Сенбі, 27 Сәуір 2024
Мемлекеттік тіл 5381 6 пікір 25 Қаңтар, 2021 сағат 13:09

Еліміздегі Елшілер қай тілде сөйлейді?

Рубем Корреа Барбоза

Бразилияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі Астана (Нұр-Сұлтан) қаласында 2006 жылы ашылғанынан бәріміз хабардармыз. 2020 жылдың 3 наурызында, яғни, пандемия кезінде Қазақстанға жаңа елші болып Рубем Корреа Барбоза тағайындалды. 

Оның Stan.kz ақпарат агенттігіне берген мына сұхбатты «Мен Қазақпын» деген жанды ішін күйдіре егілте жылатады:

«Бірнеше ай оқшауланған соң серуендеуге мүмкіндік болған жоқ, сондықтан осы уақыт аралығында орыс тілін үйрендім. Оны қазақ мұғалімі, өте еңбекқор, өз ісіне адал, талапшыл қыздан үйренудемін. Тілді үйренудегі ілгерілеуім осы кісінің арқасы».

Осы жолдарды қаның қайнай отырып, оқыған шақта бізде ашылған шетел елшіліктері тек көрші елдің мемлекет тілінде сөйлейтіндігі қалыпты құбылысқа айналып кеткендігіне көз жеткіземіз. Оған не билік, не саяси партиялар еш мән бермейтіндігі, ешбір алдын алу шараларын қолданбайтыны қазақтың мемлекеттік санасына сызат түсіреді екен. 

Бишікештер арасындағы «биыл 30 жылдықты дүркіретіп тойлаймыз, кеудеге сылдыратып медаль тағамыз», деп алақтай шапқылайтындар осындай масқара дәстүрге тыйым салуды қашан ойға алады екен?

Бұл ұлт тәніне басылған масқара күйе ТМД елдерінде тек Беларус пен Қазақстанда ғана орын алып отыр. Алаш жеріне келіп, оның елінің тілін білмейтін елші қазақ пен өз халқын қалай жақындастырады. Бұл орыс тілді биліктің қазаққа жасап отырған жаулығы деп, бармақты тістелеуден басқа еш нәрсе істей алмай келеміз...

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

6 пікір