Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4355 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 20:35

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЗАЛАНҒАН ЖУРНАЛИСТЕР

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығашы деуге болады. Тәуелсіздік қарсаңында шаңырақ көтерген, алғашқы ұйымдасу конференциясының өткеніне осы айда жиырма жыл толғалы тұрған «Әділеттің» көп жылдар бойы тарихтағы «ақтаңдақтарды», репрессиялар тарихын зерттеуге атсалысуы нәтижесінде, жазықсыз атылған жандар жайында сегіз том болып «Азалы кітап. Книга скорби» жарық көрген-ді. Қоғам белсенділерінің кейінгі кездегі арнайы ізденістері саяси қуғын-сүргіндер құрбаны болған журналистер есімдерін анықтауға арналды. Сол жұмыстың қорытындысы ретінде, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте тарих факультетінің студенттері мен оқытушылар қауымы және Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшелері ХХ ғасырда репрессияланған сан-мыңдаған жазықсыз жандардың бір ерекше тобын - журналистерді еске алды. Еске алу кеші «Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған журналистер рухына тағзым»  тақырыбымен өткізілді.  
Саяси тұрғыда қудалану қазақ журналистикасының маңдайына туғаннан жазылып қойылғандай-тын, өйткені ол едәуір дамыған империялық баспасөздің көлеңкесінде, бодандық жағдайда дүниеге келген еді. Егер сан салалы, жан-жақты дамыған, дәстүрге бай орыс журналистикасына бүгінде үш жүз жыл толса, қазақ баспасөзінің жасы оның жартысына да жеткен жоқ, әрі,  әуелде оның шекпенін жамылып,  өмірге аударма түрінде ғана жолдама алды. Ол патша әскері Қазақстанның оңтүстік аймағын қарулы күшпен басып алып, империя құрамына қосқаннан кейін ғана, отарлық тәуелділік ахуалда пайда болған-ды.
Жауланған өлкеде патшалықтың Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғаннан соң, отарлаушы әкімшіліктің жарлықтарын жергілікті қазақтарға түсінікті тілде жеткізіп тұру үшін 1870 жылы Ташкентте «Түрістан уәлаятының газеті» ашылды. Он екі жыл бойы шығып тұрды. Қыр  қазақтары үшін 1888 жылы Омбыда «Дала уәлаятының газеті» ашылып, он төрт жыл шықты. Екеуі де үкіметтік басылым болатын. Екеуінің де  бірнеше әкімшілік бірлікке бөлініп отарланған қазақ елін қазақтың өз тілін пайдалана отырып тиімді басқару мақсатына қызмет еткені мәлім. Газеттердің үкімет мүддесіне келіңкіремейтін сипаты айқындала бастағанда, яғни, олардың тек отарлаушы өкімет бұйрықтарының жаршысы ғана болып қоя салмай, сонымен бірге, қазақтың ортақ әдеби тілін дамытып жатқаны, қазақтың біртұтас ұлт екенін сездіріп, жұртты ұйытуға кіріскені аңғарылысымен, екеуі де жауып тасталды.
Дегенмен, осы газеттердің бейресми бөлімдері арқасында ұлттық журналистика қаз тұра бастады.
Баршаға мәлім, бірінші орыс революциясы патшаның империяда шын мәніндегі түбегейлі демократиялық өзгерістер жасауы ықтимал саналған  құжатын - 1905 жылғы 17 қазан манифесін дүниеге келтірді. Сол құжат туғызған зор өрлеулі ахуал нағыз революция  ретінде бағаланды. Сөйтіп, азаттық үшін күресуші азаматтармен қатар, 1905 жылғы қазан революциясынан кейін қазақ қайраткерлерінің де рухы асқақтап, нағыз бостандық күндері бастан кешілді. Олар революциялық Манифест жария еткен сөз бостандығы арайында бірлі-екілі газет ашу әрекетін жасады.
Мәселен, жекелеген азаматтардың бастамасымен тұңғыш рет үкіметтік емес газеттер - Петербургте «Серке», Троицк қаласында «Қазақ газеті» басылымдары 1907 жылы жарық көрді. «Серкенің» бас редакторы түркі-мұсылман қозғалысының атақты қайраткері, саясатшы Рашид қази Ибрагимов, демеушісі Екінші Мемлекеттік Думаның мүшесі Шаһмардан Қосшығұлов, «Қазақ газетінің» шығарушы-бастырушылары Жетпісбай Андреев, Ешмұхамед Иманбаев, Қайым Сосновский деген азаматтар еді. Билеушінің бодандарына көрсеткен айрықша  озбырлығының салдарынан бұл екі газеттің де ғұмырлары қысқа болып, бір-бір нөмір ғана шығарып үлгерді. Әйтсе де олар еркін ұлт баспасөзінің алғашқы қарлығаштары ретінде азаматтық сананың оянуына түрткі болды, ұлттық баспасөзге мұқтаждық сезімді тұтатқан ұшқын іспетті қызмет атқарды.
Олардан кейін үкіметтік емес басылымдар ретінде 1911 жылы Елеусін Бұйрин әуелі Ордада, одан Оралда «Қазақстан» газетін, Мұхамеджан Сералин Троицкіде «Айқап» журналын, Ахмет Байтұрсынов 1913 жылы Орынборда «Қазақ», Көлбай Тоғысов 1916 жылы Ташкентте «Алаш» газеттерін шығарды. Бұлар монархия заңдарына сәйкес шаңырақ көтерген, сол монархия заңдары бойынша түрлі қыспақ көрген, әр ретте әртүрлі жаза тартқан басылымдар еді.
Азаматтық ұйымдардың демеуімен ақпан революциясынан соң Ташкентте Мұстафа Шоқаев, Қайретдин Болғанбаев, Сұлтанбек Қожанов редакторлары болған «Бірлік туы», Семейде  Халел Ғаббасовтың редакторлығымен «Сарыарқа» газеттері шықты.
Совет өкіметі баспасөз жүйесіне түбегейлі өзгерістер жасады. Баспасөз туралы декреттің, сөз бостандығы жайындағы саяси-идеялық күрестердің бекем ұстыны пролетариат көсемінің бағдарламасымен соғылды.
Большевиктер билікке келгелі партиялық цензура кең қанат жайғаны белгілі. Лениннің әйгілі «Партия ұйымы және партиялық әдебиет» атты бағдарламалық еңбегі 1905 жылғы 17 қазан манифесі жария еткен бостандық  шарттары арайымен жазылған-ды. Онда жобаланған ережелерді жүзеге асыру  он екі жылдан соң, 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін шұғыл да батыл қолға алынды. Большевизм істі жаңаша жолға қоюға міндеттеді. Большевизмге оппозицияда болған барлық газет-журналмен қатар «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» жабылды. «Әдебиет партиялық болуға тиіс. Партиялық әдебиет принципі толығымен өмірге енгізілу қажет. Партияда жоқ әдебиетшілер жойылсын! Әдеби іс жалпыпролетарлық істің бір бөлігі болуға тиіс! Әдебиетшілер міндетті түрде партия ұйымдарына кіруі керек. Баспалар мен қоймалар, дүкендер мен оқу залдары, кітапханалар мен кітап саудалау орындары - осының бәрі партияға есеп беретін болуға тиіс!» деген лениндік ұрандар толығымен жүзеге асырылды.
Бірінші орыс революциясының алғашқы жылында либералдық көзқарастағы қайраткерлердің бірі: «Социал-демократиялық тирания - либералдық-буржуазиялық баспасөзге және, тіпті, артық әуестігі жоқ ынсапты баспасөз біткенге де тыйым салар еді» деп мысқылдаған-тын. Бар болғаны бір мүшел уақыт өткенде, шынымен солай болды: большевиктік-полициялық кеңес өкіметі самодержавиелік-полициялық Ресейдің қолынан келмеген істі тындырды. Еркін ойлы  баспасөзді түгел жауып тастады, қызметкерлері мен авторларын қуғындады. Күллі ақпарат құралдары бір партиялық жүйеге бағындырылды, қарсыласқандары жойылды.   
Кеңестік негіздегі ұлттық басылымдар жүйесі 1918-1920 жылдарғы азамат соғысы жағдайында жасалды. 1918 жылғы көктемде Орынборда Нәзір Төреқұлов пен Темірбек Жүргенов Торғай облыстық кеңесі атқару комитетінің органы ретінде бірнеше ай бойы «Қазақ мұңы» газетін шығарды. Орда қаласында Ғабдолғазиз Мұсағалиев редакторлық еткен басылымдар - 1918 жылы Бөкейдегі кеңес өкіметінің органы болған «Хабар», 1919 жылы Ресей Федерациясы Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының Бөкей облысындағы тілі ретінде әуелі «Қазақ дұрыстығы», одан «Дұрыстық жолы» газеттері халыққа кеңестік құжаттарды таныстырумен шұғылданды. Осы күнгі «Егемен Қазақстан» алғаш «Ұшқын» деген атпен Қазақ революциялық комитетінің органы ретінде 1919 жылы Орынборда Халил Есенбаевтың редакторлығымен жарық көрді. 1920 жылы Ташкентте Түркістан Компартиясы Орталық Комитеті мен Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетінің органы ретінде  Сұлтанбек Қожановтың басшылығымен «Ақ жол» газеті жарық көрді. Көптеген облыстық және салалық газет-журналдар ашылды.

<!--pagebreak-->
Ұлттық және күллі жергілікті баспасөздің дамуына 1921-1925 жылдарғы жаңа экономикалық саясат, оңтүстік аймақтар мен Қарақалпақстанның қосылуы арқылы Үлкен Қазақстанның шаңырақ көтеруі де белгілі дәрежеде ықпалын тигізді. Мерзімдік басылымдар саны көбейді. Еңбек ұжымдары қабырға газеттерін шығарды. Жұмысшы және ауыл-село тілшілерінің қозғалысы өрістетілді.
Қазақстанда 1926 жылдан бастап ауылдарды кеңестендіру, халықты таптық жікпен айқынырақ бөліп, «Кіші Қазан» революциясын жасау, ұлт тұтастығы мүддесін күйттейтін алашордашылар және оңшыл-ауытқушылар деп таңбаланғандарды қудалау, қызметкерлер көзқарасын большевиктік ыңғайға келтіріп тегістеп, қырнау, қазақ өлкелік партия комитетінің көсемі Филипп Голощекиннің тілімен айтқанда, «нивелировка» жасау саясаты жүргізілді.
Социалистік экономиканың іргетасын қалау мақсатында ауыр индустрия ошақтарын салуды, қалалар мен ауыл-селолардан капиталистік элементтерді одан әрі аластауды мұрат еткен 1929-1932 жылдарғы мезгілінен бұрын орындалған алғашқы екпінді бесжылдық кезінде қазақ еліндегі дәстүрлі көшпенді мал шаруашылығымен күнелтетін дәулетті қожалықтар күйретілді. Қазақтың ғасырлар бойғы тіршілік салтын терең ойластырмай реформалау  науқанының апатты салдары сол халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдық жоспарын орындау барысында көрініс тапты.
Тәркілеуге қарсылық көрсеткен көтерілістер туды. Көтерілісшілерді қарулы күшпен жаныштау, қарсылық қозғалыстарына қатысушыларды соттау, солақай саясат туғызған алапат аштықтан халықтың қынаша қырылуы, тірі қалып, малдан жұрдай болған көшпенділерді отырықшыландыру, ұжымдарға енуге мәжбүрлеу, міне осының бәрі «мезгілінен бұрын, зор табыспен орындалған» бесжылдық жоспардың қалтарыстағы көріністері еді.
Бұлардың бәрі тоталитарлық режимнің бекем орнығуы жағдайында орындалды, осындай ахуалда жасалған жергілікті газеттер жүйесі реформаның келеңсіз салаларын елеусіз қалдырды. Большевиктік баспасөзде ел ішіндегі оқиғалар тек билеуші партияға кір келтірмейтіндей түрде, кеңес өкіметі мүддесі тұрғысынан ғана жазылуға тиіс-тін, барлық теріс жәйттер тап жауларының қастығымен түсіндірілетін.
Күллі жұмыр басты пенде секілді, журналистер де өмір сүргісі келетін заманды таңдай алмайды, ел қатарлы, олар да басқа түскен уақыт ауқымында тіршілік құрып, еңбек етеді. Сондықтан да оларға негізінен тоталитарлық режимнің қызметшісі болуға тура келді.
1925 жылы Бас хатшы Сталин жолдас Қазақстанға «Ақ жол» газетін сынаған атақты хатын жолдады. Ауыр идеологиялық талқыға түскен, саяси бет-пердесі теріс деп табылған басылым 1926 жылы біржолата жабылды. Бұл өзге газет-журналдарға берілген көрнекі сабақ болатын.
1927 жылғы желтоқсанда, большевиктер партиясының 15-съезінде сын мен өзара сынды өрістету ұраны көтерілген-ді. Социализм құру жолында кездесіп тұратын  кемшіліктермен күресу орайында бет-жүзге, лауазымға қарамай сынау басты ұрандардың бірі болды. Ұран социализм орнату барысында таптық күрестің шиеленісе түсетіні жайындағы сталиндік теорияға негізделді.
Париждегі ақ эмигранттардың астыртын басшылығымен Донбасс аймағында әрекет етті делінетін контрреволюциялық зиянкестер ұйымы үстінен 1928 жылдың ортасында «Шахтинск ісі»  деп аталған сот үдерісі болғаны мәлім. Сталин өнеркәсіптің барлық салаларында сондай жаулардың отырғанын ескертті. Буржуазиялық интеллигенцияның зиянкестігі жойылып біткен жоқ, ол дамып келе жатқан социализмге текетіресіп қарсыласады, әрі, халықаралық капиталмен байланысқандықтан да, одан әрі де қауіпті бола береді деп үйретті. Капиталистік элементтер өз еріктерімен сахнадан кеткісі келмейді, олардың адымын большевиктердің батыл шабуылы ғана қысқарта алады, - міне, осындай ұйғарым алға тартылды.
Сталин бірінші бесжылдықты қорытындылаған 1933 жылғы біріккен пленумда «большевиктерге қазір аса қажет қасиет - революциялық қырағылық» деген қағидасын алға тартты. Онысы цензуралық режимді күшейту, журналистиканы партияға сөзсіз бағындыру мәселесіне айрықша серпін берді.
Жоғарыдан тиісті нұсқау алған Қазақстан баспасөзінде де қырағылықты арттыру, сын мен өзара сынды партия көрсеткен бағытпен өрістету ұраны өрістетілді. «Күллі келеңсіздіктерді туғызатын дұшпан таптармен» күрестер, 30-жылдарғы саяси сот үдерістері партияның басты бағытын қуаттау рухында жазылды. Эмиграциядағы Мұстафа Шоқаевты ымырасыз дұшпан санап, оның шетел баспа органдарындағы сын мақалаларын оқымай-ақ терістеу, қабыл алмау, барлық жазғандарын, шығарып тұрған журналын  қазақ оқырмандарына жеткізбеу бағыты ұсталынды.  
Соғыс кезінде қазақ тілінде патриоттық әскери баспасөз жүйесі жасалды. Соғыстан кейінгі жылдары, саяси репрессиялардың 40-50 жылдарғы жаңа толқынынан кейін, 1956 жылғы Жиырмасыншы съезд серпін берген «жылымық» кезеңі журналистиканы қоғамдық құбылыс деңгейіне көтерді. Публицистика шапшаң өрістеді, бірақ тез ауыздықталды. 1965-1985 жылдарғы партиялық әкімшілік-командалық жүйе үстемдігі кезінде журналистерге саяси және цензуралық режим күшейтілген ахуалда жұмыс істеуге тура келді, ол да оңай болған жоқ. Қудалаудың жаңа түрі, өзгеше ойлаумен күрес жүрді.
Дегенмен сонау алпысыншы жылдары әдебиет пен публицистика саласында жасалған туындылар шындап келгенде қайта құруды, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін дайындады деуге болады.
1985-1991 жылғы қайта құру саясатының алғашқы кезеңінде де Қазақстан журналистері қуғын-сүргіннен құтыла алмады. Желтоқсан оқиғасы жабық тақырыпқа айналды, партиялық желдің ескен бағытына мән бермеген қалам қайраткерлері  әкімшілік, партиялық жазалауларға ұшырады. Соған қарамастан журналистер елімізді тәуелсіздікке жеткізген тарихи үдеріске баспасөз беттеріндегі жұмыстарымен нақты үлестерін қосты.
Қайта  құру кезінде біртіндеп баспагерлердің жаңа тұрпаты бой көтерді. Ресми емес ұйымдар өз газеттерін аша бастады. Қоғамды демократияландыруда көп жұмыс атқарылды. Ал тәуелсіздік дәуірінде билік құрылымдары мен баспасөз қатынасын құқықтық тұрғыда реттеу қажеттігі туды. Жекеменшіктегі бұқаралық ақпарат құралдары пайда болып, тез дами бастады. Күнделікті өмірге әлемдік өрмектор - интернет келді. Ресми цензура болмағанмен, билік тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарын бақылау, ішкі реттеулерді ұйымдастыру, тіпті заңнамалық қудалау деректері орын алды. Соған қарамастан, бүгінде журналистика қызметкерлерінің сөз бостандығына, кез-келген ақпаратты кедергісіз алуға деген заңды құқтарды жүзеге асыра отырып, оны асқан жауапкершілікпен, сапалы мазмұнда бейнелеу арқылы оқырман алдындағы беделін мейлінше арттыруға мүмкіндіктері бар.
Біздің бүгінгі сөздік қорымызға өркениетті әлем құндылықтарының бірі ретінде танылатын «сөз бостандығы» және  «тәуелсіз журналист» деген ұғымдар бекем енген. Әрине, біз олардың салыстырмалы түрде ғана солай аталатынын да ұғамыз. Ал аға ұрпақ әріптестеріміз өмір сүрген саяси репрессиялар заманында ондай түсініктер бола қоймады. Ол дәуірде бәрі большевизм тұрғысынан бағаланды. Үш революция, екі жаһандық соғыс, азамат соғысы, үш дүркін соққан ашаршылық апаты, саяси қуғын-сүргін науқандары  халқымыздың қаймағын әкетті. Сол  қасіретті кезеңдерде партиялық-кеңестік билік журналистерді үгіт-насихат құралы етті, барша бұрмалауларды ұмытуға, жасампаз бағыттарды ғана жазуға жұмылдырды және талайын құрбандыққа шалды.
Өткеніміз, бір жағынан, тарих еншісінде қалды, екінші жағынан, ол өзін, өзінің ауыр тәжірибесін  ұмытпауға бізді шақырып, есімізге салып тұр. Мұнда мынандай қоғамдық заңдылық бар - оқиғалар бізден алыстаған сайын өткірірек, тереңірек сезіледі, жан-дүниеңді қозғап, толқыта түседі. Тарихи уақыт қаншама алыстағанмен, созылып, біздің заманымызға ұласып жатқандай көрінеді. Біз мұны санамызбен де, жүрегімізбен де сезінеміз.  
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы саяси қуғын-сүргін науқандарында жазықсыз жаза тартқан, талайы атылып кеткен, есімдері қайта құру саясаты өріс алғанға дейін қара таңбадан тазартылмаған қалпы жабық жатқан 125 журналистің аты-жөнін анықтады. Олардың ішінде ұлт азаттығы үшін, әділетті қоғам құру үшін, еліміздің рухани жаңғыруы үшін публицистік қаламымен де күрескен  атақты қайраткерлер бар.
Мәселен, ұлт көсемі ретінде мойындалған Әлихан Бөкейханов әлеуметтік мәселелерге орай қалам тербеуін 19-ғасырдың соңына қарай «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета» басылымдарында бастаған. Бірінші орыс революциясы жылдары Омбы мен Петербургте шығып тұрған солшыл газеттерде жарияланып тұрды, өзі «Омич», «Иртыш» газеттерінде редактор боп істеді. «Қазақ» газетін шығарып жүрген Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты қолдап, басылымның бас қамқоршысы, идеологы және авторы болды, оның жалпы халықтың үні, жетекшісі деңгейіне көтерілуіне зор үлес қосты.
«Бірлік туының» алғашқы редакторы, тұтас Түркістан мұхтариятының әйгілі қайраткері Мұстафа Шоқаев саяси күресін шетелде жалғастыра жүріп, большевиктердің ұлт саясатын өткір сынаған саяси публицистикасымен батыс басылымдарында белсенді түрде көрінді, ұлт тәуелсіздігіне жетуді дәйектеген «Жас Түркістан» журналын он шақты жыл бойы шығарып тұрды, сөйтіп, шыншыл, әшкерелегіш үнімен жалғыз өзі күллі кеңес өкіметі басшыларының мазасын кетірді.
«Халық жауы» қара қамыты кигізілген көптеген қайраткер-журналистердің есімдері еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» шежіресінде бұл күндері құрметпен аталады. Бұл қатарда 1919-1938 жылдары газет «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл Қазақ», «Еңбекші Қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан»  аталған шақтарда редактор болған Халил Есенбаев, Бернияз Күлеев, Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әбдірахман Байділдин, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоғжанов, Айтмұхамед Мусин, Жанайдар Садуақасов, Жүсіпбек Арыстанов бар. Осы басшылармен бірге редакцияда түрлі лауазымда шығармашылық қызмет атқарған Ахметсафа Юсупов, Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров, редактордың орынбасары Рахым Сүгіров, бөлім меңгерушісі Хамза Абдуллин, Абдрахман Айсарин, меншікті тілшісі Мүтәліп Ахметов,  Ілияс Ахметов,  Хасен Өзденбаев, Құлмырза Өтепов, Ғазиз Исмағұлов, фототілші Макс Шохор, газетке автор болған мәдениет, ғылым, өнер қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Нәзір Төрекұлов, Дінмұхамед Әділов, Қоңырқожа Қожықов, Құдайберген Жұбанов  секілді ондаған аяулы азамат саяси қуғын-сүргінге ұшырап, оққа байланды.  
«Үлкен террор» қара құйыны өзге де республикалық газет-журналдар мен баспаларда істеген журналистер төбесінен үйірілді.  «Казахстанская правда» газетінің әр кезгі редакторлары Николай Верховский, Иван Кулик, жауапты хатшысы Михаил Курейко, «Ақ жол» газетінің алғашқы редакторы Сұлтанбек Қожанов, қызметкерлері Мағжан Жұмабаев, Қоңырқожа Қожықов, Садуақас Османов, Ғазымбек Бірімжанов, «Лениншіл жас» газетінің редакторы Зарап Темірбеков, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы Абдолла Асылбеков, «Ауыл коммунисі» журналының редакторы Мырзағұл Атаниязов, «Литературный Казахстан» журналының редакторы Ғаббас Тоғжанов, әдеби қызметкері Мәжит Дәулетбаев, Қазақ партиялық баспасының бас редакторлары Бірмұхамед Айбасов пен Хасен Өзденбаев, Қазақ ғылыми-зерттеу марксизм-ленинизм институтының аудармашы-редакторы Қартқожа Тоғанбаев, Қазақ мемлекеттік баспасы директорының орынбасары Абат Әлібаев, жауапты редакторы Ораз Байтеміров,  редакторлары Қадыр Тайшықов, Кәрім Жангурин, аудармашы-редакторы Абдолла Исмайылов, «Денсаулық жолы» журналының алғашқы редакторларының бірі болған Санжар Асфендияров  секілді азаматтарға жазаның жоғарғы шарасы үкім етілді.
Саяси қуғын-сүргінге тек астанада емес, күллі республика аумағында қызмет атқарып жүрген журналистер ұшыратылғаны белгілі. Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» газетінің редакторлары Шайдулла Молдабеков, Сейілбек Үсенов, Хасенбай Сахабин, жауапты хатшысы Абдолла Садуақасов, әдеби қызметкері Жахия Уақпаев, осы газетті «Бостандық туы» аталып тұрғанында басқарып, одан Жетісудағы «Тілші» газетінің редакторы болған Сабыр Айтхожин, Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленинское знамя» газетінің жауапты хатшысы Мария Утина, қызметкері Александр Меньшиков,  «Правда Южного Казахстана» газетінің редакторлары Петр Грехнев, Геннадий Мунтян, Орал облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы Ахмет Мәметов, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің редакторы Рахымжан Жаманқұлов, Шығыс Қазақстан облыстық «Екпінді» газетінің редакторлары Хамза Қадырбеков, Мұстафа Қайыпназаров, «Қарағанды пролетариаты» облыстық газеті редакторының орынбасары Мұхамеджан Құлмұхамедов, «Турксиб» газетінің редакторы Николай Шайков, қызметкері Василий Вишняков, Риддердегі «Жұмысшы» газетінің редакторы Мақсұт Тайшыбаев, Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы Әубәкір Аяпбергенов, «Социалистическая Алма-Ата» газетінің редакторы Борис Березский, «Камбағаллар авази» газетінің редакторы Абдулла Розыбақиев, Шығыс Қазақстан облысындағы «Социалистический труд» газетінің редакторы Құтжан Бектұрсынов, Ойыл, Торғай, Қармақшы, Булаев аудандық газеттердің редакторлары Ақбас Дүйсенбаев, Шотбай Ембергенов, Көшен Алмашов, Николай Бушаев, алматылық журналист Аманжол Сәрсенов ату жазасына кесілді.
Сталиндік репрессияларға кеңес өкіметі орнағанға дейін  шыққан үкіметтік емес алғашқы басылымдардың басшылары - «Серке» газетін шығарушы Шаһмардан Қосшығұлов,  «Қазақстан» газетінің редакторы Елеусін Бұйрин, «Қазақ» газетінің редакторлары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, «Айқап» журналының редакторы Мұхамеджан Сералин, «Сарыарқа» газетінің редакторы Халел Ғаббасов, тілшісі Жақып Ақбаев, «Бірлік туы» газетінің шетелге мұғажырлыққа кеткен Мұстафа Шоқайдан кейінгі редакторлары Қайреддин Болғанбаев, Сұлтанбек Қожанов пен олардың үзеңгілестері мен авторларының талайы тартылды.  «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета» газеттерінің тілшісі Отыншы Әлжанов, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының тілшісі Қалжан Қоңыратбаев, «Әдебиет майданы» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі, Қазақ мемлекет баспасының бөлім меңгерушісі Әлібек Қоңыратбаев, «Қазақ» газетімен қатар революцияға дейінгі орыс, татар газеттерінің, кеңестік баспасөздің де белсенді авторлары болған Халел Досмұхамедов пен Жанша Досмұхамедов  те саяси репрессия құрбаны болды.  
«Казахстанская правда» газетінің әр кезгі редакторлары Николай Гусев, Николай Терентьев, бөлім меңгерушісі Павел Кузнецов, Қазақ мемлекеттік баспасының редакторы Қадыр Тайшықов, Ақтөбе облыстық газетінің редакторы Боқман Нұрсұлтанов, «Турксиб» газетінің редакторлары Николай Шайков, Александр Рождественский, қызметкері Юрий Домбровский, «Турксиб» газеті баспасының меңгерушісі Виктор Бобко, әр жылдары  «Актюбинская правда», «Прикаспийская коммуна», «Турксиб» газеттерінің редакторы болған Степан Медведев, Қобда аудандық газетінің жауапты хатшысы Жақып Исабаев, Ақсу аудандық газетінің редакторы Сатыбалды Хамитов, журналистер Иван Барко, Мүтәлі Дәулетқалиев, Иван Калашников, Исмағұл Мұқашев, Александр Лебеденко, Закария Сағындықов, Полина Овсянникова, Уәли Орынбаев, Федор Осадчий түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылып, жазаларын өтеу үшін еңбекпен түзеу лагерьлеріне айдалды.
Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған журналистерді арнайы іздестіріп, еске алу кешіне үлкен тізім әзірлеген «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының вице-президенті Елена Грибанова, басқарма мүшелері Райхан Жұмабаева, Роза Абдулахатова, Сәуле Айтмамбетовалардың еңбегі зор алғысқа ылайық. Дегенмен жазықсыз жазаланған журналистердің есімдерін тірілтуді көздейтін бұл істің жалғасын табу керек екенін ұғамыз,  әлі де белгісіз болып келе жатқан құрбандарды болашақта көп болып атсалысып анықтап, азалы тізімді толықтыра түсу парыз.



Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының президенті, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

«Абай-информ»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2077
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2501
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2129
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1612