Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3991 0 пікір 1 Наурыз, 2012 сағат 08:22

Бақтыбай Айнабеков. Аян аға, үшінші үзігіңізге үн қосыңыз

(Жазушы Аян Нысаналинге хат)

Қадірлі Аян аға!

(Жазушы Аян Нысаналинге хат)

Қадірлі Аян аға!

Кезінде, жұрттан бұрын жанашырлық танытып, өзіңіз ерекше құрмет тұтқан сазгер-ақыныңыз  Жүсіп Қыдыров жайлы бұл хатты алдымен «Жүсібіңді жатсынба, Жаңақорған!» - деген тақырыппен  аудан әкімі атына, соңынан «Қадіріне жеттік пе, пайғамбар аттас ақынның» деген тақырыппен кезінде бірінің кітабына бірі редактор болған, тіршіліктерінде бір-біріне етене жақын жүрген Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалиннің атына жазғым келді. Соңынан ойлана келе екеуінен де бас тартып, осыдан 27 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» (23.08.1985 ж) газетінің ішкі екі бетін алып  «Үш үзік» деген тақырыппен , 1984 жылы қатарынан жарық көрген М.Мақатаевтың «Шолпан», Ж.Нажмеденовтың «Қырын - қия» және Ж.Қыдыровтың «Салтанатым, шеруім» жыр жинақтары туралы жарияланған  мақалаңыз есіме оралып, бүгінде ел құрмет тұтатын, қаламы дуалы Сіздің атыңызға жазғанды мақұл көрдім. Сіздің, бірінен кейін бірі өмірден озған қазақтың қадірменді  осы ақындары кітабы жайлы  сұңғыла талдау жасаған бұл мақалаңыз дер кезінде айтылған өз құндылығымен, бүгінде менің ғана емес, талай қаламгердің архивтерінде сақталып тұрған болар.  Мақалаңыз  кезінде «мыңның айтпағын, бірдің айтар» құндылығына иелік етті. Ал қаламыңыз дуалы деп отырғаным, осы мақалада есімдері сіздің әділ сараптауыңызбен сол кездің өзінде әділ бағаға иелік еткен Мұқағали мен Жұмекен өздерінің көздері тірісінде көрмеген марапатқа, соңғы жылдары бәрібір  иелік етіп, Үкіметтің марқұм авторларға сыйлық берілмейді деген қаулыларын бұзып жарып Мемлекеттік сыйлықтар алды.  Өткен жылғы Алматы облысында,  Шалкөдеде  ақын М.Мақатаевтың 80 жылдығы өз туған жерінде республикалық дәрежеде аталып өтуі, қазақ әдебиеті мен қазақ қаламгерлеріне соны серпін, жер-жерде айта жүрер жылы леп алып келді. Өз жерлерінде туып өскен ақын-жазушыларын құрмет тұтар әкім қараларға үлкен бағдарламалы сабақ болды...

Ендігі әңгіме, өзіңіз құрмет тұтқан үшінші үзігіңіз әрі сазгер Қазақстан Жазушылары Одағының Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері  Ж. Қыдыровқа келіп тіреліп тұр.

Уақыт қандай жылдам еді. Санап отырсам, әні-мінімен, көзді ашып жұмғанша, жиырма тоғыз  жыл өте шығыпты... Осыдан жиырма тоғыз жыл бұрын  өмірінің соңғы үш жылында, бойына мықтап дендеп енген сырқатымен алыса жүріп, өр мінезділікпен тіпті, қаһармандықпен деп айтса да болады, қазақ поээзиясына бұрынғы жазған он алты кітабынан ала бөтен,  "Мың бір күн"  атты тамаша лирикалық махаббат кітабы мен "Үкілі домбыра" атты күйлер жинағын тарту етіп,  өмірден өтер алдында жабық конвертте  қалдырған    "Ақырғы өлеңінде":

Соқты минут ақырғы,

Шақырды байғыз, шақырды

Жүргейсіңдер еске алып

Махаббат болып лаулаған

Пайғамбар аттас ақынды!- деп 46 жасында қалың оқырманының қабырғасын қайыстырып, өз  аманатын  тастап кеткен, белгілі ақын-сазгер Жүсіп Қыдыровтың  75 жылдығы қазақ елінің, қазақ поэзиясының есігін ұрып тұр. Бұлай дабыл қаға ащылау айтып отырғаным  Жүсіптің осыдан бес жыл бұрын  70 жылдығы туған елі Сыр бойында да, жазушылардың қара шаңырағы Алматыда да  аталып өтпеді. Бұл біздің елдігімізге сын емес пе?...

Мен Жүсіптің тіршіліктегі соңғы бес жылғы өмірінде жанында  болдым. Осы бес жыл көлемінде мәңгілік өмір үшін  күрескен ерлігін, жарық дүниенің әрбір минутын тиімді пайдалана білген жанкешті еңбеккештігі мен махаббат сезіміне деген адалдығын сан рет өз көзіммен көрдім. Соның жарқын көрінісі - ақынның адал сезімі,  жүрегіндегі мөлдіреген сұлу махаббаты, оның  поэзия мен күйшілік өнерінде мәңгілік дүние болып көрініс тапты. Мұны ақын тіршілігінің тамырын дөп баса білген Тұмағаң, Тұманбай Молдағалиев ақынның өзі өмірден өткен соң жарық көрген "Сүйемін сені өмір!"- атты жинағына жазған  алғы сөзінде;  "Бұл кітап - махаббат жыры. Махаббат жырын жазу үшін ақын өзі ғашық болуы керек. Өзің ғашық болмай, бір сәулеге асық болмай, басқалардың көңіліне жол табатын өлең жаза алмайсың. Әсіресе, махаббат жырын жаза алмайсың,"- десе, ақын Қадыр Мырзалиев өзінің "Оралу" атты мақаласында "жазғыштар көп болғанмен, ақындар аз. Өте аз... Ал сол аздың ішіне Жүсіп Қыдыров кіреді. Ол - ақын. Қаламдас қатар құрбыларының арасында оқшау тұрған дарын"- деп салмақты бағасын берді.

Өзіңіз білесіз, Жүсіп не бәрі 46 жас қана жасады...

...Жүсіптің 60 жылдығы жақындап қалған.   Бір күні  түсімде аян алдым. Үлкен бір күмбез ішіне текшелеп жиналған мүрделер бас сүйектері арасынан Жүсіп өз басын кеудесімен бірге көтеріп;

- Бақтыбайжан, мен шөлдеп жатырмын ғой, шөлдеп жатырмын...- деді қинала. Аруақтың тіл қатуы деген осы болар.  Мен ұйқымнан шошып ояндым.  Таң ата қоймапты. Жүсіптің әлгі түсімде көрген бейнесі көз алдымнан кетер емес. "Шөлдегені несі?!.. "Әруақ разы болмай, тірінің тіршілігі алға баспайды...". Мен бұл қағиданы  тіршілігімде өз басымнан сынақ ретінде өткізіп, толық мойындаған жанмын.

Ертеңіне Кеңсайдағы мүрдесіне соқтым. Кенже ұлы склупьтор  -  Қайсар өз қиялымен әкесінің басына  домбыра ұстаған ананың терең тебіреністі бейнесін мүсін етіп көтерген-ді. Алдымнан шықты. Білген құранымды бағыштадым. Сосын терең ой құшағында көп отырдым...

Жалпы, мына заманда, қандай мықты адам болғанымен  артында нақтылы іздеуші біреуі болмаса ол адамның  еңбегі көп жағдайда  ел назарыннан тыс қалып қоя береді  ме деп ойлаймын. Әсіресе, бұл жағдай  еліміз егемендігін  алған қазіргі жаңа тарихи кезеңде  анық байқалып отырғаны жасырын емес.

Жүсіптің тірідегі тіршілігіндей өмірден өткеннен кейінгі жолы да әрі ауыр, әрі жеңіл болуда. Оны ақынның есімін ел жадында қалдыру туралы  елу, елу бес жылдығы алдында ұйымдастырылған жұмыстар  кезінде анық байқағандай болдым.  Кезінде  ауыл тұрғындары атынан Ж.Қыдыровтың есімін өзі оқыған «Талап» совхозы орталығындағы Октябрь орта мектебіне беру туралы Үкіметке  жолдаған хатымыз, елге қайта оралыпты. Осы хатқа қолдау көрсету туралы сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәмет Далдабаевқа  алғаш соққанымда, салқындау қабылдады. Менің көзімше аудандық атқару комитетінің төрағасы Қоянбай Қалмырзаев деген азаматқа телефон шалып еді, оның жауабы, ауыл азаматтары атынан ұйымдастырып, Үкіметке жазған хатымызға орай  совхоз орталығында өткен жиында елдің бір-екі шолақ белсенді ақсақалы: «Ақындығында дауымыз жоқ, бірақ қатын тастап, қатын алған, «Талап» совхозына ешбір көмегі болмаған ақынға мектеп атын қалай береміз?! »- деген пікір айтыпты. Ауыл ұйғарымы - осы. Осылай тоқтамға да келіпті.  Бәрін өз құлағыммен естіп отырмын. Хатшы маған қарады. Мен күлдім.

- Әйел алғаны үшін күстаналайтын болсақ, Абай мен Пушкиннің күні қараң болды ғой...- дедім.  Менің осы сөзім ел ағасына қамшы болған тәрізді. Сәмет ағамыз осы кездесуден соң жанына Жүсіптің бауыры Срайыл Іскендіровты алып, ақынды есте қалдыру мәселесімен тікелей өзі айналысты. Азамат екен.  1986 жылы өзі бас болып «Талап»  совхозы орталығында ақын творчествосына арналған әдеби кеш өткізіп, ақынға «ренжулі» ел ақсақалдарының көздерін ашыпты.   Артынша Жүсіптің тағы бір інісі ақын Байбота Серікбаевтың ұйымдастыруымен ақын Тұманбай Молдағалиев бастаған  бір топ белгілі ақын-жазушылар қолдаған «Ер қастерлеу - елге сын» атты  ашық хат (Қазақ әдебиеті» газеті, 25.11.1991ж.) жарияланды. Ашық хат сол кезде Қазақ ССР халық депутаты, халық депутаттары Қызылорда облыстық Кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтың атына  жазылған еді. Осындай жұмыстардың нәтижиесінде "Талап" совхозындағы Октябрь орта мектебі мен Қызылорда қаласындағы бұрынғы Ыбырай Жақаев көшесінің аты өзгертіліп ақын-сазгер Жүсіп Қыдыров есімі берілген болатын.

Жүсіп ағамыз жақсылы-жаманды екі жеңгемізбен өмір сүрді ғой.  Үлкені  Қымбаттан үш ұл, екі қыз, кішісі  Ақжолтайдан бір қыз сүйді. Кезінде екі жеңгеме екі күнімді арнап, арнайы үйлеріне соқтым. Үлкені ақын мұрағаты жайлы мардымды ештеңе айта қоймады, "Жүсіптің маған қалдырғаны, бес баласы, төртеуін үйлендірдім, кенжесі Қайсарды тәрбиелеп жатырмын"- дегеннен әрі аспаса, кіші жеңгеміз Ақжолтай жарық сәуле үшін күресіп, тәтті тіршілікке шөлі қанбай кеткен Жүсіптің көзі тірісінде бес том етіп реттеп қойып кеткен  дастандары мен өлеңдерін, 20 баспа табақ драмалық шығармаларын, 15 баспа табақ әдеби сын мақалаларын, 20 баспа табақ әлемдік классик ақындар туындылары аудармасын көрсетті. Мұнымен қабат 15 баспа табақ көрнекті қайраткерлермен, ақын-жазушылармен жазысқан хаттары топтастырылып, өзі шығарған 42 күйі мен 3 әні таспаға түсіріліпті. Жүсіп күй шығарумен бірге шебер орындаушы да еді ғой, өзінің орындауында тағы да жиырма шақты қазақ күйлері таспаға жазылып қалыпты.   Жарық көрген әдеби шығармалары мен қолжазба түпнұсқаларын, фото-архивтерін көрсетті. Мен жеңгеміздің бұл тірліктеріне разы болдым. Кезінде осы жеңгеміздің кейбір «еркеліктеріне» ашу шақырғанымда, ағамыздың «Әй, Бақтыбай, сен Ақжолтай жеңгеңнің кей мінезіне ренжіме, тіпті назар да аударма. Сырқаттанып жатқан маған жас балаға қарағандай қарап жүргенін көзің көріп жүр ғой.  Мен үшін қазір оның сол мінездері мен әрбір көркем ерке қимылдары сол қалпында өлең болып өріліп жатыр. Ғұмырым жетер болса осы жеңгеңе мың бір өлең арнап кетсем деп шамам келгенше тырбанып жатқан жоқпын ба»- деген имани сөзі есіме оралды. Ақжолтай жеңгеміз қазір өз мойнындағы жүгін жеңілдетіп Жүсіптің негізгі дүниелерін мемлекеттік архивке тапсырып үлгеріпті. Сол архивтерді жинастыру барысында   ақынның 1981 жылы дыбыс жазу таспасына өз аузынан жазып қалдырған ғұмырнамасы табылыпты. Мен білемін, бұл кезде Жүсіп әбден қалжырап қолына қалам ұстаудан қалған болатын. Осындай, өліммен өмірдің арасында жанталаса жатып ақынның өз ғұмырнамасын өз дауысымен өзі жазып қалдыруының өзі асқан ерлік қой. Ақын-сазгердің: "...бұл өмірбаянды айтып шығу, не жазып шығу - қиынның қиыны. Тіпті, мынау Батыс елдерінде, капиталистік елдердегі үлкен жазушылардың ғұмырнамасын, олардың өмірбаянын арнаулы адамдар, сол жолды қуған адамдар зерттеп, түзіп шығады. Ал енді өз басымдағы ә дегеннен көріп- білгенім, түсінген- сезінгенімнің бәрін хатқа түсіру өте қиын. Оны- жылдап-айлап зердеңе тоқылғанды қайтадан шешіп, соның бәрін үлкен бір биіктен аңғарып, пайымдау керек болады. Оған жазушының өзінің мұршасы келе бермеуі де заңды нәрсе. Келген күнде де, ол көп уақытты, көп ізденісті, өзіңнің өткен жолыңа қайтадан бір үлкен ыждағатпен, үлкен зерттеушінің көзімен қайта қарауды талап етеді. Бұл орайда менің бұл магнитафон лентасына жазып отырған өмірбаяным - көп жерінен жұрт қояр талапқа, тіпті әдеби талаптың өзіне жауап бермей жатуы әбден мүмкін. Өйткені ол - ешқандай қағазға жазылмай, тікелей ауызша лентаға түсіріліп отырған нәрсе..." деп басталатын бұл ғұмырнамасын "Ғашық ғұмыр" деген тақырыппен Барыс жылы сыншы Б.Сарбалаұлының қолдауымен "Қазақ елі" газетінің үш санына, соңынан «Жұлдыз» журналына сол қалпында жарияладық.

Артына осыншалықты асыл мұра, халқымызға келелі рухани қазына қалдырған  ақын-сазгердің алпыс жылдығын атап өту үшін мен өз тарапымнан бір жинағын жариялап, өмірбаяны жайлы бейнефильм түсіруді мақсат тұттым. Бұл мақсаттың соңғысынан гөрі алдыңғысы ауырлау болды. Өйткені,  кітап шығаруда барлық мәселе қаржыға тіреледі. Ондай қаржы ол кезде менде қайдан болсын. Жазушылар одағынан көмек қолын созуын сұрағанмен, ол кезде бұл ұйымның да жағдайы шатқаяқтап тұрған. Дегенмен,  "НҰРГРУППА" фирмасының қолдауымен Жүсіптің "Мың бір күн" махаббат кітабы "Шартарап" баспасынан менің "Ақын рухына хат" атты алғы сөзіммен жарық көрді.  Осы кітап 2000 данамен басылып шыққаннан соң, алдымен Жүсіптің өзі туып өскен «Талап» кеңшарындағы бүгінде өз атымен аталатын орта мектепте 60 жылдығы  аталып  өтті. Бұл мерекеге сол кездегі  Жазушылар одағының екінші хатшысы Темірхан Медетбек, ақынның келіншегі Ақжолтай, белгілі ғалымдар Рахманқұл Бердібай мен Құлбек Ергөбек, ақындар Қомшабай Сүйінішев, Тынышбай Рахимов, Адырбек Сопыбеков сияқты қазақтың танымалы жазушылары қатынасып, естеліктер айтып, жырларын арнады, ақынның туған елін шаттыққа кенелдірді. Кеште бұлармен қатар ақынның жерлестері мен замандастары, туыстары мен ел ағалары да Жүсіп туралы жүрек жарды жарасымды лебіздерін білдірді. Меймандар мен жерлестері Жүсіп Қыдыров атындағы мектепке арнайы сый-сияпат жасады. Осы көріністердің бәрі бейнетаспаға түсірілді.

Алматыға келген соң, Алматы мен ауылды қауыштырған осы сапарда түсірілген бейнекөріністерге қоса, белгілі қаламгерлер Қадыр Мырзаәлі мен Зейнулла Серікқалиевті  қатыстыра отырып «Ғашық ғұмыр» атты қырық минуттық бейнефильм дайындап, «Қазақстан» телеарнасы арқылы эфирден көрсеттік.

Ақын-сазгер Ж.Қыдыровтың алпыс жылдығына Қазақстан жазушылары Одағы үйінде  нүкте қойылды. Қара шаңырақта өткен салтанатты жиынды Одақ төрағасы Нұрлан Оразалин өз естелігін айтумен бастады. Белгілі сыншы-ғалым Құлбек Ергөбек ақын-сазгердің өмірбаяны мен творчествосы туралы жан-жақты қамтыған жарасымды баяндама жасады.  Жазушылар Үйінде тұңғыш рет сол кездегі бас муфти Рәтбек Нысанбайұлы ақын-сазгер рухына дұға бағыштады. Көз көрген ақын жазушылар Жүсіп туралы естеліктер айтты.

Кездесудің соңы асқа ұласты...

Бұл жайларды жазудағы басты себеп, Жүсіптің 60 жылдығын жоғары дәрежеде өткізуге ат салысқан азаматтарға кеш те болса рахметімізді айтумен бірге, биылғы есік қағып тұрған 75  жылдығын да аудан, облыс, республика көлемінде дүркіретіп атап өту үшін Сізге хат арнай отырып, міндетті түрде атап өтуге тиіс мәдени шараға қаламгерлер назарын аудару болып отыр. Өйткені осы жылы өтуге тиіс бұл мәселеге Мәдениет министрлігі, облыстық, аудандық әкімшілік әлі күнге мойын бұрмай отыр. Баяғыдай мемлекет тарапынан қаржыланатын, қазір  қаржысы жоқ жазушылардың қара шаңырағы - Жазушылар Одағы да дәрменсіз. Ақын мерейтойына назар аударылса,  бүгінге дейін нақтылы  шаралары белгіленіп, іс-қимылы көзге шалынып қалар еді ғой. Белгіленген мерекелік датаның өткізілер күндерін білер едік. Ондай ештеңе байқалмайды. Жүсіпке байланысты тіршілік  60 жылдығы қарсаңындағы жасалған шаралардан кейін сол күйі аяқсыз қалған. Несін жасырамыз, Жүсіп туып өскен Жаңақорған ауданы сол баяғы Сәмет Далдабаевтан кейін мәдениет пен өнерге жанашырлықпен қарайтын  бірінші басшыға жарымай-ақ қойды.  Бұл сөзді жан-жағымыздағы жұрт жасап жатқан тіршілікке қарап, ренжігеннен соң амалсыз айтып отырмын. Өткен жылы Мұқағали тойына байланысты ақынның ауылында бір емес, бірнеше рет болуға тура келді. Ауданда Мұқаңа арналған бұрынғы  музей үйі қайта жаңғыртылып, қандай тамаша сұлу етіп көтерілді. Алыстан мен мұндалап тұр. Ауылдағы ескерткіші  Алматыдағы ескерткішінен кем емес. Бәрінен бұрын ақын атындағы мектептің оқушылары мен оқытушылары ғана емсе, ауыл тұрғындары тұтас ақын өлеңін жатқа соғып, жерлестерінің қаншалықты мерейін көтеріп жатқанын көргенде әуесің кетеді екен. Дәл осындай дәстүр шығыста, жазушы Оралхан Бөкеев ауылында да қалыптасқан. Жыл сайынғы өткізілетін республикалық Оралхан оқуы дәстүрлі байқауының эпицентрі -Оралханның туған ауданы болып келеді. Семейдегі Абай ауданына барсаң да, ауданда жасалып жатқан шараларды зердеңе тоқып, өзіңнен-өзің Абайтанушы болып шыға келгендей әсерде қаласың. Осылардың әсері ме, өткен жылы Қарағандыда ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы ел есінде қалардай үлкен абыроймен өтті. Ұйымдастырушыларға рахмет.

Осындай игі дәстүрді ақын-сазгер Жүсіп Қыдыровтың 75 жылдығына байланысты Қызылордалықтар да неге қолға алып жалғастырмасқа?

Жүсіп туып өскен Жаңақорған ауданы өрісі малға, Сыр бойы дәнге толы. Шығысында Шалқиядай кеніші, батысында Қазақстандағы ең бай уран қоры сақталған «Хорасан» сияқты байлығы тасып шалқыған қазынасы мол аудан. Ауданда мәдени шараның не бір түрлерін дүрілдетіп өткізуге негіз бар. Құдайдың қазынасы жетеді, бірақ барды ұқсататын көкірегі ояу басшыға зар. Әйтпесе, Қызылордадағы Ж.Қыдыров даңғылы мен Жаңақорған ауданы орталығына әлде қашан ақынның мүсінін орнататын уақыт болды ғой. Бірақ облыс басшылары мұндай кесек дүниені қолға алмақ түгілі, өз атымен аталатын мектепке ақынның бюстін қоюға да шамалары келмепті.

Мен өткен жылы осы мектепте болып қайттым. Ақын атындағы мектеп оқушылары мен мұғалімдерінің әдебиетке деген ықыластарын көргенде іштей егіліп қайттым. Есіл мектептің еңсесі түсіп кеткен. Ұят...

Аян аға!

Мен Сізге бұл хатты неге жазып отырмын. Жүсіпке байланысты бүгінгі мен айтып отырған мәселені, Сіз осыдан 29 жыл бұрын жазған сол «Үш үзік» атты мақалаңызда менен бұрын көтерген болатынсыз. Жүсіптің қазақ әдебиетінде ойып алған орынын көрсетіп беру мен қатар оған лайықты назар аударуды елден бұрын көрегендікпен ескеркен де болатынсыз. Менікі сол ойды жаңғырту, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ж.Қыдыровтың 75 жылдығын лайықты атап өтуге қаламгерлердің назарын аудару. Ия,қаламгерлердің. Осы біздің қаламгерлер кейінгі жылдары өз салмақтарын өздері жеңілдетіп жүр. Содан өздерін де, өткендерін де ұлықтата алмауда. Кешегі Мұқаңдар мен Сәбеңдердің ізбасарлары ағалары жеткен салмақ беделді көтеруге өздері күш салулары керек. Мен сізге Жүсіпті ғана айтып отырмын, соңғы онжылдықта Жүсіп сияқты қаншама қадірменді ақын жазушыларымыздың туған күндері осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалар заманда атаусыз өтті. Бұл орайда Мәдениет министрлігі, облыстық  әкімдіктер өздігінше біліп жұмыс жасаудан қалған. Зиялы деген ақын жазушыларымыз өз беделдерімен осындай қомақты да салмақты жұмысқа зер салудың  орынына қара бастарының шаруасын күйттегенге мәз. Әйтпесе, атағын атан түйе тарта алмас, жасы үлке зиялы жазушылар осындай елдік мәдени мәселеге бас көз болып жатса, осындай шырыл жазылар ма еді.

Сіз не дейсіз, Аян аға.  Үшінші үзігіңізге үн қосыңыз?..

Сәлеммен, қаламдас ініңіз Бақтыбай АЙНАБЕКОВ

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1405
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1236
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 992
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1067