Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2931 0 пікір 2 Наурыз, 2012 сағат 11:09

Қанат ҚАЗЫ. Құлагерден - бір, Ақан серіден екі айырылмайық!

Тонның жақсысын киген, хас сұлуды сүйген, жылқының қазанатына мініп, құстың алғырын ұстаған Ақан серінің өмірінде баз кешіп, ел-жұрттан алыстап кеткен тұсы бар еді. Әйтсе де қазақ өзінің еркесін естен шығармай, серіге деген құрметті еш ұмытпаған. Тәуелсіздіктен кейін Ақан серінің атында ауыл салынғаны да соның айғағы іспеттес еді. Алайда бүгінде сол ауылда сорайып серінің ескерткіші ғана қалған тәрізді. Ендігі күні үйінді арасында жалғыз қалған сол ескерткішті елордаға көшірмеске амал жоқтай. Кеше Сенат отырысында депутат Жабал Ерғалиев осы мәселені көтерді.

Тонның жақсысын киген, хас сұлуды сүйген, жылқының қазанатына мініп, құстың алғырын ұстаған Ақан серінің өмірінде баз кешіп, ел-жұрттан алыстап кеткен тұсы бар еді. Әйтсе де қазақ өзінің еркесін естен шығармай, серіге деген құрметті еш ұмытпаған. Тәуелсіздіктен кейін Ақан серінің атында ауыл салынғаны да соның айғағы іспеттес еді. Алайда бүгінде сол ауылда сорайып серінің ескерткіші ғана қалған тәрізді. Ендігі күні үйінді арасында жалғыз қалған сол ескерткішті елордаға көшірмеске амал жоқтай. Кеше Сенат отырысында депутат Жабал Ерғалиев осы мәселені көтерді.

Депутат алдымен Ақан сері Қорамса­ұлының ежелгі мекені маңынан 1993 жы­лы серінің туғанына 150 жыл толуына орай қос қабатты коттедж үлгісінде үйлері салын­ған су жаңа ауыл бой көтергенін айтады. Тәуелсіздіктен кейін керегесін жай­ған жаңа қоныс Ақан сері ауылы деп сері есімімен аталған. Атақты мүсінші Төле­ген Досмағам­бетовтің қолынан шық­қан Ақжі­гіттің (Ақан­ның шын аты - авт.) тамаша ес­керткіші де ауыл көркін келістіріп тұра­тын. Осы ауылға, депутаттың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Өзбекстан мен Қырғыз Президенттерімен бірге келіп, ара­лап, сүйсініп те кеткені бар екен. Алайда Ақан ауылының қазіргі жайы адам алаң­дай­тындай. Оның да себептері бар­шылық. Атап айтқанда, 1997 жылы Көк­шетау об­лы­сының әкімші­лік-шекара­лық өзге­ріс­терінің нәтижесінде Ақан сері ауылы Солтүстік Қазақстан облысына қарап кетеді. Бұған орай Ақан ауылы Көкше­тау­дан - 80, ал Солтүстік Қазақстан облысынан 250 шақырым қашықтықта қалыпты. Осы оң­тай­сыз өзгерістің салдары ма, болмаса 90-жыл­дар­дағы уақытша қиыншы­лық­тар әсер етті ме, ауыл адамдары бұл арадан ірге­сін көтеріп, біртіндеп көше бастаған-ды. Қазір бір кездері бүтін ауылды құрап тұрған 60 түтіннің 15-і ғана қалыпты. Көш­кен жұрт та өз үйлерін бұзып әкетіп, серінің атындағы ауылдың сиқын кетірген. Тек Ақан ескерткіші ғана күңірен­ген ауылда көш үйін­ділерінің ортасында жалғызда­на бастапты. Осыларды айта келе, сенатор тағы бір мәселенің шетін шығарды. «Бәрімізге белгілі бір кездері Ерейментау даласындағы үлкен дөңеске Ақанның тұлпары Құлагерге құрмет ретінде зор ескерткіш орнатылып, кейін сол ескерткіш қолды болып кетіп еді. Енді Ақан сері ауылындағы ескерткіш те дәл осылай баз біреудің қанжығасында кет­песіне кім кепіл деп алаңдаймыз. Сон­дықтан да үйін­ділер арасында қараусыз қалып, «жүдеп» тұрған серінің осы ескерт­кішін елордаға әкеліп, Ақан сері атындағы көшеге орнатсақ етті», - дейді Жабал Ерға­лиев. Расында, Құлагер ескерткіші ұрының олжасында кетті, енді айдалада аңырап тұрған Ақанды да ала кету әлдекімдердің ойында жүрмесіне кім кепіл?! Олай болып жатса, серісін құрмет тұтқан жұрт үшін бұл да үлкен сын болатыны сөзсіз.

Агробанк мәселесі тағы көтерілді

Тағы дейтін жөніміз бар: Агробанк құру мәселесі бұған дейін де дүркін-дүркін көте­рілген. Парламент пен Үкімет дең­ге­йінде біршама сөз болғанына қара­мас­тан, арғы жағы сиырқұйым­шақтанып кеткен осы өзекті мәселені кеше сенатор Қуаныш Айтаханов қайта еске салды. Сауал барысында сенатор Елбасының ағымдағы жыл­ғы Жолдауына тоқтала келе, онда шаруаларды қаржыландырудың қолжетімділігін кеңей­те түсу үшін балама жолдарды, тиімді тетік қарастыру міндеті қойылғанын атап өтті. «Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, ауыл кәсіпкерлерін несие ресурстарымен қамтамасыз етудің жағ­дайы өз дәрежесінде емес. Өйткені екінші деңгейлі банктер шаруаларға несие бермейді, кепілдікке олардың жер телімдері мен ғимараттарын, техникаларын алмайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым көпшілігі шағын шаруашылықтарда өндірілсе де, жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін несиелер тек ірі шаруа­шылықтарға беріледі», - дейді сенатор. Бұл ретте Қуаныш Айтаханұлы ауыл шаруа­шылығын қаржыландыру басқа салаларды қаржыландырудан әлдеқайда ерекшеленетінін айтады. Өйткені ауыл шаруашылығының қаржылық және өндірістік мерзімі бір-бірімен сәйкес келмейді. Бұл - бір. Екінші, еліміздің Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңіс­тікке енуін һәм алдағы кезеңде ДСҰ-ға мүше­лігін ескерсек, аграрлық секторды жаңа салаға көтеру, сала өнімінің бәсекеге қабілетті болуы талап етіледі. «Алайда біздің шаруалардың Ресей мен Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығындағы тауар өндірушілеріне қарағанда бәсекеге қабілеті төмендеу. Өйткені осы екі елде жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлімшелері барлық ауданда жұмыс істейтін агробанктер тәп-тәуір қызмет етеді. Сондықтан да ең құры­ғанда отандық тауар өндірушілердің Кеден одағы мен БЭК-те жұмыс істеуіне бірдей жағдай жасау үшін ауыл шаруашы­лығы банкін міндетті түрде құру қажет», - дейді Қуаныш Айтаханұлы. Бұдан бөлек депутат ауылда республика халқының 46 пайызы тұратынын, 200 мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші­лер­ден басқа, білім және денсаулық, спорт салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің де бар екенін атап өтті. Түйіндей айтқанда, сенатор егер ашыла қалып жатса, ауылдағы банк клиенттерінің саны 1 миллионнан аса­ты­нын есептепті. «Жалпы, ауыл тұрғын­дары­ның әлеуметтік жағдайын жақсарту, елді азық-түлікпен қамтамасыз ету, елі­міздің экспорттық әлеуетін арттырып, бюджетке қомақты қаржы түсіру - осының бәрі ауыл­да ауыл шаруашылығы банкінің керек екенін дәлелдей түседі», - дейді ол.

Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана қызу талқыланып, кейіннен Үкімет пен Ұлттық банк келісе алмағандықтан, агробанк мәселесі жылы жабылған еді. Ендігі шешім тиімді тетік ретінде тағы көтерілген осы мәселеге Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лі­гінің қандай жауап қататынына бай­ланысты болмақ.

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2365
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661