Сейсенбі, 19 Қаңтар 2021
1312 1 пікір 11 Қаңтар, 2021 сағат 14:42

Жапаров алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстандағы президент сайлауында алда келе жатқан Садыр Жапаровты "сайлаудағы жеңісімен" құттықтады.

Президент сайлауының түпкілікті қорытындысы әлі шыққан жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, Жапаров қарсыластарынан басып озған (шамамен 79 пайыз).

Ақорданың хабарлауынша, Жапаровпен телефон арқылы сөйлескен Тоқаев сайлау нәтижесі "Қырғызстан халқының Жапаров ұсынған мемлекеттілікті нығайту мен елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын дамыту бағдарламасын қолдайтынын айғақтады" деп атап өткен. Хабарламада Тоқаевтың Жапаровты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғаны, Жапаровтың президент ретінде алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтыны айтылған.

10 қаңтарда өткен Қырғызстандағы президент сайлауының алдын ала нәтижесі бойынша, Садыр Жапаров 79,24 пайызбен алда келеді. Жапаровқа негізгі бақталас делінген Адахан Мадумаров 6,71 пайыз алған. Үшінші орында 2,35 пайыз даусы бар Бабыржан Төлбаев тұр. Қалған 12 үміткердің көбі 1 пайыздан аса алмаған.

10 қаңтарда Қырғызстанда сонымен бірге мемлекеттік басқару форманы анықтайтын референдум да өткен. Ол бойынша Садыр Жапаров командасының ұсынысы – президенттік басқаруды қалайтындар басым түскен. Қатысқандардың 81,27 пайызы барлық билікті президент қолына тапсыруға келіскен. Парламенттік басқару формасын қолдағандар 10,82 пайыз, екеуіне де қарсылар 4,42 пайыз болған.

  • Былтыр 4 қазанда Қырғызстанда өткен парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген жұрт көшелерде наразылық өткізіп, мұның соңы мемлекеттік ғимараттарды басып алуға, саяси дағдарысқа алып келген. Халық наразылығынан соң үкімет те, президент Сооронбай Жээнбеков те отставкаға кеткен.
  • Саяси қарсыласын ұрлап әкеткені үшін қамауда отырған Садыр Жапаровты наразылыққа шыққан жұрт 5 қазанда түрмеден босатқан. Кейін парламент мүшелері оны премьер-министрдің міндетін атқарушы етіп тағайындады. Жээнбеков орнынан кеткен соң ол президент міндетін де қоса атқаруға көшкен. Кейін ол президент сайлауына түсу үшін уақытша президенттіктен бас тартқан.
  •  Ел басқару формасын қазіргі парламенттік үлгіден президенттік үлгіге көшіру ұсынысын да Садыр Жапаров ұсынған.

Abai.kz

1 пікір