Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2725 0 пікір 5 Наурыз, 2012 сағат 07:22

Әділбек Ыбыраймұлы. Уақыт ұжданы

Әлем ұлы жазушы Л.Толстойды білгенімен, оның діни ілімінен әлі де бейхабар. Өйткені, билік пен шіркеу институттары жазушының ойларынан туындаған маңызды дүниелерді адамзаттың ұғымынан алып тастауға бірлесе күш салды.

АЙЫПТАУ

Менің шіркеуден безе қашқаным, бұл - мүлде әділетті іс болды. Бұлай айнуым - құдайға қарсы болғандығымнан емес, керісінше мен оған жан дүниеммен адал қызмет еткім келді.

Л.Н. Толстой

Синодтың 1901 жылғы 2 ақпандағы № 557 анықтамасы «Церковные ведомости» басылымында жарияланып, орыс қоғамының әңкі-тәңкісін шығар­ды. Онда есімі әлемдік деңгейдегі адам - граф Лев Николаевич Толстойдың православ шіркеуінен алас­тал­ғандығы айтылады. Көпшілік­тің көкейіне сәуле шашқан жазушының «айыбын» әшкерелеу әлдекім­дер үшін тиімді де болған шығар. Сонымен қатар, синодтың сол ұйғарымы күні бүгінге дейін дау туғызып келеді.

Сол тұста Лев Николаевичтің атына айтылған айыптау сөз - пікіріне құлақ аспауға ешкімнің құқы жоқ адамдардың аузынан шықты. Оның зілі мен уыты жұмыр бастыны бейтарап қоймайды. Сондай ойлардың бір-екеуі мынадай:

Митрополит Анастасий (Грибановский): «... азулы да аршынды әдебиет соқасымен орыс топырағын күні бұрын төңкеріске арнайы қопсытқан» Толстой - христиан дінін бұза отырып, пұтқа табынушылыққа негіз салуымен әлемдік процесте өз орынын иеленеді».

Әлем ұлы жазушы Л.Толстойды білгенімен, оның діни ілімінен әлі де бейхабар. Өйткені, билік пен шіркеу институттары жазушының ойларынан туындаған маңызды дүниелерді адамзаттың ұғымынан алып тастауға бірлесе күш салды.

АЙЫПТАУ

Менің шіркеуден безе қашқаным, бұл - мүлде әділетті іс болды. Бұлай айнуым - құдайға қарсы болғандығымнан емес, керісінше мен оған жан дүниеммен адал қызмет еткім келді.

Л.Н. Толстой

Синодтың 1901 жылғы 2 ақпандағы № 557 анықтамасы «Церковные ведомости» басылымында жарияланып, орыс қоғамының әңкі-тәңкісін шығар­ды. Онда есімі әлемдік деңгейдегі адам - граф Лев Николаевич Толстойдың православ шіркеуінен алас­тал­ғандығы айтылады. Көпшілік­тің көкейіне сәуле шашқан жазушының «айыбын» әшкерелеу әлдекім­дер үшін тиімді де болған шығар. Сонымен қатар, синодтың сол ұйғарымы күні бүгінге дейін дау туғызып келеді.

Сол тұста Лев Николаевичтің атына айтылған айыптау сөз - пікіріне құлақ аспауға ешкімнің құқы жоқ адамдардың аузынан шықты. Оның зілі мен уыты жұмыр бастыны бейтарап қоймайды. Сондай ойлардың бір-екеуі мынадай:

Митрополит Анастасий (Грибановский): «... азулы да аршынды әдебиет соқасымен орыс топырағын күні бұрын төңкеріске арнайы қопсытқан» Толстой - христиан дінін бұза отырып, пұтқа табынушылыққа негіз салуымен әлемдік процесте өз орынын иеленеді».

Ғибадатханашы Феофан Затворник, діни әріптесіне былай деп жазады: «Сіз «Толстойдың шығармаларын оқып алып, көптеген адамдар басқа дінге өтіп жатыр» деп еске салыпсыз. Ғажап! Сол Левіңде ешқандай сенім жоқ. Онда Құдай да, жан да, болашақ өмір де жоқ. Ал Құдай Иса Мәсіх - қарапайым адам. Оның жазбаларында Құдайға, Мәсіх Тәңірге, қасиетті шіркеу мен оның құпиялары­на нұқсан келтірілген, ол - ақиқат патшалығын бұзушы, Құдайдың жауы, шайтанның қызметшісі».

Архиепископ Никон: «Шіркеу, біздің қайы­рым­ды шіркеу, мұндай құдайға тіл тигізуді бастан кешкен емес. Содан кейін Толстойды өзімен тығыз қатынаста болудан аластады. Біздің зиялы қауым күмәншіл ғой. Олар енді ғайбат сөзге қатысты шіркеудің жасаған шешімін байқамаған сыңай танытады... «Осыдан кейін, ойпырмай, бұл зиялылардың «христианбыз» деуге құқылары бар ма?» деген сауал туындайды».

Иса уағызын «біреу жағыңнан шапалақпен тартып жіберсе, екінші бетіңді тос» деген қа­ғидамен жүргізді. Бірақ бұны сол сенім иелерінің дені әлі түсінбей келеді. Өздерінің наным-се­німдерін қорғау үшін күш жұмсауға, әлімжеттікке барады. Күні бүгінге дейін соғыс пен қантөгіс, конфессиялық иланымның үйлеспейтіндігінен екені бесенеден белгілі. Дүлей ашудан жоғары тұру - рухтың тапталғаны деп ұғатын догмалық долбарлар кеудеге беріш болып байланған.

Үшінші мыңжылдық, озық өркениет, жаңа сатыға көтерілген адам санасы дейміз, сөйтсек - түйсік өзгермеген. Өйткені, дін идеологиялық қару. Оның неғұрлым кең әрі табанды дамуы - белгілі бір ұлт мәдениетінің, ділінің, тілінің қарыштай ілгерілеуіне жол салады. Келесі бір өркениетті экспансиялауға әлеуетті арттырады. Осыны әбден түсінген олар кедергінің бәрін аяусыз таптап өтіп, бір ғана сенімге үстемдік бергілері келеді. Бұл мақсатта тек қаруға ғана қол созбайды, айлаға басып, гуманитарлық ынтымақ­тастық аспабын алға тартады...

«Христиандар үшін ешқандай күрделі метафизика жоқ және болмайды да, - дейді ұлы ұстаз Лев Николаевич. - Христиан уағыздарындағы метафизика деп атауға болатындардың барлығы, баршаға үғы­нық­ты қарапайым ережеден тұрады: күллі адамзат - Тәңірінің перзенті, бауырлар. Сондықтан олар әкелерін, бауырларын сүюлері тиіс. Сол себепті өзге­лердің саған мейіріммен қарағанын қалайтының­дай, басқаларға да сондай бауырмалдықпен қараға­ның жөн».

ҚУДАЛАУ

Ойшылдың діни мұраты 1880 жылғы жазған кітабы «Тәубе етуден» басталып, 1910 жылғы «Өмір жолы» деген орасан күрделі еңбекпен аяқталады. Толстой өзінің соңғы отыз жыл ғұмырын христиан­дық ілімді түсіндіруге жұм­сады. Барша халықты жалғыз Құдайды танитын біртұтас адамзат отбасына, адамдар бауырлас­тығына біріктірудің жолын іздеген Мәсіх ілімінің мәнін аша отырып, ол сонымен қатар, дүниені бөліп жатқан мемлекет жүйесіне тимей; қолда­ныстағы қоғамдық, мәдени, ғылыми құрылым­дарды әшкерелемей; қазіргі әлем құрылысын ақтайтын әртүрлі пәлсапалық ілімнің жалғанды­ғын көрсетпей; бәрінен бұрын, тұтастың бөлшек­тенуіне басты кінәлілерді - әртүрлі шіркеу ілім­дерін - «жалған сенімдерді», соның ішінде православ шіркеуінің ілімін нұсқамай өте алмады. Лев ұстаздың қызметі адам өмірінің алдында - мемлекет, адам жанының алдында - шіркеу бекіткен, қалыпты дүниелерге қырын келді. Содан кейін Толстой ілімінің мәні мен мазмұнын жасырып, оны бұрмалау - құдайсыз биліктің шенеуніктері мен жалған сенім өкілдерінің айнымас мақсатына айналды.

Адам санасын ақиқатты түсінуге бастап және осы ұғымға сәйкес өмірін өзгертуге үндеген Толстойдың негізгі еңбектері көзі тірісінде Ресейде жарық көрген жоқ. Абыз қатал тұрғыда қу­далауға түсті. Өлтіруге бел байлағандардың қор­қытып-үркітуін бастан кешті, бірде пошта арқылы «асылып өл» деген мағынада шыжым да жіберіпті.

Толстойдың тыйым салынған шығармала­ры­ның әзір тұрған баспаханалық терілімдері аяусыз шашылды. Ал жарық көрген кітаптарының тиражы тұтқын­далып, отқа жағылды. Кейбір данасын таратып үлгергендерді абақтымен үрейін ұшыр­ды. Шығару­шыларды сот және айыппұлмен қорқытты. Соңыра әкесіне шексіз берілген кіші қызы Александра кеңестің тасбұғауынан қашып құтыла алмады...

Лев-ұстаз бен оның ілімі туралы жазған пікірлестерінің еңбектеріне де қатысты дәл осындай жағдай орын алды. Ойшыл өмір - биік өнегелі өреден туындайтынына куәлік беретін Маховицкийдің құнды кітабы - «Ясная Поляна күнделігі» соңғы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Жазушының жақын досы, көмекшісі В.Чертков жылдар бойы жазушының құнды ойларын жинаған. Діни пайымдардың шыңы болып есептелетін осынау рухани азық адамдарға жетпеді. Бұл еңбек күні бүгінде де толстойлық мұрағаттардың бірінде «өлі» жүк ретінде тығулы жатқаны анық.

Христиандық ілімді таза қалпында қайта тудырушы Толстойдың бітіспес жауы және қудалаушысы - шіркеу мен мемлекет болған әрі болып қала беретіні таң қалдырмайды. Ақиқатты өзінің заманы мен төл халқына ғана емес, басқа уақыт пен басқа халыққа апарушы ұлы рухани ұстаз шіркеу мен мемлекеттің ықпалымен адамзаттың саналы өмірінен алынып тасталды.

Қазан төңкерісі жылдары Толстой жазбалары Щукин үйіндегі (бүгінде Кропоткин көшесіндегі Көркемөнер академиясының ғимараты) болат «зынданда» жатты. Оған кіруге аз ғана адамның рұқсаты бар еді.

Жазушының ұлы діни ойларын таныған адам­дар­дың табандылығының арқасында Кеңестік халық комиссариаты 1924 жылы Толстойдың күллі шығар­масын басу жөнінде шешім қабыл­дады. Бұл шара 1950-ші жылдардың соңына қарай әзер аяқталды. Алайда бүгінгі күнге дейін олар­дың кейбірі қолға түспейді. Себебі, тиражы мардымсыз - 5 мыңның төңірегінде. Сонымен қатар, кітапхана қорында барлары саналы түрде «жарамсыз» деп танылып, жойылған.

Үнсіздік пен қасақана жасырудың нәтижесінде Толстой Ресей мен әлемге беймәлім күйінде қа­лып отыр. Қазір тұс-тұстан рухани қайта жаңғыру қажеттігі жөніндегі әңгіме естіліп қалады. Бірақ Толстойды еске алатындар өте аз. Ұлы рухани ұстаз ретінде ол турасында жеріне жеткізе еш айтылмайды. Ғасырдан астам уақыт өтсе де шіркеу­дің ұстанымы өзгермеген. «Л.Толстойдың шығар­машылығына берілген жоғары бағаға қарамай және оның өлгеніне 100 жыл толса да жазушыдан православ шіркеуінен аласталған айыбын алып тастау мүмкін емес. Өйткені, Толстой шіркеуден өзін өзі аластаған» дейді патриарх кеңесінің мәдениет жөніндегі жауапты хатшысы, архимандрит Тихон.

ӘДЕБИЕТТІҢ ДІНГЕ ЫҚПАЛЫ

Православ дінін қызғыштай қорып жүргендер Л.Толстойдың шығармашылығын кері итереді. Олар оның көптеген идеяларының бірі - соңыра шіркеуді қудалаушылыққа дәйек болды деп есеп­тейді. Бірақ бұл, әрине, өте қарапайым көзқарасты білдіреді. Ол - білімі таяз, зайырлы өмір мен мәдениеттен хабары мардымсыз адамдарға тән.

Бір бойжеткен рухани әкесіне айналған мәс­кеулік монахтан «Лев Толстойдың кітабын оқиын ба?» деп сұрайды. Жауап үзілді-кесілді болған: «тартына тұрыңыз». Священник Толстойдың кітаптарын «дін бұзар» деп атаған. Бұл пікірге таңырқаған қыз танысы В.Репинге қамқор пікір естісем деген үмітпен ақыл сұрай хабарласады.

«Не деп жауап беретінімді білмесем де оған түсіндіруге тырыстым, - дейді париждік жазушы. - Иланатынымыз бар немесе Құдайға сенуді өзінің парызы деп санайтындар бар, бірақ зайырлы қоғамда өмір сүретін біздің бәрімізге белгілі бір жауапкерші­лік жүктелген. Біз өз зама­ны­мыздың перзенті болып қалуымыз тиіс, өте тік айтылған жәдігөй жауыз­дықты естімегендей сыңай таныту керек. Дін үшін қоғамда өмір сүруден бас тарту, шіркеудің мүддесінен шықпай немесе шіркеу әкімшілігінің төменгі звеносында күн кешу - әлдебір жабық клубтың мүшесіне сай­ланғандар үшін артықшы­лыққа айналмауы тиіс».

Әлем тұтас мойындаған Л.Толстойды орыстың ұлы ақыны, драматург, публицист А.Блок өте жоғары бағалады. Оның «Қайта тірілу» романын өтіп бара жатқан жүзжылдықтың болашаққа айтқан өсиеті ретінде қарап, қабылдады. Лев-ұстаздың бұл соңғы романын оқып әсерленгені сондай, 1910 жылғы 14 маусымда «Шойын жолда» («На железной дороге») деген өлең жазды.

«Толстой үшін құдайға жалбарыну керек, оған қарғыс айтуға болмайды. «Күнәһарды сүй, бірақ оның күнәсін жек көр». Сондықтан әртүрлі күнәһарды сүйіспеншілікпен қабылда. Бір сөзбен айтқанда, әлі шіркеуден айни қоймаған адам ретінде ертедегі Толстойды, оның көркем шығармаларын қабылдауға болады. Бірақ одан кейінгі пәлсапалық және басқа да идеяларын өмірде ұстанудың қажеті шамалы».

Епископтың пайымы - осы. Бірақ, әуелгіде «Егер менің алдымда Лев Толстой отырса, мүмкін мен де өз-өзімді ұстай алмас па едім...» деп, құдай жолында жүрген адамның мінезіне сиыспайтын әшкере құлқын көрсетіп қалады... Қалай болғанда да әдебиет пен дінді астастырғанына, екеуіне ортақ иманды іздегеніне ішің жылиды. Еріксіз біздің молдалардың да зейіні осындай терең болса деп ойлайсың. Қазақ әдебиетінен ислам туралы иірімдерді тауып, орнымен қажетіне жаратса, қанекей...

ШІРКЕУГЕ ҚАРСЫ ІЛІМ

«Толстой парақшаларын» құрастыру­шылар­дың ұйғарымы бойынша Лев-ұстаздың «Төрт Інжілді аударып және біріктіру» атты зерттеу еңбегі жинақтал­ған күйінде басылған. Мұндағы Толстойдың басты жұмысы - тазалау. Інжіл мә­тінінің тереңін аша отырып, оған діни ұғым бермейтін, нағыз өнегелі ғұрыптың тірі тәнін көмескілендіретін «арам шөпті» отады. Сананың жете ұғынуына және естуіне кедергі келтіретін қоқыстардан тазартты.

И.Гёте: «Інжілдей жаман жазылған кітапты біл­­меймін. Дүбәра, тіпті поэтикадан жұрдай аңыз­дар­дан аяқ алғысыз. Ғибратты дүниелер осы аңыздармен ажырамастай астасқан. Бұл кітап­пен не жасай­тыныңды білмейсің. Өйтіп-бүйтіп әртүрлі шіркеудің берген түсінігінен өзге, оған тиесілі басқадай түсін­дірме жоқ. Алайда, түсіндірулердің барлығы мағына­сыз және кереғарлықпен орындалған. Сондық­тан кім-кімге де әуелден екі-ақ жол ұсыны­лады: мәнсіз нәрселердің бәрін лақтырып тастайсың немесе ұла­ғатты, маңызды дүниелермен қатар, барлық дәл­дү­ріш­терді қабылдайсың» деген екен.

Қасиетті жазбаны тазартқан бұл еңбекке әділетті қарау керек. Мәсіхтің не үшін өмірге келгенін, оны ойшыл әрі өмір ұстазы ретінде терең түсінгің келсе - Толстойдың аудармасын оқисыз. Көпшілік жұрт тәрізді ештеме түсінбей, уақытты текке өлтіргің келсе - Византия уақытындағы Інжілді көшіріп жаз­ған­дарды - жалпыға белгілі шіркеу аудармасын оқисыз.

Ой тереңін сіңіре түйсінгендер - адам санасына ілімнің нағыз мәнін жеткізу жөнінен Толстойдың алғашқы және жалғыз інжілші екенін таниды.

Уақыттың ұжданына айналған ұлы жазушы Ін­жіл­ді түпнұсқадан, грек тілінен аударды. Не­ғұрлым қиын және маңызды тұстарда латын аудармасына (Вульгата) жүгінді. Інжілдегі кей­бір грек сөздерінің әртүрлі тілдерде қалай қолда­ныл­ғанын мұқият қарап, неміс, француз, ағыл­шын тілдеріндегі бірқатар лек­си­­кондарға үңілді. Қолжазбаның шимайлы нұсқасы­нан көрініп тұрғанындай, Толстой 1866 жылы басыл­ған грек-неміс сөздігі W. Рарені басым түрде пайдаланған.

Ұстаз 1880 жылғы қарашаның ортасында Н.Н.Страховқа «мен бар күшімді салып жұмыс істеп жатырмын» деп жазды. Атақты романшы граф Л.Толстойдың мүлде әдеттегіден бөлек, жаңа шығармасы жөнінде қауасет баспасөз бетіне шығып кетіп, жазушы өзіне беймәлім З.И.Оразова деген адамның сауалын алады. Петербордан келген хатқа ол 1881 жылғы 27 тамызда: «Иә, мен өз түсінігім бойынша негізгі дені Інжілді баяндайтын шығарма жаздым. Бірақ оны жариялаған жоқпын» деп жауап қайырады.

1895 жылы Лондонда «Төрт Інжілді аударып және біріктіру» еңбегінің 1-томы ағылшын тілінде жарық көрді. Сол жылғы 27 наурызда кітаптың тәржімашысы Д.Кенвортиға Лев-ұстаз: «Кітап әдемі аударылып, басылып шыққан екен. Оқыдым. Бірақ, көптеген кемшіліктер бар. Қайта жазсам мен оны жібермеген болар едім. Әйткенмен енді түзей алмаймын. Басты кемшілік - басы артық филологиялық тәптіштеу» деп, өз кінәратын көре білді.

Д.Кенворти бұл хатқа жауапты 1895 жылғы 3 мамырда жібереді. «Інжіл туралы сіздің шығарма­ңызға сыншылар тарапынан көңілдің мардым­сыздығы таң қалдырды. Шамасы олар, оның қай тұсынан келетінін білмейді. Ол көп кітаптың арасына өзге дүниеден әкеп қойғандай пайда болды» деп тәржімашы ағынан жарылады. Өйтетіні, Інжілге әлем бойынша тұңғыш мәрте тың көз­қараспен қараған Лев-ұстаз еді. Сол кісінің ұлан-ғайыр еңбегінің арқасында православ діні алғаш рет ғылыми тұжырымдардың талқысына ұшырап, бұқараның шынтуайтындағы игілігіне айнала бастады. Туындыға мәтіндік соңғы өзгертулерді Толстой 1907-1908 жылдары енгізді.

ПЕНДЕ МЕН ПАНТЕИЗМ

«Құдай дегеніміз шексіз Ғалам (Бог есть неограниченное Все), адам дегеніміз Оның шектеп жа­ратқаны. Құдай дегеніміз шексіз Ғалам болса, адам өзін оның шектеулі бөлшегі ретінде сезінеді. Тек Құдай ғана ақиқатты өмір сүреді, адам оның зат тұрғысында, уақытта және кеңістікте жа­ратқаны...»

Бұл жолдарды Толстой өлерінің алдында Астапов стансасында қызына айтып отырып жаз­дырған.

- Ғалам сөзінде қайшылық бар. Өмір сүріп отырған күллі әлемді алғанның өзінде, біз Құдай туралы ол - Ғалам деп айта алмаймыз. - Еп.Василий бірден кесімді ұйғарым жасайды. - Егер Толстой солай түсінсе, өзі білсін. Менің ойымша, ол мұны дәл солай түсінді. Бұл тұрғыда мысал ретінде келтірілген Толстойдың сөзі нағыз мылжың философиялық идея, ондайды «пантеизм» деп атайды.

Дініміздің негізі - теизм. Иә, Құдай дегеніміз Ғалам. Әйткенмен, біздің әлемнің көзқарасы бойынша емес. Мұқым дүниені жаратушы Құдай бар, әрине. Демек, оны Ғалам деуге болады. Алайда, Лев Николаевичтің айтқаны тәрізді мүлде олай емес. Ғалам сөзінің астарын ол көзге көрініп тұрған аспан­дағы бұлт, жұлдыздар, Ай мен Күн деп ұғынады. Климент Римский «шіркеу - Күн мен Айдан бұрын жаралған, шіркеу - Құдайдың, әулие Троицаның, Ғаламның көрінісі, бірақ барлық нәрсенің бейнесі емес» деп бірінші ғасырда-ақ айтқан».

«Ғалам» сөзін аты әлемге әйгілі жазушы бұлт, жұлдыз, ай, күн деп ұғынбағаны бастауыш мектептің баласына да мәлім нәрсе. Керісінше, нағыз «пантеизм» - епископтың уәжі тәрізді.

Абыз өмірінің соңғы сағаттардағы тарихы қайғылы. Толстойдың үйінен қашуы, оның пойызда ұстап қалған науқасы, Шамординода, содан кейін Астаповта тоқтауы, сонда да ең бастысы - шіркеумен мәмілеге келуге ұмтылуы (В.Репиннің ойы), осының бәрі кез-келген романист тәуекелге бара бермейтін әлдебір ойдан шығарылған таңғаларлық трагедияға ұқсайды.

Лев Николаевичтің Шамординодағы монахиня әпкесіне келгені мәлім. Мына жалған дүниеден опа таппай, жаны қысылғанда туған бауырына барады. Содан кейін Оптин жазығына жаяу тартады. Екі аралық жол жақын емес еді. Толстой оған шаршап-шалдығып жетеді де скиттің (монахтар мекендейтін кішкентай монастырь) тұсына сәл аялдап, ілгері жүреді. Баяғы жас кезі емес, омырауындағы сақалы желмен желбіреген ақса­қал әбден қалжырағаны рас.

Оптинде сол заматында Толстойдың монас­тырь­ға «келіп кеткені» белгілі болды. Оны күтті. Поптар қауымы шыдамсыздана күтті. Бірақ, абыз қайтып оралмады. Екі әлемнің арасындағы әлдебір бітіспес келіспеушілік көзге ұрып тұрды.

«Астаповқа жетіп пойыздан түскеннен кейін Лев Николаевич Оптинге жеделхат жөнелтіп, Иосиф қарияның келуін өтінеді. Бірақ Иосиф қария әлсіз, тіпті бөлмесінен шыға алмай жатқандықтан монас­тыр­ьдың ақсақалдар бауырластығы кеңесі Варсонофий игуменді (ерлер монастырының басқарушысы) жіберуге ұйғарым жасайды. Варсонофий монахтың Астаповқа келгенінің рас екенін білеміз» деген дәйекті В.Репин тіліне тиек етеді.

Оқиғаның негізі Астаповта тәртіптің сақта­луын қараған ротмистр Савицкийдің рапортында дұрыс баяндалған. Мәлімет бойынша, Варсонофий Александра Львовнаға қысқаша хат (записка) жазып, әкесімен дін туралы ешқандай әңгіме қозғамайтынын және тек «Толстойды көріп, оған ниетін білдіргісі келетінін» ескертеді. Игумен сонымен бірге Савицкийге «егер ол Толстойдан «өкінемін» деген бір ғана сөз естісе, өзінің өкілеттігінің күшімен оны «жалған ілімінен» бас тартты деп санап, өлім аузында жатқанында православ ретінде дем салар едім» деп айтыпты.

Толстойдың үйден кетуі туралы мәселеде бүкіл отбасы Софья Андреевна жағына шықты деген байлам бар. Шынтуайтында Толстойдың өмірінде өз шаңырағының үлкен мәні бар. Жағымды ма, жағымсыз ба оны айыру қиын. Өз ошағының ықпалы, жақындарымен қарым-қатынасы Лев Николаевичтің соңғы шешімінде де көрініс тапты. Бұл тақырыпқа көптеген әңгімелер айтылды. Бірақ мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Ұзақ жылдар бойы АҚШ-та тұрған Толс­той­дың қызы, марқұм Александра Львовна - 1910 жылғы қарашада әке өмірінің соңғы сағаттарында Астаповта, оның төсегі жанында болған. Ол өлім аузында жатқан әкесіне оптиндік монастырьдан Астаповқа келген Варсонофий қарияны жібермей қояды. Шешесін де әкесінің жанына жуытпайды. Оның бұл әрекеті «бүкіл отбасы Софья Андреевна жағына шықты» деп кесімді айтылған уәжді растамайды. Алайда, ең маңыздысы: священникпен кездесуден Толстойдың өзі бас тартқан.

Александра Львовна: «Әкем мен үшін - аса қасиетті. Мен оның қандай адам болғанын біле­мін. Ол туралы айтқандармен ешқашан келіс­пеймін. Және ешқашан да одан айнымаймын!» деп, үнемі қайталаудан жалықпаған. Өмі­рінің соңына дейін әкесі үшін қас­қайып қарсы тұрған, ол әкесін қорғады және әкесі үшін құдайға жалбарынумен өткен. Әкесін шексіз жақсы көретін.

АБЫЗ

Ізгілікті ғұмыр кешіп, үмбетін имандылыққа бастаған Иса пайғамбар ылғи да фарисейлермен теке тіресті. Ол өзінің ілімін олардың заңына қарсы қойды. Өмірінің соңында оған бас діни қызметкерлер мен фарисейлер парықсыз түрде тарпа бас салып, кергіге шегеледі.

Сондай-ақ, Иса «жаудан қорғанудың қажеті жоқ, қандай жағдайда да соғыспау керек» десе, шіркеу 1800 жыл бойы бұған қарсы нәрсені уа­ғыздап, қан төгісті қуаттап келеді. Осыны көзімен көріп, жүрегінен өткізген Л.Толстой христиан­дарға, оның ішінде қандас бауырларына: «Сіздер­ге «өзіңнің орысыңды сүй, жөйтті, немісті, французды жек көр» деп айтылған. Ал мен: «Бөгде халықтың адамдарын сүй, олар тіпті күш көрсетсе де жақсылық жаса. Немістерде де, орыстарда да құдай - жалғыз және ешкімді алаламай жақсы көреді; сендер де оның теңдей ұлдарысыңдар, құдай сияқты күллі жұртқа қайырымды болыңдар деймін» деп, өсиет айтқан. Өз халқы мен бөгденің арасын ашып, өзінікін қорғап, бөтенге залал келтіру - әзәзілдік екенін абыз ұғындыруға ұмтылды.

Александр Блоктың 1908 жылғы қыркүйекте «Золотое руно» журналында «Ресей үстіндегі күн» («Солнце над Россией») деген мақаласы жарияланды. Ол онда Лев Толстойдың адамзат үшін орны мен мәнін жоғары бағалайды. «Заманауи Еуропадағы ең ғаламат және жалғыз данышпан, Ре­сей­дің аса биік мақтанышы, ұлы таза­л­ық пен қасиеттіліктің жазушысы - біздің арамызда өмір сүреді. Лев Николаевич Толстой жер басып жүрге­нінде бәрі жай ғана, түк емес және қорқынышты ештеңе жоқ. Әзірше көзі тірі, ақбоз атының соңынан сүйреті­л­ген соқаның ізімен оның атызда кетіп бара жатқаны, құдайға шүкір, қатер­сіз, шыққа толы тұнық таңды білді­ре­ді. Толстойдың келе жатқаны - күннің келе жатқаны. Ал, егер күн ұясына батса, Толстой өледі, соңғы данышпаннан көз жазамыз - онда не боламыз? Тәңір, Лев Николаевич Толстой­дың біздің арамызда әлі ұзақ ғұмыр кешуін жаза гөр. Күллі заманауи орыс азаматы идеясының, бағытының, діні­нің, дербестігінің, кәсібінің айырма­шылығына қарамай, ана сүтімен қоса аз да болса оның ұлы өмір қуатынан нәр алғанын ол білсін» - деп, Александр көкейіндегісін жайып салады.

Лев Николаевич өзі жазған Ін­жілдің нұсқасында Иса пайғамбардың арыздасу сөзін былай келтіреді: «Егер қоғам сіздерді жек көрсе оған таң қалма­ңыз­дар, ол менің ілімімді жек көреді. Егер сіздер қоғам­мен бірге бол­саңыздар, онда ол сіздерді жақсы көрген болар еді. Мен сіздерді қоғам­нан бөліп алдым, соның есесіне олар сіздерді жек көреді. Егер мені қуда­ласа, сіздерді де қудалайды. Олар бұ­ның бәрін нағыз Құдайды білмеген­дік­тен жасап жатыр. Мен оларға тү­сін­діріп бақтым. Олар менің өмірімді көрді, менің өмірім олардың қателік­терін көрсетіп берді. Осынысы үшін олар мені одан бетер жек көрді».

Дәл осылай Лев Толстойдың өмірі мен идеялары көптеген пенденің қате­лік­терін көрсетіп берді. Өйткені, ол - адамзаттың абызы, тұлғалардың тұлғасы, уақыттың ұжданы еді...

Теология ілімін зерттеуге саналы ғұмырын арнағанымен, ол кісінің ислам туралы жазбаларын кездестіре алмадық. Бәлкім, ұшан-теңіз еңбе­гінің бәрін сарқып қарау мүмкін еместігінен де шығар. Алайда, шындығы - осы. Сондықтан «исламды қабылдады» деу - жаңсақтық. Мұны айтып отырғанымыздың себебі бар. Белгілі дінтанушы, Құран аудармашысы Валерия Порохова  «Егемен Қазақстанға» (2010, 24 қараша) берген, кейіннен «Казахстанская правда» газетінде де жарияланған  сұхбатында: «Лев Толстой «Мені дін мұсылман санаңыздар» деген сөзін Құранды оқығаннан кейін айтқан. Ұлы жазушының мұсылмандық ғұрыппен жерленгенін білесіз ғой?» дейді журналиске. Бұл сөздерге сұхбат алушы жақша ішінде: «Павел Басинскийдің жақында жарық көрген «Лев Толстой: «Бегство из рая» кітабында жазу­шының жер қойнына тапсырылған шағын суреттеген тұста «Тело Л.Н. положили в дубовый гроб, без креста на крышке», «Толстого хоронили, как он и завещал, «без церковного пенья, без ладана», без торжественных речей» деген сөйлемдер бар. Бұл қа­ламгердің христиан дініне сай жерлен­бе­генін көр­сетеді. Екінші жағынан, мұны «мұсыл­мандық ғұ­рып» деу де онша дәл анықтама емес сияқты» деп түсініктеме береді.  Тегінде ақиқат белортада жатады ғой, осы орайда Толстой бір діннен кеткенімен, бір дінге жетпеген  деген баға дұрыс болатын сияқты. Бірақ, бір нәрсе - хақ, ол бір Құдайды танып, соған ғана мінәжат етуге шақырады.

Мәрмар университеті теология факультетінің профессоры, доктор Рамазан Айваллының «Жизнь Пророка Мухаммеда» деген 2006 жылғы Ыстамбұл қаласында «Hakikat Kitabevi» баспасынан жарық көрген кітабында «Была только одна истинная религи я Пророка Ибрахима (Авраама, мир ему) - религия Ханиф - религия единобожия. И предки, дед, отец, мать нашего любимого Пророка Мухаммеда (алейхисселям) были мусульманами, их религия была Ханиф» деп жазады.

Ендеше, Лев Николаевичті мұсылман деуге толық имандық тұрғыдан қақымыз бар. Сонымен қатар, оның ең соңғы шығармасы - «Қажы Мұ­рат» хикаясы жазушының жүзін қайда бұрғанын әйгілеп тұрғандай.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы.

«Егемен Қазақстан», Сәрсенбі, 29 Ақпан, 2012

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2364
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661