Жұма, 17 Мамыр 2024
Даңғыл 10287 4 пікір 6 Ақпан, 2021 сағат 16:32

Жүрсін мен Бақытжамал

Қазақтың кәдімгі Жүрсіні мен Бақытжамалы жақында 70 жасқа толмақшы. Ақылды қалтаға сала тұрып, жүректің әмірін орындап, он жетісінде ерлі-зайыпты атанған ғашық жандардың қосылғанына 50 жыл толыпты. Шақыру қағазындағы суреттеріне көз тоқтатып қарап отырып, «ұры уақыт-ай!» деп дауыстап жіберіппін.

– Ағаның махаббаты қандай, ә? Қолды иыққа салып, құшақтап тұр! – деп әсерленген Дәлелдің зәресі ұшып: – Не дейсің? – деді.

– Уақытты айтам, уақыт – ұры!..

Аға жасынан егделеу көрінсе, ерте жастан ел жүгін, ер жүгін көтергеннен, ал тәтемнің денсаулығы сыр беріп жүргендей ме, қалай?!..

Баласы бар қазақтың бәрі алдыртып оқитындай көріп, ай сайын шығатын «Айгөлек» журналының құлақкесті құлына айналғаным соншалық, тырп еткізбейді. Емізулі сәбиі бар анадай ебіл-себіл болам да жүремін. Көкейдегі көп дүние іште өледі. Осындай қобалжулардан соң, жинап тастауға болмайтын шашылған қағаздарды ары ысырып, жүрегімнің жаз дегенін жазуға отырдым.

Арнайы оқытылмаса да, әр қазақтың санасында қазақтану деген сабақ жүруі тиіс. Сонда тұғырлы тұлғалар саған айқын жол көрсетіп тұрады. Сол сабаққа қатысы барлардың Жүрсін Ерманды білмейтіндері кемде-кем. Біреуге бар болмысымен, біреуге ақындығымен, біреуге айтысымен, біреуге көсемсөзімен ұнайтын аса танымал тұлға туралы жазу әрі оңай, әрі қиын. Бірақ жазбау да – күнә. Сөз жоқ, мақтағың келеді, жақындығыңды айтып мақтанғың келеді.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бір хадисінде: «Біреуді мақтаған адам – не көршісі, не сапарласы, не сауда жасасқан кісісі болса, дұрысы сол» делінген. Тынысым кеңейіп қалды.

Жүрген ізі қара жолға айналған дара жол иесінің қасында аз жүрмегенім, ағаны ғана емес, Бақытжамал тәтені де көптен бері жақыннан білетінім ойымдағы сапырылысқан сан естеліктерді алдыма әкеп, үйіп-төге салды. Ал елеп-екшеп, төгіп-шашпай, өтірікке баспай жазып көр!

1983 жыл. Сол кездегі жалғыз Қазақ телевизиясының Жастар және Әдеби драма хабарлар редакциясы ұйымдастыратын кездесулерге КазГУ-дің филология, журналистика факультеттерінен өз ойы бар, белсенді студенттерді шақыратын. Келеміз. Кездесу қонағына сұрақ қоямыз, кейде пікірталас жасаймыз.

Бір жолы студияға Жүрсін аға кіріп келді. Мен өз көзіме өзім сенбедім. Жан-жағыма кезек бұрылып: «Біздің Жезқазған облысының мықтысы ғой, анау Бақытжамал Ерманова деген сұлу диктордың жолдасы» деп жүрегімдегі атқақтаған қуанышты жасыра алмай есім шықты. Бірақ ағалап қасына жетіп бара алмадым. Бас редактор болғасын ба, отыздан жаңа асқан асау тұлпарлығы ма, түсі де, үні де қатқылдау көрінді. Әйтеуір, сондағы аға редакторлар: «Үлкен басшылар – Камал Смайлов, Сағат Әшімбаев, Рафаэл Жұмабаевтың қалауы солай», – деп санаулы студенттерді, тіпті жиірек шақыратын болды. Жүрсін ағамен солай таныс боп кеттік. Сол жылдары айтысты қолға ала бастаған кезі екен, біз шаршауды білмейтін қолғанаты болдық. Дәрістен шыға салып, жол-жөнекей алған бірдемемізді шайнаңдап, көше кезіп, қас қарайғанша алдағы болатын айтысқа көрермен іздейтінбіз. «Осторожно! Здесь злая собака» деген жазулардан да сескенбей, көрінген есікті қағатынбыз. Қазақ көрінсе, жанымыз қалмай елпілдеп: «Айтысқа келіңіз, қанша адам ертіп келе аласыз? Бәріңізді күтіп аламыз, телевизордан көрсетеміз. Сұмдық айтыс болады, айтыскерлер көңілдеріңізден шығады. Арасында тамаша әншілер ән салады» деп келмесіне қоймаймыз. Көбіне орекеңдердің қақпасын қағып, уақытымыз текке кеткенде қатты қапаланатынбыз. Ал, жетесіне жеткізген соң икемге келген қара көздердің аты-жөнін, үй телефонын қойын дәптерге жанталаса жазып алып, мәз болатынбыз. Тізіміміз көбейген кезде ағаға келіп, сүйінші сұрайтынбыз.

Аға соның бәрін тәтеге айтса керек, бір күні мені көгілдір экран жұлдызы қонаққа шақырды. Үйлері Көктөбе жақта екен. Тап-тұйнақтай, қыздың жиған жүгіндей, кірсе шыққысыз жылылығы көзімде қалыпты. Өзі де, балалары да әп-әдемі. Аға үйде жоқ. Тәте бар жұмысын әндете жүріп істейтіндей көрінді. Екі сөзінің бірі – Жүрсін. Және Жүрсін деген сайын әуезді үні, көзінің нұры, томпия қалатын ерні көп қырлы гауһар тастардың жарыса жарық шашқанындай әсерлі болар ма! Сол жолы Бақытжамал тәте мені баласынбай, Арқадан бар төркіні көшіп келгендей күткенін қалай ұмытайын?! Дастарханды жайнатып жіберді. Қайтарда қолының «ұзындығын» байқатып, дүкенде сатыла бермейтін оны-мұныларымен жарылқап тастады. Сосын тоқтатып тұрып, аса бір жанашырлықпен: – Биыл соңғы жылың ғой, аспирантураны қайтесің, телевидение деген күшті! Сен туралы басшылардың пікірі де жақсы көрінеді, сонда қал, жаман болмайсың, – деді.

Алдағыны Алла ғана біледі. Университеттегі әкемдей қамқор ұстазым, профессор Тұрсынбек Кәкішев: «Телевидениеден енді ғылымға қайта алмайсың ғой» десе, диплом жетекшім, академик Зейнолла Қабдолов: «Сені мына біздегі ауыз әдебиетін жаңартатын маман болады деп жүрсем...» деп кейістік білдірген. Ақыры келесі жылы арнайы шақырумен телевидениеге кеттім. Бірақ екі жылдан соң, Желтоқсан көтерілісіне кезекші болып барып, тапсырманы орындамай, алаңға шыққандарға қосылып кеткенім үшін басшылықты дүрліктіріп, соңында жұмыстан кеткеннен басқа амал қалмады.

Абырой болғанда, ол кезде Жүрсін аға шетелде-тін. Әйтпесе, тура жүрекке қадалар бір «оқты» гүрс еткізері даусыз еді. Онсыз да, алдында ғана елде тұратын ерен жүйрік жас ақындарды телехабарға шақырғанда өзі бұл тізімге ілікпеген, есебі мықты бір жігіт солардың ортасында менің тағдырлы, мұғалім ағамның барын жеткізіп, қауіп туғызып,  арамыздан қара мысық жүгіріп өткен кез-ді. «Құланның асуына мылтықтың басуы» деген осы!.. Айтпақшы, Сәкеннің 100 жылдығында (1994 ж.) мүшайраның бас бәйгесі Ермановқа бұйырғанда, «Ақындық емес, журналистік танымалдық жеңді» деп күңіренген сол шайыр, кейіннен ағаның жанторсығына айналып, біраз бедел жинағанын да көз көрді.

Бұл – хадистегі күнде көретін көршімен тең, әріптестік жақындықтан туған бұлтақсыз сөз. Енді: арамызда саудаласу сынағы болмағандықтан, ұзақ жолға бірге шыққан сапарлас күндерге келейін. Расында да, кімнің-кім екенін танытатын ең әділ таразы – сапарлас болу.

Қазақтың рухани әлемінің басына қара бұлт үйірілген 1999 жылы Жүрсін аға Парламент депутаттығына кандидат ретінде Қарағанды облысының қазақы қаймағы бұзылмаған аймақтарындағы халық атынан туған елдің аманатын арқалауға жон арқасын тосып, сайлауға түсетін болды.

Бізді отбасымызбен дәмге шақырып алып, аға: «Қанша жүретініміз белгісіз, сендер Қымбатсыз өлмей тұра аласыңдар ма?» – деп Дәлел мен Мерейге қарады. Екеуі де «өлмейміз» деп келіскенімен, екінші сыныпта ғана оқитын ұлымды Аллаға бір, маңайыма екі тапсырып, ертеңіне Алматыдан Ермановтардың жеке көлігімен Жезқазғанға тарттық.

Қайран уақыт-ай!.. Оған да 22 жыл өтіпті. Ол бір «мен не көрмедім, кімді көрмедім» деп жыр қып естелік айтса жарасар ертегідей күндер еді-ау...

Кейбіреулер Жүрсін ағаны дара шың Махамбетке, асқар тау Асанәліге ұқсатып жатады. Бекер! Ол – кім-кімге де күнде көзімен көріп, биігіне қиналмай жетіп, самалдайтын қоңыр төбе, дара жаратылыс, Алла Тағаланың жеке туындысы. Ол – сойы бөлек, батыр Қобыландының тұқымы, ұлылық дарыған Ұлытау ұлы. Бүкіл жаратылысы: түр-тұлғасы, қасқайып қарауы, үніндегі құдірет, сөзіндегі семсерлік, өлеңіндегі көркемдік, аяқты алшаң басуы, ыңғайға ыңғайланбауы асыл тегінен алғаны. Меніңше, Ермановты жалпы жұрттың жабыла жақсы көруінің негізгі сыры осында ма деймін.

Ойпыр-ай! Сайлаудың сандалысымен екі айдай тәтті ұйқыдан безініп көз ілмегенде, «билік машинасы» көзімізді бадырайтып қойып, түн жамыла қарсы жұмысқа жұмылып жатқанда, халық-әулиенің сүйген ұлына деген ықыласына дос сүйініп, дұшпан күйінгенін көру қандай бақыт!

Жүрсін ағаны қолдау үшін Алматы мен Астанадан, облыстардан ел таныр есімдердің арнайы барғаны елі сүйген ерді де, сондай ерді туған елді де бір көтеріп тастағаны ақиқат. «Бәрін айт та, бірін айт» бір Қасым ата Қайсеновтың Шығыстағы сапарынан арнайы бұрылып келуінің өзі азамат ақын мерейінің үстемдігін танытты.

– Алтын басты, ер тұрпатты, елдің қамын жеп жүрген өз ұлдарың, мына Жүрсінді қолдап келіп тұрмын. Адаспай, адал дауыс беріңдер! Сайлаңдар да, жұмсаңдар! Сөзі өтеді ғой, – деп елге жалынғандай болған қаһарман Қайсенов те, толғай да толғай тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсігі барға түйіп жеткізген Камал Смайлов та, ақ берен ақын Ғабиден Құлахметов те, Жаңаарқаның кіреберіс жолынан ақ боз үй тігіп, ақ боз бие сойып, саба-саба қымызымен алдымыздан аңқылдап шыққан мектеп директоры, менің жиен ағам Төкен Құдікенов те, екі бөлме толы қонақты екі күн алақанына салғандай аялап күткен, ақын Дүйсенбай Жұмасейітов те, асығыстыққа қарамай сары қымызын сапырып, ақ қаймақ, бал қаймаққа бауырсағын батыртып, еттің пісісін де, шикісін де, дәу қарын майын да «бөліп алыңыздар» деп жолымызға адал асын салып берген анам Қаламқас та, «Жүрсін батыр, Батыраш-Қотыраштар үшін басыңды түсіруші болма», – деп, көзіне жас алып қоштасқан әкем Түлкібай да бүгінде мәңгілікке, келместің ауылына көшіп кеткен. Және оларға қаншама жақсылар мен жайсаңдарды да қосса болады...

Иә, халық біріксе, күш екен. Олар биліктің зәре-құтын қашырып, табандап отырып Ермановты екінші айналымға алып шыққанда, қолдап барған біздер ағаға естіртпей, «өтпесе де бақытты» деп жайраңдасқанымыздың несін жасырайын.

Ағайынға аға мен тәтенің қадір-сыйы да кісі қызыққандай екен. Абысындардың ауызбірлігінде мін жоқ. Ым-ишарамен бірі қайтып, бірі қосылып жатқан талғамдары әртүрлі, әр жастағы қонақтардың ай бойы күтімін табу – айтуға ғана оңай. Бұл тектінің ұрпақтары өздері аз болса да, жар таңдауда маңдайларының бағы бес елі ме деп қалдым. Бірінен–бірі өткен пысық, ыспадияр әйелдер мұнтаздай тазалықты сақтаумен қоса, күйеулерін қабағынан ұғатыны таңқалдырды. Әлде өздеріне таныс мінездерін сыртқы адам білмесін дей ме, әйтеуір бір жүйеге түскен, темірдей тәртіпке тәнті боласың.

Шал Құлекеұлының:

«Әйел алсаң, таңдап ал ақылдысын,
Сол сенің ақыреттік жақын кісің», – дегенін іске асырған осындай аға-бауырлар жасасын!

Әрине, Бақытжамал тәтемнің жөні бөлек. Ол өзінің бағасын білмейді емес, біледі. Жасандылықсыз, жалықтырмайтын жан мен тән сұлулығын да, табиғи талантын да біледі. Біле тұра, бәрі-бәрін құлын күнінде қосылған Жүрсінінің махаббатынан жоғары қоймады. Өз ақылымен, бесік көргендігімен, бүкіл Қазақстанды бетіне қаратқан жұлдызды шағын, шығар биігін арда азаматының, сүйген жарының бабын жасау бақытына құрбандық етті. Ноқтаға басы сия бермейтін, от ауыз, орақ тілді, сырты дүрдигенмен жүрегі жараланғыш, батырдай аңғал, бірде бала, бірде дана ақын жанын жабырқатпаймын деп шешті. Өзін ғана емес, анасын, баласын, қонағын, немересін күтті.

Бірді айтып, бірге кету деген осы. Басқасын былай қойғанда, сайлау сапарынан кейін де, Жүрсін ағаның Қарағанды қаласында өткен 50 жылдық мерейтойына бірге барғанымызды айтпасқа болмас.

Құдайым-ау, ол сапарлар туралы жазатын естеліктерде қисап болсайшы. Рахаттанып, екі иығың селкілдеп күлетін де, сан сәттерді сағынып, егіліп жылағың келетін де оқиғаларда шек жоқ. Алла сәтін салып жазыла қалса, ол оқыған пендеге ойтүрткі болары сөзсіз. Кейде: «Әй, қара қыз! Сен менің қасыма жақын отыршы» дейтін қайталанбас Қайсеновты, кейде күндізгі қызықтарды айтпағанда, бір күн жүріп, бір купеде талай қылықтарын көрген Қадыр аға мен Тұманбай ағаны түсімде көрем. Көп сөздері жадымда жаңғырып тұрады. Соның бәріне куә болу – Жүрсін ағаның арқасы. Сол жолы Қарағандыдағы кезекті бір қонақасыда Қадыр аға: «Жүрсін қай жерде тууды біледі!» – деп елдікке ескерткіш орнатып кеткені де естен шықпайды.

Біз аға, тәте үшеуіміз бір көлікте талай жол жүрдік. Сонда көзі кіртиіп, шаршап-шалдығып келе жатса да, рөлдегі ағаны жалғызсыратпау үшін тәтенің сызылтып ән салып отыруы, қайырмасында екеуінің қосыла шырқауы не деген жарасымды десеңізші! Ара-арасында көңіл сергітер әңгімелер бастап, тура теледидардан айтатын ертегісіндей еркелей сөйлегенде жаның ериді. Астанаға да бірге барып, Дәулет Тұрлыхановтың кең сарайдай үйінде өзіміз би, өзіміз қожа болған керемет сәттер де ұмытылмақ емес. Сонда тәтемнің таңғы астан бұрын лып етіп шығып кетіп, дүңгіршектер іздеп, бір құшақ жаңа газет-журнал әкеп, ағаның алдына қоятын дағдысына әбден риза болдым. Алматыда да сөйтетінін талай көрдім. Азаматының сыртқа шығарда жағасын түзеп тұрып, ерке назды дауыспен не тамақ ішкісі келетінін сұрап қалуы да – өзгеше өнеге.

Жүрсін ағаның «Әйелдерге одасы», Бақытжамалға арнаулары, «Сыңарыма» ән-өлеңі 50 жыл отасса да, қосылар күнді санап жүрген ғашық жандай ынтық сезіммен жазылған, әлі де құпия-тылсымдары толық ашылмаған, бір-бірінсіз қия баса алмайтын іңкәр жүректің құдіретті лүпіліндей пәкізе жырлар болуының сыры тереңде.

«Ерін сыйлаған етекте қалмайды» дегенді айтқан қазақ атам қателеспейді. Әттең, көп еркек өзін сыйлата алмаған соң, әйелін жаман атты қып жүреді.

Бай да, бағлан да, әкім де, қара да, үлкен де, кіші де, оқыған да, оқымаған да аттан түсіп сәлем беретін, Жүрсінмен амандасқан қолын ырым қып жумай жүретін мысалдардың санын білемін. Мен соған қуанамын. Ол мәртебеге Ерманов әбден лайық екенін мойындай отырып, «Бақытжамал тәтеме кездеспегенде...» деп, көп нүкте қойсам, ағаны тағы да өкпелетіп алар ма екем?!

Табалдырықты аттасымен папалап алдынан шыққан ұл-қыздарына құшағын жайып тұрып, «Шәмкен қайда?» деуді ұмытпайтын, жар қадіріне жеткен Жүрсін аға қосағымен қоса ағарып, бәйтерек-ғұмыр кешсе екен деймін. Кейінгі кезде абыз ақсақалдарға тән кемелдікке көшіп, кең қолтық, бауырмал пейілі арта түскендей. Айналайыны көбейген сайын айналасына үйірсектейтіндер тіпті молайғандай.

Ана бір жылы қызметіндегі бір сұрқия қатынның арандатуымен, жазықсыз жәбір көргенім бар. Жасым кіші болған соң алдына барып: «– Арым таза, аға. Нанбасаңыз, бетіме қараңызшы», – десем сөйлеспейді.

– Онда бар жауыңыз мендей болсын, – деп шығып кеттім. Арада көп өтпей, менің 50 жасыма өлең арнады.

...Жүрсең де шытынатып жан шынысын,
Қазақтың баулыған сен әнші құсын.
Отан деп отқа түсер көбелексің,
Заманның Әлия мен Мәншүгісің... – деген жолдар тоқтатып, оңашада әкем енді өлгендей жылайын келіп. Шытынаған шынысы сынып, ең жанды жеріме батқандай ауырсынайын. Сосын пендешілікпен: – Сонау сапарлас күндерде, дүйім жұрттың алдында: «Бір Қымбаттан бірнеше Қымбат шығарып алатын сканердің жоқтығы-ай, шіркін!»... дегені қайда, – деп жабырқайын.

Былтыр да бір көңіл бұзылған күн болған. Алыстағы Ұлытаудан сексеннен асқан қарт ұстаз «Ауданның құрметті азаматы» Шабаз есімді ақсақал телефон шалып: – Немене, Жүрсін ағаң екеуің аразсыңдар ма? Жезқазған жаққа осымен екі-үш айтыс әкелді. Қымбатты көрермін деп, ит арқасы қияннан әрең жетсем, жюриінде тағы сен жоқсың. Өзіне жолығып айтар сөзім бар еді, жете алмадым, – деді. – Жооқ, әке! Татумыз. Менің жұмысым ауыр ғой... – дегенімді тыңдамай: – Саған өтірік жараспайды! – деп төбемнен тастай су құйғандай қылды. Сөйтсек, «сырт көз – сыншы» өз ұйғарымдарын жасамай қалмайды екен ғой.

Алматыдан тапқан бар байлығым – атан жілік аға-апаларым, артық-кемімді көтеретін елпілдек дос-құрбыларым бірінің соңынан бірі ана дүниеге асығыс аттанған сайын көңілде құлазу басым. Оған жасыңның ұлғайғанына қарамай, үлкенді іздейтін сорлылығың қосылады. Сонда алдыңда қазіргідей көңілімен Жүрсін аға мен Бақытжамал тәтедей жанашыр жандардың дін аман жүруіне деген зәруліктің құны одан әрі арта түседі.

Қалай себепсіз шекіссек, солай себепсіз бекісіп жүріп, қырық жылдай уақытты артқа тастаппыз. Сынағы мен сұрағы көп өмірдің бізге қиғаны қимастық сезім екенін мойындау керек.

Пайда ойламайтын сол бұрынғы қалпыммен өзі жазғандай: «Ағаның қасиетін ұғу үшін, жігітке керек сендей бір қарындас» болып, қатар жүрген күндерді сыйлап, һәм сыйласып өтуді жаным қалайды.

Картинки по запросу "Қымбат Әбілдәқызы"

Қымбат Әбілдәқызы,                                                                                    

Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2209
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625