Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Сайлау 3860 11 пікір 10 Қаңтар, 2021 сағат 11:22

Сайлау қалай өтті?

Бүгін Қазақстанда сайлау күні. ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау процессі басталып кетті.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметтер бойынша, қазір ұзын-саны 10 060 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. ОСК-ның 10:00-дегі ақпараты бойынша, жалпы сайлаушылардың 11,6 пайызы дауыс беріп үлгерген.

(Сурет ҚР ОСК сайтынан алынды)

Айта кетейік, Мәжіліс сайлауына 5 саяси партия қатысып жатыр. Олар алдын-ала тартылған жеребе бойынша сайлау бюлетенінде төмендегідей ретпен орналасқан:

1 номерде – «Қазақстан Халық» партиясы,

2 номерде – «Nur Otan» партиясы,

3 номерде – «Ауыл» партиясы,

4 номерде – «Ақ жол» партиясы

5 номерде – «Адал» партиясы.

Жалпы осы бес саяси партиядан 312 үміткер Мәжіліс депутаттығына ұсынылған.

(Abai.kz коллажы)

Бес партия лидерлері де дауыс берді

Осы уақытқа дейін ҚР Президентінен бастап бірқатар Үкімет мүшелері мен қалалық және облыстық деңгейдегі әкімдер дауыс бергені туралы ақпарат жария болды. Олар: Қасым-Жомарт Тоқаев, Асқар Мамин, Алексей Цой, Ақтоты Райымқұлова, Кәрім Мәсімов, Жеңіс Қасымбек, Бақытжан Сағынтаев, Алтай Көлгінов, Құмар Ақсақалов, Махамбет Досмұхамбетов, Ғали Есқалиев, Өмірзақ Шөкеев, Гүлшара Әбдіхалықова т.б.

Сайлауға қатысып жатқан саяси партия лидерлері де өздері тіркелген аумақта дауыс берген. Олар: Нұрсұлтан Назарбаев, Әли Бектаев, Азат Перуашев, Айқын Қоңыров, Серік Сұлтанғалиев.

Ресми дерек

ОСК-ның 12:00-дегі ақпараты бойынша, жалпы сайлаушылардың 28,8 пайызы дауыс беріп үлгерген.

(Сурет ҚР ОСК сайтынан алынды)

Жанболат Мамай бастаған топ митингке шықты

Алматыда Жанболат Мамай бастаған демпартия құрғысы келетін белсенді топ орталық алаңға шықты. Олар бүгін өтіп жатқан Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына байкот жариялауға үндеді.

Тіркелмеген "Демократиялық партия" жақтастарын орталық алаңда қоршап тұрған арнайы жасақ. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

(Сурет «Азаттық» сайтынан алынды)

«Азаттық» сайтының жазуынша, Тәуелсіздік монументіне қарай келе жатқан топты Назарбаев пен Сәтбаев көшелері қиылысында Алматы әкімдігінің өкілдері күтіп алып, өткізіп жатқан шерудің «заңсыз» екенін айтқан. Сәлден соң шерулеткен топты арнайы жасақ қоршауға алған.

Олармен сөйлесуге Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов келген. Наразы топ: «Байкот», деп ұрандаған. Ал Алшанов бастаған топ оларды: «Ел тыныштығын бұзғысы келіп жүр», деп кінәлаған. Осылайша екі тарап арасында диалог болмаған.

«Азаттықтың» айтуынша, митинг өтіп жатқан аумақта интернет өшкен. Сондықтан, «Азаттық» тілшілері тікелей эфирде хабар тарата алмаған.

Мұндай ақпарат «tengrinews.kz» сайтында да жарияланды. Онда: «Алматылықтар бірнеше сағаттан бері жұмыс орындарында байланыстың нашарлағанын айтып шағымдануда. Олардың айтуынша, қалада интернет жоқ. Ал Республика алаңы маңында интернет толығымен өшкен. «Қазақтелеком» байланыстың нашарлағаны туралы ақпаратты теріске шығарды. Ал әкімдік әзірге үнсіз», деп жазылған.

Электораттың сайлауға қатысу белсенділігі туралы екі түрлі ақпарат тарап жатыр. Ресми ақпарат: 28,8 пайыз десе, бейресми ақпарат: 5-8 пайыздың айналасы дейді.

Ресми дерек

ОСК-ның 14:00-дегі ақпараты бойынша, жалпы сайлаушылардың 43,9 пайызы дауыс беріп үлгерген.

(Сурет ҚР ОСК сайтынан алынды)

БАҚ: Полиция 31 адамды ұстады

Алматыдағы орталық алаңға жиналған топтан кемінде 31 адамды полиция ұстап әкеткен. Бұл туралы «Азаттық» сайты хабарлады. Олардың арасында «сайлауға байкот» деп айқайлағандар мен плакат ұстағандар болған.

Полиция орталық алаңда наразыларды ұстап жатыр. Алматы, 10 қаңтар 2020

(Сурет «Азаттық» сайтынан алынды)

Ресми дерек

ОСК-ның 16:00-дегі ақпараты бойынша, жалпы сайлаушылардың 52,5 пайызы дауыс беріп үлгерген.

(Сурет ҚР ОСК сайтынан алынды)

Ресми дерек

ОСК-ның 18:00-дегі ақпараты бойынша, жалпы сайлаушылардың 58,2 пайызы дауыс беріп үлгерген.

(Сурет ҚР ОСК сайтынан алынды)

Марафоншы Марат Жыланбаев митингте ұсталды

Қазақстандық БАҚ: Бүгін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Орал қалаларында «сайлауға байкот» деп шыққан белсенділерді полиция ұстап әкеткен. Бұл митингтерді үш бірдей қозғалыстың өкілдері ұйымдастырған. Олар: Демократиялық партия құрамыз деп жүрген Жанболат Мамай бастаған топ, «Оян Қазақстан» өкілдері және шетелдегі экс-банкир Мұхтар Әблязовтың жақтастары.

На изображении может находиться: один или несколько человек, люди стоят, шляпа и на улице

(Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Ұсталған азаматтардың қатарында есімі әлемге әйгілі спортшы, марафоншы, төрт құрлықтағы барлық шөлден жалғыз жүгіріп өткен, 7 мәрте Гиннес рекордтар кітабына енген желаяқ Марат Жыланбаев та бар. Ол Нұр-Сұлтан қаласында ұсталған.

Ресми дерек

ОСК-ның 20:00-дегі ақпараты бойынша, жалпы сайлаушылардың 63,1 пайызы дауыс беріп үлгерген.

Сайлаушылардың келуі бойынша ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында (30,3%) болса, ең жоғарғы көрсеткіш - Солтүстік Қазақстан облысында (75,5%) тіркелген.

Соңғы есеп

ОСК-ның 2021 жылғы 10 қаңтарда сайлаушылардың дауыс беруге келуінің алдын ала қорытындылары туралы ақпараты бойынша, жалпы сайлаушылардың 63,3 пайызы дауыс беріп үлгерген.

Сайлаушылардың келуі бойынша ең төменгі көрсеткіш Алматы қаласында (30,3%) болса, ең жоғарғы көрсеткіш - Солтүстік Қазақстан облысында (75,5%) тіркелген.

Республика бойынша учаскелерде дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды!

Республика аумағындағы сағат белдеулерінің шекараларына сәйкес бес өңірде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары) дауыс беру астана уақыты бойынша сағат 21.00-де аяқталды.

Abai.kz

11 пікір