Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Арылу 5161 12 пікір 2 Ақпан, 2021 сағат 09:29

Kazakhstan мен KZ-ден қашан құтыламыз!?

Үкімет отырысында Президентіміз: «Жаңа әліпби бастамасы – бұл күрделі әрі  шетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса, тіпті, бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе, асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз. Қаржы мәселесін де ескеруіміз керек. Латын әліпбиін енгізу жұмысы  біртіндеп жүзеге асуы керек. Негізінде, бұл графика  жас ұрпаққа арналған деп айтуға болады. Оның игілігін, ең алдымен, солар көруі керек. Сондықтан, бұл үрдіс жоспарлы түрде, біртіндеп іске асырылуы қажет», – деді.

Бірақ өз қолымыздағы қазақ тілінің ауқымды реформасы арқылы бір күнде құтылуға болатын екі бәлелі атау бар. Енді сол жайында сөз қозғайық.

Қазір қазақ елін әлемге танытатын інтернет пен мемлекет атауында кезінде саяси алаңғасалық шырмауымен орыс тілінің ықпалымен жазылған және орыс тілді ІТ мамандарының білместігімен 1990 жылдардың басында әлемдік қолданысқа еніп кеткен, көзге шыққан сүйелдей Republic of Kazakhstan деген мемлекеттік атымыз және KZ халықаралық домендік атауымыз бар. Оларды Republic of  Qazaqstan және QZ деп өзгертуге неге әлі күнге дейін мойынымыз жар бермейді.  

Енді әліпбиімізді ұлттық әуезеге келтіргеніміз сияқты Republic of  Qazaqstan және QZ-ті халықаралық стандарттап бұрынғы қате жазылып жүрген латынша жазылуды жөнге келтірудің жолын іздестіріп, қанша шығын кететін есептеп шығарып іске бел шеше кірісетін уақыт келген сияқты.

Біз келер ұрпаққа тек ұлттық жазуымызды ғана емес, ұлттық тұрпаттағы ел атауында мұраға қалдырамыз ғой?! Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлағалы отырған шақты парламент депутаттары осындай маңызы бар дүниелерді неге көтермейді?! Олар осыны қолға алып іске асырса, ұлтымыз үшін ерек сый болар еді-ау!!! Әлде бұл Republic of  Qazaqstan және QZ халықаралық атаулары қазақ тілінің ауқымды реформасына жатпайтын өгей-қағай балалар ма!?

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

12 пікір