Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көкжиек 10657 3 пікір 24 Желтоқсан, 2020 сағат 12:15

«Тұтас түрік елі» – «Мәңгілік ел» идеясының асыл мұрасы

Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың өткен ғасырлардан бергі асыл арманы болғаны баршаға аян. Болашағымызға бағыт-бағдар беретін де, ұлтымыздың арманын бір арнаға тоғыстыратын да, асқақ ұлы мақсаттарға жетелейтін де осы Мәңгілік Ел идеясы екені анық. «Мәңгілік ел» Түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк бабамыз негізін қалаған идея екендігін қазіргі тарихымыздың шежіре  беттері дәлелдейді. «Ол алғаш Қытай мектептерінің бірінен білім алып, сол жұрттың түрлі губернияларында прокурорлық қызмет атқарып, заң саласын жетік меңгереді. Кейін Құтлық қаған Елтерістің көмегімен екінші Түрік қағанатын құрған кезде оған қолдау көрсетеді. Қағанат орнап болғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын насихаттауды жүзеге асырады». 

Қазақ даласында өмір сүрген көшпелілер мемлекеттілігінің тұтас даму үрдістері мен этномәдени ерекшеліктерін ғылым таразысына салып, қайта зерттеу бүгінгі қазақ өркениетінің қалыптасу, даму жолдары туралы кең мағлұматтар береді. Бүгінгі қазақ жұртына «Қазақстан – 2050» стратегиясының ұсынған Мәңгілік Ел идеясының мәні өз бастауларын тарихтың терең қойнауларынан тарқатады. Түркі жұртының  қара шаңырағы Қазақстанның ежелгі ата-бабалары Көк түріктердің  енгізген Мәңгілік Ел идеясын қайта жаңғыртып, ұлттық идея ретінде ұлы бағдаршам етіп алуы өзекті мәселе болмақ.

Түркі жұртының ұлы тұлғасы Ысмағұлбек Ғаспірәлі «Тілде, істе, пікірде – бірлік!» деп жар салды. Оның «Мәңгілік Ел» идеясының түп тамырын жалғастыратын түркі бірлігін насихаттаған «Тәржіман» (1883) газетін жарыққа шығарып, әлемді дүр сілкіндіргені белгілі. Ахмет Байтұрсынов бұл басылым туралы: «Бүгінге дейін жарық көрген «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқаларды» – «Тәржіманның» балалары деп атағаны көп жәйтті аңғартса керек. Бұл идея туралы Иоллығтегін қаған «Тұтас түрік елі» деп тасқа қашап жаздырса, «Күлтегін» жыр жолдарында: «Жоғарыда Көк Тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, Екеуінің арасында адам баласы жаралған», – деп жеткізген. 

Көне түрік жазбаларындағы бұл жазба деректер түрік дүниетанымының терең рухани маңыздылығын танытады. Көк Тәңірі құпия тылсым күш деп танылған. Көк Тәңірдің құдіретімен түріктер Көк бөріден тараған деген тотемдік көзқарас тудырған. Осылайша «Тәңір» мен «Түрік» сөздері ерекшелене түскен. Оларға иелік еткен қолбасшылар «бектер» деп аталған. 

Бумын қаған іргесін қалаған Түрік қағанаты Византиямен шекараласып, Персия, Үндістан, Қытай мен шектесетін іргелі империяға айналды. Кейін Қытайдың саяси іс-әрекеттерінің әсерінен алып қағанаттың іргесі сөгіле бастайды. Қытай императорлары өз саясатын жүзеге асыру үшін қағандарға өз қыздарын беріп, оларды бағындыруды көздейді. Түріктердің тәуелсіз саясатына кедергі жасап, оларға Қытай мәдениетінің құндылықтарын мойындату арқылы түріктердің көшпелі мәдениетін күйретіп, оларды өздеріне құл ету мақсатын көздейді.  Осындай әдістерді қолдана отырып, Қытай императорлары 709 жылы түрік Батыс және Шығыс Түрік қағанаттарының қағаны Қапағанды (Мойыншор) қолға түсіреді.Түрік қағанатын қайта қалпына келтірген Елтерістің (Құтлығ) інісі Қапаған қаған қартайған шағында түрік заңын бұзып, Түркештердің қағанын өлтірді. Қапағанға наразылық білдірген түрік халықтары жан-жаққа бөлініп, Қытайға біртіндеп бодан болуға бет бұрады. Осы ретте данагөй қарт Тоныкөк оларға Қытай мәдениетін ішке ендірмеу қажеттігін түсіндіріп, бұл мәдениеттен түрік мәдениетінің ерекше орны бар екендігін паш етеді. Бірақ Қапаған қаған оған қарсылық білдіреді. Түрік халықтарының бірлігі мен азаттығын, мәдени-рухани тұтастығын сақтап қалу үшін Күлтегін 716 жылы әскери төңкеріс жасап, Қапаған қағанның басын алады. Ол өз халқына:

Бек ұлдарың құл болды,
Пәк қыздарың күң болды.
...Түрік, оғыз бектері, халқы, тыңдаңдар!
Биіктен тәңірі баспаса, 
Төменде жер айналмаса,

Түрік халқы, ел-жұртыңды кім қорғайды?, [1]–

деген ұран сөздерін арнап, түріктерді бірлікке, тұтастыққа шақырып, түркі бірлігінің негізін қалады.  Таққа ағасы Білгені қаған етіп отырғызады. Осы кезде түріктер үшін өз ұрпағын сақтап қалу маңызды болды.  Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөк түркі жұртының басты жауларының қытайлар екендігіне көз жеткізіп, оларға қарсы идеологиялық саясат қалыптастырудың жолын ұсынды.

Осындай идеологиялық ұстанымды қалыптастыру Тоныкөк сияқты мемлекетшіл ақылгөй даналардың еншісіне тиді. Қытай мәдениетінің көшпелілер мәдениетін жоюға бағытталған мақсаттарын аңғарған қолбасшы өз халқын олардың мәдениетінен алшақ ұстауға тырысты. Осылайша түріктердің саяси идеологиясы  «Тұтас түрік елі» идеясына ұласты. «Қытай мемлекетімен арада болған мың жылдық тартыс түркілер үшін «Тұтас түрік елі» концепциясын қалыптастырды. Себебі, қытайлар мен түріктер арасындағы күрес – тек мемлекеттер арасындағы немесе ұлттар мүддесі арасындағы тартыс емес, екі түрлі дүниетаным мен мәдениет, руханият пен өркениеттер арасындағы қақтығыс болды. Қытайдың дегенін іске асырмайтын ұлттық идея – «Тұтас түрік елі» идеясы өз мінберіне орнықты. Бұл идеяның негізін Құтлығ, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк және Иоллығтегін сияқты көктүріктер қалап, Көк Тәңірге бас ие отырып, өз елінің жерін, халқын биікке көтеріп тарихта өшпес із қалдырды [2].

Бүгінгі «Мәңгілік Елдің» мақсат-мұраттарын көздейтін «Тұтас түрік елі» идеясын Иоллығтегін тасқа қашап жаздырып, ұрпағына мирас етті. Ескерткіштердегі жыр жолдарында түркі жұртының басын біріктіріп, мемлекеттілікті құру үшін бабаларымыздың «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» көрініс табады. Сондықтан түрік тектес халықтардың жойылып кетпей, бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекеттерге ұласуы «Тұтас түрік елі» идеясының маңыздылығынан туындайды [3].

Күлтегін сыйлығының лауреаты Сатай Сыздықов ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясын үш тұғырда қарастырады: оның біріншісі – көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» манифесі, екіншісі – Әл-Фарабидің философиялық шығармаларының бірі «Қайырымды қалада» бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Осы рухани жәдігерлер бабалар мұратымен жалғасын тауып, «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтаса байланысады[4].

Тас ескерткіштерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндестік тауып, еркіндік пен азаттықтың, сондай-ақ тәуелсіздікке жетудің нышандарын айғақтайды. Мысалы, Күлтегін ескерткішінің бөрі бейнелі бесбұрышты қалқан тәрізді болып келуі Көк бөріден тараған түркі халықтарының ежелгі тотемдік нанымына негізделгендігі байқалады. Бұған дәлел ретінде Қытай  жылнамаларында жазылған түркі жұртының негізін қалаған Ашина Алтайдың «өзінің тегін ұмытпайтындығын елге жария ету үшін қақпасына қасқыр басты туын іліп қойғандығы» туралы деректерді келтіруге болады. Тудағы бөрі бейнесі сәндік ұғымды емес, саяси-әлеуметтік, яғни елдік пен еркіндікті, тәуелсіздік пен азаттықты айшықтайды [5]. Сондықтан Бөрінің бейнесі көптеген түркі тайпалары мен руларының таңбасы болған. Сондықтан белгілі түрколог ғалым, тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы да: «Мәңгілік Ел» идеясы тектен-текке шыққан дүние емес. Кезінде Түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк абыз негізін қалаған идея» дейді. [6]. Осы орайда Елбасының: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел –жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы» деген пікірлері орынды. 

Түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемелерін Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Азаматтық саясат», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері» еңбектерінде сөз етеді. Адамдардың бақытқа жету жолындағы қайырымдылық пен түсінушілік, достық пен бейбіт ғұмыр, мәнді тәрбие мен маңызды тәлім – Әл-Фарабидің философиялық көзқарас туралы теориясының құнды тараулары болып табылады. Түркі мемлекеттерінің сабақтастығы қазақ хандығы тұсында да жалғасын тапты [7]. Қазақ хандары Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан мен Кенесары хандарымыздың көрегендік билік жүргізуінің арқасында қазақ елі ұлан-байтақ жерге ие болып, «Мәңгілік Елге» айналды. Қазақ тарихының жарқын беттерінен орын алатын Алаш қайраткерлері де тәуелсіздік идеясын одан әрі жалғастырып, өз жұртының ұлт ретінде дербес өмір сүруге,өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатынын жария етті. 

«XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды» [8]. 

  Бүгінде Алаш қайраткерлері армандаған, сол жолда жанын сала күрескен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Кеңестік идеологиядан арылып, ұлттық сана-сезім оянды. Мұстафа Шоқайдың: "Ұлтшылдық идеясы –  халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да өмір сүреді"[9], – деген сенімді сөздері ғасыр соңында жүзеге асты. Енді тәуелсіздігімізді баянды ету үшін ұлттық сананың жаңғыруы, ұлттық намыс пен ерік-жігеріміздің асқақтауы аса қажет. Ұлттық идеялардың қазаққа қызмет етуін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Себебі ұлттық идея – кешегі алашордашылардың бойтұмары болса, бүгінгі тәуелсіздіктің бағдаршамы.

Алаш зиялылары адам алдымен өз халқы үшін «емірену керек, егілу керек!» деген ұстанымды ұлттық идея ретінде алға тартады. Олардың өз халқының қамы үшін барлық өмірлерін сарп етуі әрдайым көзсіз ерлік пен саналы іс-әрекеттің жемісі. Сондықтан олардың сауаттылықтың, терең білімділіктің қазақ үшін қандай қажетті құбылыс екенін жете түсінгенін байқаймыз. Олар  қазақ қоғамындағы жаңашылдық негіздегі мектептердің көбейгенін қалайды. Адамның білімге деген құштарлығының шексіз болатындығына, қазақ жастарының әрбір бос өткен уақытының өкінішті екенін шығармашылықтарында өрнектеп отырады [10].

Бүгінгі Қазақстан өз халқының әлеуеттік сапасын арттырып, ғылым, білім, инновациялық ізденістер жолында үздік жетістіктерге жетіп, өз тілімізді ардақтап, дініміз бен тілімізді, рухани жаңғырудың ізгілік мұраттарын одан әрі жандандырып, «Мәңгілік Ел» тұғырынан мәңгілікке орын алуды биік мақсат тұтады.

Кешегі ұлт бірлігін, қағанат билігін мәңгілікке сақтап қалуды мұрат тұтқан Білге қаған,Тоныкөк, Күлтегін бабаларымыздың «Түркі бірлігі» концепциясы бүгінгі «Мәңгілік Ел» идеясын қалыптастыруға негіз болмақ.  Осы ретте М.Жұмабаевтың «Мәңгілік Елдің» ана тілінің негізінде ғана қалыптасатындығын өзек еткендігі: «Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың мәңгілік ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағандығын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиісті. Түрік елінің келешек тарихында қазақ ұлты төрден орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік» [11], – деген жолдарынан байқалады. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-жақты түсінгендігін аңғартады. Бүгінгі ұрпақ XX ғасырдың басындағы ұлт зиялылары таңдаған білім мен біліктілік жолын бағдаршам етіп алып, туған еліміздің тәуелсіздігін сақтауға, ұлтымыздың рухани жаңғыруын мақсат тұтып, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын дамыту арқылы «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырмақ. Кешегі «Түркі бірлігі» мен «Алаш идеялары» – бүгінгі «Мәңгілік Елдің» ұлттық концепциялары ретінде қалыптаса бермек!

Пайдаланған әдебиеттер

1 Кенжебаев Б. Түрік қағанатынан бүгінге дейін.  //Ана тілі, 2004.
2 Гумилев Л. Көне түріктер.–Алматы: Білім,1994.
3 Карибаева А. «Түрік бірлігі» идеясынан «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясына дейін. 2016.
4 Президент Н. Назарбаевтың халыққа Жолдауы. Қазақстан - 2050 «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»,  -Астана,  2014.
5 Мукушева К. ХХ ғасыр басындағы қазақ көсемсөзі:  ұлттық дүниетаным және "Дала" концепті. Философия ғылымдарының (PhD) докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. –Алматы: Қазақ университеті, 2017.
6 Баласагуни Юсуф. Благодатное знание. Л. 2010.
7 Қожа Ахмет Йассауи. Диуани Хикмет(Ақыл кітабы). А., 2010.
8 Махмұд Қашғари. Түркі тілдерінің сөздігі. 1,2-т., А.,2010.
9 Бұлұтай М. Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды? - Алматы, 2011.
10 Бұхар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары. Алматы, 2011.
11 Қазақ әдебиетінің тарихы. 3-том. Алматы, 2000. 355 б.

Ғ.Т. Майкотова,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Abai.kz

3 пікір