Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3809 0 пікір 2 Наурыз, 2012 сағат 07:53

Геройхан Қыстаубаев. Жұмақ қымбат па, ұлт қымбат па?

Ораза айы еді. Жұма намаздан шығып, мешіт алдында тұрғанымда жаныма толық денелі, дөңгеленген қарны бар, орта бойлы бір кісі келіп әңгіме тартты. Менің не намаз оқымайтынымды, не ораза ұстамағанымды сұрап, біліп алған соң, іш құса болып жүрсе керек, «ақылын» аямай төкті. Мезі болсам да, кетіп қалуға ыңғайсызданып, айтқандарын тыңдадым.

Сосын әңгімені мен бастадым.

- Ағасы, Сіз күндіз-түні құлшылық еткенде Құдайдан сұрайтыныңыз бір-ақ нәрсе екен. Ол - «о дүниедегі» дозақ отынан құтылуыңыз! Мұны өзіңіз айтып отырсыз. Ал мен сол дозақ отына өз еркіммен, күліп тұрып, баруға дайынмын, егер халқым осы өмірдегі дозақтан құтылса! Құтылған емес-ау, дәл бүгінгі күнінен кішкене ғана оңалса... Қараңызшы, тәуелсіз елміз десек те, қазақ өз жерінде ең соңғы сорттағы ұлт болып тұр. Өзгелерге қарағанда әлеуметтік жағдайы өте төмен. Соның салдарынан қазақ бүгін әлжуаз, ауыру ұлт. Қазақ қызы кім болса, соның құшағында кетіп, елімізде сұғанақ иттей өріп жүрген кез келген келімсектің ойнайтын ойыншығына айналды. Қызымыз күң, ұлымыз құл! Қазақ азғындап кетті. Мен мұны кімге болса да, көзін шұқып тұрып көрсетіп бере аламын.

Ораза айы еді. Жұма намаздан шығып, мешіт алдында тұрғанымда жаныма толық денелі, дөңгеленген қарны бар, орта бойлы бір кісі келіп әңгіме тартты. Менің не намаз оқымайтынымды, не ораза ұстамағанымды сұрап, біліп алған соң, іш құса болып жүрсе керек, «ақылын» аямай төкті. Мезі болсам да, кетіп қалуға ыңғайсызданып, айтқандарын тыңдадым.

Сосын әңгімені мен бастадым.

- Ағасы, Сіз күндіз-түні құлшылық еткенде Құдайдан сұрайтыныңыз бір-ақ нәрсе екен. Ол - «о дүниедегі» дозақ отынан құтылуыңыз! Мұны өзіңіз айтып отырсыз. Ал мен сол дозақ отына өз еркіммен, күліп тұрып, баруға дайынмын, егер халқым осы өмірдегі дозақтан құтылса! Құтылған емес-ау, дәл бүгінгі күнінен кішкене ғана оңалса... Қараңызшы, тәуелсіз елміз десек те, қазақ өз жерінде ең соңғы сорттағы ұлт болып тұр. Өзгелерге қарағанда әлеуметтік жағдайы өте төмен. Соның салдарынан қазақ бүгін әлжуаз, ауыру ұлт. Қазақ қызы кім болса, соның құшағында кетіп, елімізде сұғанақ иттей өріп жүрген кез келген келімсектің ойнайтын ойыншығына айналды. Қызымыз күң, ұлымыз құл! Қазақ азғындап кетті. Мен мұны кімге болса да, көзін шұқып тұрып көрсетіп бере аламын.

Биліктің телеарналардан, басылым беттерінен айтып жатқан «Қазақ байыды. Жағдайлары керемет. Әр адамға шаққанда ІЖӨ (- ішкі жалпы өнім) $9500 (АҚШ) құрайды» дегенінің бәрі далбаса. Әр адамға шаққандағы ІЖӨ деген не? Ол, қарапайым ұғыммен айтсақ, - елдегі өндіріліп айналымға түскен барлық мұнай, газ, көмір, түрлі-түсті металл, алтын, уран, осми, мақта, бидай, т.т. заттардың, жасалынған тауарлардың нарықтық құнын, т. б. барлық ішкі және сыртқы қаржылық түсімдерді ел халқы саны - 16 млн.ға бөлгенде шығатын сан. Ойлап қарасақ, ІЖӨ өссе, қарапайым халықтың жағдайы емес, ел экономикасын уысында ұстап отырған «ат төбелендей» ғана аз олигархтардың жағдайлары тікелей  жақсаратыны «көзге ұрған танадай» көрініп тұр. Мысалы, «Форбес» журналының мәліметіне сүйенсек, әлемдік  миллиардерлер тізіміне енген қазақтың қара темірінің иесі - Лакшми Митталл деген үнді азаматының байлығы $30 млрд. шамасында көрінеді. Осыған ол, Қазақстанға келген он, он бес жылдың ішінде ғана қол жеткізіпті! Сонда оның әр жылдық табысы - $2 млрд құрап отыр. Жалғыз келімсектің бір жылдық қана табысы! Енді, қызығы сол, елдегі ІЖӨ-ді есептегенде, үндінің осы жеке басының ақшасын ($2 млрд), бұл ақшаға ешқандай қатысы жоқ 210 526 адамға теңдей бөледі екенбіз! Сонда әлгі айтылған $9500 (АҚШ) шыға келеді. Оу, көке, өлшеусіз байлық біреудікі. Ал мынау қара-құрым «жалаңаяқ» тек есепке, санды санға бөлгенге ғана қажет екен!

Өркениетті елдерде, шынында да, ІЖӨ - әлеуметтік жағдайдың көрсеткіші бола алады. Себебі, оларда кіші және орта бизнес жақсы дамыған, жалпы ел экономикасының 70 - 80% құрайды. Бай, кедейдің арасы біздің елдегідей жер мен көктей емес.

Егер осы үндінің жылдық табысы, мысалы $2 млрд емес, $3 млрд десек, онда ІЖӨ   210 526 адамға шаққанда $14 250 құрайды. Ал бұдан бір адамға келер-кетер пайда жоқ. Яғни бұл, ІЖӨ өскен сайын, елдегі қаржы алпауыттарының байлығы еселей түседі де, ал қарапайым халық кедейшіліктің түбіне тереңдей береді деген сөз.  Бұл кімге қажет? Әрине елдегі байларға.

Сонда айтыңызшы, әділдік қайда? Қазақтың ұлан ғайыр жерін менің, Сіздің, жалпы қазақтың ата-бабасы қасық қанын шелектеп төгіп жүріп қорғап қалды. Ұрпағыма болсын деп шыбын жанын аямады. Өлді, қырылды! Енді бүгін нәтижесі қалай? Қай-қайдағы қаңғырып келген келімсектер шалқып, ханның өмірін кешуде. Ал заңды мұрагер қазақтар құлдың күйін кешуде. Мұндай қорлыққа қашанғы көнеміз?!

Сондықтан да, мен ертеңгі жеке басымнаң қамын ойлап, «Е Құдай, жанымды жұмаққа жібере гөр» деп, күндіз-түні құлшылық етіп уақыт ұттырғанша, қазір әрбір минутымды халқымның жағдайын жақсартуға жұмсағаным абзал. Мәселен, айтқан жерден аулақ, менің ұрпағым бірнеше жылдардан кейін азғындап, бүгінгі Америка, Еуропа елдеріндегідей еркегі - еркекке, әйелі - әйелге үйленіп жатса, онда менің жұмақта жатуымның қисыны қандай? Егер өзім ойлағандай халқымның жағдайын жақсартуға, ең болмағанда, бір тамшыдай ғана үлес қоса алсам және осы қылығым үшін күнәлі болып дозаққа кетсем, онда менің өкінішім жоқ! Мұны мен Сізге ғана айтып тұрғаным жоқ, төбедегі Құдай да естісін деп айтып тұрмын. Сіз куәсіз! Менің шын тілегім осы, - дедім. Аузын ашып тыңдап тұрған бейтанысым шошып кетті.

- Астафир-алла! Астафир-алла! Сіздің иығыңызға шайтан мініп алған екен. Шайтанның шырмауына түсіп қалыпсыз, - деді де, жөніне кетті.

Мен ойда қалдым. Шынында да бұл шайтанның шырмауы болса, онда мұндай шайтаннан айналып кетпейміз бе?

Жалпы менің бір байқағаным: санаулы рет мешітке барып діни әңгіме тыңдаған адамдардың көбісі «уағызшыл» болып шыға келеді екен. Өздерінің жоғарғы білімдері де жоқ. Есітігенін әрі қарай өрбітіп алып кете де алмайды. Бірақ уағызшыл! Осындай дүмше уағызшылдар халықты шатастырып бітті. Халық арасына тарап кеткен «Хан - Құдайдың жердегі елшісі», «Мұсылманда ұлт жоқ» деген ұғымдар осылардан шыққан сөз. Болмаса жоғары білімі бар адам, діни сауаты болмаса да, Құдайдың ең соңғы елшісі - Мұхаммед пайғамбар екенін білер еді ғой. Оның орнына «Халық -  Құдайдың бір аты» деген, көпшілікке рух беретін өнегелі сөз айтсын. Ал, енді «Мұсылманда ұлт жоқ. Мұсылман бір-біріне бауыр, туысқан» деген сөзге, әсіресе қазақтар, өте сақтықпен қарауы керек. Бұл «Мен сенің бауырыңмын. Себебі мұсылманмын» деп, еліңе әлемнің түкпір-түкпірінен келетін бар алаяққа жеріңді өз еркіңмен беру деген сөз! Сондықтан бұл тұжырым - «мұсылмандар бір-біріне дұшпан емес» деген мағынада ғана қолданылуы тиіс.

Адам өз ұлтын таңдай алмайды. Оны өзгерте де алмайды. Құдай ата-бабаңды, әкеңді қай ұлтқа жатқызды, сен де сол ұлттың өкілі болып өмірге келесің, туыласың. Ал дін - бұл енді ең әуелі сенім. Ұлтыңды өзгерте алмағанмен, адам болып, ес кірген соң дініңді өзгерте алады екенсің. Мұндай масқараға бодан кезімізде айтса сенбес едік, ал тәуелсіз ел болған бүгінгі күні көзімізбен көріп отырған шындығымыз - осы.

Сондықтан кез келген адам үшін ең бірінші құндылық - өзінің ұлты, сосын - ұстанған діні болуға тиіс!

Геройхан  Қыстаубаев,

математик

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1435
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1275
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1035
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1089