Сенбі, 27 Сәуір 2024
Естелік 8682 27 пікір 21 Қаңтар, 2021 сағат 16:20

Ауылдан астанаға жеткізген әкемнің қамшысы

Төртінші сынып оқып жүрген кезімде оқудан шығып кеткім келіп, әкемді әлекке салдым.

«Оқуды қайтесің!» деп, азғырған Жақыпбай аға болды.

Әкем зейнетке шығып, Жақыпбай деген жігіт бізге қойшы болып келді. Жасы менен үлкен. Уәлғалық және Несіпбай деген екі кісі отызыншы жылдары Жетісу жерінен ауып барып, біздің Ойманбұлаққа тұрақтап қалған екен. Рулары Жалайыр. Бірақ, біздің Торғайдың Тоқпанбет деген атасына сіңіп, соларға туыс болып кеткен. Екеуінде сайдың тасындай бестен он ұл болды. Сол жігіттерден «Руың кім?» десе, «Торғаймыз!» дейтін. «Оның ішінде?» десе, «Тоқпанбетпіз!» дейтін. «Оның ішінде?» - десе, «Жалайырмыз!» дейді. Ал, «Оның ішінде?» десе, не теріс айналып жүріп кетеді, не ашуға басады. Оны сұрайтын үлкендер емес, өздерінің құрбы-құрдастары. Бұл сөзді ақсақалдар естісе, ана қуларды жекіп, тиып тастайтын. Бүкіл Тоқпанбеттің ауылы ана екі отбасының үлкен-кішісін туған баруыры, ет жақыны санайды. Келіндер сәлем жасайды. Қыз алысып, қыз беріспейді. Жақсылық пен жамандықта бірге қуанып, бірге жылап жүреді.

Несіпбай атам момын адам еді. Ал, Уәлғалық адуынды, батыр кісі болыпты. Ұлдары да өзіне тартқан шетінен пысық, епті, адамгершілігі мол  жегіттер болып өсті. Әсіресе, екіші ұлы Төлеген ағаның орны бөлек. Төлеген ағаның беделі біздің Ойманбұлақта ғана емес көрші аудандардың халқының ішінде де жоғары болатын. Жас кезінде күреске түсіп, палуан атанды. Тақымына түскен көкпарды ешкімге бермейтін көкпаршы да болды. Жүрегін жұлып беруге дайын тұратын ақ көңіл, қайырымды азаматты ерекше жақсы көруші ем. Ауырып жатыр екен деген хабарын естіп, Қазақстаннан телефон соғып, неше мәрте көңілін сұрадым. Бірде, «Жақсымын, Ауыт, жазылып келем. Осыдан сауықсам, Қазақстанға кетем!» - деп, кемсеңдеп еді есіл аға. Келесі сөйлескенімде, тілі сөзге зорға келіп, хоштасқандай болды. Ертесі суық хабар жетті. Жаны Жәннатта болсын Төкеш ағамның.

2007 жылға дейін ауылға барып тұрдым. Әр барған сайын ауылдағы ақсақалдар мен жақсы көретін аға-інілеріме кездесіп, амандасуға тырысып жүрдім. Сол күндерде Төлекген ағаға да сан мәрте кездесіп, Қазақстанға көшуге үгіттеп бақтым.  

– Ауыт, біздің мекеніміз Талдықорған. Үкіметте біздің Жалайырдан шыққан мықтылар бар ма, білесің бе? – деп, сұрады Төлеген аға. 

– Бар деп естимін. Бірақ, ол кісілер Сіздерге тікелей келіп, көшіріп әкетпейді ғой. Ептеп, көшіп барыңыз. Ары қарай өзім көмектесем. Ең жақсысы, он үй түгел көшіп кетіңіздер. Мүмкін, туыстарыңызды тауып аласыздар, – дедім мен. 

Төлеген аға үнсіз отырып қалды. 

– Тоқпанбеттер Сіздерді жібермей отыр ма? Торғайларды қимай жүрген шығарсыздар. Олардың енді Сіздерге өкпесі жоқ! Тартынбаңы! – деп, әзілдедім Төкеш ағама.

Төлеген ағам, «Әй, Ауыт-ай!» деп, қарқылдап тұрып бір күліп алды да, 

– Көшуін ғой көшеміз. Бірақ, баяғыда әкелеріміздің малын тартып алған орыстар бар ма деп қорқам. Әкемнің оларға да тізесі талай батқан екен...»-деп, біраз әңгіме айтты. 

– Төлеген аға, алаңдамаңыз! Ол коммунисттердің күлі баяғыда көкке ұшқан. Көбі өз еліне көшіп кетті – деп, Қазақстанды тілім жеткенше түсіндірген болдым.

Амал не, көш бастайтын Төлеген ағам дүниеден өтіп кетті. Қалғандары жуас, момын кісілер...

Бізге қойшы болып келген Жақыпбай аға Несіпбай атамның ұлы. Зіңгіттей дәу жігіт болатын. Ауылдың бар думаны той-томалақ, көкпар, ат шабыс. Одан өткен қызық жоқ. Тек, жаз бен кұзде ғана болмаса, оның өзі күнде бола бермейді. Жазы-қысы иен далада қой бағып жүрген кісіге де ермек керек қой, қасында қалбиып жүрсең, жалғызсырамайды. Бірінші сыныпқа он бір жасымда түскем. Он беске келіп қалғам. Аттың құлағында ойнаймын. Бәйге атқа да көп мінгем. 

Ойманбұлақтың малы Таңжарық ақын өлеңге қосқан Талқының кезеңінен асып, Сайрам көлін жағалап барып, Бұратала моңғол автономиялы облысына қыстап қайтады. Ол қыстауларды кезінде біздің Торғайдан шыққан Шіде батыр моңғолдардан тартып алған екен. Жүз шақырымдай қыстаулыққа өгізбен көшіп барамыз. Кішкене күнімде ол жолды апамның алдына мініп, талай басып өткем. Кейде ашамай ерттеп, бөлек атқа міңгізіп қояды. Көштің де өз қызығы көп. Өзім құралпы балалармен көштің артында қалып, жарысу қандай керемет. Жолда екі-үш жерде аспузылға (асхана) түсіп, иісі мен дәмі мүлде бөлек тамақ ішеміз. Ол да ғажап. Қыстауға барған соң, соғым басталады. Атамның артына міңгесіп алып, ел қыдырамыз. О, әңгіменің көкесі осы жерде...

Жақыпбай аға осыларды жаз бойы айтып, менің делебемді қоздырады-ай келіп. 

«Болды, оқымаймын!» деймін мен. Бірақ, үйдегілерге айтуға батпаймын. Айтуға сәл ерте секілді.

Не керек, малшылар күзді аяқтап, ат-өгізін тағалап, жылы-киім-кешегін жабдып, арқан-жібін түгендеп, енді қыстаулыққа көшудің қамына кірісті. Мені өзімнің сынып жетекшім Ошан деген мұғалімнің үйіне жатқызды. Дәулетқан ағамның үйі оралықтан алыс, басқа кентте тұрады. Апам сол үйде қалады.

Ошанның әйелі Күлипа тәтем бізге жақын жиен. Сол туыстықты ескеріп, олар да қарсы болған жоқ, қуана-қуана келісті. Екі ұлы бар. Оларды ойнатам. Өзеннің ар жағындағы қарабастаудан шелекпен су тасимын. Жұмсаса болды, ұшып тұрам. Елпек баланы кім жек көрсін, өз балаларынан кем көрген жоқ. Екі-үш қой соғымға қалдырды. Өзіме бірдеңе аларсың деп 25 юан ұстатты. Күлипа әпкем жайдары, мейірімді адам. Ал, Ошан ағаның мінезі қаталдау. Оның үстіне, мұғалім, сынып жетекші. Шынымды айтсам, ол кісіден қорқам.

Сонымен, біздің үй Ойманбұлақтың батысындағы Күрең сайының басына келіп қонды. Енді-екі үш күннен кейін ары қарай көшіп кетпек. Ертең көшеміз деген күні түстен кейін үйге бардым да «Оқымайым!» деп қыңқылдай бастадым. Басында ешкім онша мән берген жоқ. Қыңқылды одан арыс көбейте бастадым.

Енді әкем назар аударып, сұрай бастады.  

– Не болды, біреу тиісті ме? 

– Жоқ! 

– Көп елдің баласы оқуға жете алмай, қойдың соңында жүр. Сен оқымайым дейсің. Не боп қалды!? 

– Жоқ! Оқығым келмейді, қой бағам...

Одан ары сұрақ қойылған жоқ.

Мен одан ары «Оқымайым деген соң, оқымайымға» бастым. Атам тағы бес сом ақша беріп, ақылын айтып жатыр. Алуын алдым. Бірақ ол ақша да себін тигізе алған жоқ. 

Таң атар атпастан өгіздерді ерттеп, жүк артуға кірісті. Қыңқылдап мен жүрмін. Жақыпбай аға қойды айдап жолға шығып кеткен. Ана жақтан Байсыл атам мен Іліпбай ағалардың да көші қозғала бастады. «Болды, оқымаса оқымай-ақ қойсын!» деп, Сауыт ағам бір атты ұстап, алып кетуге қамданып еді, әкем тиып тастады. Байқаймын, менің оқымаймын дегеніме Сауыт ағам да онша қарсы емес. оған да қолғанат керек, білем, «ат әкел», «сыйырды өріске айда» деген секілді өзі барып-келетін жеңіл-желпі жұмыстарға мені жұмсамақ. 

Сонымен, бәрі аттарына мініп, жүк артылған өгіздер мен артық аттарды айдап, жолға түсті. Көштің артынан аламойнақ пен аққояанға еріп мен де кетіп барам. Бір кезде әкем артына бұрылып бір қарады да ашуға басты дейсің. Астындағы сары бауыр атты тебініп, маған қарай тұра ұмтылды. Жан керек екен, артыма қарай тұра қаштым. Бастырмалатып келіп, аттың үстінен қамшымен етектетіп тартып-тартып жіберді. Бір жақсысы, қалың шапаннан қамшы онша өте қойған жоқ. Зымыраған күйі, қабақтан аз еңкейіп барып тоқтадым да, отыра кеттім. Әкем атының басын бұрды да қайтып кетті.

Ауыл төменде көрініп тұр. Барайын десем, аяғым баспайды. Жұртта қалған балада не жетіскен көңіл-күй болсын. Отырып алып, ал кеп аңырап жыла!

Жылап-жылап алып, топырақты шұқылап отырғам. Сыртыман дүрсілдеген аттың дүбірі естілді. Қарасам, әкем келе жатыр. Бағанағыдай емес, жүзінде жылылық бар секілді. «Е, алып кететін болды ғой...»-деп, кәдімгідей үміттетіп қалдым. Байқамағансып, тоңырайып отырмын. Ары таман барған соң, шыдамаған ғой байқұс әкем. Көңілі жасып, құлазып қалмасын деп, келгені белгілі. Қасыма келіп, аттан түсті. Құшақтап, бетімнен сүйді. Тағы жыладым. Көз жасымды сүртіп, бауырына басып, басымнан искем, біраз отырды. Содан соң, «Балам, менің көзім тірі тұрғанда оқып ал. Біздің мына күніміз – күн бе? Жазы-қысы малдың артында жүрміз, қу жанға бір тыныштық жоқ. Мұқабай атылған соң, Сарбұлақтан ауып, Бұраталаға кеттік. Содан осы Ойманбұлаққа тұрақтап қалдық. Көрмеген қорлығымыз жоқ. Шешең болса, анау – екі көзі көрмейді. Екі ағаңды да оқыттым. Біреуі бір жылға жепей қашып келді. Әне, қойдың соңына жүр. Үлкені аз болса да оқып еді, есепші болып ел қатарына ілінді. Енді сен оқымасаң болмайды, ұлым. Шамам жеткен жерге дейін оқытам. Ертең штатты кадр болып, «Партияның бір жеріне ілініп алсаң, өлмейсің, балам. Ақ сарайда отырсың әлі...» -деп, қапшығынан алып, және бес сом ақша берді. 

Мына сөздерден кейін өзім де ойланып қалдым. Әкемді құшақтап, солқылдап тағы жылай бастадым. Әкем байқұс маңдайымнан сүйіп, «Жылама! Жақсы оқы! Бара ғой, жүгіріп түсіп кет! Оқуыңнан қалма!..», деп, өзі атына мінді. Сол жерден мен сайдың аузындағы ауылға қарай зымыраған бойы түсіп кеттім. Етекке түсіп, артыма қарасам, әкем жалдан ары асып кетіпті.

Иә, ол кезде біздің аталарымыз бен ағаларымыздың аузынан партия туралы сөз өте көп айтылатын. «Партияның бір жеріне ілініп алсаң, өлмейсің, балам!», деген сөзі құлағымнан өмірі кеткен емес.

Қыстың жарымында екі қоржын бас соғымның сүрі етін бөктеріп алып, сары бауыр атпен әкем Ілеге келді. Мені жұртқа тастап кеткеніне іші қоңқылдағанын, сағынғанын айтып, көңілімді тағы босатты. Біз де қысқы каниколға тарап, ойынның туын тігіп жүргеміз. Енді атама міңгесіп алып, туыс-туған, көрші-қолаңды аралап, жырғап қалдым...

Әне, содан бастап мен оқудан қашқан емеспін. Бұрыңғы-соңғы жеген таяғым да сол болды. Аяғым жеткен жерге дейін бұйырған оқуды оқыдым. Оқытушы болып, қызметке тұрдым. Үш жыл мектеп те басқардым. Өлең жазып, азды-көпті танылдым. Бәрінен қымбат Тәуелсіздіктің арқасында қасиетті Қазақстаныма келдім. Қытайда жүргенде партияда болғам жоқ. Әкемнің аузына Құдай салған секілді, міне, Еліміздің ең бас партиясы «Nur Otan»-ға өтіп, оның Орталық аппаратында қызмет істеп жүрмін. Әкем марқұмның «Партияның бір жеріне ілініп алсаң, өлмейсің, балам!», дегені – осы «Nur Otan» болса керек. Құдайға шүкір, Ақ сарайда отырмасам да, Ақордаға сан мәрте кірдім. Бұл – мен ойлағаннан әлде қайда артық, мәртебелі жетістіктер...

«Е, жылдар өтеді, Кеңес одағы құлайды, Қазақстан тәуелсіз мемлекет болады, оған менің Ауытым барады...», деген ой әкем марқұмның түсіне де кірмегені белгілі. Әйтеу бір жақсы арманның, ақ үміттің болғаны шын. Әне, сол арман мен үміттің арқасы ғой менің оқуымды жалғастыртқан.

Жақыннан бері «Тұрмыстық зорлық зомбылық туралы» заң жобасына қарсы республика бойынша наразылық туындап, аналарымыз Ақордаға дейін баруға әрекет жасап жатыр.

Мені Ойманбұлақтан Президент Тоқаевқа дейін жеткізген, әрине, алдымен Алланың қалауы, содан кейін Мұқибектің қамшысы.

Егер, әкем батыл қимыл жасап, тимағанда қойшы болып шығар едім мен! Қазақстанға келер ме едім, келмес пе едім, бір Құдайдың өзі біледі.

Құдай сақтасын! 

Мен баланы ұрып тәрбиелеу керек дегеннен мүлде аулақпын. Біздің балалық кезіміз бен қазіргі заманның балаларын салыстыруға келмейді. Бізді әкеміздің қамшысы тәртіпке шақырса, қазіргі бүлдіршіндерді интернет тәрбиелейтін болды.

Бұл жерде менің айтайын дегенім, ата-ананың мейірімімен жақсы жолға сілтейтін «қамшының» жөні мүлде бөлек екені! Оны «Тұрмыстық зорлық зомбылық» деп қарасақ, жаңылысамыз. Ұлттық салт пен тәрбиені қайырып қойып, алыс шетелге сілекей шұбырту ерте бізге. Бөлек-бөлек бөлменің есігін тарс жауып алып, бір-бір планщетті құшақтап өсекен балада елжіреп тұрған туыстық мейірім болады деп айту қиын. Ал, бір бөлмеде бірінің осырығын бірі иіскеп жатып ұйықтаған, бір дастарқанның басында шуылдап, бір-біріне сүйкеніп отырып тамақ ішіп есейген баланың бауырмал болмасқа амалы жоқ. 

Сондықтан да Батыс әлемі туыстар, ата-ана мен бала арасында туындайтын тық еткен мәселенің бәрін тек осындай қатал заңдар арқылы іреттеуге мәжбүр.

Біз мәселенің осы жағын да бір уақ еске алғанымыз жөн.

Замана көшінен, әрине, қалмауымыз керек. Бірақ, ол көшке ұлттық болымысызды сақтай отырып ілескеніміз дұрыс.

Әдеттегі ұсақ-түйкке бола баланы ата-анасынан бірден айырып, ала жөнелу дұрыс емес. Керек болса, құқыққорғау органдарының қызметкерлері мен психологтар осындай күрделі мәселе туындаған өтбасыларға өздері келіп, күні-түні қона жатып тексерсін, тәрбие жұмысын жүргізсін!

Егер, «Тұрмыстық зорлық зомбылық туралы» заң жобасы ел айтқандай болса, онда қазақ бала тәрбиелеуден қалады. Бала тәрбиелеу былай тұрсын, тууды да сирете бастайды. Қысқасы, бұл – ұлтымыз жан санының көбеюіне шабылған айбалта болғалы тұр!

Өз басым талқыға түсіп жатқан «Тұрмыстық зорлық зомбылық туралы» заң жобасын осы күйі қабылдауға тіс-тырнағыммен қарсымын!

Ауыт Мұқибек,

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

27 пікір