Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2637 0 пікір 9 Наурыз, 2012 сағат 04:51

Айдос Сарым, саясаттанушы: «Путиннің патшалығы қазақ үшін жақсылық әкелмейді»

- Қазақ айтады: «Қайта шапқан жау жаман» деп. Дегенмен, Ресейдегі оппозициялық қозғалыстың қазіргі толқуына қарағанда, президент Путин премьер-министр Путиннен жұмсақтау болады деп ойлайсыз ба?

- Менің ойымша, президент Путин мен премьер-министр Путиннің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті өткен төрт жылдың ішінде Ресейді билеген Медведев емес, дәл осы Путин екенін жұрттың барлығы да айқын түсінген болатын. Путин өткен төрт жылда Ресейдегі негізгі саяси, қаржылық, ақпараттық тетіктер мен топтарды мұқият қадағалап, уысынан бір мезетке де шығарып көрген емес. Керісінше, өз мүмкіндіктері мен ықпалын жыл санап арттырып, еселеп келді. Ресей миллиардерлерінің біраз бөлігі дәл осы Путиннің курстастары мен жұмыстастары екенін де естен шығармайық. Ол итальян фашизмінің көсемі Муссолинидің «достарыма - бар мүмкіндік, жауларыма - Қылмыстық кодекстің қаһары» деген ұстанымы мен корпоративтік монополиялық мемлекетті жасақтау принциптерін айнытпай орындап келеді. Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконимен керемет «дос» болғаны да содан болар. Екеуін де саясаттанушылар «тефлоннан жасалған саясаткерлер» деп атағаны да тегін емес.

- Қазақ айтады: «Қайта шапқан жау жаман» деп. Дегенмен, Ресейдегі оппозициялық қозғалыстың қазіргі толқуына қарағанда, президент Путин премьер-министр Путиннен жұмсақтау болады деп ойлайсыз ба?

- Менің ойымша, президент Путин мен премьер-министр Путиннің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті өткен төрт жылдың ішінде Ресейді билеген Медведев емес, дәл осы Путин екенін жұрттың барлығы да айқын түсінген болатын. Путин өткен төрт жылда Ресейдегі негізгі саяси, қаржылық, ақпараттық тетіктер мен топтарды мұқият қадағалап, уысынан бір мезетке де шығарып көрген емес. Керісінше, өз мүмкіндіктері мен ықпалын жыл санап арттырып, еселеп келді. Ресей миллиардерлерінің біраз бөлігі дәл осы Путиннің курстастары мен жұмыстастары екенін де естен шығармайық. Ол итальян фашизмінің көсемі Муссолинидің «достарыма - бар мүмкіндік, жауларыма - Қылмыстық кодекстің қаһары» деген ұстанымы мен корпоративтік монополиялық мемлекетті жасақтау принциптерін айнытпай орындап келеді. Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконимен керемет «дос» болғаны да содан болар. Екеуін де саясаттанушылар «тефлоннан жасалған саясаткерлер» деп атағаны да тегін емес.

Бірақ, қарап отырсақ, тефлондық (яғни өздерінің атына дақ келмейтін) қасиеттері бірте-бірте жойылып барады. Берлускониді итальян халқы әупірімдеп жүріп кетірді. Ал кеше ғана аяқталған сайлау, мен білсем, Путиннің соңғы сайлауы болмақ. Ресей халқы да оянып келеді. Бұл, әрине, күні ертең Мәскеудің көшесіне шыққан жұрт Владимир Владимирұлының екі аяғын аспаннан келтіреді деген сөз емес. Билікті сақтау үшін, одан келетін мүмкіндіктерден айырылмау үшін, Путин сұмдық пен қулықтың барлығына да бара алады. Билікке де солай келген. Қажет деп санаса, өз халқына да, басқа ұлттарға да осы «мінезін» көрсетуден тайынбайды. Өз елінің кем дегенде 300-400 мың адамын қырып салған саясаткерден не күтуге болады? Шешен-ингуш болсын, мұсылман болсын - олар ең алдымен Ресей азаматтары емес пе? Алайда оған қиналып отырған Путинді де көріп отырған жоқпыз. Бүгін Путин мен оның жергілікті сыбайластары сол қанжоса қылған халықтарды сайлау арқылы екінші рет масқаралап отыр. Олай болмаса, шешен халқының 99 пайызы сайлауға келіп, оның 99 пайызы Путинге дауысын берді дегенге кім сенеді, айтыңызшы?! Бар кінәсі өзіне қарсы сөз айтып қалған Грузия президенті Михаил Саакашвилиге қастасып, тәуелсіз мемлекетті арандатып, соғыс ашқан саясаткерден не күтуге болады? Жатса да, тұрса да көксегені, армандағаны бұрынғы Кеңес Одағын қалпына келтіруді, Ресейді әлемдік империя етуді қалайтын Путиннен не күтуге болады? Осы тұрғыдан алсақ, Путин, әрине, «үйреншікті жау». Бір ғана мәселе, ол Ельцин сияқты «атыспаққа жақсы» әріптес емес. Оның мәселесін екі күн «пьянкамен» шеше алмаспыз.

- Владимир Путиннің билікке екінші рет оралуы әлемдік саясат схемасын қайтадан сызу қажеттігін тудырады деген пікір бар. Осы жағдайды қысқаша қалай баян етер едіңіз?

- Қателеспейікші. Путин қайта шауып келген жоқ! Ол тек өзінің кабинетін ғана ауыстырды. Яғни, осыған дейінгі әлемдік саясат өзгереді дей алмаймыз. Себебі сол саясаттың үрдісі үзілген емес. Сол баяғы Батыс елдерімен «қырғиқабақ соғыс» саясаты жалғаса береді. Бұл саясатты «қырсық-қыңыр» саясат деуге болатын шығар, бірақ бұл саясат - парасатты саясат емес. Патриотизмннің де, ұлтшылдықтың да түрлері болады. Путиннің іске асырып отырған саясаты «қырсық патриотизм», «жалған ұлтшылдық».

Мысалы, Путин билікке Ельцинді жамандап келді. Ал Ельцин байғұс болса, жүз жерден ішкіш, есерсоқ деңіз, нағыз патриот болатын. Оның кезінде Ресейдің бірде-бір ірі жобасына, кенішіне шетел компаниялары иелік еткен емес. Жақсы болсын, жаман болсын, негізгі байлық көздері өз орыстарының қолына көшті. Путин Батысты боқтайды, оған сес көрсетпекші болады, бірақ артынан ел байлығын шетелдіктерге ашып жатыр! Қисын бар ма? Кім патриот сонда? Мұның барлығын Ресей халқы көрмей отырған жоқ, көріп отыр. Осындайымды білмесін деген ниетпен «Біз күштіміз, біз мықтымыз, әлемнің барлығына көкесін көрсетеміз, таяқ жегіземіз, крутоймыз, руханимыз» деп тыраштанады. Ресей халқының ішкені - арақ, қарағаны - теледидар. Екеуі де у! Егер арақтан анда-санда бас тартып, аз уақыт болса да тіршіліктеуге болатын болса, теледидардан бас тарта алмайды. Екі киноның бірі соғыс, екі фильмнің бірі Ресейді анталай қоршаған жау! Орыстың миындағы мыңжылдық қоршалған қамал психологиясы Путин режимінің негізі! Әлем елдері бұны айқын түсініп, біліп отыр. Негізінен сыйлағандай болады да, іштей күледі.

Бір ғана мысал келтірейін. Путинді, оның жүргізіп отырған саясатын түсіну үшін, бүгінгі Ресейдегі көпшілік мәдениетке назар аударуымыз қажет. Егер бүгінгі Ресей мәдениетіне, киносына назар аударатын болсақ, бір нәрсені анық аңғаруға болады. Бұл керемет феномен өзі. Стильдік тұрғыдан Путин Сталинді, сталиндік саясатты қайталағысы келетін сияқты. Бүгінгі бар Ресей киносы орыстың мыңжылдық тарихын емес, дәл осы сталиндік кезеңді суреттейді, соны ақтағысы келетіндей! Орысты орыс қылған бірде-бір патша туралы фильм жоқ. Есесіне Сталин, Берия, Жуков туралы қаптаған кинолар.

Дегенмен, тағдырдың тәлкегі деген де бар. Тарихты білмеген, түсінбеген саяси қайраткерлер түбі опық жейді. Егер Путин орыс тарихына мылтықпен оқ атса, оған тарих зеңбірекпен жауап беретін сияқты көрінеді маған. Ұлылық пен ұрлық, ұлықтық пен ұрдажықтық бір-бірімен жанаспайды, жүз қайнаса да, олардың сорпасы қосылмайды. Путин - Сталин емес, бола алмайды да. Ол Ресейдің бақыты емес, соры. Қалай болса да, бұл орыс халқының таңдауы. Ең бастысы, қасындағы біз сияқты ұлттар мен мемлекеттерді қанға бөктіріп, сорлатпаса болды деп тілейік. Қалғанын уақыт көрсете жатар.

- Ресейдің АҚШ пен Еуроодаққа ерегесіп, Сириядағы жағдайға байланысты ұстанған қазіргі кері позициясы келешектегі үлкен текетірестің бастамасы ғана деп айта аласыз ба?

- Орыстың Сириядағы саясатын өз басым аса үлкен ақылдың шаруасы дей алмаймын. Бәлкім, қарапайым азаматтар үшін «Путиннің принципшілдігі, Америкаға қарсы шыққаны» керемет құбылыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ біздер дарақылық пен стратегияны, тентектік пен тереңдікті шатастырмауымыз керек. Асад режимінің уақыты баяғыда өтіп кеткен. Ең сорақысы - билігін сақтаймын деп, бұл режим халқының қанын шелектеп төгіп жатыр. Күн сайын жүздеген адам өліп жатыр бұл елде. Қан аққан жердің жарасы жазылмайды! Халқының қанын төгіп жатқан сол елдегі ұлттық-діни азшылық екенін естен шығармайық. Бұл қанның төгілуіне Путиннің де қатысы бар. Жиырма бірінші ғасырда өзге жұрт түгілі, өз жұртының қанын төккен саясаткерлердің болашағы жоқ.

Батыс ерте ме, кеш пе Асадтың көзін құртады. Сол кезде билікке келген элиталар Ресейді «стратегиялық серіктесіміз, мәңгілік досымыз» дей қоймас. Ресейдің трагедиясы мынау: бұл мемлекет тек өзіне ұқсас мемлекеттермен ғана тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр. Кәдімгі мектептегі «бұзақы баланың» психологиясы. Қолына атомдық «рогатканы» алып, қасына кілең «двоечниктер мен хулигандарды» жинап, жақсы киініп, жақсы оқығандардың барлығына тиісе беретін дарақы басбұзардың тірлігі, әсірелеп айтса. Бір ғана өкінішті жайт: біздер де осы «хулиган банданың» белсенді мүшесіміз. Керемет емеспіз, әрине.

- Ал әлемдік саясат сахнасынан қазақ даласына ойысар болсақ, Путиннің кезекті патшалығы Қазақстанның билігі мен оның саясатына қалай ықпал етуі мүмкін деп ойлайсыз?

- Путиннің патшалығы қазақ үшін жақсылық әкелмейді. Егер оның бүгінгі саясаты, бағыты өзгеріссіз сақтала берсе, бұл біздің ұлттық қауіпсіздігімізге, тәуелсіздігімізге үлкен сын болмақ. Құдай қазаққа барлығын бере берген ғой, сірә: жерін де, байлығын да, суын да, тауын да... Тек өкініштісі - жөні түзу көрші бермеген ғой. Екі алпауыт мемлекеттің ортасында отырғандықтан, біздің тіршілігіміз мүлдем өзгеше болуы керек. Егер біз Тынық мұхиттағы кішкентай ғана арал-мемлекет болсақ, топан су басқанша күнге қызып, ұйықтай беруге болар еді. Біздерге, қазақ ұлтына бір мезетке де қалғып кетуге болмайды! Сәл-пәл қалғып кетсек, дарақылыққа салына берсек, ұпайымызды жоғалта береміз. Ұлтымыздың зиялылары, баспасөзі осы мәселелерді дамыл таппай көтеруі керек сияқты. Қазақ ұлтының бүгінгі күндегі басты мәселесі өте-мөте күрделі: біз анау-мынау емес, тарих пен географияны алдап кетуіміз керек.

Әрине, Қазақия - жеріміз бен халқымызды түйеге артып, көшіп кететін киіз үй емес. Ресеймен өле-өлгенше көршіміз. Аулымызды одан көшіріп әкете алмасақ та, санамызды, ойымызды, арман-мұратымызды көшіріп кете аламыз. Арман-қиялдың, арман-мұраттың ауылын қай жаққа көшіріп апарамыз десек те, өзіміздің қолымызда. Соны мүмкіндігінше Ресейден алысырақ жерге апаруымыз керек. Асан атамыз армандап кеткен Жерұйық географиялық ұғым емес, саяси-философиялық ұғым екенін әсте естен шығармайық. Ресей тентек оқушы болса, біздер кілең төрт пен беске оқитын «әтлишнекке» айналуымыз керек. Архетиптік тұрғыдан алған кезде, біз бәрімізге аян «Менің атым Қожа» романының кейіпкеріміз, қара домалақ Қожаның өзіміз. Бірақ біздің осы ғаламдық спектаклімізде, не киномызда «әпербақан Сұлтанның» рөлін кішірейтіп айтсақ - Владимир Путин, үлкейтіп айтсақ - Ресей ойнап отыр. Сол Володя-Сұлтанға не Ресей-Сұлтанға кітаптағы Қожадай алдана беретін болсақ, қожанасырлана берсек, соған ере беретін болсақ, «шешеміздің» де қабырғасын қайыстырамыз, ауылдастарға да күлкі-мазақ боламыз. Күнде ояна салып, «мен жақсы оқимын, дұрыс адам боламын» деп қана қоймай, соны іске де асыра білуіміз қажет. Өз жүрегімізде қабылдаған имани сертімізге берік болуымыз керек. Ұмытпасам, Бердібек атамыздың кітабы дәл осы жерден аяқталған жоқ па еді?! Қалғаны өз қолымызда. Өз өміріміздің режиссері өзіміз.

- Кезінде Путиннің жеке тапсырмасымен Ресей ТВ арналары Беларусь президенті Александр Лукашенконы ауыздықтау үшін, тележәшік арқылы қаншалықты компрамат төккенін білеміз. Біздің тым қорқақ әрі асқан жемқор билік Ресейдің дегеніне жүрмесе, Ақорданы тәубасына түсірер компраматты төге салуы ғажап емес қой...

- Бүгінгі күні Ресейдің ақпараттық және мәдени қолшатырының астынан шығу - ең басты, алдыңғы қатарлы міндет, басымдық болуы керек. Билік ұзақты ойламаса да, сіз айтып отырған қауіптің бар екенін есіне алуы тиіс. Ресей өзін жүз жерден «дос», «серіктес» дегенімен, өзінің мәселесін ғана шешуге тырысады. Сол Путин қадағалап отырған телеарналар өткен жылдың желтоқсан айында президент Назарбаевты қолдап кеткен жоқ. Керісінше, елдің де, мемлекет басшысының да басына бит төккендей болды. Ең болмаса осыны ескеруі керек билігіміз. Бұндай жағдайдардың талай рет қайталануы мүмкін. Ресей арналарының Қазақстандағы жұмысын тоқтатқан күні ғана еліміз шынайы Тәуелсіздікке бара жатыр екенбіз деп айтуға болады. Қазақстан билігі мемлекеттік тілді қажетті биігіне көтеріп, латын қарпіне көшкен күні шынайы мәдени-ақпараттық Тәуелсіздікке қадам бастық дей аламыз. Тіпті одақтас болайық, дос болайық, бірақ руханият пен мәдениетті бөтеннің қолына беруге болмайды. Ол да төл бала сияқты ғой: жақсы көршіңмен сыйлас, табақтас бол, бірақ қолыңдағы балаңды оған беріп қоймайсың ғой. Ал жаман көрші болса ше? Күнде ішіп, күнде төбелес шығарып, өз бала-шағасын тепкіге салатын көрші болса ше? Бұл да бір мықтап ойланатын жайт.

- Осы тұрғыдан келгенде біз енді Путин патшаның заманында Еуразиялық одақтың құшағына бұрынғыдан да тереңге бата түсерміз, ә?

- Өз басым Кедендік одақтың да, Еуразиялық одақтың да болашағына сенбеймін. Әлем тарихында сан алуан интеграциялық жобалар, бірлестіктер болған. Бірақ мемлекеттердің шынайы одаққа бірігуі үшін кем дегенде бірнеше талаптар бар. Біріншіден, сол мемлекеттердің халықтары арасында тарихи және мәдени қайшылық болмауы тиіс. Қазақ халқы мен орыс халқының арасы керемет дей аламыз ба? Бүгінгі күнгі көптеген тарихи шындықтың ашылмай отырғанына басты себепкер осы Ресей емес пе? Ойбай, көршіміздің қытығына тимейік, елдегі қазақ пен орыстың арасы бүлінбесін деген ниетпен аштықтың ащы шындығын, отарлаудың қаралы беттерін ашық айта алмай келеміз ғой!

Келесі кезеңде белгілі бір одаққа кіретін елдердің ішкі ынтасы болуы тиіс. Ал бүгінгі қазақ қоғамы Ресеймен одақтасуға ниетті ме? Менің ойымша ниетті емес. Ал қазақ жастарының үлкен бөлігі мүлдем қарсы. Тіпті, жарайды, одақтас болайық, дос болайық Ресеймен, бірақ басқа елдердің де бар екенін ұмытпайық! Неге біздер ағайын, еншілес, тарихи, тілдік, діни, мәдени тамырластығымыз бар елдермен жөні түзу саясат жүргізбейміз? Әрине, бұл салада да көптеген мәселе бар. Өзбек және түрікпен елдеріндегі авторитарлы режимдер кез келген интеграцияға қарсы.

Бірақ достасатын да, араздасатын да президенттер емес, халықтар, халықтың өкілдері. Болашақ интеграциялық жобалардың дұрыс іске асуы үшін бүгіннен еңбектену керек. Тек қана «еуразиялық идеяны» насихаттауға кеткен қаражаттың он пайызын «түркі бірлігі идеясын» насихаттауға жібергенімізде біздің қоғам да, жастарымыз да біршама жаңа сапаға, жаңа деңгейге шығар еді. Ал «еуразиялық идеяны» қазақ арасында жүз жерден насихаттағанмен, түк те шықпайды. Құмға кетіп жатқан ақша, есіл энергия, есіл күш соған жұмсалуда. Имперлік астары бар жобалардың барлығына қазақтың бойында тарихи-мәдени аллергия бар. Кішкентай балалардың тәттіге қатысты аурулары болатын еді ғой. Дәл сол сияқты. Талай рет «еуразиялық», «имперлік кәмпиттерді» жеп келдік. Соны жеген сайын беттеріміз қызара бөртіп, ішіміз өтіп, қызуымыз көтеріліп, мазамыз кеткен болатын. Бала кез дейік оны. Енді өстік қой, жиырмадан астық. Ақылға қонар кездеміз. Зиянды мен пайдалыны ажыратар уақыт келді. Кәмпиттің дәміне де, қып-қызыл фантигіне де қызықпайық. Тағы бір-екі рет уыстап асасақ, тірі қалмауымыз да мүмкін. Көмекке келер «дәрігерлердің» мекені біздің «ауылдан» тым алыс. Үлгермей қалуы да ғажап емес...

- Біздегі жекелеген саясаттанушылардың Еуразиялық одақты қолдаған жақсы пікірлері Путиннің президенттігі кезінде быт-шыт болатын сияқты...

- Еуразиялық одақ бүгіннің өзінде ел халқының наразылығын тудырып отыр. Бара-бара бұл одаққа Ресей халқы мен элиталары да қарсы шығады. Бүгін «хватит кормить Кавказ» десе, ертең «хватит кормить казахов», «хватит кормить белорусов» деп шығатын күндері де алыс емес. Тіпті кешегі сайлауда үшінші орынға ие болған Прохоровтың өзі қарсы шығып жатыр ашықтан-ашық. Яғни орыс элитасының жаңа буыны қазірдің өзінде бұндай интеграциялық жобаларды қаламайды.

- Ал Еуразиялық одақтың шекарасы Қырғызстанмен кеңеюі әбден мүмкін деген пікірге қалай қарайсыз?

- Қырғыздың әңгімесі - бөлек әңгіме сияқты. Жалпы ағайын мемлекет өзін тәуелсіз, біртұтас мемлекет ретінде сақтай ала ма деген заңды сұрақ бар. Болашақта біздер біртұтас мемлекетпен көрші боламыз ба, әлде екі-үш бір-біріне қарсы мемлекетпен көрші боламыз ба деген сұрақ және бар. Егер Қырғызстан өзінің ішкі мәселелерін шешіп алмаса, бір жағына шықпаса, оның қайсыбір одаққа мүше болуы сол одаққа мүше елдерге тиімсіз болмақ. Өз басым қырғыз ағайындардың бұл одаққа кіргенін қалаймын: одақтың ішінде мүше көбейген сайын, Ресейдің пайызы азая түседі, ал тоғыса бермейтін мүдделердің саны артады. Бұл, бәлкім, біздің де жағдайды біршама жеңілдете ме, қалай өзі?

- Әрине, Айдос, сіз бен біздің ақылымызды Ақорда құлағына қыстырмасы анық. Дегенмен, Путиннің президенттік заманында Ақордаға қандай саясат ұстануға ақыл қосар едіңіз?

- Әрине, Арқаның ар жағы қашанда орыс мемлекеті бола бермек. Бірақ сол Арқаның ар жағындағы мемлекеттің басшылығы бізді мақтады, арқамыздан қақты дегенге мәз болуды доғару керек. Ресей де, Кремль де әлемді тіреп тұрған жоқ. Кремль - қазақ ұлтының құбыласы емес! Ешқашан болмайды да! Қазақтың саяси құбыласы - Астана! Путин де, Медведев те пайғамбар емес, оның үмбеті де емес. Әлем кең, үлкен. Солтүстіктен басқа да жақтар, бағыттар, векторлар бар. Бөтен елге сеніп өз еліңді басқара алмайсың. Билік өз күшін, қабілетін, мүмкіндіктерін сырттан емес, халықтың ішінен іздеп, тауып, соған ғана арқа сүйеуі тиіс.

Бүгінгі күні қазақ пен биліктің арасында белгілі бір алшақтық көрініп, сезініп келеді. Бұл бос кеңістікті толтыру - қиынның-қиыны. Ол кеңістік қоқыспен толтыра салатын көмір карьері емес. Билік осы бос кеңістіктің орнын тек қазақы құндылықтармен ғана толтырып, жамай алады. Басқа ешқандай рецепт, әдіс, жол жоқ. Қазақтың бұлқынған бүлігінен гөрі «көрмегенім сен бол» деп көшіп кеткені қиын. Мемлекет ретіндегі тарихымыз атам замандағы осындай бір «көңіл қалудан», «реніштен» басталғанын ұмытпайық. Дала демократиясындағы «қанталапай» институты ханға қарсы шығу емес, оны төңкеру емес, оны жапан далада жалғыз тастап кету дегенді білдірген. Әрбір қазақ өз еншісін алып, қолын бір сілтеп кете берсе, билік түгілі, мемлекеттің де түгі қалмауы мүмкін. Мемлекетті құрап, оны ұстап тұрған аспанда құдай болса, жерде - халық. Осы халықтың жағдайын жасап, көңілін аңдып, айтқанын іске асырар кез келді. Ештен кеш жақсы, дейді дана халқымыз. Сол «ештің» енін де, «кештің» мерзімін де билік емес, халықтың өзі ғана айқындайды.

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 11 (139) 07 наурыз 2012 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2365
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661