Сенбі, 18 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3152 0 пікір 7 Наурыз, 2012 сағат 07:59

Тұрсын Жұртбай. «Сөзі де – ақ, өзі де - ақ» - Міржақып Дулатов (жалғасы)

4.

1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасындағы қамтылған мәліметтердің астары мен ұзын-ырға мазмұны осындай. Айыптау санкциясы мен Д.Әділевтің көрсетіндісіне қарағанда алғашқы сұрақ-жауап: 1). Міржақып Дулатов пен Дінше Әділев және де басқалар бірігіп түскен суреттің тарихы, 2). 1921-1922 жылғы Ташкентте құрылған-мыс делінетін астыртын ұйым, 3). Голощекинге қарсы қастандық жасау әрекеті-міс делінетін оқиға туралы қойылуы тиіс еді. Ал мұнда алғашқы тергеудің өзінде бірден 1918-1919 жылғы Торғайдағы азаматтық соғыс кезіндегі оқиғалар, оның ішінде Аманкелді Имановтың қазасы туралы сұрақтар қойылған.

4.

1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасындағы қамтылған мәліметтердің астары мен ұзын-ырға мазмұны осындай. Айыптау санкциясы мен Д.Әділевтің көрсетіндісіне қарағанда алғашқы сұрақ-жауап: 1). Міржақып Дулатов пен Дінше Әділев және де басқалар бірігіп түскен суреттің тарихы, 2). 1921-1922 жылғы Ташкентте құрылған-мыс делінетін астыртын ұйым, 3). Голощекинге қарсы қастандық жасау әрекеті-міс делінетін оқиға туралы қойылуы тиіс еді. Ал мұнда алғашқы тергеудің өзінде бірден 1918-1919 жылғы Торғайдағы азаматтық соғыс кезіндегі оқиғалар, оның ішінде Аманкелді Имановтың қазасы туралы сұрақтар қойылған.

Голощекин бір халықтың ұлттық, азаматтық күрес тарихын бар мен жоққа тели үкім айтып, тағдырын тауқыметке итермелегісі келді.Өзгені былай қойғанда, 1916 жылғы азаттық көтерілістің өзін әуеліде реакцияшыл қозғалыс деп атап, Шапиро мен Брайнин деген идеолог-тарихшыларға теріс тұжырымдар жасатты, оның: «ұлтшылдықтан туған, орыс халқына қарсы көтеріліс" екенін дәлелдеп екеуіне мақала жаздырды. Аманкелді Имановтың қаза табуына „Алашорда" жасағының қатысы барлығы анықталғанда, алашордашылардың көзін құртудың мүмкіндігі туғанын білді. Сол кезде Сталин «партия ішіндегі оппортунистер» деп атаған Каменев, Зиновьев, Троцкийге қарсы науқан лап ете қалды да, соны арқаланған Голощекин бетіне еш жанды қаратпады. Сөйтіп, бастапқыда  Аманкелдіні «барымташы», «бунтарь», «дала қарақшысы» етіп көрсеткен әлгі екі әккі тарихшыға енді Аманкелді Имановты „большевик", ұлттық қаһарман ретінде баяндайтын монография  шығартты. Тергеушілердің Брайнин мен Шапиро дайындаған, Ораз Исаев редакциялаған "Алашорда" туралы жинақтардың қолжазбасына сүйенгені анық байқалады. Сол жинақтың ішіндегі құжаттарды тергеу ісіне айғақ ретінде тіркеген.

"Стенограмма. 1929 жылы 3 қаңтар күнгі Міржақып Дулатовтан алынған жауаптың хаттамасы.

Төмендегі құжаттардың мазмұнын білемін бе, жоқ па деген маған  қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: (Бірінші құжаттың мәтіні):

Министрлер Кеңесінің Төрағасы /Колчакқа/ "Алашорданың" Торғай бөлімінің мәліметі:

"Орынбор Әскери Округының ұсынысымен және қолдауымен Торғай облыстық бөлімі Бүкілодақтық 2-атты полкті жасақтауға 1918 жылдың қараша айынан бастап кірісті, ал Бүкілқазақтық І-атты полк 18-жылдың жаз айында жасақталған еді. Қостанай уезіндегі І-полк дербес Урал корпусының қарауында болды және барлық жарақты қазынадан алды, 2-полк "Алашорданың" Торғай облыстық бөліміне қарады. Торғай мен Ырғыз уезі Сібір Уақытша Үкіметіне, Дербес Урал корпусының қолбасшысына, чехословактарға көмек сұрап хат жазып еді, алайда ешкімнен көмек ала алмады.

Сәуір айында "Алашорда" бөлімі Торғай қаласын алды, әскери комиссарын тұтқындады, ол кейінен атылды. Сөйтіп, Торғай уезіндегі Кеңес өкіметі құлатылды, қалалық және жергілікті басқару жүйесі қалпына келтірілді және бұл арада Адмирал Колчак бастатқан Уақытша үкіметтің өкілдігі жарияланды. 22 көкек күні құрамында 337 адамы бар Таранның отряды түгелдей қарусыздандырылды, оның ішінде Таранның өзі бастатқан 30 сарбазы да ұсталып, бәрі де атылды. Таранның қарусыздандырылған отрядының барлығы да Атбасарға жіберілді. Одан қалғандары Атбасарға бара жатқан жолда құртып жіберілді. Таранның отрядының қарусыздандырылғаны және олардың көзі жойылғаны жөніндегі оқиға туралы мәлімет беру үшін біздің өкіліміз Кенжеғали Ғабдуллин Дербес Орынбор Армиясының штабымен хабарласу үшін мен оны сонда жібердім, ол Армия штабына барды...".

Бұл "Алашорданың" Торғай бөлімінің 1919 жылғы 11 мамыр  күні Министрлер (Сібір кеңесінің төрағасы (Колчакқа - Т.Ж.)) жіберген мәліметі. Қолжазбасы Омбыда сақталған, 1919 жылдың 24 маусым күні қол қойылған.

М.Дулатов (басы): "Менің беретін жауабым мынау: "Алашорданың" Шығыс бөлімінің жетекшісі Бөкейханов және басқалары 1919 жылдың жаз айларында Омбы қаласында тұрған еді. Біздің оларға Кенжинді қандай тапсырмамен жібергенімізді қазір есіме түсіре алмай тұрмын. Мына құжатты маған көрсеткенде ғана оны амалсыздан алдарқату /тактикалық/ тұрғысында жазғанымызды есіме түсірдім. Себебі, қалыптасқан жағдай мынадай болатын: біз ол кезде Колчак үкіметімен де, Орынбордағы Әскери Үкіметпен де қарым-қатынасымызды үзілді-кесілді доғарып, Торғайға келіп орналасып, кеңес өкіметі жағына шыққан едік те, Байтұрсыновты Москваға келісімге жіберген болатынбыз. Алайда менің жоғарыдағы тергеуге берген жауабымдағы жағдайларға байланысты кеңес өкіметі жағына толықтай қосылып кете  алмадық, сөйтіп, шарасыз күйге түстік. Барар жеріміз қалмады, оның үстіне Торғайға және Торғай арқылы Шалқарға казак отрядтары үздіксіз ағылып жатты. Мұндағы жазылған сөздер біздің шын ниетімізді білдірмейтін, Колчак үкіметі жағынан қысым мен қуғын жасалмас үшін, жай ғана көз бояу үшін ғана жазылған еді. Ондағы біздің басты мақсатымыз: қалайда қазақ халқын қырғыннан сақтап, оны қорғап қалу болатын. Біз өзіміздің күшіміздің аз екенін, ешкіммен де соғысып шекеміздің қызбайтынын жақсы білдік. Тек сол мақсатты жүзеге асыру үшін ғана осы құжат жазылған болуы мүмкін.

Өткен өмір жолымды жасырып қалудың мен үшін ешқандайда мәнісі жоқ. Кеңес өкіметіне қарсы қолыма қару алып күрескенімді, Уақытша үкіметті қолдағанымды жасырмаймын. Мұның барлығы 19-жылғы оқиға болғандықтан да көптеген жайлар менің жадымда қалмапты. Әрине, Иманов пен Таранның өліміне байланысты әдептік тұрғыдан алғандағы жауапкершіліктен мен де құтыла алмайтынымды білемін. Біздің жасағымыз екіге бөлінді. Оның бір бөлігін басқарып мен Торғай қаласынан сыртқа шығып кеттім, ал біз қайтып келгенде олар тірілердің қатарында жоқ еді. Біздің жасақтың  бір бөлімі Торғайда қалған болатын, оның сардары Қасымов еді. Ал бізге бұл істі басқарған Мақатов деп мәлімдеді.

Дәл осы мағынадағы құжаттың Сібірдегі Министрлер Кеңесінің Председателіне жіберілуін мен жоққа шығара алмаймын, бірақ та ол кезде Торғай мен Омбының арасында ешқандай да почта қатынасы жоқ болатын, сондықтан да ол құжатты сол кезде үкіметтің атынан мәлімдеме жасауға арнайы Омбыға жіберілген Кенжин ғана жеткізуі мүмкін. Колчактық өкіметтің көңілін тыныштандыру үшін бояуды қалыңырақ жағып, ату жазасына кестік деп көрсеткен болуымыз керек...".

Міржақып Дулатовқа ұсынылған екінші құжат-айғақ мынадай:

"Алашорда" Уақытша қазақ үкіметі. Торғай облыстық Әскери кеңесі. 19-жыл. Шілде. № 441. Торғай қаласы. Шобан болысының болысынайына

Торғай қаласы маңында Жильяевтің бандыларымен болған ұрыстан соң "Алашорда" жасағы шегінген кезде ұрыс майданында қалған көптеген аттарды, ертоқымдарды, винтовкаларды, оқ-дәрілерді, қылыштарды және киімдерді қыр елі жиып алыпты. Барлық киімдерді, аттарды жекелеген жарақтарды жиып, қалаға алып келіп, "Алашорда" жасағына тапсыруыңыз керек. Мұны орындамағандардың жауапқа тартылып, әскери кезеңге сәйкес қатаң жазаланатынын елге түсіндіріңіз. "Алашорданың" Торғай облыстық әскери кеңесінің осы жарлығын хабарлай отырып, барлық болыс тұрғындарына өз тарапыңыздан ықпал етіп, аталған қару мен жарақтарды қалаға жеткізуді қамтамасыз етіңіз. Ат пен қару, басқа да заттарды алған адамдардың тізімін жасап, "Алашорда" әскери кеңесінің үйіне әкеп беріңіз. Әскери кеңестің мүшелері - Сейдалин, Қадырбаев".

Бұл құжат-айғаққа Міржақып Дулатов нақты жауап бермепті. Оның екі жаққа да пәлендей маңызы жоқ екені онсыз да анық еді.

Осы түсініктемелерден кейін барып Д.Әділевті тінту кезінде табылған, ішінде М.Дулатовтың бейнесі бар бір топ адамның суреті көрсетіліп:

"Мына фотоға кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымның бағдарламасын талқылаған соң түстіңіздер ме, жалпы сіздер жиі бас қостыңыздар ма, мұндағылардың қайсысын білесіз?", - дегенге саятын сұрақ қойған.

Жауап стенограмма ретінде қағазға түскендіктен сөз арасында қойылған сұрақтардың мазмұнын жобалап қана аңғаруға болады:

М.Дулатов (жалғасы): "Біз бәріміз басымызды жиі қостық, бірақ та кеңес  өкіметіне қарсы және онымен күресудің ешқандай бағдарламасын ешқашанда жасағамыз жоқ, ондай мақсат та қойғамыз жоқ. Болғанбаев Хайретдинді мен оның Орынбордағы Хұсайыновтар медресесінде оқып жүрген кезінен білемін. 1921 жылы Орынбордан Ташкентке келіп, Қожановқа жолығып, жұмысқа орналаспақ болғаны есімде. Болғанбаев Ташкентке Әділев Мұқышпен бірге келді-ау деймін, кейінгісі әуелі коммунистік партияның қатарына мүшелікке өтіп, содан кейін еріктілердің қатарында қызыл әскерге кіріп, Қиыр Шығыстағы қызыл партизандар отрядының құрамында болған, 1920 жылы Орынборда Ішкі істер халық комиссариатында істеді. Бұл жерге ол Ташкенттен келген болатын, онда не істеді, ол жағын білмеймін. Бірімжанов та ол кезде Ташкентте болатын. Әділев Ташкентте нақты ештеңемен айналыспады-ау деймін, әйтеуір институттағы студенттерді жиып алып, сөз сөйлеп жүретін. Ол уақытта жастардың біразы оқыған мектептеріне көңілі толмайтын. Содан кейін ол бір жаққа кетті, қайда кеткенінен хабарсызбын".

Суретке түсу рәсіміне нақты тоқталмайды. Ол тек тілге тиек үшін ғана қажет болса керек. Ол сурет туралы Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова:

«Жоғалып табылған сурет 5.V.1921 жылы Тәшкентте түсірілген. Онда шайханада дастархан басында, өзбекше киініп, мәслихат құрып отырған үш кісі бейнеленген. Ортадағы М.Дулатов қақорқор тұтатып беріп жатқан Ғазымбек Бірімжанұлы, ал оң жақтағы ақ шәйнектен шай құйып беруші - Ахмедсафа Юсупов. Суреттің төменгі жиегінде әкемнің: "Осартившиеся киргизы в чайхане", - деген ескертпесі бар. Бұл сурет - Торғай топырағынан шыққан үш азаматтың бір-біріне деген жақындығының, достығының белгісі», - деп еске алады өзінің естелігінде.

Сондай-ақ көпшілік боп топталып түскен адамдардың есімдерін анықтап берген де Гүлнар апай.

М.Дулатов (жалғасы): Әділев туралы қайталанып сұрақ қойылған): Айттым ғой жаңа, осыдан екі-үш жыл бұрын Әділев бір жаққа кетті, қайда кеткенін білмеймін деп. Әділев туралы осыдан басқа ештеңе айта алмаймын.

Бұл арада М.Дулатовтың Ташкентке қашан келгені және Бөкейхановтан алған хаты туралы сұрақ берілген:

"Мен Ташкентке Орынбор арқылы бардым, сонда "Алашорданың" көрнектi қайраткерлерінің біразы - Бөкейханов Әлихан, Байтұрсынов, Әуезов Мұхтар, Сәрсенов Биахмет сонда тұрады екен. Ташкент пен Орынбордың арасында почта байланысы болғанымен, курьерлік арнайы жүйе әлі жоқ еді. Болғанбаев маған іскерлік тұрғыдағы емес, кәдімгі аман-саулықты сұрасқан Бөкейхановтың жазған хатын табыс етті, оның мазмұны тек қана жеке бастың амандығын қамтитын, Болғанбаевтың әкеп берген хаты сол ғана".

Тағы да Д.Әділевтің көрсетіндісіне жүгініп сұрақты нақтылай түседі:

"Әділевпен кездесіп жүрдім, бірақта біздің арамызда іскерлік мақсаттағы пікіралысулар болған емес. Әділевпен мен көбінесе Ташкенттегі Қазақ университетінің ішінде, оның өзінде кездейсоқ кездесіп қалып жүрдім. Кейде редакцияға соғып кететін. Онымен Кауфманның ескерткіші алдында ұшырасқаным бар, бірақ не туралы сөйлескеніміз есімде жоқ. Әділевпен ТурЦИК-тің жатақханасында кездестім бе, жоқ па, қаперімде қалмапты, мүмкін ғой алайда. Мен Әділевпен "Шолпан" журналын ашу туралы жиналған мәжілісте жүздестім, өзгедей ресми жиналыстар мен жиындарда оны көргенім жоқ...

Ташкент қаласында Әділевті ертіп Рысқұловқа жолыққан емеспін. Сондай-ақ, оның тұтқында жатқан ағасы Байсейіт туралы менімен ақылдасқанын есіме түсіре алмай тұрмын. Ешқандай Нұрланды білмеймін, дүрбі мен құбылнама дегенді де естіген емеспін..."

Міржақып Дулатовқа бұл сұрақтардың қойылуы кездейсоқ емес. Өйткені тура сол күні, түске дейін Д.Әділевтен де жауап алынып еді. Тергеуші соған сүйеніп бопсалап отыр. Ал Д.Әділевтің жауаптарынан қатты қысым көрген адамның сыңайы байқалады әрі ретті-ретсіз ойына түскен нәрсені айта берген. Бірді айтып, бірге көшуінің себебі, тергеушілер де әр нәрсені қузай берсе керек. Сөйтіп отырып өздеріне керекті және кейіннен ондаған адамды ату жазасына бұйыртқан, ал нақты төрт адамды (Діншенің өзі де бар) аттырған өтірік-шыны дәлелденбеген көрсетінді жасаған.

Тергеудің басында Д.Әділев террор туралы ұзақ толғайды. Соның ішінде Әлихан Бөкейханов: қазақта мықты террористер жоқ. Әйтпесе осыншама басынбай, аяғын аңдып басар еді. Ондай батыл жігіттерді қазақ әйелі әлі туа алмай келеді - деді. Мен соны дәлелдегім келді, - дегенге саятын сөздер де бар. Іске тікелей қатысы болмағандықтан да келтірмедік.

"Стенограмма. Әділев Дінмұхамедтен алынған жауаптың хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл.

Д.Әділев (жалғасы): "...Айтпақшы, Есполовтің үйінде Голощекин туралы әңгіме болды. Онда Голощекиннің өміріне тікелей қауіп төндіру жөнінде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана сөз болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да (Дулатов, Есполов, Әділев - Т.Ж.): егер де реті келсе оған қастандық жасаған артық болмас еді, бірақ та бұл өте қиын дүние, бұл біріншіден; егер қастандық жасала қалған жағдайда бүкіл халыққа қатты күйзеліс әкеледі, - деген қорытындыға келді. Сөйтіп, біз үшеуіміз осы тақырып төңірегінде әңгімелестік, алайда бұл мәжілісте нақты шешім қабылдағамыз жоқ.

Менің ағайым тұтқындалғаннан кейін екінші рет келгенімде ол әңгімеге қайтып оралғамыз жоқ.

1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келіп, Аймауытовпен жолықтым. Әңгіме арасында Голощекин жөнінде сөз қозғалды. Оған дейін мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетінің предаседателі кім деп сұрағанымда, Аймауытов: "Макин. Ол жерде оңбаған бір бұзықты қойды", - деп жауап берді. Содан кейін: Жетісу губерниялық атқару комитетінің председательі кім, - деп сұрадым, бұрын ол орында Әбілевтің отырғанын білетінмін: оған да бір бұзақы қойды, - деді Аймауытов. Ташкентке бару-бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: Әйтеуір бір қара түнек төніп келеді, дүниенің астан-кестеңі шығып, асты-үстіне төңкеріліп барады, айналаң толған тыңшылар мен "үндеместер", тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелтті, соның барлығына Голощекин кінәлі. Сол келгеннен бастап дүние асты-үстіне төңкерілді, - деп мұңын шақты. Сөйтіп, біздің әңгімеміз Голощекин жөнінде болды. Әңгіме арасында не ол екені, не мен екенім есімде жоқ, әйтеуір біреуіміз: оған қастандық жасамаса болмас па екен, - дедік. Аймауытов өзінің мұны - қастандықты қолдайтынын білдірді. Ол маған: "Ол қолдан келе ме, жоқ па, білмеймін. Сен өзіңнің ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзіңнің адамыңды жібер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремін", - деді.

Д.Әділевтің бұл көрсетіндісі Жүсіпбектің басын жұтып тынды.

Д.Әділов (жалғасы): "Сондықтан да, 28-жылы күзде Нұрланды Қызылордаға жібердім де, оған Голощекиннің қазір қайда екенін Дулатовтан сұрап біл, - деп тапсырма бердім. Осыдан-ақ ол істің мәнісін айтқызбай түсініп, не істеу керектігін айтар деп ойладым. Нұрланның не деп және қалай жеткізгенін білмеймін, бірақта мен Нұрлан арқылы Голощекиннің өміріне нақты қандай жолмен қастандық жасаймын деген сөзді қадағалап сұрағамын жоқ. Тек Дулатовпен әңгімелесе қалған кезде Голощекиннің қайда екенін біл деп қана айттым. Қайтып оралғаннан кейін Нұрлан маған, Дулатовтан Голощекиннің қайда екенін сұрағанын, сонда ол: Голощекин қазір Қызылорда қаласында тұрады, бірақ та, Голощекиннің өміріне қастандық жасау мәселесі әзірше ашық қалды, себебі, біреуінің көзін құртқанмен, бәрібір, екіншісі келеді. Сөйтіп, жаппай жазалау басталады, ал біз мұнда үй-ішімізбен тұрғандықтан да қол-аяғымыз байлаулы, сондықтан да бұл әрекет өзінің кері нәтижесін беруі мүмкін, - деп жауап бергенін айтты.

Ол кезде Аймауытов Шымкент қаласында тұрса да Қызылордаға жиі-жиі барып келетін. Мен онымен 28-жылдың жазында жүздестім, ал Дулатовпен және Есполовпен 27-жылдың (28-жыл деп жазылып, қайтадан 27 деп түзетілген - Т.Ж.) көктемінде әңгімелескемін. Нұрлан Дулатовтан Голощекиннің қайда екендігін сұрағанда, Дулатов: өзінше Голощекинді жолдан ысырып тастайтын кез келді ме деп сұраған болуы керек деп түсінген болуы мүмкін. Голощекинді қай жерде, кім, қалай өлтіреді деген мәселе ашық қойылған емес. Ал тек қана өзімнің күшіме сеніп, тәуекелге баруға менің шамам жетпейтін. Әңгіме тек Голощекинге ғана қатысты еді, өзгелер жөнінде сөз қозғалған жоқ.

Сұрақ: Сіздің Голощекиннің өміріне қастандық жасау ойыңыз бар екендігін Нұрлан білді ме?

Жауап: Әрине, біздің Голощекинді жек көретінімізді, барлық қазақ ұлтшылдарының оған өшпенділікпен қарайтынын, оны жолдан тайдырып жіберу әрекетінің ойымызда барлығын Нұрлан біледі.

Мен өзімнің бұрынғы жауаптарымда бұл оқиғаға тоқталмап едім, өйткені бұл мәселе қозғалмаған болатын. Өзімнің өмірімнің еңіске қарай құлдырай бастаған кінәлі кезім туралы қысқаша баяндап бергенімде Сіздер Орынбордағы, Ташкенттегі және Орта Азиядағы астыртын ұйымдарға байланысты жайлар жайына қатты назар аударып, соны сұрай бастадыңыздар. Соңғы оқиғаға кезек бермедіңіздер және нақты сұрақ қойылған жоқ. Мен Голощекин туралы әңгімені айтпай-ақ қояр едім, бірақ та мен еш нәрседен қорықпаймын, оны айтудан сескеніп те тұрғамын жоқ, өйткені мен ақырына шейін тек шындықты айтуға бел будым".

Бұдан кейінгі әңгіме күрт басқа жаққа ауысқан. Осы арада үш адамның басы қосылған әңгімені мәжіліс деп көрсету үшін тергеушілер Д.Әділевке қайталап сұрақ қойған сияқты.

Д.Әділов (жалғасы): "Біздің жиналысымызға Мен, Дулатов пен Есполов, сондай-ақ, маған Ағабек Байдуллаев қатысқан сияқты көрінеді де тұрады. Ол әңгімеге араласқан жоқ, бірақ та осы әңгімелердің куәсі болды. Мен Шымкентте болған кезімде бұл тақырып туралы оған ештеңе айтқамын жоқ, Сарыарқада жүргенде де оған айтпадым. Ағабек бұл әңгіменің шет жағасын білуі тиіс".

Өзінің қылмысы дәлелденбегендіктен де істі жабу туралы арыз берген Ағабек Байдуллаевты сөзге тарту арқылы, енді ел ішіндегі адамдардан қылмыскер іздеуге көшкен. Онда - тарақты Битембай, Бақай, Мәдібектердің Әубәкіровтің ісіне қатысы айтылады. Содан кейін қайтадан М.Дулатовқа көшеді:

«Сұрақ: Нұрлан арқылы сізге берген Дулатовтың соңғы тапсырмасы не туралы еді?

Жауап: Нұрлан арқылы ол бізге: Ел жұрттан бір күншілік жердей алыстап саяқ жүрсін, адамдарды үнемі шолғыншылыққа жіберіп тұрсын. Бұл - уақытша ғана құбылыс. Дегенмен де Қытай жаққа қарай ақырын жылыстай берсін, - депті. Оның мәліметіне қарағанда Қарқаралы округінде шамамен 80 адамды біріктірген қарулы топ бар екен. Ол топта оның жақсы танысы бар көрінеді, кім екенін ол айтқан жоқ, алайда бізге осы топпен байланыс жасап, Қытай шекарасына қарай өтіп кетуге тырысыңдар деп кеңес беріпті. Ол: өздерінің де тұтқындалуын күтіп отырғанын, егер де олар жаппай қамауға алу жөнінде бір нәрсе сезе қалса-ақ болды, Қызылордадан қашып шығып, біз қырда болайық, не Қытай өтіп кетейік, бәрібір бізді тауып алып, бірге болатынын айтыпты. Ол: ең дұрыс жол - Қытайға өтіп кету депті. Содан кейін тағы да: Смағұл Сәдуақасов Москвадан Қызылордаға келісімен онымен жолығып, одан біз туралы сұрап біліпті де, біздің жайымызды естіген соң: оның өзінің де бізге қосылатын күнінің алыс қалмағандығын айтыпты. Дулатов сонымен қоса біздің өте берік болуымызды, өзімізді-өзіміз қатал ұстауымызды тапсырыпты. Шынын айтсам, Смағұл Сәдуақасовтың жаңағы сөзі мені қанаттандырып жіберді, көңілім көтеріліп, еңсем биіктеп қалды. Мұны өзге емес, анадай беделді қызметкер, өзі Москвада істейтін, Қазақстанның тарихында аса үлкен роль атқаратындай аса беделді қайраткер, үлкен коммунист айтып отырса, қуанбағанда қайтесің. Егерде Сұмағұл Сәдуақасовтың өзі осындай мәлімдеме жасаса, онда жағдайымыз шынында да төзгісіз екен ғой деп ойлаймын.

Қазақстан - түрмеге айналыпты, бұдан ебін тауып құтылу керек екен деп шештім.

Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да, оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын.

Д. Әділев.

Сұраған: ПП ОГПУ-дің КССР бойынша шығыс бөлімінің бастығы - Петров».

 

Бұдан кейін тергеу ісіне Д.Әділевтың кезекті жауабы хатталған. Онда Ахметсафа Юсуфов пен Жүсіпбек Аймауытовтың, оған қоса Сұмағұл Сәдуақасовтың „өзі білетін өмірлеріне қайраткер" ретінде шолу жасайды. Мұнда айтылған жайларға тергеу істерін талдау барысында нақты тоқталатын болғандықтан да, бұл арада мазмұндап жатуды артық көрдік. Онда 1922-ші жылы ашаршылықа ұшыраған Торғай еліне Семей өңірінен мал айдап барған Жүсіпбек Аймауытов пен Ахметсфа Юсуфовты жалған жаламен сотқа тартылған оқиға туралы баяндайды. Д.Әділев М.Есполовтың өміріне „саяси баға береді". Сөзінің соңын:

„Голощокинге қастандық жасау туралы ойымды Дулатовқа айттым. Ал Бөкейханов болса, Москвадағы, Орынбордағы террористердің батыл қимылдайтынын, қазақ қызметкерлерінің ондай әрекеттен қорқатынын бізге айтты. Маған Голощокинге қастандық жасау туралы ой сол кезде түсті", - деп „ағынан жарылады".

Тергеушілер Дінмұхамед Әділев атып өлтірген «Қара Ноғайдың» ісіне емес, бүтіндей Орынбордағы, Ташкенттегі және Орта Азиядағы астыртын ұйымдардың әрекетін баяндауға көшті. Сөйтіп, тергеушілер басты мақсатына жетіп тынды. М.Дулатовты, М.Есполовты, Ж.Аймауытовты, Ағабек Байдулдаевті, Нұрлан Кәрібаевті Голощекиннің өміріне тікелей қастандық ұйымдастырушы террорист ретінде айыпты етіп шығарды. Сондай-ақ қылмысты іске енді шығармашылықпен айналысатын зиялыларды тарту үшін тергеушілер әдеби үйірмелерді де астыртын ұйымның қатарына қосты.

 

Бұдан кейін тергеудің басты әшкерелеуші бағытына айналған 1918-1919 жылдары тұңғыш тәуелсіз Башқұрт мемлекетінің төрағасы, жалпыға ортақ Түркістан мемлекетін құру туралы ұсыныстың белсенді авторының бірі, Кеңес өкіметіне қарсы ашық майданда күрескен, Түркістан үкіметін құру мақсатында Самарқанға құпия түрде барған Заки Уәлиди Тоған (Валидов) туралы сұрақ қойылған:

М.Дулатов (жалғасы): "Валидов Башқұрт Үкіметінің басшысы болатын. Оның кейінгі кезде кеңес үкіметіне қарсы шыққанынан хабардармын, бұрын ол партия мүшесі болатын, кейін одан бас тартты. Қазір шет елде жүр деп естідім...".

Осы арада: "Заки Валидовпен кездестіңіз бе және қашан?", - деген мазмұнда сұрақ қойылған:

М.Дулатов (жалғасы): "Валидовпен мен бірінші рет төңкерістен бұрын Орынбор қаласында кездестім, онда не үшін келгенін білмеймін. Ол сол кезде Байтұрсынов шығарып тұрған "Қазақ" газетінің редакциясына келді. Ол бізбен бір-бір жарым сағаттай әңгімелесті. Бұл - 1915 не 1916 жылдардың бірі еді. Әңгіме - түркі әдебиеті мен тарихы, түркі терминдерін ортақтастыру туралы қозғалды.

Екінші рет 1918 жылы күз айында Орынборда кездестім. Башқұрт Үкіметі ол кезде Орынбордағы Керуен-Сарайда орналасқан еді. Бұл кезде ол Башқұрт үкіметін басқаратын, әрі Кеңес өкіметіне қарсы еді, мен онымен байланыс жасап тұрдым. Оның Керуен-Сарайдағы пәтерінде мен екі рет болдым және ең өзекті мәселелер жөнінде әңгімелестім. Ол кезде мен "Қазақ" газетінде істейтінмін, сондықтан да пәлендей беделім болмады. Валидов сол кездің өзінде кеңес өкіметін жек көретін. Оның басты мақсаты - қазақтар мен башқұрттардың күшін біріктіріп, кеңес өкіметіне қарсы жұмыс істеу еді. Міне, осы мәселенің төңірегінде әңгіме өрбіттік. Мен оның пікірін қостадым. "Алашорда" мен Валидовтың арасында тығыз байланыс бар еді. Башқұрт үкіметі мен "Алашорданың" арасындағы байланысты Бірімжанов жалғастырып тұрды, бұл оқиға 1919 жылдың аяғында ма, жоқ 1920 жылдың басында өтті ме, оны ұмытып қалыппын. Бірімжановты Валидовке жіберген кезде мен жолсапарда жүр едім. Бірімжанов Валидовқа хабарласу үшін және әрі қарай байланысты үзбеу үшін жіберілді. Оны жібергендер облыстық бөлімнің жетекшілері - Есполов, Қадырбаев және Байтұрсынов еді. Бұл сапардың ешқандай нәтижесі болмады. Валидов өзінің қандай күшке ие екендігін айтыпты. "Алашорда" үкіметі мен Башқұрт үкіметінің арасында тығыз байланыс болды. Ал Башқұртстаннан бізге бір татар келіп тұратын, оның атын да, түрін де білмеймін. Содан қайтып Валидовты еш жерде, ешқашан көрген емеспін.

Тек ол туралы: тығылып жүр екен, ТурЦИК-ке кешірім жасау туралы хат жолдапты, Бұқара жақта тығылып жүр екен, - деген іспетті алыпқашты сөздерді естідім, бірақ оған барып жолыққан кім, ол жағынан мақұрыммын. Бірімжановпен Ташкентте кездестім, ол ол кезде "Ақ жол" газетінде істейтін, ол Валидовпен таныс болатын, бірақ та менің ойымша ол Ташкенттен аттап шықпаған сияқты, бұл жайдың жай-жапсары маған бимағлұм".

Жалпы түркі тектес халықтардың тәуелсіздігі жолындағы саяси стратегиялық іс-қимылдарды реттеп, үйлестіріп, шешім қабылдауда 1918 жылғы 30-тамыз бен 7-қыркүйектің арасында Орынбор мен Самарада өткен Башқұртстан, Қазақстан, Түркістан үкіметтерінің мүшелері - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қоқан үкіметінің төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер министрі (Қоқан үкіметінің) Мұстафа Шоқаев, Убайдулла Хожаев т.б. қатысқан мәжіліс ерекше орын алады. Онда осы үш үкіметтің негізінде «Оңтүстік-Батыс мұсылмандары федерациясы» құрылып, қазақ-башқұрт біріккен әскерін жасақтау жөнінде ұйғарым жасалды. Сондай-ақ Социалистердің азаттық партиясының бағдарламасы түрік халықтарының талабына сәйкес келетіндіктен де, сол партияның айналасына бірігу көзделді. Мұны Әлихан Бөкейханов және оның жақтастары дерліктей қолдады. Оған өзбектер жағынан Низам Хожаев, Шолпан, Әбділхамит Арипов те қосылды. Ең бастысы: кеңес өкіметі тарапынан қысымға ұшыраған түркі зиялылары Түркістанға шоғырлансын, қандай жағдай болса да күресті ешқашанда тоқтатпау керек, - деген ұйғарымға келеді.

Ресейдегі әскери-саяси жағдай шиеленісіп, Колчактың Сібір үкіметі, Самарадағы Құрылтай үкіметі өзара қақтығысып, большевиктерге қарсы күресті әлсіретіп алды. 1918 жылы 21 қарашада Колчак өзін Ресейдің билеушісі деп жариялады. Башқұртстан мен «Алашорданы» мойындаудан бас тартып, оларды таратып, көсемдерін ату жазасына кесу туралы бұйрық берілді. Сондықтан да Башқұрт әскері мен «Алашорда» жасағы төрт жақты: Колчак үкіметі әскері, казак атамандары әскері, қызыл армия және жергілікті ұлт жасақтары (башқұрттар үшін - татар атқыштары, қазақтар үшін - Жангелдин мен Иманов жасағы) тарапынан қыспаққа түсті.Сөйтіп өте қиын жағдай қалыптасты. Франция, Англия, АҚШ, Жапония мемлекеттері Колчакты жақтап, ұлттық федерацияларды шеттетті. Енді төрт жақты қысымға түсіп, жазаға ұшырау қаупі шындыққа айналды. Азаттық үшін күрескен әскерді қырғынға ұшырату, не оның өзге амалын тауып, аман сақтап қалу мәселесін шешу керек болды.

Бұл туралы Заки Валидов: «Соған қарамастан «Алашордамен» бірігіп Ақтөбе майданындағы қарсыластарға соққы беруді тездетіп, Түркістандықтардың қарулы күшімен қосылуды ойластырдық. Торғайда бізді Ғадельхаң Ғабитов пен қазақ Ғазымбек Бірімжанов жанкешті еңбек етті. Темір жол арқылы байланыстың үзілуіне байланысты біз «Алашордамен» тек салт атты шабармандар арқылы хабарласып тұрдық. Оқиға сондай үрейлі жылдамдықпен дамыды. Біз дұшпанның төрт жақты: Самара мен Ақтөбе жақтан қызылдардың және Дутов пен Колчактың әскерінің қыспағында қалдық», - деп еске алды.

Сондай құрсаулы қоршауда жүріп түркі тектес халықтардың үкімет мүшелерінің кеңесін өткізіп, Түркістаннан жасырын келген Мұстафа Шоқаевті жалпы түркістандық үкіметтің сыртқы істер министрі міндетін атқару мақсатында Гурьев арқылы шет елге жасырын жібереді. Ермолаевка селосындағы башқұрт, қазақ біріккен әскери кеңсесіне түскен барлау мәліметтері «майдан шебін өзгертуге» мәжбүр етеді. Бұл «Алашорда» үкіметінің де бағыт-бағдарын өзгерткен, «Алаш» автономиясының да, қазақ қоғамының да дамуына бетбұрыс әкелген бетбұрыс еді.

М.Дулатов (жалғасы): (Сталиннің арнайы жарлығымен жабылған, Ташкентте шығып тұратын) "Ақ жол" газетінің жабылу себебі: астана Қызылордаға көшті, ал оның орнына "Еңбекші қазақ" газетін қалдыру туралы шешім қабылданды. "Ақ жол" газетінде мен істеп жүргенде ешқандай идеологиялық ауытқушылық болған жоқ сияқты".

1929 жылы 3 қаңтар күні Міржақып Дулатовтан екінші рет жауап алынған. Мұнда тағы да "Алашорда" тұсындағы оқиғалар қайталана алдыға тартылады. Тергеудің хаттамасы:

 

"Сұрақ: сіз өз жауабыңызда: Колчак Үкіметінің "Алашорданы" тарату туралы ұсынысымен келіспегендіктен де, Торғай қаласына аттанып, үкіметтің жұмысын сонда жалғастырдық, - деп жаздыңыз. Торғай қаласындағы осы ұйымның қалай деп аталғанын менің білгіп келіп отыр.

Жауап: Ол - Торғай бөлімі деп аталды. Семейде - Шығыс бөлімі, Оралда - Батыс бөлімі болды. Сондықтан да, біздің бөліміміз - "Алашорданың" Торғай бөлімі деп аталды.

Сұрақ: "Алашорданың" Торғай бөлімінде атап-атап айтқанда кімдер болды?

Жауап: Мен, Есполов, Қадырбаев және Байтұрсынов.

Сұрақ: Сіздер өз араларыңыздағы міндеттерді қалай бөлістіңіздер?

Жауап: Біз жұмысты жұмыла істедік, ешкім де нақты бір саланы бөліп істеген жоқ, өйткені біз көшпелі өмір сүрдік.

Сұрақ: Дегенмен де сіздерде қандай да болмасын белгілі бір бөлім болды емес пе?

Жауап: Генерал Дашкин басқарған әскери бөлім болды. Екінші бөлім - Әскери Кеңес деп аталды.

Сұрақ: Азаматтық істерді кім басқарды?

Жауап: Әскери Кеңес.

Сұрақ: Торғайда сіздерге бағынышты қандай әскери бөлімдер болды?

Жауап: Генерал Дашкин кеткеннен кейін біздің жасақты Қасымов басқарды, ол оққа ұшты. Бізге тек өзіміздің жасағымыз ғана бағынды.

Сұрақ: Ол қалай деп аталды және оған кім қолбасшылық етті?

Жауап: Ол - "Алашорданың" жасағы деп аталды және оған Қасымов басшылық етті. Өзге әскери бөлім болған жоқ. Казактардан (орыстардан) құралған Могилевтің полкі болды.

Сұрақ: Басқа әскери бөлімдер, яғни, тек қана қазақтардан құралған жасақ болған жоқ қой?

Жауап: Жоқ. "Алашорданың" жасақтарынан басқа қазақтардан құралған әскери бөлім болған жоқ.

Сұрақ: Сіздің берген жауабыңызға қарағанда Колчакқа бағынғыңыз келмей Торғай даласына кетуді ұйғарыпсыз. Демек, Сіз Колчак үкіметімен ешқандай да байланыс жасамаған болып шығасыз ғой?

Жауап: Ол түгіл біз Шығыс және Батыс бөлімдерімен де байланыс жасағамыз жоқ. Ал Колчак үкіметімен не менің өзім, не өзгелердің ешқайсы байланыс жасаған жоқ. Алғашында, "Алашорда" құрылтай мәжілісінің Комитеті мен Колчактың үкіметі бірлесіп жұмыс істеген кезде "Алашорданың" олармен байланысы болды. Бірақ та, мен Торғайға кеткен соң байланыс та, хабар алмасу да болған жоқ, яғни, кәдімгі әскери отрядтармен тікелей қарым-қатынас жасалған жоқ.

Сұрақ: Демек, Торғай қаласындағы "Алашорда" үкіметі Колчак үкіметімен ауызша да, жазбаша да байланыс жасаған жоқ қой?

Жауап: Жоқ, кейіннен біз кеңес өкіметіне (совдепке) қосылған соң оларға өзіміздің өкілімізді жібердік.

Сұрақ: "Алашорданың" Торғайдағы бөлімі сот-тергеу ісімен айналысты ма?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Сіздің өзіңіз немесе "Алашорда" Үкіметінің жекелеген мүшелері сол кезде Торғайда тұрған қызыл әскерлер отрядының жекелеген адамдарын атуға қандай да бір ықпал еттіңіздер ме?

Жауап: Жоқ, кеңес өкіметінің жекелеген өкілдерін атуға ешқайсымыз қатысқамыз жоқ. Могилевтің полкі біздің рұқсатымызсыз-ақ өздері атып жатты.

Сұрақ: Сонда да сіз оған қарсы болған жоқсыз ғой?

Жауап: Оған біздің дәрменіміз жетпеді, өйткені, Могилевтің полкі келісімен барлық билікті өз қолдарына алды.

Сұрақ: Атардың алдында сіздермен ақылдасты ма?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Сіз өзіңіздің қай уақытта Торғайда болғаныңызды есіңізге түсіре алмайсыз ба?

Жауап: 1919-жылдың наурызының аяғында, не көкектің басында келдім де, шамамен шілдеде не тамызда ол арадан кеттім.

Сұрақ: Сіздің жауабыңызға қарағанда Сіздің кеңес өкіметі тұсындағы үздіксіз істеген еңбек жолыңыз 1920 жылдың 20 қыркүйегінен, яғни, Омбы қаласына барып губерниялық атқару комитетіне кірген сәттен басталады екен. Содан бері Сіз кеңес өкіметінің мүддесі үшін қызмет етіп келесіз. Осы 1920-1929 жылдардың арасында Сіз қандай да бір болмасын кеңеске қарсы әрекет етуге ниеттенген жоқсыз ба?

Жауап: Кеңес өкіметі тұсындағы атқарған қызметімнің бәрінде де оған қарсы бағытталған әрекеттерге қатысқамын жоқ, ешқандай жасырын жұмыс жүргізгемін жоқ".

Осыдан кейін Міржақып Дулатовтың өз қолмен жазылған мынадай сөз бар:

"Өзімнің берген жауабыма қосарым мынау: Торғай бөлімінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі барысында "Алашорданың" Шығыс бөлімінен бір адам келді, бұл 1918-жылдың аяғы не 1919-жылдың қыс мезгілі болатын (Келген адам Сәрсенов Далил еді), содан кейін біз Торғайда тұрған кезде 1919-жылдың жазында Кенжин біздің атымыздан соларға барды. Қолы қойылған. Сұраған ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша орынбасары - Саенко".

Зады, бұл сұрақтар стенограммадан тыс қойылғандықтан да алынған айғаққа жалған мағлұматтар қосылып кетпес үшін өзі қол қойып растаған. Себебі аталған адамдар жөнінде жалған мәліметтер келтіріп: М.Дулатов сіздің үстіңізден мынадай көрсетінді берді, - деп айғақ есебінде пайдалануы әбден мүмкін еді.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2142
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2340
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1654