Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2856 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 20:17

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ. Барып қайт, қалаулым, ауылға туған барып қайт!

 

 

Ақыры депутаттардың көптен күткен каникулы да келіп жетті. Маусымның соңғы күні Мәжіліс ғимаратының бірлескен отырыс өтетін залына мамырлай басып жиналған қос палата өкілдері екінші сессия жұмысын бір қорытындылады. Тек халық қалаулылары ғана емес, Премьер-министр бастаған Үкімет мүшелері де қатысқан алқалы жиында Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов қана сөз алып, баяндама жасады.
Қысылтаяң кезде қабылданған заңдар
Өткен сессия депутаттардың түсіне тек дағдарыс мәселесін ғана кіргізгені жасырын емес. Еліміздің ең жоғары заң шығарушы органының соңғы жылдарда атқарған жұмыс ауқымымен салыстыра қарағанда, өткен сессияның аса бір қауырт әрі халық қалаулыларына үлкен жауапкершілік жүктеген сессия болғаны анық. Бұл, әрине, депутаттардың өз жұмыстарын саралаудағы басты өлшемі болатыны да белгілі. Осыған орай Орал Байғонысұлы өткен сессияға: «Бұл сессия біз үшін әлемдік экономика дағдарысының салдарын еңсеру ісіне бүкіл қоғам болып күш жұмылдыра отырып, заң шығару қызметін жүзеге асырудың бірегей тәжірибесін жинақтаудың кезеңі болды», – деп сипаттама берді. Өткен сессияда Парламенттің қарауына барлығы 207 заң жобасы келіп түскен. Олардың ішіндегі 66 заң жобасы бірінші сессиядан қалған «мұра» болса, 141-і – екінші сессияның өз еншісінде. Парламент 127 заң қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберген. Олардың арасында Елбасының қолы қойылған 97 заң бүгінде заңды күшіне ие. Осылардың қатарында өткен сессияда еліміздің қазіргі даму сатысы үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар заңдар талқыланып, қабылданғанын айта кету керек. Яғни Парламент дағдарысқа қарсы шараларды құқықтық жағынан реттеуді қамтамасыз ететін 20-дан астам заң қабылдады.
Бюджетке жасалған жеңілдік
Парламенттің ел экономикасының, қоғамның өркендеуі үшін әр салаға қажетті заң жобаларын дайындағаны айтпаса да түсінікті жайт. Бірақ Парламенттің Елбасының 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерге сай, қолданыстағы республикалық бюджетке жедел түрде түзетулер енгізгені есте қалатын іс деуге лайық болды.
Қаржылық қиындық кезіндегі бұл түзетулер, экономикамызды одан әрі жаңғыртуға, әрі еліміздің дағдарыстан кейін де тұрақты дамуы үшін жұмыспен қамту стратегиясын іске асырып, жедел шешім қабылдауды талап етпейтін бірқатар шығыстарды қысқартуға бағытталды. Бұл жерде бюджет қаражатын үнемдеуге заң шығарушы орган да өз үлесін қосқанын айта кеткен жөн. Парламент өз қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстардың бір бөлігінен бас тартқан болатын. Соның арқасында Парламенттің 2009 жылға арналған бюджеті 1 млрд 683 млн теңгеге қысқартылды. Сонымен қатар барлық шығыс баптары бойынша да қосымша 847 млн теңге үнемделді.
Кемшіліктер де жоқ емес
Қос палатаның биылғы сессиядағы бірлескен заң шығару қызметіне тоқтала кеткен Мәжіліс спикері Парламенттің Үкіметпен өзара іс-қимылын объективті түрде бағалай келіп, заң шығару қызметінде бірқатар кемшіліктердің бар екенін жасырған жоқ. «Осы жұмыстағы олқылықтардың бірі – кейбір заң жобалары бойынша келісу рәсімінің тым созылып кететіні», – дейді Төменгі палата төрағасы. Айтқан уәжіне мысалын да дайындап әкелген Орекең «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне микроқаржылық ұйымдардың қызметін реттейтін мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары бойынша келісу рәсімінің бірнеше айға сағызша созылғанын айтты. Ал Қазақстанда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың «өмір сүріп жатқанына» үш жылдың жүзі болып қалғаны баршаға аян. Тағы бір ем қонбай келе жатқан «дерт» – заң жобаларын әзірлеу кезінде ведомстволар арасында тиісті үйлестірудің жоқтығы, сондай-ақ заң жобаларын Мәжіліске берген кезде әртүрлі мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктердің орын алуы. Сондықтан депутаттарға заң жобасымен жұмыс істеумен қатар, әртүрлі мемлекеттік органдарды мәмілеге келтірумен де айналысуға тура келеді. Мәжіліске түскен кейбір заң жобаларының сапасы да ойдан шықпай жататыны белгілі. Осындай жобалардың мазмұнын депутаттардың 50-60 пайызға дейін қайта өңдеуіне тура келетіні жасырын емес. Оған мысал келтірсек, сөз ұзап кететіні анық…
Түйін
Сонымен қос палата екі айға демалысқа аттанды. Әрине, барған жерлерінде сайлаушылармен кезігіп, халықтың мұң-мұқтажымен бөлісетіні де белгілі. Каникулдан кейін де жұмыс күтіп тұратынын Орал Байғонысұлы олардың есіне салып жіберді. Атын атап, түсін түстеген заң жобалары үшінші сессияда оларды және қарсы алмақшы. Не болса да, демалыстың аты – демалыс. Сөйтіп, жүздерінен қуаныш төгілген депутаттар «ауыл қайдасың» деп атқа қонуға асығып бара жатты.

 

 

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ
«Алаш айнасы» газеті 1 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2101
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2514
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2197
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1622