалды да, қолын қусыра сабақтады сөзін, - ел қонағы елге ортақ қой, елубасы мырза, мал болмаса да жанымыз бар, бір-бір сойыс тауып берерміз бұл қонақтарға!

- Тапсаңдар тілдеріңді емізбей, тез табыңдар! Кешеден бері жиырма мал сойылды, менің аз ғана бойдағым бітіп калды, - Қиялзат екеуміз бір-бірімізге қарадық, бұл ауылға кеше келіп түскеннен бері жеті-сегіз қой ғана сойылғанын білетінбіз. Тұс-тұстан келіп жатқан мал бұл есептен әлдеқайда көп көрініп еді. Үйде дуылдап отырған бізге көрінбей келіп түскені, мүмкін, одан да көп болар!

Сирек бурыл сақалды шал елубасы сөзіне мақұлдық білдіргендей изектей сала, жүгінген бойы тізесіне қолын тіреп отырып сөйледі:

- Мырза, біз мына бесеуміз көпшіліктің сізге айт деп тапсырған тілегін, жұрт талабын алып келдік. "Елшіге өлім жоқ деген" соны айталық: біз қаладан тым шалғай кедей-кепшіктер, сол мектепке бала жіберіп оқыта алмаймыз ғой. Оқытайық десек те оралымыз жетпейтінін өзіңіз де білесіз...

- Ал, енді қайт дейсің маған?!

- Мен ғана емес, сол оқыта алмайтындай мектептің салығын төлей алмаймыз дейді. "Әркім өз әлінше базарлайды", "аяқты төсегіне қарай көсіледі". Баласын алыс жіберіп оқыта алатьн ауқаттылардың өздері төлесін деп жатыр жұрт. Қолымыз өз арқамызды қасуға жетпей отырғанда, олардың балаларын оқытуға қой берер халіміз жоқ қой дейді.

- Ей, сен кімнің жоғын жоқтап келіп отырсың? - деп мұртын едірейте қарады елубасы, - ажалды киікше адырға шығып, ел қамқоры бола қалыпсың ғой! Сенің атың Зарықпай ғой, ие, тағы нең бар айтатын бұзық басы! Үкіметке қарсы қалған сөзің болса, тағы айтшы, қәне!

- Мырза, өз қалпымызды айттық, қарсылық қып не айтыппыз сонша?

- Үкіметтің оқуына қарсылық емей не? "Мектебін салыса алмаймыз, баламызды оқуына бере алмаймыз!" деп айқайлауың, бұзық-жаршылық емей не? - деп елубасы зірк-зірк ете түсті, - "жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты" деп қара құлағыңды қалқита шықтың ба бүгін!.. Жүрші, қәне, мына үкімет адамдарының алдында сөйлесейік! Ей, Қоңқай, сен де жүр үкімет алдына! Жүріңдер бәрің, жүр, Зарықпай! - Елубасы орнынан атып тұрып қамшысын үйіріп қалды.

- Жүрсек жүрдік! - деп Зарықпай жүре беріп еді:

-  Тақсыр, мен беремін дедім ғой! - деп Қонқай құрақ ұшып барып, елубасының алдын тоса берді, - қарсылығым жоқ, өзімді сатсам да, карыздансам да тауып беремін дедім ғой мен!

- Балаларымыз аштан өлсе де тауып береміз дедік қой! - деп тымағын баса киген шал да бүгежектей түсті.

Жидашы болып жүрген онбасы осы сәтте Зарықпайларды кайта жүгіндіріп жығудың әдісін таба қойды. Елубасының алдына екі қолын кере жайып жолын мүлде кесті:

- Тақсыр, тақсыр, "ашу алдында, ақыл соңында"! Сіз тұрғанда қай шоқыншаққа барып жүгінерміз! Ноқ дейді де айдап ала жөнеледі ғой олар. Істі насырға шаптырмай өзіңіз ғана бітіре көріңіз! -  Өз арамызда бітсін!

- Тақсыр, елубасы, біздің зарымызды сізден басқа кім
тындар!

- Иә сізге еркелеп тұр бұл жұрт! Еліңіздің базынасы ғой!

- Отырып сөйлесейікші, қашан, қалай тауып беруге келісейікші, отырыңыз! - десіп онбасыдан басқа да мысықша атқамінер бедектер қолпаштап жөнелгенде, Қоңқай мен тымақты шал екеулеп елубасының етегіне орала жүгінді. Ырсылдай шегініп барып қайта отырған елубасымен бірге жапырылып көпшілік те отырысып еді. Салқын қарап үнсіз тұрған екі-үш тонды мен Зарықпай да бір-біріне қарасып алып отырды. Қабағы қарс жабылған екі балалы қара қатын да, ішті-сыртты төрт баламен келіп түрған жастау әйел де жайымен отырыса кетті. Күрсінісе отырды екі әйел. Сызданған семіз елубасы сыздықтатып тың бәсең үнмен сөйледі мұнан соң, өз айтқанына көндіретінін толық білген соң бәсеңсіді білем.

Қиялзатқа қарап, тітіренгендей тісім сақ-сақ ете түсті менің:

- Біздің алдымызға салып айдатамын деп қорқытып,
алдау,  - дедім. Неден екенін белгісіз, мен өзім де сол
жәбірленгендермен бірге шаншылғандай іштей езіліп отыр едім, - алдыңғы жылы Елсадық мектеп салуға тиісті соманын байлардан ғана жиналып жатқанын талай рет айтып еді ғой?!

- Иә, солай болатын!.. Мына мықтылар соның есесін
енді алып жатыр, біріне екісін қосып жияды бұлар! Елубасы сайлануға басын бой тігетіні - осылай тонау үшін ғой! - деп күлімсіреді Қиялзат. - Тегі сол Елсадықтар қолға алынған соң, "қулық" та өзгеріп кетті ме екен. Мен саясаттың не деген сөз екеніне жауап бергенімде бәрің күліп едіңдер ғой, ал күлші қәне!

Екеуміз де тастың үстінен күле тұрдық та, жылаулар даласынан думанды ортаға қайта тарттық.

- Бұл туралы қазіргі уақытта сөз ашуға болмайды, - деп ескертті Қиялзат, - іске бүліншілік жасады деп жар сала жарысатын пәле бұл!.. Қаладағы шаңия, гәйжаңдар[1] да осындай! - алты ұлы саясаттың парақорлықты, қиянатты жойғаны қайда?

- Алдыңғы екі-үш жыл ғана біраз шектеліп еді... Бұлар "саясатшыл" емес пе! - деп тағы күлді Қиялзат, - уағдада қу тұра ма! Біз мұның қойын жеу үшін емес, қорасын толтыру үшін келіппіз ғой!

Үлкен тегенелерде шып-шып сапырылып жатқан қымыз, кең жайылған мол дастарқан толы бауырсақ пен қант, құрт-ірімшік, табақ-табақ сары май, табақ-табақ қуырдақ... Жағымды иісімен мұрын жарған осынша молшылық қайдан келіп төгіліп жатқанын толық түсіне кірдік үйге. Тон-шалбары каудырлаған малшының да, қара күйік етектері жалбыраған жалшы әйелдің де, қызыл жалаңаш денесі күс-сауыс, қотыр-кожалақ балалардың да біреуі көрінбейді бұл жәннат үйде. Тіпті үй сыртында жоқ. Ақ қаздай балпиған, аппақ шылауышты, зер жақты бәйбішелер мен сызылған қызыл-жасыл торқалы қыз-келіншек, кердиген кесел-кербез мырзалар отыр. Сырлы тостағандарды үш саусақтың ұшында ғана қондырысып, тым сәнімен отыр. Біздің әртіс ағаларымыз асау қалжың, асқан әндерімен оларды баурап әкетіпті. Барлық көз соларға төнулі екен. Қарқылдаған-жарқылдаған күлкілер мен мерейлі, сыншыл жымиыстар Тынысқанның нәзік мұңды скрипкасы тартылғанда ғана тына қалысты. Шыңырау терең мұң мен зардың толқыны мұңсыз мырзаларға оттан ыстық, мамықтан жұмсақ махаббаттың лебіндей ғана білініп, өзінің қылдан жіңішке құмарлық торын жайғандай сезіледі. Әйелдер арасында бәйбіше үстіне түскен тоқал мен малға байланып отырған қалыңдықтар бар көрінеді. "Сорлы зарын сор кешкен түсінеді", ондайлар оқыс күрсінуімен, өңдері күреңіте қалумен байқалып қойып отырды.

Біз күн еңкейе клубымызға барып, сахнамызды жайғастырамыз да ымырт түсе жасанып, рөлге шығамыз. Шымылдық ашылғанда бұрын театр көрмеген жұрт дабырласып ала жөнеледі. Әр жерден одағай-оқшау сұраулар жауып, оған жөнді-жөнсіз жауаптар айтылып кетеді:

- Міне, міне, енді келіпті Мамырдың әке-шешесі!

- Ойпыр-ау, күндіз жоқ еді ғой, қай жақтан келе қалған бұлар?!

- Шіркін-ау, Мамырың сұлу-ақ екен-ау өзі!

Көрейін деп күндіз қанша сығаласам да, қалпақтардың
бірін ұқсата алмап едім, қайда жасырынып жатқан бұл
қыз?!

Қалқаман шыққанда ауыл жігіттері есінен айырыла жінігіседі:

-  Па-па-па, жігітім-ақ екен-ау өзі!

-  Бәсе, бұлай болмаса жолында Мамыр өле ме!

-   Мына Мамыр өле ме, ей?!

-  Қисасын естімеп пе едің, бейшара-ау әкесінің інісі -  Көкенай атып өлтірмей ме! Уақиға өрістей келе көрушілердің барлық карғысы Кокенайға жауады. Кейбірі оның кыңыр сөзіне қарсы дау айтып, кейбірі тіпті ашық тілдеп жіберді. Көкенай рөліндегі Дәулет сахнада отырса да, оларға есесін жібермей күбірлеп, карсы боқтай отырады да, қасындағы рөлшілерді күлкіден кинап, қара терге түсіреді. Көкенайдың атқан жебесі тиіп Мамыр жығылғанда, қасындағы - нөкер рөліндегі әйелдермен бірге көрермен әйелдер де шу ете түседі.

"Көкенай, қарғамайын сөзіме бақ,

Ісім жөн, бір құдайға көңілім хақ!

Екі қан бір өзіңе ауыр болар,

Болма енді Қалқаманның қанына ортақ!"

Өлер алдындағы Мамырдың ақтық айтылатын осы ұзақ сөзі үзіліп-үзіліп шығып жатқанда, көрушілерден жыламаған әйел қалмады. Тіл атаулы байланғандай, үн атаулы өшкендей, тым-тырыс отырыс, тым-тырыс көз жасы, пыс-пыс мұрын, мыс-мыс жылау...

Біз жаз бойы халықты осылай жылатып жүріп, таудан сегізінші айдың ақырғы шенінде бір-ақ түстік.

Тергеушім", көпшілікті жылатудан үлкен қылмыс жоқ шығар. Біз сол жылы жазда тау халқын қан жылаттық: күндіз сойыспен тойлап жылаттық та, түнде өлі іспен ойнап жылаттық. Шынымыз да қылмыс, ойынымыз да кылмыс болды.

Сумаңның қолы мен жыланның тілі бір текті ғой, балық тілдес, бақа үндес болмай ма. Біздің сол жаздағы қылмысымызды өзіңіз тектес тергеу шеберлігін толық игерген инабатты сол зәңгі, елубасылардан сұрап анықтарсыз.

 

IV

 

Шәуешекке барып, орта мектепке сынау беруге сабақтастарымның көбі-ақ сайланып болыпты. Олардың екпіні мені де елеңдетіп әкетті. Олар жаз бойы дайындалып қызынса, мен ешқандай дайындықсыз-ақ, дүбірге шыдамағандықтан қызындым. Өйтетінім, жаз бойы менімен бірге серуенде жүрген үш-төрт сабақтас та қызына жөнелді. "Олардан мен кем бе". Олар өздерінің тұрмыс күйі қалай шапса да, тұсау салмайтын оқу шығынына шыдайтынын біліп қызынса, мен ол күйге қарамай қызындым. Өйтетінім, "әуелі сынау беріп, өзімді байқап көрмеймін бе, оқуға жарап, оқу шығынына шыдамасам, қайтып келмеймін бе?"  Әке-шешеге осыны айтып, екі күн кыңқылдап едім, қиналса да талабыма қимай көніп, біреуден жиырма сәрі қарыз алып берді. Сол ақша жан қалтама түсісімен жүгіре жөнелдім. Шәуешекке баратын сабақтастар арба жалдап алып, Ағылық көшесінде мені тосып тұр екен. Әкем де бүлкілдей келе сар желіске түсіп, мені сол арбаға шығарып жіберіп қайтты.

Түн қатып жетіп, ертеңінде-ақ емтихан залына кірдік. Емтихан тапсырушы үш жүзден артады екен де, қабылданатын оқушы бір кластық - отыз шамалы ғана екен. Оның үстіне, сол кездегі Шәуешек орта мектебінің тілі - татар, ұйғыр, өзбек тілдерінің қосындысы болатын. Емтиханды сол мектептің өз тілінде алды, Дөрбілжінде сап қазақ тілінде оқыған біз қаңқиып отырып қалдық.

Емтихан алушылардың арасында қазақтан шоқша сақалды семіз қара мұғалім ғана бар. Бар болғанымен де бізге жоқ сияқты. Шәуешектің өз оқушыларының қамынан аса алмай қалды. Ол кісінің де өзінің жебеу міндетіне алған сүйікті "тайыншалары" баршылық көрінеді. Сол "тайыншаларының" бірін емізіп болып, енді беруге өтерде аузындағы насыбайын бұлтыңдатып апарып, сол тұстағы түкіршікке түкірген болады, жолшыбай сол "тайыншасының" хал-жағдайын байқап үңіле өтеді. Насыбай орнына жалпақ құмыра шақшасынан жаңа насыбай сала қайтып, оған бүлкілдейді. Бұлтыңдау мен бүлкілдеуден білімнің сол аузы босамай-ақ қояды сөйтіп.

Өзі мүйізді сиырдан найзаны көп көрген тоқал сиырдай, тым жалтаң да көрінеді. Басқа "бұзау енелерінің" қабағына қарап "емізіп" жүрді. Олардың әрқайсысы өзі емізетін "тайыншаларының алдына барып иіліп қалғанда, тоқал қара өз "тайыншасының" аузына дәлдеп еркін сала алады.

Біз сұраудың тілін де ұға алмай жалтаңдап отырғанымызда "енелі" оқушыларға сондай сылп-сылп сыбырмен оның жауабы да айтылып жатты. Дөрбілжіндік сабақтастардан сол сыбырлардың кейбіріне жақынырақ отырған екі-үшеуі ғана үміткер болды да, басқамыз 1-2 сабақтың емтиханынан соң-ақ түңіліп, бұл сапарда құдай тағаланың пәлендей жарылқай қоймайтынын түсіндік. Үміткерлер ертелі-кеш сабақ пысықтайды. Біз түсініп болғандықтан көшеге түксие шығатын болдық.

Шәуешек  клубының бақшасы "жаннат" сияқты көрінді бізге. Түн ортасына дейін тамашалаймыз. Бұл бақшада "хор қыздары" мен "періште жігіттер" қатар-қатар қолтықтасып, аяқтарын бір ырғақпен тең басып сайраңдайды екен. Апрель дайындықтарында біз де әскери тәрбие алғанбыз ғой. Біз де солай қатар жүрдік. Самаладай жарық, алуан түрлі гүлмен безелген алаңдарда алуан түрлі гүлдей торқамен безелген сылқымдар арасында біз тым сұрықсыз сияқтымыз. Солай болса да көңіл жүдеулігімізді көрсетпеу үшін, көтеріңкі, кеуделі жүруге тырыстық. Үйде қолмен тігілген "модысыз" киіміміз көнетоз болса да, әйтеуір ауымыз жыртық емес қой, немізден ұяламыз!" деп күлістік. Бұлардың ішінде ең жүдеубасы - менің де қара трико мешпет-сымымның жамауы жоқ еді. Жалғыз-ақ "мінім" - тауда жарасып келген көне етігімнің көше ыстығымен отаспай жүруі болды.

- Біздің Дөрбілжіннен бұл қаланың артықшылығы - көшені жарық қылып тұрған электр  стансасы мен осы бақшасы ғана! - деді Рафаэль атты ұзын бойлы татар сабақтасымыз. Дәулет мұның атын ұмытқансып: "Тарпайыл", кейде жеп-жеңіл ғана "Торапай" деп салушы еді. Өзі келіскен әдемі, әдепті жігіт болатын. Қиялзат ол айтқан артықшылықты арттыра түсті:

- Дегенмен, аймақтық қала ғой, орта мектебі үшін келіп, ұтылып, тегіс заходқа отырып қайтатын болмадық па!

-  Біздің мәртебелі мырзаларға ертең ұзатылатын бикештеріміз де дәл солай жасампаз! - деп мысқылдады Өмірбек, - қарашы, әнеубір қырма сақал қырқылжың да шашын майлап, бетіне опа жағып алған сияқты!

- Өзінің  езуі мен танауына қара, сәнденемін деп оң жақ құлағына бәрін бір-ақ жиып алыпты! - деп сары шаян Бексапа қосты.

- Осылардың бірсыпырасы күндіз кірпіш құйып, иә, күндікшілік істейді де, кеште пері боп шыға келеді. Ыңғай қара шай мен қара нан жеп үнемдеп, кеште киетін ақ костюм сатып алады.

- Дегенмен, мәдениетті қала, мұнда өзбек, татар, орыс байлары көп, соларға еліктеп бәрі киінуге тырысады.

- "Аттыға еріп жаяудың таңы айырылыпты!".

- Қаз боламын деп қарға да аяғын үсітіп алған ғой!
Бәріміз ду күлдік бүл мәтелдерге.

- Үй, ақырын күліңдер, - деп шиқылдай күлді Қиялзат, - бұл календырлер қайдан келген деп бақшасынан қуып шықпасын!

"Қаупің неден болса, қатерің содан" дегендей, осының ертеңіне-ақ сол қатер артымыздан сап ете түскендей болды. Қауіптенген жерімізден дәл ұстады бір әйел дауысы. Бұл кезде біз үн қатыспай қатарымызды түксие сақтап келе жатқан болатынбыз. Арт жағымызда, таяу келе жатқан бір тізбек қыздың біреуі:

-"Гимназистер", қайыршылар! - деп қалды.

Біз жалт қарасып қайсысы екенін айыра алмай қалдық, әйтеуір ыңғай үлбіреген жібек кофталы, кысқа юбкалы, тоқ балтыр қызыл-сары "татар қыздары" екен. Мұндай келте юбкаларды "шолақ пері" деп атайтынбыз. Жайымызбен аяңдай бердік. Сол дауыс сол сөзін тағы айтты. Өмірбек пен Бексапа жалт қарап, ортақ жауымызды көре қойды.

- Сол жақ шеттегі жуан құйрық, сары шолақ! - деп мәлімдеді Бексапа. Өмірбек жауапқа Рафаэльді салмақшы болды:

- Артпайыл, ана қарындасыңа бірдеме деп қойшы!
Рафаэль артына қайырыла сөйлеп, тойтарысын татарша сыпайылап айтты:

- Сызларка біз әлі сойләмәдік, сөйләмәйміз да, сізләрдан қайыр тіләмәдік әлі!

Рафаэль бетін алдына қайта бұрысымен "шолақ перілер" түгел шөңгірлеп күлісе жонелді:

- Қайыршының сөйләрга уақыты қайда?

- Нан сұрап ашауыны гана білә!

- Хайыр тіләмәс-мыш...

- Бақшаларымызга битларың түшіп қалмасын әлі! - Аузым қышыған мен енді Бексапаны түрткіледім:

- Сен де татар түрлессің ғой, қайтып сөйлемейтін болсын қатты нықытып тасташы өзін. Бексапа сөйлемей үнсіз жымия берді. Біз үндемей қойған соң «Шолақ пірілер» де зеріккендей өз әңгімелеріне түсе бастап еді, әлгі жуан құйрық сары шабуылға қайта өтті:

- Мұндай қайыршы гимназист көрмеппіз әлі... Шапкаларын қара өзләрінің мәс мүжәкләрға ұқши!

Қайырыла қарадым мен. Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын осы Шәуешектің бір қызынан естіген «қалендыр» деген сөз есімнен әлі шыға қоймаған еді. Екінші келуім осы ғана. Бұл рет естіп келе жатқаным тағы да сол ғой! Жауабын іле қайырдым:

- Қайыршыдан қайыр тілегендей соңымыздан қалмай қыңқылдайсың, бейшара, қайыршының қайыршысы өзің ұқсайсың, бізден не сұрайсың, айта ғой енді. Барымызды аямайық! Мұншалық зарыққаныңызды біліп, жанымыз ашып келеді!

Біздің сабақтастар ду күлді. Қыздардың да іле қайырған құр шалдауыр жауабын тыңдамадық, енді ұрыссып қалмайық десіп бұрылдық та, терек арасындағы бір орындыққа барып отырдық. Сол орыннан станция гудогы берілгенде бір-ақ қайттық.

Біржолата қайтпаймыз, бақшаға онан соң бармадық, орта мектепке қабылданғандар тізімінде атымыз жоқтығын көрісімізбен Дөрбілжінге бір-ақ тарттық. Сынаудан өте алмай қалғаныма ешқандай жабырқамай, қайта жадырай жөнелдім. Мұнда оқып «қайыршы» аталудан құтылғаныма қуанғандаймын. Өз бетіммен-ақ ешкімнен қалыспай оқимын деген бір сертке қайралып әлденеге егесе қайттым.

Әке-шешеме де сол өзім бекінген сертімді айтып едім, олар да үлкен зілден құтылғандай жадырай қалысты. Әкем маған елжірей қарап күлімсіреді:

- Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алғандай, ендігі ең үлкен қыспағымыз сол «кемнасың» болар ма деп жүр едік, өркенің өссін, Қырауым, ақыл тауып қайтыпсың! - деп басымнан сипады, - жассың ғой, орайы келгенде кірерсің бір мектепке!

Мені осы ақылға итеріп салған сары шолақ қызға "рахмет" дей жаздап барып, өштік сезіммен тісімді баса ескердім оны.

Үйден шықпай, өз бетіммен сабақ пысықтап, өз бетімше есеп шығарьп әдеттендім. Демалғым келгенде әркімнен сұрап әкелген ескі хиссаларды көшіремін. Анда-санда ұйымның кітапханасына барып, кейбір кітап-журналдарды әкеліп оқимын. Сөйтіп оқу программам күн сайын көбейе түсті. Ойын-күлкі, дос-құрбыдан саяқтап, сабақтастармен кездесе қалғанда көп сөйлемей, есінеп-есінеп алып үйге жөнелетін мінез таптым. Ең қызық ойын үйде әкем жасап берген ағаш сандықшаның ішінде сияқты. Кітап-дәптерімді жайып салғанда ғана шын думанға кіргендей, тар қапастан кең далаға шыққандай жан сезімім кенеле қалатын болды.

Әке-шешем осы кезде маған бір ғана борыш артты! Рамазан айында бес уақыт намаз өтеп, ораза ұстауым керек. Оқуыма бөгеті болмағандықтан "аздап иман да таба жатайын" деп, мен бұған көне кеттім. Сөйтіп 1941 жылдың күзіне келген бір оразаны алдаусыз, адалдықпен өтеуге кірісіп едім. Он-он бес күн ішіндегі сынаудан жақсы өткен сияқтымын, әкем мені семья намазындағы имамдық орынға шығарды.

-  Осы үйдің ең оқымыстысы сенсің, мұнан соң сен иман бол! - деп оз орнына тұрғызды да тәкбырды оң жағыма тұрып, өзі түсірді, маған мәзін болғаны еді бұл. Жалданба егіншіліктен қыста босап үйде болатын Бигелді сол жағымда. Менің мектепке кірмей қалуымнан біраз жеңілдік тауып, Нұрасылмен бірге жаяу саудагер болып алған Биғазы да, Ораз да үйде бірге намаз оқитын болған. Дөрбілжіннің атақты Әбдірахман дейтін қариінің дәлелдемесі бойынша, әйелдер ерлермен бірге намаз оқитын болғандықтан, шешем де сол оразада менің ұюшым бола қалды.

Еңгезердей екі дәудің ортасында кіндіктерінен келсем де, олардан сәл алда түрып, бәрін мүлгітетін болдым сөйтіп. Мен еңкейсем, олардың да еңкейіп, мен тоңқайсам олардың да тоңқаюы басымды сәждадан алмай жата берсем, олардың да жата беруі шарт, ішімнен күлсем де екі-үш күн тәртіп сақтап, тәуір имам болып жүрдім. Сойтсе де, семья үлкендері намазда мен не істесем соны істейтін болғаны маған өте бір қызық комедия ойлата бастады.

Күндіз үйден шықпайтын болғаным үшін шешем мені бір уақыт бой жазып ойнап келуге қузап жүретін. Менің көңіл көтеруімді бәрі қостайтын шақ еді. Сол ойынды осы намаз уақытында бір ойнап алғым келді бір күні. Қылжаққа айналдырғанымды білдірмеу үшін, өзім күлмеуім керек. Екінті намазы төрт қана жығылып тұратын ең қысқа намаз еді, сонысын созып апарып, ақшам намазына қосьш жібергім келді. "Алхамдуны" асықпай соза оқып, оған ыңғай ұзын сонар сүре қосып, ұюшыларымды ұзақ қаңтарып аламын да еңкейіп "рукағда" және көп тұрамын. Әкемнің белі ауырды білем, ұзақ еңкейіп тұруға шыдамай қипақтай берді. Биғазы күліп жібергенде қайта бір қайқайып алып сәждаға бас қойып аламын да ұзақ жатамын. Ұюшыларымның әкемнен басқасы, тіпті шешем де күліп жатты. Бірақ, бастарын имамнан бұрын көтеру құлшылық шартында жоқ болғандықтан қыстығып әрең шыдады. Мақсатымның бірі - әкеме намаз бұзғызу болатын. Менен емес құдайдан қорыққандығынан ол кісі шыдай беретіндей көрінді. Сондықтан, сәждаға ең ақырғы жығылғанымда бас көтертпей тіпті үзақ жатып алдым. Ана үшеуі қатты күліп жібергенде әкем жайнамаздан басын көтеріп алды, мені бөксемнен бүре, жайнамаздан іліп алып, арт жағына лақтырып тастады. Өзі де күліп жіберді сөйтіп. Артқа лақтырылған "имамға", ұюшы мүриттер де түгел карқылдап күліп кетті.

Әкемнің өзі имам болып, екінтіні қайта оқымақшы болғанда үй күңгірт тартып, екінті уақыты өтіп қалған еді. Мен алдыға қайта келіп, қарсы қарап отыра қалдым да енді "шариғат" сөйлей жөнелдім:

- Алла тағала уа табәрәкәнің ең сүйген құлы ғана намазды намазға осылай ұластырып оқиды, мешіттен шықпайтын сопылар кешке дейін мехрабтың алдында жер жыртып, егін салады. Арық тартып суарады деп ойлайсыздар ма. Хақ пайғамбардың хәлел үммәті әлбетте олар сауаптың кайда екенін біледі. Солай бас көтермей жатып алады да, иман дегенді бермегеніне қоймай тартып алады. Әке, сіз Алла тағаланың өзі желеп жіберген имамын лақтырып тастап, зор күнаға кіріптар болдыңыз! Енді барып мехраб алдына жатып алмасаңыз кешірмейді де...

- Ей, шайтан, тұр былай! Имам да болма, ұйыма да, ары ана жаққа отыр, - деп әкем ызбарлана қалды да, мырс ете түсті, - әрі кет деймін! - деп қатайды.

- Қуаласаңыз менің күнәм сіздің мойныңызға мінеді!

- Мейлі, өзің ары кетші, ары!

- Имамдықтан алып тастасаңыздар ғой, бұрқан боламын ендеше!

Будда пұтханаларындағы пұттарша кердейіп сіресе қалып едім, тағы да күлісіп жіберді. Күлкіден тыйыла алмай қалған Биғазының иығынан әкем қатты нұқып жіберіп, Бигелдіге алара қарағанда күлкі әрең тоқтап еді.

- Жарығым, Қабыкен, ақшам болды! - Шешем маған жалынды, - намаз оқып алып ауыз ашайық.

Мен түрегеліп барып арттағы шешемнің қатарына тұра қалып едім, әкем қайырылып, кеудемнен итеріп жіберді:

- Сен енді жеке оқы, бірге оқысақ тағы бұзасың!
Сөйтсе де "тағы бұзудың" орайы табыла кетті: терезе жақ бұрышқа көйлегімді шешіп, жайнамаз үшін жая қойдым да, жалаңаш бойыммен "алхамдүні" апыл-ғұпыл айта салып жығылдым. Сәждаға әр рет жығылғанда екі рет бас қойып, үш реттен алты рет айтылатын "сухан рабииал әғлә" деген жалбарыну сөзін сол жатқан күйімде санап отыз рет айтып бас көтердім де, бетімді бір-ақ сипадым. "Аллаху акпардың" мағынасы ретінде "болды", "бітті" деп қазақша жария сөйлей сипадым. Алла тағала бес рәккағат ақшам намазындағы сол отыз рет жалындыратыныңызды толық орындадым, мәртебеге жеткізіңіз, болды, бітті! Ақырғы дүғаны осылай айтып, бетімді сипағанымда, әкеме ұюшылар күлкіден қыстығып шиқылдап тұр еді. Енді "мәртебеге жеткенде" жалаңаш күйіңде бұт болып қарсы отыра қалғанымда бәрі бір-ақ қарқылдап, ақтарыла күлді. Әкемнің райына қарай салып, көйлегімді ала қаштым сыртқа. Олар намазын қайта оқып қалды білем. Әкем қуалап шықпады. Мақталы шапанымды қарындасымнан алдырып киіп сыртқа ауашарақ жүргенімде "ауыз ашар" шайға шешем шакырды. Әп-әдепті болып кіріп, дастарқан шетіне жүгіне қалып едім, әкем мырс етіп күліп жіберді. Мен үшін екі ағам сыбаға жеген болса керек, олар томсарулы екен:

- Сен, дін бұзар, мұнан соң намаз уакытында үйде отырушы болма! - деп әкем бадырая карады, - бес ракағат намазды бір ракағатта бітіре сал деп қай молдаң үйретті саған?!

- Молдамыз үйретсін, үйретпесін, Алламыздың ақшам намазындағы салығын толық өтесем... болатын шығар, - деп мен төмен қарадым.

-  Ол қай салық?!

- Ақшамда отыз рет жалындыру емес пе... Тұра тұр Алланың өзінің әр қолынан әр күні намаз арқылы алып тұруға тиісті салығын айтып берейін: таңертеңгі намазда құзғын сәріден тұрғызып алып 24 рет жалынту... Бір рәкағатта алты қой... Бесінде алпыс рет, екінтіде 24 рет, ақшамда отыз рет, ясих намазында 54 рет жалынту. Бір күнде жиыны 192 рет жалынсақ болғаны емес пе! Жаратқан ақысы үшін әділ. Алла бұдан артық еш нәрсе талап қылмайды. Бір күндегісін бөліп-жармай, маңдайды жұмсағырақ кигізге қойып алып, бір-ақ өтеп тұрсақ тіпті разы болар еді!..

- Саған дауа жоқ екен!.. Болды, бажырамай шайыңды іш енді, -деп әкем шайға жібіткен қара нанын асай түсіп күлімсіреді.

- Кешке шейін үйден шықпай отырып алып,
есептемейтіні жоқ екен ғой мұның! - деп күрсінді шешем. - Іші пысады ғой, қайтсін!..

- Жеңеше, осы Қырауың балалардың бәрімен ұрысып калған ғой деймін, - деп Бигелді салдырлады. - Тату болса ойнамай ма!

- Жоқ, ұрысқан жоқ, - деп Биғаділ сақ ете түсті. - Сабақтастарының бәрі менен сұрайды. Мен, "жұмыртқа басып" жатыр дедім.

Бұл сөзге үй іші ду күлді де, мен кіржие қарадым оған. Қағысып қалуымнан Биғаділді қорғағысы келген Биғазы да сөйлеп, мені өзіне қаратпақ болды:

- Бұл жаман емтиханға жарамай қалған соң өзін-өзі түрмелеп отыр.

- Ей, Қырау, өзіңді-өзің неше жылға кестің?

- Біздің Қырау ұрысқүмар емес, ешкіммен төбелеспейді. Жұмыртқа басатын күрке тауыққа тіпті ұқсамайды, - деп шешем мені мақтап-мақтап, бір уақыт серуендеудің амалын ізлестірді. Ертең көріңдерші кәне, күндіз көшеге барып ойнап келіп тұрады!

"Бұл қақпайларыңа көнсем-ау!" деп мен бекіне түстім.

Тергеушім, мен сол жылы Шөуешектен қайыршылық қылмыспен қуаланып келіп қамалғанымда, үйімнен дін бұзарлық қылмыспен қудалана түскенімді көріп отырсыз. Өз үйіме сыймауымнан-ақ менің әуелден жер-көкке сыймай келген қылмыскер екендігім белгілі болмады ма. Әсіресе сол кездегі дін бұзарлығыма тереңірек қарасаңыз, қазіргі қылмысымның тарихи тамыры жарқ етіп шыға келеді. Дінге сенбеген кімге сенбек. Бұл да сол кездегі белсенді кері төңкерісшілдік емес пе. Мен бес уақыт намазды бір рәкағатпен ғана өтеп, сол кездің өзінде-ақ құлшылық қалыбын бүзыппын ғой. Бұған қарағанда қай құлшылық қалыбын бұзбас дейсіз. Жастайынан өзін-өзі түрмелеп үйренген адам, өзгенің түрмесін қуана қарсы алмас па. Онан да осы түрмеден мені сіз де қуып шықсаңыз, жан жерімнен ұстаған ең қиын жаза сол болар еді.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



[1] Гайжаң - Көше бастығы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2068
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2496
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2105
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608