Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 5421 17 пікір 10 Қаңтар, 2021 сағат 13:55

Айдана Жакулина: «Ас-Ай» - Қытайдың компаниясы емес!

7 қаңтар күні сайтымызда «Бас прокурор кімді жақтап отыр?» атты мақала жарияланған еді. Жәди Шәкенұлы атты автор аталған мақаласында Кусманкызы Салтанаттың «Ас-Ай» компаниясына қатысты наразылығын жазған. Бүгін сайтымыздың электронды поштасына мақалада аты аталған «Ас-Ай» компаниясының директоры Айдана Жакулинаның жауап хаты келіп түсті. Abai.kz еркін ақпарат алаңы екенін ескере отырып, екінші тараптың да пікірін жариялап отырмыз.


Құрметті, Қазақ елі!

Мен, Айдана Асқарқызы Жакулина, 2002 жылы, Қазақстан Республикасында дүниеге келген Қазақстан Республикасының толыққанды азаматшасымын. Қазіргі таңда "Ас-Ай" компаниясының заңды құрылтайшысы әрі Директорымын. "Ас-Ай" компаниясы бәзбіреулердің арандатқанындай, ешқандайда Қытайдың компаниясы емес!

"Ас-Ай" компаниясы — бұл марқұм әкем Асқар Жакулин мен анам Жайнаның өз еңбектерімен өз қаражаттарына Қазақстан Республикасында құрған компания. 2016 жылы әкем Асқар Жакулин ауыр науқастан қайтыс болғанда, біз кәмелет жасқа жетпей қалдық. Биылғы жылға дейін, яғни, мен 18 жасқа толғанша, анам әкемнің өсиетін көзінің қарашығындай сақтап, компанияны маған табыстады!

Иә, анамның ұлты - қытай. Ол үшін ауызға келген лағнеттің бәрін айта беруге кімнің құқы бар? Тіпті, менің анам маған екіқабат кезінде, климаттың өзгешелігіне, жолдың алыстығына қарамай, мені Қазақстанда туылып, Қазақстан Республикасының толыққанды азаматшасы болсын деп елімізге қонысын мәңгілік аударып келген. Мен бұны анамның әкеме, ұрпағына деген құрметінің шексіздігі деп білемін.

Әкемнің өсиеті бойынша, компанияны жауып тастамай, менің 18 жасқа толғаныма дейін біртұтас күйінде, бастаған кәсібін жалғастырып, маған табыстауы да ерлік деп түсінемін. Мұндай ерлік әйел тұрмақ, кей ер азаматтардың да қолынан келмейді деп ойлаймын. Әрине бұл менің өз ойым...

Ал, енді "Ас-Ай" Қытай компаниясы деп шулап жүргендерге тағы да айтарым:
"Ас-Ай" компаниясы 100% Қазақстан Республикасының компаниясы. Бүгінгі күні компанияда 124 адам еңбек етуде. Оның ішінде қазақ, ұйғыр, кәріс те бар. Мемлекетіміздегі ірі компаниялардың бірі, сонымен қатар ірі көлемде салық төлеп Мемлекет қазынасына да өз үлесін тигізуде. Қазақта сөз бар ғой, "Орнында бар оңалар"-деген, сол айтқандай әкем Асқар Жакулиннің салған сара жолын жалғастырып жатқан ұрпағы бар екенін ұмытпаңыздар.

Сондықтан, Қазақ елі, Қазақ халқы! Арандату, азғыру сияқты жаман ойдан, жаман сөз жазудан аулақ болайық! Әкесінің жаққан отын өшірмей, кәсібін жалғастыруға кіріскен қаршадай Қазақ қызын қолдайды деген, өздеріңізге сеніммен Айдана Асқарқызы Жакулина.

Abai.kz

17 пікір