Жұма, 26 Сәуір 2024
5294 17 пікір 18 Қаңтар, 2021 сағат 17:59

Бұл Заң қазақ отбасына арнап жазылмаған!

Бүгінде қазақ қоғамында қызу талқыланып жатқан мәселенің бірі – «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасы.

Аталған Заң ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына 2020 жылдың 2 наурызында түскен екен. Ол мынадай қағидаттарға негізделеді:

- Адам құқықтары және гендерлік теңдік саласындағы заңнаманы және халықаралық стандарттарды сақтау;

- Адамға күш қолдануға және (немесе) психикалық зардап шегуіне жол бермеу;

- Отбасыны қолдау және сақтау;

- Құпиялылық;

- Өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адамға жеке қарау;

- Кешендік пен жүйелілік;

- Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының алдын алу шараларының жазалаудан басымдығы;

- Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау т.б;

Құқық қорғаушы Бағила Балтабаеваның айтуынша, бұл Заң ежелден келе жатқан отбасылық байланыстардың қасиеттілігі, үлкендерге құрмет, балаларға деген сүйіспеншілік пен қастерлі қарым-қатынас сияқты құндылықтарға қауіпке төндірді. Сондықтан, ол аталған заңға қарсы петиция ұйымдастырған.

Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл заңның әлі шикі екенін алға тартады.

Азамат Битан, журналист:

- Әңгіме жоқ! Тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы Қазақстанда әбден ушығып тұр. Оны тек заң жобасымен реттей аламыз. Әлеуметтік желілерде бұл мәселе үлкен резонанс тудырып жатыр. Елдің бір бөлігі заң жобасын мақұлдаймыз десе, бір бөлігі оған қарсы. Меніңше бөлініп, араздасып жатқанша, ортақ бір мәмілеге келгеніміз жөн.

Құрметті әлеумет!

Сайлау, Мәди, жаңа Үкімет тақырыптары көбімізді әлдеқайда өзекті мәселеден бұрып әкетті. Иә, пандемия жағдайы біздегі отбасы институтының күйреп, шатқаяқтап тұрғанын көрсетті. БАҚ беттеріндегі жаңалықтар, көрші үйлердегі айқай-шу, ауылдан келіп жеткен қорқынышты әңгімелер осы сөзіміздің дәлелі. Бірақ!

Өзім жаңылып, кейін жұртты шатастырмас үшін, мен “Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы” заң жобасымен толық танысып шықтым. 3 күн әрі ойланып, бері ойланып, мынадай қорытындыға келдім:

- Заң жобасында қазақ халқының дәстүрлі бала тәрбиесі, отбасы, әулетке қатысты таным-түсініктері мүлдем ескерілмеген. Яғни ұлттық психологиясы, өмір сүру принціптері мен ұлттық менталиеті қалыс қалған;

- Заң жобасы тұрмыстық проблемалардың себептерімен емес, салдарымен күресуге арналғандай. Біз отбасындағы кикілжің неден туады, оған не түрткі деген мәселелерді алға тарта отырып, күресті ең бірінші сол проблемалардан бастауымыз керек. Халықтың төмен күн-көріс деңгейі, жастар арасындағы жұмыссыздық, алкогольді ішімдіктер мен наркотраптық заттарға, құмар ойындарға тәуелділіктің зардабы талай шаңырақтың шайқалуына негізгі себеп емес пе?! Осыны біле тұра биылдан бастап отандық телеарналардан спирттік ішімдіктердің жарнамасына рұқсат беретін құжатты да мақұлдап жібердік. Мұндай теріс идеология тәуелсіздігі жоқ елдердің арналарынан көрсетілмейді. Енді төріңізде отырып балаларыңызбен бірге арақ-шараптың рекламасын көресіздер;

- Аталмыш заң жобасы тар пәтерде өмір сүріп жатқан отбасылардан балаларды күштеп алып кетуге рұқсат береді. Бұл да пісіп, жетілмеген тарау. Өз халқына тиімді тұрғын үй бағдарламасын жасай алмай отырған жүйенің зардабын қарапайым халық тартпауы керек. Мүгедек, көп балалы отбасыларға алғашқы жарнасыз пәтер беретін мемлекеттік бағдарлама қабылдансын. Сонда ғана талап етуге болады. Әйтпесе мынау барып тұрған қарақшылық. Балаға мейлі ол қара нан жеп, қара су ішіп отырса да ешқашан ешкім өз ата-анасындай мейірімін төге алмайды;

- Заң жобасы соңғы жылдары көбейіп кеткен түрлі құқық қорғау ұйымдарының мүддесіне арнап жасалғандай әсер қалдырды. Ал оның артында миллиондаған қаржы бар. Ол ұйымдар қайдан келді, қандай миссиямен жүр, оны бақылап жатқан кім бар?!

- Аталмыш заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарында жыныстық кемсітушілікке жол берілмеу туралы да жазылған. Алдағы уақытта волейболшы қыз туралы жаңалықтармен жылап көрісетін күн келе жатыр. Бұл да алаңдайтын жағдай. Өткен жылы елімізде жыныс ауыстыруға рұқсат беретін заң мақұлданып кеткенін ескерсек, аталмыш заң жобасы үлкен азғындықтың есігін айқара ашайын деп тұрғандай;

Құрметті Мәжілістің жаңарған құрамы! Құрметті халық қалаулылары!

1. Заң жобасын жасақтауға қатысқан әріптестеріңізді тоқтатыңыздар. Қазақ халқының салт-дәстүріне, ұлттық салт-санасына теріс келетін тараулар қайта қаралсын;

2.Сөзсіз, мен зорлық-зомбылықтың қандай да түріне болса да қарсымын, оған жол берілмеуі керек! Бірақ заң жобасына қатысты елдің ұсыныс-тілектері ескерілсін. Қажет болса, жұмыс тобының құрамы да қайта қаралсын;

3. Жұмыс тобының барлық әрекеттері БАҚ-та жариялансын. Елден ештеңені жасырмауды талап етемін;

4. Құжатты дайындаған Мәжіліс депутаттарының аты-жөндері БАҚ-та жария етілсін. Заң жобасына қатысты брифинг жоспарланып, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырсын;

Сайлауға түскен партиялар!

Халыққа берген уәделеріңізді іс жүзінде дәлелдейтін уақыт келді! Ең бірінші кезекте қазақ халқының мүддесін қорғаңыздар!

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Сенат депутаты:

- Қоғамда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңына қатысты наразылық пікірлер көптеп айтылуда. Жақында ғана осы заңға қатысты біраз мәселелерді көтеріп жүрген екі азаматшамен кездестім. Пікір алмастық. Бұл заң қолданыста жүрген заң, оған енді енгізілмекші түзетулердің басым көпшілігінде ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерімізге қайшы келетін баптар бар. Пікір талас осы өзгертулер арасында болып жатыр. Біздің отбасымыздың ішіндегі кейбір кейкілжіңдерді шетелдік ұйымдардың ақылынсыз өзіміз-ақ шешіп аламыз.

Біздер отбасы зомблықтарында орын алатын салдармен емес, оны тудыратын себептермен күресуіміз керек. Бұл өте ауқымды мәселе. Отбасы құндылықтары мен институтын барынша нығайтуға жұмыс жасауымыз қажет. Олар: азаматтарымызды жұмыспен, пәтермен қамтамассыз ету арқылы тұрмыс жағдайларын жақсарту, тұлға қалыптастырушы институттар( мектеп, ЖОО, ұйымдар т.б.) тәрбие, отбасылық құндылықтар сияқты жұмыстарын барынша жандандыруды қолға алу.

Келесі аптада бір топ парламент мүшелері осы заңға қатысты қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтармен кездесу өткізеді. Еліміз мен ұлтымыздың мүддесінен артық ешнәрсе жоқ. Сондықтан да бірлесе отырып жұмыс жасайтын боламыз, дұрыс шешімдер қабылданатына сіздерді парламент мүшесі ретінде сендіргім келеді.

Қасымхан Бегманов, ақын: 

- Отбасы мен бала құқықтарына байланысты заңның жобасы талқыланып жатқанына да біраз уақыт болыпты. Қолыма тиген жобаны мұқият оқып шықтым. Соның ішінде біздің ұлттық ерекшеліктерімізбен, салт-дәстүрімізге қайшы келетін баптардың бар екенін жасыра алмаймын.

Айталық, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» деген заңдағы 5 баптың 11 тармақшасында: «адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау»  деп жазылған. Егер осы заң бекитін болса, бірнеше ғасырлардан бері ислам жолымен сүндетке отырғызылып келе жатқан ер балаларын ата-аналар сүндетке отырғыза алмауы мүмкін. Көбінесе 3-5 жас аралығында өткізілетін бұл рәсім отбасылық зорлық деп табылып, әке-шешесі заңға тартылуы ғажап емес. Сонда бұған келісіп отыра беру керекпіз бе?

Бұл туралы құқық қорғаушы Бағила Балтабаева да ойын ашық айтып өткен. Расымен де, біз өз халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бала тәрбиелеудегі ұлы ұстанымдарын естен шығармау керек. Қандай заң жобасы болса да, өзіміздің ұлттық тамырдан ажырамағаны жөн.

Мәселен, «Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заңның 24 бабындағы «Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтіп-бағу және асырау жөніндегі міндеті» деген 3 тараушасында: «12 жасқа толмаған балаларды қараусыз (оның ішінде көшеде, үйде, көлік құралының салонында) 14 жасқа толмағандарды жаппай шомылу орындарында қалдырмау» деп көрсетілген.

Сонда ата-аналар жұмыс істемей, естияр балаларының жанында күзетіп отыру керек пе? Баланың құқығын арттырып, ата-ананың салмағын төмендетуге жол берілмеген жөн. Өйткені қазіргі көптеген балалардың психологиясы өзгеріп кеткен. Қолдарына бір-бір сотка ұстап алған балалар ата-анасын тыңдамайды.

Осы жобаны пилоттық режимде сынап көрмекші болып Түркістан облысына енгізген екен. Жуырда мектепте оқитын оқушы қызға анасы «сабағыңды оқы» деп ескерту жасаса, қыз шұғыл 111-ге звондап, сотқа шағым түсірген. Сол сәтте заң өкілдері келіп қызды анасынан бөліп, он шақты күн бөлек арнайы орында ұстаған. Бір-бірімен сөйлесулеріне қатаң тиым салған. Ұзақ сарсаңға түскен шешесі құқық қорғаушылардың көмегімен қызын зорға қайтарғаны интернетте жүр. Сондықтан, баланың айтқанымен жүре берсек, ұл-қызымыз қайда барады?

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

17 пікір