Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3995 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 20:34

Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты: АҚМОЛАДАН АСТАНАҒА ДЕЙІН

Қазақ даласына, жіктеп айтқанда Ақмола аймағына арнайы тапсырмамен шыққан Ресей экспедициялары осы ұланғайыр өңірді әскери және экономи­калық жағынан қалай еңсеріп, игеруге болатынын егжей-тегжейлі зерттейді. Ремезов, әкелі-балалы Рычков, Шангин және басқа экспедициялар жетекшіле­рінің жазбалары иен даланы саяси-әлеуметтік отарлаудың жолдары туралы ұсыныстарға толы.

И.Шангиннің жанында болған майор Набоковтың Сібір корпусының коман­дирі генерал-лейтенант Глазенаптқа жазған рапорты бұлардың ешқайсынан кем түспейді. Ол генералға бірнеше ұсыныс айтқан.

Бірінші. Қырғыз-қайсақтар сабырлы, қызба қанды емес, оның үстіне қонақ­жай әрі аңқау. Олар біздің не мақсатпен жүргенімізді сұраған емес. Кен орында­рын көрсету жөніндегі өтінішімізді себебін білместен болымсыз сый-сияпат үшін орындап жүрді.

Бұлар өзара дүрдараздық пен барым­тадан шаршаған. "Егер біз келіп қала салсақ, тәртіп орнатсақ, қалай қарайсыңдар?" - деген сауалымызға ойланбастан келісе салған ру ағаларын жиі кездестірдік.

- Бұл тыныштық үшін дұрыс болар еді, - дейді олар. - Алыс-жұлыстан ел қажыды.

Қырғыз-қайсақтардың арасында ұзақ жүргенде бір де бір қақтығыс болған жоқ. Оларды аз ғана қарулы жасақпен билеп алуға болады. Сондықтан бұл жерге алаңсыз ене аламыз. Сізден осындай қадам жөнінде ойланып, нақты әрекетімізді қарастыруды өтінемін.

Қазақ даласына, жіктеп айтқанда Ақмола аймағына арнайы тапсырмамен шыққан Ресей экспедициялары осы ұланғайыр өңірді әскери және экономи­калық жағынан қалай еңсеріп, игеруге болатынын егжей-тегжейлі зерттейді. Ремезов, әкелі-балалы Рычков, Шангин және басқа экспедициялар жетекшіле­рінің жазбалары иен даланы саяси-әлеуметтік отарлаудың жолдары туралы ұсыныстарға толы.

И.Шангиннің жанында болған майор Набоковтың Сібір корпусының коман­дирі генерал-лейтенант Глазенаптқа жазған рапорты бұлардың ешқайсынан кем түспейді. Ол генералға бірнеше ұсыныс айтқан.

Бірінші. Қырғыз-қайсақтар сабырлы, қызба қанды емес, оның үстіне қонақ­жай әрі аңқау. Олар біздің не мақсатпен жүргенімізді сұраған емес. Кен орында­рын көрсету жөніндегі өтінішімізді себебін білместен болымсыз сый-сияпат үшін орындап жүрді.

Бұлар өзара дүрдараздық пен барым­тадан шаршаған. "Егер біз келіп қала салсақ, тәртіп орнатсақ, қалай қарайсыңдар?" - деген сауалымызға ойланбастан келісе салған ру ағаларын жиі кездестірдік.

- Бұл тыныштық үшін дұрыс болар еді, - дейді олар. - Алыс-жұлыстан ел қажыды.

Қырғыз-қайсақтардың арасында ұзақ жүргенде бір де бір қақтығыс болған жоқ. Оларды аз ғана қарулы жасақпен билеп алуға болады. Сондықтан бұл жерге алаңсыз ене аламыз. Сізден осындай қадам жөнінде ойланып, нақты әрекетімізді қарастыруды өтінемін.

Екінші. Бұл далада байлық тұнып тұр. Петропавл қамалынан 50 шақырым шығысымен кен орындарына кездесе бастадық. Одан әрі ұзаған сайын мұндай жерлер көбейе түсті. Есіл мен Нұра, Дамса және Колутон өзендерінің қос қапталынан сирек металдар өндіруге болатынын анықтадық. Бәрінде завод салып игере алар едік. Ол үшін жағдай жеткілікті. Кен орындары өзендерден алыс емес.

Үшінші. Қырғыз-қайсақ даласын осылай өндірістік мақсатта игеру қор­ға­ныс шараларын ойластыруды қажет етеді. Біз жүріп өткен аймақта үш қамал салынғаны дұрыс. Бірін Жақсы Еңістау көлінің жанынан, екіншісін Ақмоладан, үшіншісін Нұра өзенінің басталар тұсынан тұрғыза аламыз. Әр қамалға бір жаяу ботальон мен 200 казак, екі зеңбірек жеткілікті.

Оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету де аса қиын емес. Мен суреттеп отыр­ған өңірде астық егуге болатын құ­нар­лы жерлер баршылық. Өзен алқап­тары шалғынға бай, малға қолайлы. Осындай аймақтарға орыс шаруаларын қоныстандырсақ, қамалдар азықтан тарықпайды. Әр қамалдың төңірегіне 300-ден 500 шаруа  отбасын орнықты­руға болады.

Маңызды ұсыныс ретінде Ақмоладан қамалды алдымен салу жөніндегі ойымды бөліп айтқым келеді. Даладағы керуен жолдарының бәрі дерлік осы арада тоғысады. Есіл мен Нұра өзендері бір-біріне жақын ағатын болғандықтан маңайы құнарлы. Осындай қолайлы­лығына орай ел басқа өңірлерге қарағанда тығыз орналасқан.

Біз жүздескен Керей, Уақ, Атығай руларының ақсақалдары Тоқымбет, Дербіт, Бимырзалар орыстардың келуіне соншалық қарсы емес. Басқалары да осындай пікірде.

Набоков рапортында өңір жұртымен санасуды артық деп есептеген. Оны үркек, батымсыз етіп суреттейді. Сол пікіріне дәлел ретінде Қорғалжыннан әрідегі Жақсы көң өзенінің бойында болған мына оқиғаны әңгімелеп береді.

"Алдыңғы отряд жолда көлденең со­зылған қыраттың үстіне шыға келгенде, етектегі ауыл шу етіп көтерілді. Қарулы жатжұртықтар үрейлендіргені соншалық, ерсілі-қарсылы жүгіріп, қайда қашарын білмеген ел бірін-бірі қағып-соғып жатты. Әйелдер аңырап, бала жылап азан-қазан. Біреулер үйдің киізін сыпырып, біреулер атқа жүгіріп жанталасып жүр.

Мына аласапыранды көрген біз таңырқап тұрдық та, мән-жайды білуге  жолбасшы қазақ Баймырза мен Биболды жібердік. Олар ұзақ бөгеліп, Бибол жанына ауылдың бір адамын ерте келді.

- Бұл ауыл ағасы Торғай батыр, - деп таныстырды.

-             Баймырза қайда? - дедік.

-             Оны ел аманатқа алып қалды, - деді Бибол.  - Егер Торғай батыр оралмаса, өледі.

Торғай өзін Кіші Жүзбін, оның ішінде тама руынанмын деп

таныстырды. Қарауында мыңға жуық жан бар екен. Бұғылы маңындағы Дария өзенінен осында жаз жайлауға көшіп келген.

-             Ауыл неге дүрлікті? - дедік.

-             Аяқ астынан мылтық асынған белгісіз салтаттылар шыға келген соң дүрлікпегенде қайтеді, -  деді ол. - Мына иен өңірде шауып кету, қуып кету  болып тұратын жәйт.

Торғай кетерінде ауылға соқпауы­мызды қайта-қайта өтінді. "Онсыз да өрекпіген елді одан әрі үркітпеңдер" - деді.

Осындай рапорттардан соң Ресей жағы несіне тартынсын. Набоков ұсыныстары айтылған 1816 жылдан соң көп ұзамай, атап айтқанда сегіз жылдан соң Қарқаралы, Көкшетау, ал 1832 жылы Ақмола бекінісі салынды.

1845 жылы Ақтау қамалы мен әкімшілік басқару нүктесіне айналған Атбасардың арасында почта байланысы орнатылды. Осында сол жылдың 31 шілдесінде Ақтау, Көкшетау, Ұлытау, Баянауыл, Қарқаралы, Аягөз, Коряков, Көкпекті, Өскемен және Пресногорьков бекіністері мен шекара бекеттеріндегі священиктердің жиыны өтеді. Діндарлар бекіністердегі казактарды және солардың маңайына қоныстана бастаған орыс шаруаларын Ресейдің мүддесін қорғауға жұмылдырудың жай-жапсарын талқы­лайды. Қазақтарды шоқындырудың жолдарын ойластырады.

1850 жылғы 12 сәуірде Атбасар жеке округ болып бөлініп шығады. Оның құрамына Тарақты, Қуандық пен Сүйіндік, Байдалы руларының сол төңіректегі ауылдары түгел енген.

1860 жылы 30 наурызда Ақмола қа­ла­шығында да почта байланысы қалпы­на келтірілсе, арада екі жыл өткенде Ұлытаудағы әскери станица ол жерде маңызын жойғандықтан Сандықтауға көшіріледі. Бұл, екінші жағынан Ақмола мен Көкшетаудың арасын қарумен қорғауды жақсарту үшін де жасалған еді.

Осы жылы (1862) 7 мамырда Ақмола­ның дәрежесі көтерілді. Ресей ішкі істер министрі Сібір комитетіне Ақмола елді мекенін Ақмола қаласына айналдыру жөнінде ұсыныс түсірді.

Аталған ұсынысқа сәйкес Батыс Сібір генерал-губернаторы ішкі істер минис­трлігіне мынандай хабарлама жолдайды.

"Ақмола округтік приказындағы Сібір қазақтарының өңіріне казактармен бірге саудагерлер, бақалшылар көптеп топта­нуда. Соңғы он жылда олардың осында ағылуы айқын байқалып отыр. Себебі Ақмолада сауда жақсы дамып келеді, тауар­лары тез өтеді. Қалашық қазақ облы­сының кіндігінде орналасқан, Ташкент пен Қоқан жағынан Петропавлға өтетін керуен жолдарының бәрі осы жерде тоғыса­ды. Саудагерлермен бірге тұрмыс бұйымдарын іздеген қазақтар да үздіксіз келіп жатады. Көптеген керуендер әкелген заттары Ақмолада толық сатылатын болғандықтан, сапарларын әрі қарай жалғастырмай кері қайтады.

Келіп-кетіп жататын елге арналған қонақжай, 70-тен астам лавка бар.

Ақмола елді мекенінің таяу мерзімде Батыс Сібірдегі тамаша сауда ошағына айналатындығына күмән жоқ. Соған байланысты онда полицейлік бақылауды күшейту қажет. Қыруар елді және көптің мүлкін қорғау осындай шарасыз мүмкін емес.

Осының бәрі Ақмоланы Семей облы­сындағы Сергиополь, Көкпекті, Қапал қалаларындағыдай полицейлік басқар­масы бар округтік қалаға айналдыратын кез жеткенін білдіреді. Мұнда құрылатын полиция басқармасының шығынын болыс­тардан түсетін 17181 рубльден алуға болады, осы қаржының аз ғана бөлігі приказға қажетті  кеңсе үйлерін салуға бөлінеді. Атбасарда мұндай құрылыстарға 6 мың рубль жұмсалған болатын. Кейін полиция шығындары қалада жиналатын қаржы есебінен жабылады. Ірі сауда орыны ретінде қалыптасуға мүмкіндігі бар, Сібір мен Ресейден көпестер келіп құйылып жатқан Ақмола келешекте қара­жат­тан тарықпайды, қала шаруашылығы дамитын деңгейге тез жетеді."

Осыдан соң әскери министр мен қар­жы министрлігінің басқарушысы аталған министрліктердің тарапынан Ақмоланы округтік қалаға айналдыруға және оған қажетті қаржыны хабарламада көрсетілген жолмен жабуға қарсылық болмайтынын мәлімдейді. Семей облысындағы Сергио­поль, Көкпекті және Қапал қалаларына берілген артықшылықтар қарастыры­латыны қоса айтылды.

Есеп-қисапқа аса ұқыпты минис­трлік­тер осы қалалардағы полицей басқар­маларының шығынын көрсете кетуді де ұмытпаған. Аягөз (Сергиополь), Көкпекті, Қапалда ерекше штаттағы әскери обер-офицер шеніндегі городничий - 150, хатшысы - 18, қызмет киіміне -30, кеңсе шығындарына - 30 рубль алады.

Сол кезеңде ақшаның құнды екенін ескерсек, бұл аз қаржы емес. Патша үкі­ме­ті мүддесін қорғайтындарға жомарт бол­ғанын көреміз. Сауданы қыздырған­дардың жағдайын да естен шығармаған. 2000; 1000; 400 рубльдің саудасын жасауға қабілетті, бірінші, екінші және үшінші гильдия көпестеріне арнайы үй, басқа да қажетті құрылыстарды қазына есебінен салған. Мал саудалаған қазақтар 100 жылқы, 100 бұқа, 100 қой сатса, "жасақ" салығынан, яғни қолма-қол заттай төлей­тін салықтан босатылған. Округтен тыс жерлерден келген байырғы ел саудасын арнайы куәлік алмай жасаған.

Енді осының бәрі Ақмолада жүзеге асырылады.

Батыс Сібір бас басқармасының Ақ­мо­ла елдім екенін округтік қала дәреже­сіне көтеру қажеттігі жөніндегі ұсынысын негізге ала отырып, ішкі істер министрлігі мен қаржы министрлігінің басқарушысы төмендегідей шешімге келді.

1. Сібір қырғыздары (қазақтары. Ред.) облысындағы Ақмола елді мекені Сергиополь, Көкпекті және Қапал қала­ларына берілген құқықтарды иеленетін қала дәрежесіне көтерілсін.

2. Онда полиция басқармасы әлгі қалалардағы үлгіде және штатта құралып, әскери губернаторға, облыстық басқарма мен Ақмола округтік приказына бағындырылсын.

3. Полиция басқармасының шығыны жергілікті қаржы көздері  қалыптасқанша болыстардан жиналатын ақшадан, ал қала қоры толыққанда, соның қаржысынан өтелетін болсын.

"Ішкі істер министрі осы шешімді Сібір комитетінің қарауына ұсынады. (Материалы по киргизскому землеполь­зованию собранные и подписанные экспедицией по исследованию степных областей. Акмолинская область. Акмо­линский уезд. Том ІІ-й. Часть ІІ-ая. Чернигов 1900 г. 484, 485, 486, 487 стр.)

Ақмола осылай қала атанды, Есілдегі шаһардың жаңа дәуірі басталды. Оның маңызды жол торабында тұруы және сауданың даму болашағын айқындап берді. Маңайындағы жоталанудан дәмелі елді мекендерге тиісті мәртебенің бәрін өзіне бұйыртып, тұлғаланып келе жатты.

Ақмоланың 1850 жылы жеке округ ретінде бөлініп шыққаннан бергі ірі оқиғасы осы еді. Сол округке 1852 жылдың 8 қазанында Ыбырай Жайықбаев аға сұлтан болып сайланды.

Ыбырай Жайықбаев

Қоңырқұлжадан кейін өңірдің "тағына" отырған бұл шонжар жайлы алғашқы ресми дерек  "История Казах­стана в русских источниках ХҮІ-ХХ ве­ков" дестесінің сегізінші томының бірінші кітабында берілген (380-381 беттер).

"Ыбырай Жайықбаев, старшина, 51 жаста, - делінген онда, - Ақылды, әділ. Аса дәулетті. Құлан қыпшақ болысынан, руы - құлан. 1827 жылы 20 сәуірде облыс бастығы қызметін атқарушы полковник Броневский мырза старшина дәрежесіне көтерді. Ол мұндай құрметке үлгілі тәр­тібі, татарша және орысша сауаттылығы үшін ие болды. Жаз жайлауы Колутон және Дамса өзендерінің бойында. Қыста Есіл өзеніндегі Сартерек жазығында отырады, приказдың батыс жағында 150 шақырым жерде."

Аталған дестенің ҮІІІ томының екінші кітабында жаңа аға сұлтан туралы тағы бір мәлімет бар. Ол "Ақмола облысы әскери губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунігі Ыбырай Жайық­баевтың қызмет тізімі. 1869 жыл" деп аталады (340, 341, 342, 344, 345 беттер).

Сол тұста жергілікті билік құрамын­дағылардың іскерлік қабілеті мен жеке адам ретіндегі қасиеттеріне қаншалықты мән берілгендігін көрсету үшін осы ресми мәліметті қаз-қалпында берейік.

"Шені, аты-жөні, қызметі, жасы, діні, марапаттары ...

Полковник Ыбырай Жайықбаев, Ақмола облысы әскери губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунігі, 68 жаста, мұсылман дінінде. Мұсылмандар үшін белгіленген 3-ші дәре­желі Станислав орденінің иегері, соны­мен бірге Анна лентасына тағылған алтын және 1853-1856 жылдардағы соғыс­ты есте қалдыруға арналған Владимир лентасына тағылған қола медальдармен марапатталған. Жылдық қажетіне 800 рубль алады.

Шыққан тегі?

Қырғыз (қазақ. Ред.) балаларынан.

Әулеттік үй-жайы бар ма?

Жоқ.

Жауға қарсы жорықтарда болып, шайқастарға қатысты ма?

Жоқ.

Бойдақ па, әлде үйленген бе? Балала­ры бар ма? Бар болса қанша және қандай жастарда? Олар қайда тұрады, қай дінді ұстанады?

Үш әйелі бар. Бәйбішесі - Ұлдай, одан туған балалары: Теңіз (Тенис) 1879 жылы 10 сәуірде, Омар - 1851 жылғы 5 тамызда, Мұхаммед - 1825 жылғы 3 қыр­күйекте, Бите - 1821 жылғы 4 сәуірде, Айғожа -1827 жылғы 2 наурызда, Байғожа- 1830 жылғы 4 ақпанда, қызы Жібек (Джипике) -1840 жылғы 7 ақпанда дүниеге келген.

Екінші әйелі Көркемнен - Мұхаме­дияр (1836 жылғы 20 желтоқсан), Ахмет­ше (1839 жылғы 7 ақпан), Рахымжан (1855 жылғы 10 желтоқсан), қызы Фатима (1849 жылғы 10 желтоқсан).

Үшінші әйелі Ұмсыннан - Мұхамет­жан (1838 жылғы 5 қазан), Ғалижан (1840 жылғы 5 наурыз), қыздары Алтын (1837 жылғы 12 сәуір), Заура (1852 жылғы 10 мамыр).

Әйелдері мен балалары өзімен бірге тұрады. Бәрі мұсылман дінін ұстанады.

* * *

Ресей деректерінде Ыбырай Жайық­баев осылай таныстырылады. Нақты де­рек­терден аға сұлтанның ақылды әрі алым­ды, мұсылманша және орысша сауатты, ел арасында беделді болғанын көреміз. Ру мен руды, би мен шонжарды табыстыруда ұдайы жолы болуы қазақ арасының жөн-жобасына жетік, сөзге ұста екендігін де аңғартады. Оған мұндай қа­сиеттер бітпесе, Баянауыл жұртын сонда округ ашуға  көндіріп, осы мәселеде бірі қостап, бірі қарсы шығып текетірескен Шоң би мен азулы Шорманды пәтуалас­тыра алмас еді. Батыс Сібір генерал-губернаторы Кривоноговты патша билігіне мойынсұнбай жүрген Ұлы Жүз қазақтарына бастап келіп, екі жақтың тіл табысуына  ықпал етер ме еді. Қайта-қайта аға сұлтан болар ма еді.

Ақмола қаласы мен өңірдің бұдан арғы тарихын мұрағаттарда сақталған ресми деректер арқылы нақты тарату үшін тағы да "Хронологический перечень с крат­ким изложением сущности Высочай­ших грамот, указов и узаконение издан­ных с 1731 по 1896 год, по отношению к киргизам и населяемым ими степными областями Акмолинской, Семипалатинс­кой, Семиреченской, Уральской и Тургайской" құжатына жүгінейік.

1868 жылы 21 қазанда Ресей патша­сы­ның кезекті жарлығы шықты. Орынбор және Сібір қазақтарын басқарудағы ол­қылықтар мен қиындықтарды жою мақ­сатымен облыстарға бөлу жүйесі қайта қара­лып, императорлық шешім қабыл­данды.

1. Орынбор, Сібір және Семей қазақ­та­ры облыстары мен Орал, Сібір казак әскерлеріне қарайтын жерлерде Орал, Тор­ғай, Ақмола, Семей облыстары құрылсын.

2. Ақмола облысы Сібір қазақтарының Көкшетау, Атбасар, Ақмола округтерінен және Сібір казак әскері алты полк округтерінің 1, 2, 3, 4, 5 бөліктерінен ұйымдастырылсын, Омбы мен Петропавл қалалары енгізілсін.

3. Облыстық қалалар болып: Ақмола облысы үшін Облыстық Басқарманың кеңсесі орналасқан соң Ақмола қаласы, Семей облысы үшін Семей қаласы болып табылады.

4. Сібір казак әскері бұрынғы тәртіппен Сібір казак әскерінің пәрменді атаманы лауазымы берілген Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметін қатар атқаратын Батыс Сібір әскери округі қолбасшысының басқаруында болады және Ақмола, Семей облыстарындағы әскерлердің бәріне жетекшілік етеді.

Патша жарлығының соңғы тармағы­нан қайта ұйымдастырылған облыстардың казак әскерлерімен мықтап қорғалғанын көреміз. Енді даладағы мал баққан ел түгілі ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі қарауылда тұрды.

1869 жылғы 13 наурызда Батыс Сібір генерал-губернаторы ішкі істер минис­тріне Ақмола және Семей облыстарының  ашылғаны туралы мәлімет берді.

Осы территориялық әкімшілік бөлініс­терге байланысты Ақмола облысының оңтүстігін басқару үшін жедел түрде Сарысу уезі құрылған.

Мына бір дерек те тарих үшін мәнсіз емес деп ойлаймыз. Ақмола облысы бас­қар­масының қаржы шығыны 11 650 рубль болып бекітілді. Ал облыс полициясының құрылымы уақытша мерзімге есептеліп, Ақмола уезінің бастығына бағындырылды. Полицияның приставы мен надзирате­ліне, хат тасушысы мен кеңсе шығында­рына 1800 рубль  жеткілікті болды.

Осы ресми мәліметтермен танысқанда патша үкіметінің ойламаған, ескермеген нәрсесі сірә да жоқ шығар дейсің. 1877 жылдың 19 қарашасында Ақмола облыс­тық басқармасының штатына ҮІІ класты облыс архитекторы қызметі енгізіліпті. Оның зейнетақысы Ү разрядқа жатқы­зылып, 630 рубль жалақы белгілен­ген. Осы жылғы 14 желтоқсанда облыс­тық статистика комитеті жұмысқа кіріскен.

1878 жылы 7 ақпанда, сірә облыстың басқару жүйесін қаржыландыру қиынға түскен шығар, Тайынша және Констан­тинов жәрмеңкелеріне малдәрігерлік-полициялық бақылау жасау, Ақмола өңірінің сауда-өндірістік мұқтажын өтеуді қамтамасыз ету үшін аталған жәрмеңке­лерден ел сатып алған әр малдан айрықша ақшалай салық жинау жөнінде бұйрық беріліпті. Бұл салықты жәрмеңке­лер комитеттері құрылғанша арнайы іссапарға жіберілген адамдар жинаған.

Мына бір жаңалық біздің назарымыз­ды ерекше аударды.

1880 жылғы 2 қазанда облыстың басқарма бастығы бұрын болмаған жарғы қабылдайды. Соның кейбір баптарын қаз-қалпында келтірейік.

1. Ақмола облысының қазақтарына көмек ретінде, атап айтқанда, олар табиғи ауыр жағдайларға душар болғанда және үй шаруашылығы мен өндірісін сақтап дамыту үшін облыстық басқарманың жанынан несие кассасы ашылсын.

Ескерту. Несие тек қана Ақмола облысының қазақтарына, оның ішінде шын мұқтаж болғандарға беріледі.

2. Несие кассасының айналым қаржысы 28777 рубльден тұрады. Қазақ­тардан олардың қоғамдары жинаған қайтарым төлемдері генерал-губернатор­дың нұсқауымен несие қорына жіберіледі.

3. Несие меншік жөніндегі кітапта тіркелген құны 10 рубльден 300 рубльге дейін бағаланатын киіз үйі атына жазыл­ған шаңырақ иесінің қолына беріледі.

Ескерту. Несиенің мөлшері кассада бар ақшаның мөлшеріне сәйкес анықта­лады және несие алушыға тиесілі мүлік құнының оннан бір бөлігінен аспайды.

Осындай өзгерістер әр салада болып жатты. 1881 жылы 27 ақпанда Ақмоладағы приход училищесіне халық ағарту министрлігінің ұйғарымымен қалалық училище мәртебесі берілді. Сол жылдың 11 шілдесінде Орынбор генерал-губерна­торлығы таратылды. Бір жылдан кейін 18 мамырда Батыс Сібір генерал-губернатор­лығы мен Батыс Сібір бас басқармасының кеңесі де жұмысын тоқтатты. Оның орны­на Дала генерал-губернаторы қызметі енгізілді, штаб-пәтері Омбы қаласына орналастырылды. Жаңа губернияға Ақмола, Семей және Түркістан генерал-губернаторлығынан бөлінген Жетісу облыстары қаратылды.

1886 жылы 17 ақпанда Ақмола, Петро­павл, Қарқаралы қалаларында уездік қазыналық мекемелер ашылды. Соның салдары ма, іле-шала әр шаңырақтан алынатын салық 4 рубльге көбейтілді.

Жаңа облыстар, қалалар елдің әлеу­мет­тік өмірінде елеулі өзгерістер туғызды. Орталық шаһарларға көпес-саудагер­лермен бірге сенімді-сенімсіз жұрт жан-жақтан ағылды. Алыс-жақыннан ұрланған мал-мүлік те осы жерлерге тоғытылды. Жоқ іздегендермен бірге баукеспелер сапырылысып жүрді.  Жәрмеңке сайын қызынып алған елдің топ-топ болып қырқысуы дәстүрге айналып кетті.

Осының бәрі Ақмолада 1890 жылдың 17 сәуірінде түрменің ашылуына әкеліп соқты. Оны басқаратын уақытша штат белгіленді.

Әрқайсы жарты Еуропаның жеріне тең аймақты алып жатқан облыстарды тиімді басқару оңай емес еді. Олардың билік жүйесі мен құрылымы әредік өзгеріп отырды. 1891 жылы 25 наурызда Дала генерал-губернаторының штаты қайта қаралды, оған қосымша азаматтық және қылмыстық сот пен прокурорлық бақылау палатасы пайда болды.

Жаңа ереже бойынша облыстар уез­дер­ге бөлінде. Ақмола уезіне Омбы, Ақмола, Атбасар, Петропавл, Көкшетау өңірлері енді. Бұл өзгеріс шаруашылық және халық ағарту салаларына тың көз­қарасын ала келді. 1895 жылы 15 ақпанда бұрын жабылып қалған қазақ мектептері қайтадан ашылды. 1897 жылдың 29 мамырында Ақмола, Семей және Жетісу уездері бірнеше учаскелерге бөлініп, әрқайсына дәрігер, фельдшер, фельдшер-акушер әйел тағайындалды. Оларды дәрігерлік инспекторлар іріктеп, әскери губернаторлардың бекітуіне ұсынатын.

Халық денсаулығын қадағалауға тағайындалғандар өздеріне белгіленген аумақтардағы  ауылдар мен қалалар тұрғындарына тегін дәрігерлік қызмет көрсетіп, дәрі-дәрмекті  тегін таратты. Осы шараларға қажетті қаржы дәрігерлік инспекторлардың иелігіне түсіп, солар бөлетін. Олардың жалақысы 300 рубль болуы осы қызметке елеулі мән берілгенін көрсетеді. Мұның сыртында кеңсе шығы­нына қосымша 250 рубль және бөлінді.

Ақмола облысындағы денсаулық сақ­тау қызметінің штаты қандай болғандығы жөнінде де мәлімет бар. Бекітілген ереже бойын­ша әрқайсы жылына 1200 рубль еңбекақы алатын 15 учаскелік дәрігер, 15 фельдшер (жылдық еңбекақысы 200 рубль), 15 фельдшер-акушер әйел (жылдық еңбекақысы 360 рубль) жұмысқа қабылданған. Мұнымен бірге іссапарларда жүретін дәрігерлік дайындығы бар 19 адам және бар.

1897 жылы 19 желтоқсанда Ақмола облысы Сібір әскери округіне қаратылды. Өңірдегі әкімшілік басқару реформасы осымен аяқталды.

 

АҚМОЛА УЕЗІ

Орталығы Ақмола қаласы.

1909 жылы қалада 6939 ер адам, 7304 әйел есепке алынған. Олардың 94-і дворян, 11-і православия, 5-еуі мұсылман дін басылары, 33-і құрметті азаматтар, 93-і - көпестер, 3201-і мещан, 1655-і крестьян­дар, әскерилер - 442, шетелдіктер - 7491, қалғандары - 227. Православие дінін ұстанатындар 6064, еврейлер - 152, мұсылмандар - 7532. Тұрғын үйлердің саны - 1221, 1080 -аула, сауда лавкалары - 185.

Қалада сол кезде жалғыз шіркеу болыпты, синагога да жалғыз, мешіт екеу. 104 зауыт-фабрика жұмыс істеген.

Константин-Еленинская жәрмеңкесі 21 мамыр мен 10 маусым аралығында қызса, осы жерге жан-жақтан 1 миллион 300 мың рубльдің мал-мүлкі жеткізіліп, 2 миллион 600 мың рубльге саудаланған.

Сол кездегі уезд бастығы сарай совет­нигі Александр Григорьевич Нехорошков. Оның көмекшісі, хат таратушысы және аудармашылары болған.

Мемлекеттік мекемелер:

1.Крестьян бастықтарының Ақмола съезі

2.Ақмола қазыналық кеңсесі

3.Почта-телеграф кеңсесі

4.Сот

5.Салық инспекторы кеңсесі

6.Акциздік бақылау кеңсесі

7.Қоныс аударушылар басқарма­сы­ның Ақмола ауыл шаруашылық қоймасы

8. Дәрігерлер тобы: Ақмола жергілікті лазаретінің аға дәрігері, Ақмола қоныс аударушылар пунктінің меңгерушісі және қаладағы 15-інші учаскенің дәрігері.

9.             Мал дәрігерлері кеңсесі

10.Қала басқармасы

Бастығы - Ақмоладағы ірі кәсіп иесі Степан Андреевич Кубрин.

Басқарма мүшесі - Петр Гаврилович Ярушин. Қала  думасының хатшысы - Василий Иванович Кошкин.

11.Оқу-мәдениет орындары:

-              3 кластық қалалық училище

-              Ақмола ауылшаруашылық мектебі

-              Ақмола қалалық қоғамдық кітапханасы

12.           Почта бөлімшесі

Уезд бен қаланың басқару жүйесі мен мемлекеттік мекемелері осы құрамда ұзақ уақыт жұмыс істеді.

Сол жылы Көкшетау қаласында 3523 адам тұрыпты. Оның 2058-і мещан, 655-і крестьян, 393-і шетелдіктер. Православие дініндегілер - 2856, 647 адам мұсылман дінін ұстанған. Шіркеу біреу, мешіт жоқ. 45 зауыт-фабрика болыпты.

Көкшетауға қарағанда Атбасардың салмағы басымдау. Үш шіркеу, екі мешіт салынған. Жәрмеңкелер саны бойынша Ақмоладан да асып түседі. 10 маусымнан 5 шілдеге дейін ашылатын Петровская, 27 қарашадан 6 желтоқсанға дейін жұмыс істейтін Знаменская, 3-15 қыркүйекте ел жиналатын Воздвиженская жәрмеңкелері заманында бүкіл қазақ даласына белгілі еді.

САУДА

Жәрмеңке қазақ даласында бірнеше мән-мазмұнға ие болғаны белгілі. Ол алыс-берістің ыңғайлы орыны болуымен қатар мереке-думанның да ошағы еді. Әнші-күйші, ақын, палуан, бай-манап жиналып, мал соңындағы күйбең тірлік­тен қажыған ел емін-еркін көңіл көте­ретін. Әр рудың әлділері жәрмеңкелерге алдын-ала дайындалған, ақынын баптаған, палуанын шыңдаған, жігіттерін қайраған, жүйрігін бауырынан жаратқан. Алыс-жақын андыздап жететін думан кімнің кім екенін  айқындап беретін. Ақыны жеңген, палуаны жыққан жақ айдарынан жел есіп, ауыздыға сөз бермесе, белдескені бүгіліп, егескені еңкейіп еңсесі түскендері басынан бағы тайғандай теңселетін. Жәрмеңкеде айтылған әр сөз алты айшылық жерде жаңғырығып, шырқалған ән алты алашқа шығандап кететін.

Жәрмеңкелерге үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын сиыр барлық аймақтардан айдалатын. Саба-саба қымыз бен қазы-қарта, жал-жая жесең де арман, жемесең де арман еді. Дала халқы өндірмейтін ыдыс-аяқ, шай-қантты қала көпестері бұлдап бағатын. Азиядан жеткізілген кездеме, киім-кешек пен жеміс-жидек алушысын таппай қалмайтын. Еуропаға тән шыны, темір бұйымдар мен ине-жіп елдің, опа-далап, сырға-моншақ қыздың зәру заты екенін білетін саудагерлер бағасын түсірмей тұрып алушы еді.

1890 жылы Ақмола уезіндегі жәрмең­келерде 8 миллион 73123 рубльдің сауда­с­ы жасалған. Әкелінген мал әуелде 1 миллион 525129 рубльге бағаланса, сауда барысында 160 мың рубльге асып түсіпті.

Жыл өткен сайын жәрмеңкелерге қырдан айдалатын малдың саны кеми бергені байқалады. Оған жырынды саудагерлердің базарда малдың құны өсіп шыға келетінін біліп, елге өздері шығуы, алыстан арзанға әкетуі себеп.

Жәрмеңкелердің ішінде Ақмоладағы Константинов, Атбасардағы Петров, Петро­павлдан 110 шақырым жердегі Тайынша жәрмеңкелерінің сауда айна­лы­мы ауқымды болды. Оларға көпестер мен дәулеттілер Сібір мен Ресейден, Түр­кістан мен Қоқаннан керуен жөнелтті.

Жәрмеңке комитеттері соны пайда­ланып сауда аясын барынша кеңейткен, Қарқаралыдағы Қоянды секілді атақты жәрмеңкелермен байланыс жасап, саты­ла­тын бұйымдарды өзара келісіп отырған.

Келе-келе мұндай сауда нүктелері көбейе бастады. Атбасарда - Знаменс­кая, Көкшетауда - Қазан, Арықбалық стансасында Александр-Невский, Петропавл уезінде Рождественско-Богородская, Михаловская, Никольская т.б. жәрмеңкелер аз ғана уақыттың ішінде аймаққа танылып үлгерді.

Константинов жәрмеңкесі

Салқын көктемде ашылатын болған­дықтан әкелінген мал бұл кезде аз және арық болатын. Қазақтар қала тұрғын­дарының сұранысын ескеріп шамалап жеткізіп жүрді. Мұндағы сауда негізінен Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесі тараған соң қызады. 10 - шілдеден бастап күн сайын жылқы мен сиырды қосып есептегенде тоқсан мың мал айдалып әкеледі. 1890 жылы осы кезде 3923 жылқы, 4133 сиыр, 88735 қой, 25 түйе бір күнде сатылған екен. Мұның сыртында 20550 жылқы терісі, 147 мың қой мен 3500 қозы терісі, 10948 түйе терісі өткізілген.

Елде малдың аз болмағанын мына мәліметтен көре аламыз. Тек қана Константинов жәрмеңкесі арқылы екі маусымда 1889 жылы 521059 бас жылқы мен сиыр сатылған.

Петров жәрмеңкесі

Арқадағы жол тораптарының бірі Атбасарда, қолайлы жерде орналасқан. Тобыл мен Орынбордан, Пермь губер­ниясынан, оңтүстікте Бұхардан түрлі тауарлар үсті-үстіне келіп жататын. 1890 жылы осында 287650 бас мал сатылып, қыр қазақтары 113 мың 745 рубльдің тұрмыстық бұйымдарын алыпты. Жәрмеңке сайын 500 мыңға жуық рубльдің малы өткізіліп тұрыпты. Ел бір қатынағанда 3500 жылқыдан, 4700 ірі қарадан, 27000 қойдан кем әкелмеген.

Тайыншакөл жәрмеңкесі

15 маусымнан 30 тамызға дейін созыла­тын сауда үшін жыл сайын 150 киіз үй тігіледі. Онда мал алатындар негі­зінен алыпсатарлар болған. Қазақтар әкелген төрт түлікті тік көтеріп сатып алып Ресей жаққа жөнелтіп отырған. Қыр малының еті дәмді екенін білетін орыс ақсүйектері оларға арнайы тапсы­рыс береді екен. Ал өз кезегінде қой мен марқа етін Петербургке патша сарайына жөнелткен. Француз Маркиз де Кюстин "Николай Ресейі" атты еңбегінде сарайда болғанын, ерекше дәмді ет жеп, оның жай-жапсарын сұрағанда, қыр қазақтарынан алдырылған марқа еті және жылқының қазысы екенін айтқанын әжептәуір әңгіме етеді.

Қазақ малы сонымен патша дастар­ханына да жеткен. Жыл сайын Москва - 375 мың, Петербург 345 мың пұт ет алдыртып отырыпты, қара халық үшін емес, ақсүйектерге.

Владимир губерниясына -* 450, одан әріде Еуропаға, мәселен Ревель мен Либаваға 405 мың дана тері жөнелтіледі екен. Берлин де сапалы тері бұйымдары­на қажетті шикізатты қазақ даласынан іздеген, жылына 380 мың дана алдырып отырған.  Мұнымен қатар Петропавл арқылы Қазан мен Петербургке 180 мың пұт  мал майы жіберіліп тұрған. Осы бар­лық мал өнімдерінің тек Петропавл­дан ғана әрі асырылған көлемін ақшағы шаққанда, 8 миллион рубль болады.

Жәрмеңкеге келсек, мұнда жыл сайын 1 миллион 356 мың 789 рубльдің саудасы жасалып келіпті. 1890 жылы ғана 405943 мал, 80 мың рубльдің түрлі бұйымдары өткізіліпті.

Малды әр түлікке бөлсек: жылқы - 2104, ірі қара - 13700, қой -205390. Бұлардың ішінде Қапалдан ұзын саны - 92750, Бішпектен -11050 бас мал айдалып әкеліпті. Соған қарағанда қазақ даласындағы жәрмеңкелер Алатау қырғыздары үшін де тиімсіз  болмаған секілді.

Әр жәрмеңкеге жеке тоқтала бермей, олардың 1890 жылғы жалпы көрсеткішін қорытып берейік.

1890 жылы Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл жәрмеңкелерінде 10995 жылқы, 23383 ірі қара, 322675 қой тірідей сатылған. Ет пен терісін  саудаға салу үшін 24466 жылқы мен сиыр, 308195 қой сойылған. Жылқының - 175937, сиырдың -161754, қойдың - 1 миллион 185009, қозының -510459, түйенің -4712 терісі өткізіліпті. Дәл осындай көлемдегі мал мен мал өнімдері қазіргі Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында бір жылдың ішінде сатылмайды. Осы өңірлерде бүгінде сонша жылқы мен сиыр, қой мен түйе болса, ол үлкен байлық емес пе?..

 


Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты

«Егемен Қазақстан» газеті 1 шілде 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2088
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2505
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2158
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1613