Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Талқы 6167 16 пікір 9 Қаңтар, 2021 сағат 20:57

Шекарамызды даулауға ешкімнің хақысы жоқ!

Халықаралық Түркі академиясы Елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізген. Онлайн және оффлайн форматта өткен жиында Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» атты іргелі ғылыми еңбектің тұсаукесер рәсімі жасалды.

Бірқатар бауырлас түркі мемлекеттерінің Тәуелсіздігіне 30 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылған жиынға қатысушылар қазіргі күндегі түркі халықтары арасындағы жан-жақты байланыстарды күшейтудің маңыздылығы мен соңғы уақтардағы РФ Мемлекеттік Думасы депутаттарының Қазақстан территориясына көз алартуы жайында сөз қозғады. Қазақстанның территориялық тұтастығын қолдайтындарын айтты.

Сонымен, Түркі жұртының ақсақалдары қазақ жері туралы не деді? Біз шолып шықтық.

Осмонакун Ибраимов, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы:

- Қазіргі Еуразия кеңістігінің ғасырлар бойығы тарихын және бүгінгі келбетін түркітілдес мемлекеттерсіз елестету мүмкін емес. Әлемнің саяси картасында біздің тәуелсіз мемлекеттер пайда болғаннан бергі отыз жылда, біз олардың заңды халықаралық құқық субъектілері әрі әлемдік контексте тәуелсіз мәдени-экономикалық құрылым ретінде толық қалыптасқандығын батыл түрде айта аламыз.

Қазіргі заманда халықаралық деңгейде мойындалған ұлттық шекараларды өткен тарихтың даулы мәліметтеріне, аңыздар мен мифтерге сүйеніп қайта даулауға ешкімнің қақысы жоқ.

Гасан Гасанов, Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі:

- Қазақ халқының және оның мемлекеттілігінің тарихи тамыры мыңжылдықтардан, нақтылап айтқанда, сақ-скиф дәуірінен бастау алады. Бұл даусыз дерекке Страбон, Геродот, тағы басқа да көне заманғы авторлардың еңбектеріндегі мәліметтер айқын айғақ бола алады.

Алтынбек Мамаюсупов, ТүркПА Бас хатшысы:

- Бүгінде халықаралық қауымдастық соңғы онжылдықтағы ең өткір сенім дағдарысын бастан өткеруде. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы біздің елдеріміз аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайта түсуге бағытталған бірқатар бастамалар арқылы оңтайлы жауап бере алады.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңғы оқиғалар тұрғысынан шындығында да өте өзекті мәселелерді көтерген әрі Қазақстанның алдағы даму бағдарын айқындай түсетін мақаласын айрықша атап өтуге болады.

Халил Ақынжы, Түркі Кеңесінің алғашқы бас хатшысы:

- Әлем тарихын түркі халықтарынсыз елестету мүмкін емес. Жаһандық деңгейдегі ғылыми жетістіктер мен мәдени құндылықтардың көпшілігі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі кеңістікті алып жатқан біздің алып құрлығымызға тиесілі. Сонымен қатар, бұл аймақтың ең ірі қақтығыстар алаңына айналған да кездері болды...

Өткеннің еншісіндегі даудың бәрі біздің тарихи санамыздың терең түкпірінде қалуы керек және келешегіміздің кемелдігі үшін одан сабақ ала білуге тиіспіз.

Бүгінде БҰҰ және барша әлемдік қауымдастық мойындаған түркі мемлекеттерінің тәуелсіздігі тоқтаусыз нығайып келеді. Бүгінгі конференция сияқты ғылыми форумдар біздің елдеріміздің және көршілес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығая түсуге ықпал етеді.

Сонымен қатар, бүгін таныстырылған Түркі академиясы түпнұсқа мәліметтерге сүйене отырып ыждаһаттылықпен әзірлеп шыққан Түркі әлемінің Атласы бұл бағыттағы алғашқы бірегей басылым болып саналады. Ендігі жерде бұл атлас біздің бірінші болып жүгінетін сенімді тарихи дереккөзге айналады деп сенемін. Түркі академиясын осы жетістігімен шын жүректен құттықтаймын.

Әділ Ахметов, Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі:

- Бұл конференция және оның терең ғылыми мазмұны халықтар арасына ірткі салып, Қазақстан және Ресей халықтарының достығына сына қаққысы келетін әртүрлі санаттағы саяси сайқымазақтардың жалған әрі негізсіз әрекеттеріне лайықты жауап болды.

Тақырыпқа тұздық: Осыған дейін (былтырғы жылдың желтоқсанында, Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында) Ресей Мемлекеттік Думасының үш бірдей депутаты (Вячеслав Никонов, Евгений Федоров және Владимир Жириновский) «Қазақстанның территориясы – Ресей мен КСРО-ынң сыйлығы», «Қазақтарда жер болмаған», «Солтүстікте қазақтар тұрмаған», «Қазақстан жерді қайтаруы керек», деп мәлімдеген еді.

Орыс депутатарының бұл айтқандары қазақ қоғамында қызу талқы болды. ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігіне наразылық нотасын тапсырып, министр Мұхтар Тілеуберді: «Олардікі - қысыр сиырдың қыңырлығы», деп мәлімдеген.

Кейін, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің «Егемен Қазақстан» гәзетіне шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ.

Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек», деп жазды.

Айта кетейік, Қазақстанның астанасында өткен «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференцияға ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Ақынжы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Қазақстандағы Әзербайжан елшісі Рашад Маммадов, Түркия елшісі Уфук Экиджи, Мажарстан елшісі Михай Галошфай, Өзбекстан Сенатының депутаты Азамат Зие, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Әділ Ахметов бастаған ҚР Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері және тағы 20-дан астам мемлекеттен танымал түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Abai.kz

16 пікір