Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4392 0 пікір 1 Шілде, 2009 сағат 20:08

Ғабиден ЖӘКЕЕВ, Ғ.Мүсірепов атындағы қоғамдық қордың директоры: Жастарды әдебиетке баулысақ дейміз

 

 

- Ғабиден мырза, Ғ.Мүсірепов атындағы қоғамдық қордың жұмысы туралы мағлұмат айта отырсаңыз...
- 2008 жылы желтоқсан айында Жазушылар одағының іргесінен Ғ.Мүсірепов атындағы қор құрылды. Кезінде марқұм Сәкен Жүнісов, Сафуан Шаймерденов сияқты бильярд десе, «ішкен асын жерге қоятын» ағаларымыз: «Бильярд спортын Қазақстанға әкелген - Ғабең» деп айтып жүретін. Ғабең бильярд ойынын ұйымдастыру арқылы қаражаттан, баспанадан қысылып жүрген қаламгерлердің тұрмыстық мәселесін шешіп берген көрінеді. Ғ.Мүсірепов атындағы қоғамдық қор да болашақта қаламгерлердің, зиялы қауым өкілдерінің тұрмыстық мәселесі мен мәдени өміріне ықпал етуді көздейді. Қоғамдық қорды құрғанда, ең алдымен, Қазақстанда бильярд спортын дамытуды мақсат еттік. Қордың жанынан бильярд клубын аштық. Клуб мүшелері: төрағасы - Қалихан Ысқақ, Асанәлі Әшімов, Иран-Ғайып, Жүрсін Ерман, Құман Тастанбеков, Шөмішбай Сариев, Толымбек Әлімбекұлы, Байғали Есенәлиев, Шәріпбек Ағыбайұлы, Бекжан Тұрыс, Жанарбек Әшімжан сынды белгілі азаматтар. Былтыр бильярд ойынынан Ғ.Мүсірепов турнирі тұңғыш рет республика көлемінде ресми шара ретінде өткізілді. «Нұр-Отан» ХДП демеушілік жасаған ол турнирге бильярдқа қызығатын барлық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Таяуда екінші турнирді ұйымдастырдық. Ол турнирді Мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевқа арнадық. «Атымды атап, сыбағамды итке сал» демекші, бұл шараға демеушілік жасаған азаматтардың атын атап өткен орынды болар. Олар - белгілі меценат Ізбасар Бозаев, ұлт жанашыры Әділет Нұрбеков, А.Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың төрағасы Айдос Сарым, Мемлекеттік тілді қорғау қорының төрағасы Берік Әбдіғалиев және бірқатар жанашыр азаматтар. Ғ.Мүсірепов қоры Алтынбек Сәрсенбаев атындағы республикалық турнирді жылда дәстүрлі түрде өткізетін болады.

- Марқұм Алтекеңнің нағыз ұлт азаматы, қоғам қайраткері болғандығында дау жоқ, бірақ қор Ғ.Мүсірепов қоры болса, «Қазақстанға бильярдты әкелген Ғабең» болса, онда жылда өткізілетін турнир неге Алтынбек Сәрсенбаев турнирі деп аталады, осы жағы түсініксіздеу...

- Әрине, Ғ.Мүсірепов атындағы республикалық турнир де жыл сайын өтетін болады. Ал А.Сәрсенбаев турнирін өткізуді, оған демеушілік жасауды мойнына алып отырған А.Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қор.

- Ғ.Мүсірепов қорын құруда қандай қажеттілік болды? Қордың мақсаты не?

- Әрине, қордың жұмысы тек бильярд ойындарын ұйымдастырумен шектелмейді. Бекітілген жарғы бойынша 12 баптан тұратын міндеттемелерді жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Оның ішінде Ғ.Мүсірепов оқуларын ұйымдастыру, яғни жазушы шығармалары арқылы қазақ тілін насихаттау, ҚазҰУ-дың филология факультетінің бір студентіне жылына бір рет Ғ.Мүсірепов атындағы стипендия тағайындау, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрымен және мектеппен тығыз байланыс орнатып, шығармашылық тұтастықта жұмыс жасау көзделген, халықаралық мәдени байланыстар орнату мәселесі қарастырылған. Оның ішінде Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Түркия елдерімен әртүрлі деңгейде жұмыс жасайтын боламыз. Сонымен қатар жыл сайын драматургиялық шығармаларға бәйге жариялап, Ғ.Мүсірепов жүлдесін тағайындауды жоспарлап отырмыз. Жақсы шығармалар іріктеліп, Ғ.Мүсірепов театрында қойылатын болады. Өздеріңіз білесіздер, Ғабит Мүсірепов соңынан мол мұра қалдырған жазушы. Ол кісінің еңбектерін жастар арасында насихаттау арқылы келер ұрпақты әдебиетке, өнерге баулысақ деген арманымыз бар, жастардың қазақ тілінің мәртебесін жете ұғынуына, олардың тәрбиесіне, патриоттық рухының берік қалыптасуына ықпал етсек дейміз. Батыстың өмір-салты, мәдениеті, киносы қазіргі жастар үшін «құндылыққа» айналды. Олардың осындай кері көзқарастарын өзгертуге бар күшімізді салуымыз керек. Осы мақсатта біз ЖОО-да әртүрлі әдеби-мәдени кештер, ғылыми-теориялық конференциялар, ақындар мүшәйраларын өткіздік. Мұндай шараларды жыл сайын ұйымдастыруды көздеп отырмыз.

- Ғ.Мүсірепов мұражайымен байланыстарыңыз қалай?

- Мұражаймен тығыз бірлестікте жұмыс жасаймыз. Мәселен, жыл сайын Ғ.Мүсірепов атындағы стипендияға лайық деп танылған студентті осы мұражайға шақырып, оны ресми түрде табыстау рәсімін жылда осы мұражайда өткізуге келістік. Басқа да ірілі-ұсақты мәдени шараларды Ғабеңнің мұражайымен бірлесіп атқаратын боламыз...

- Жазушының тікелей ұрпағы қор жұмысына қызығушылық танытып, араласа ма?

- Ғабеңнің кіші қызы Гүлнәр қор құрылтайшыларының бірі. Ол кісінің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, «бір жағадан - бас, бір жеңнен - қол шығарып» жұмыс істеп отырмыз. Ғабеңнің жеке мұрағатына қатысты дүниелерде, кітабын шығарып, шығармаларын насихаттауда ол кісінің көмегі зор болмақ.

- Тарихшы ретінде сізді қандай жайттар толғандырады?

- Біздің тарих жайлы түсінігіміз таяз. Біз бейне ғарыштан келген сияқтымыз. Өз мемлекетіміздің тарихы, түп тамыры туралы көп білмейміз. Мәселен, алысқа бармай-ақ, осы Алматы облысын алып қараңызшы. Сақ қорғандарының неше түрлі үлгісі тұр. Тарих па? Тарих. Сол жерлер тарихтан, тарихи құндылықтан хабары жоқ бәзбіреулердің әжетханасына айналған... Сақ, Үйсін, Есік қорғандарының шағын бір бөлігі ғана болмаса, негізінен бұл тарихи ескерткіш, археологиялық құнды объектілер лайықты дәрежеде қорғалмай отыр. Тіпті баяғыны былай қойғанда, күні кеше басымыздан өткен талай тарихи оқиғалардан сабақ алып, сол арқылы жастардың ұлт тарихы мен ұлт болашағына деген позициясын, патриоттық сезімін қалыптастырсақ, құба-құп болар еді. Біз осы мақсатта ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығымен де тығыз байланыс орнатуды көздеп отырмыз. Өйткені олардың өмірі тарих. Ал тарих - жастарға үлгі ететін құндылық болуы тиіс...

 

 

Әңгімелескен
Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ

«Айқын» газеті 1 шілде 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар