Жұма, 17 Мамыр 2024
Ғибырат 5700 1 пікір 25 Желтоқсан, 2020 сағат 12:24

Мұғалім – халықтың шамшырағы

Тарихымызға көз жүгірткенде халқымыздың мұғалімді ерекше құрметтеп, оқыған, тоқыған адамды (елге қызмет еткен, ұлтын сүйген) ерекше қадірлегендігін көреміз. Білімділік пен мұғалімге деген құрмет ғасырлар бойы жалғасын тапқан. М.Жұмабаевтың «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы-мұғалім. Еліміздің  аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын мұғалімдердікі»- деген тұжырымдары  сөзімізге дәлел.Мұғалім-ұлттық білім мен даналық қазынасының сақтаушысы болды.Осыдан жүз жыл бұрын Алаш зиялыларының елі үшін жасаған жанкешті еңбектері тарихтағы мұғалім, ұстаз бейнесін көрсетеді. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов бастаған аз ғана шоғыр зиялыларымыз аласапыран заманда нағыз ұстаз ретінде қазақ баласын оқытып, тәрбиелеп те кетті. Олардың мұғалімдік бейнесі ұстаздықтың  нағыз үлгісі. Жазған еңбектері әлі күнге дейін біздерге рухани тәрбие беріп жатыр. 

Қоғамның және мемлекеттің даму кезеңдерінде  мұғалімнің мәртебесі өзекті тақырыптардың бірі болып, мұғалімнің орны туралы мәселелер қашанда талқыланып отырған.

Қазақ зиялылары өкілдері халыққа білім беру мәселесін жолға қоюда, алдымен оны халыққа түсіндіруді көздеген. Білім мәселесіне жеке адам мүддесі тұрғысынан емес, алдымен ұлт мүддесі, одан қалды адамзат мүддесі тұрғысынан қараған.Білім беру мәселесі тұрғысында жіберілетін қателіктерге де аса мән берген. 

Педагог тұлғасының өзі,  тәрбие берудің  басты  құралы болды. Сондықтанда, мұғалімде жоғарғы құндылықтар: жан-жақты білім, «ата-ана» рөлі, кәсіби талант, ерік-күш, өзін-өзі ұстай білу, талап қою, ашықтық,   кешірімшілдікпен түсіністік  қарастырылды.

Қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеев мұғалімнің беделі туралы қазіргі күнге де пайдасы зор құнды пікірлер қалдырды.С.Көбеев ауыл мектептерінде қазақ балаларына ана тілінде білім беріп, ел ішінде зиялылықтың нәрін тарата білген.

Спандияр Көбеевтің 1960 жылы жарық көрген «Таңдамалы шығармалары» еңбегіндегі: «Кіші Құмда мұғалім  болып жүрген кезде әрдайым қол бос уақыттарда ауыл адамдарын жинап алып, жаратылыс, география, тарих тағы  басқа ғылымдардан хабар беріп отыратын болдым. Солармен  қатар қазақтың ауыз әдебиетінен  мысалдар келтіріп, орыстың жазба әдебиетін өзінше айтып беріп отырдым. Мұның өзі  бір жағынан  менің ауылда  беделді болуыма себепші  де болды. Мен Пушкин, Лермонтов, сияқты  ақын-жазушылардың шығармаларының  мазмұнын айтып, түсіндірумен қатар, әсіресе Крыловтың  мысалдарын көбірек  оқып беріп жүрдім» - деген жолдардан ұстаз еңбегінің негізгі мазмұнын пайымдаймыз.

 Мәселен, «Әрине  алғырлық та, тапқырлықта, ептілік те, икемділік те, табандылық та қажет. Бұлар оқытушының беделді болуының құралы болуға тиіс. Халық оқытушыны  өзінің шын досы, ақыл айтар данасы,  қараңғыда сәуле шашар шам-шырағы деп білу керек. Мұның үшін  оқытушы  ең алдымен өз оқушыларының алдында беделді болуы қажет.Оның бір негізгі шарты-оқытушының  өз дәрісін жақсы меңгерген адам болуы былай тұрсын, оның берген сабағы оқушыға әрі түсінікті, әрі қонымды болуы қажет. Оқытушы әрбір сабаққа жақсы дайындалуы керек»,-деген идеялары қазіргі ұстаз бейнесін қалыптастыру үшін де аса қажет.Халық мұғалімінің,оқытушының  беделді болуы, оқудың  сапалы болуы оқушылардың тиянақты білім алып, саналы тәрбиеленуін қамтамасыз етеді деген мазмұндағы тұжырымдары да маңызды.

С. Көбеев мұғалім беделін көтерудің  үлгілерін: қоғамдық  жұмыстарды белсене атқаруы қажеттілігін, педагогика  ғылымын  егжей-тегжейлі білуге міндетті екендігін, мұғалім өз пәнін өте жақсы білумен  қатар, басқа пәндерден де хабары болғаны жөн екендігін, ол кластың  құрамын, әр баланың жеке бас  ерекшелігін зерттеп үйренгені дұрыстығын, балалар  ұжымымен  қоян-қолтық  араласып, оларға талаптар қойып, олардың орындалып отыруын бақылауға міндетті екендігін, мұғалім  жүріс-тұрысы, киген-киімі, сөйлеген сөзі арқылы үлгі болу керектігін, мұғалім баланы жақсы көруі қажеттілігін  айтқан еді. 

Мұғалім бейнесі туралы сөз қозғағанда бұрынғы уақыттарда ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасының ерекше бір сыйластыққа, қайырымдылық мәнге ие болғандығы туралы жиі айтылады. Өйткені, ұстаздың жеке басы, яғни өзін-өзі ұстауы, білімі мен сөзі шәкіртіне үлгі бола білді.

«Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің   психологиялық және педагогикалық  идеяларындағы: «Шәкірт  тәрбиесі үшін ұстаздар  мен  тәрбиешілердің  жеке өнегесінің  де ролі зор.Тәрбиешілердің өздері қалайша тәрбиеленген - гәптің үлкені осында»- деген пайымдаулардан қазіргі уақыт үшін  ерекше мағынасы бар ойларды көреміз. Әбу Насыр әл-Фарабидің   түсінігінше: мұғалім де, ізгі қала басшысы да тәрбиешілік  қызмет атқаратын адамдар.Мұғалім баланы  тәрбиелесе, қала бастығы  мұндағы  барша халықты  тәрбиелейді. Демек, ұстаз тәрбиесі - халық тәрбиесінің тетігі. 

1968 жылы «Қазақстан мектебі» журналының №8 санында жарияланған «Мінез-құлық дағды, әдеттерін  тәрбиелеуде мұғалімдердің жеке басының үлгілігі» мақаладамұғалімнің бойынан сыпайылықтың мынадай белгілері талап етілген: «қоғамдық моральға тән қасиет, жеке адамның өзін байсалды ұстай білу керектігі, айтқан сөзге беріктік, өзі жете білмейтін мәселені білем демеушілік, адамның талапты өзіне де басқаға да қоя білу керектігібарлық  уақытта өзін жинақы ұстау қажеттігі, көпшілік арасында адам өзін бір қалыпты ұстай біліп, біреудің айтқанын  тыңдай білушілігі,адамдармен қарым-қатынаста мінез-құлықта жасандылықтың болмау керектігі, сыртқы көрінісінің көзге ыңғайсыз көріну жайы т.б.».Мұғалімнің балаға ықпал етіп, үлгі болу жағы қарастырылған. КСРО тұсында қоғамдық пікір ерекше назарда болды.Мұғалімдер өмірінде халыққа  білім беру қызметкерлерінің сьезі, қалалық және аудандық конференциялар маңызды роль атқарған еді.

Кеңес Одағы тұсында білім мазмұнының ұлттық сипатынан айырылғандығы шындық. Алайда, мұғалімге қойылатын талаптар арқылы жақсы мамандар тәрбиеленді. 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім беру саласында мұғалім мәртебесін көтеру, мұғалім мамандығына түсушілер арасында бәсекеге қабілеттілікті қалыптастыру,  білім беру  бағдарламаларының сапасын арттыру  сынды оңтайлы шаралар жүргізілуде.«Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануының да тарихи  маңызы зор.Аталған Заңда«Қазақстан Республикасында педагогтің ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді» -деп жазылған. Осыған орай педагогті өз міндетіне  жатпайтын функцияларға  тартудан қорғау, қарастырылмаған есептіліктен босату сынды мұғалімдердің құқықтарын қорғау  мәселелеріне  ерекше мән беріліп отыр.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында педагог кәсібінің мәртебесін көтеру және педагогикалық білім беруді жаңғырту өзекті мәселе екендігі атап көрсетілген. Осылайша, мұғалім мәртебесін биіктету мәселесі қолға алынуда. Алайда, мұғалім бейнесіне сай болу ұстаз болуға талпынған адамның адамгершілік жауапкершілігіне қатысты мәселе. Ата-ана баланың тағдырына бірінші жауапкер болса, мұғалім екінші жауапты адам. Нағыз ұстаз шәкіртін өзінен асыра тәрбиелеп, елге қызмет ететін тұлғаны қалыптастырады. Сондықтан да, мұғалім бейнесі арқылы қоғамның даму деңгейі айқындалады. 

Бақыткүл Қуандыққызы Сарсембина

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2210
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625