Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
6122 6 пікір 11 Желтоқсан, 2020 сағат 17:43

Қытайда білім алу жақсы ма, жаман ба?

Қазақстан студенттері арасында жоғарғы білім алу үшін жиі таңдалатын шет мемлекеттер тізімінде Қытай екінші орында екен. Қытайға білім іздеп барып жатқандар саны да аз емес. Ал сол Қытайға барған Қазақстан студенттері қайда және қандай білім алып жатыр? Олардың келешектегі жоспарлары қандай?..

Соңғы жылдары Қытайда білім алуға деген сұраныстың жоғарылауы – бізде ғана емес, әлем елдерінде байқалған тенденция. Қытай өз елінде шетелдік студенттерді оқыту жағынан әлемде АҚШ пен Ұлыбританиядан кейін үшінші орында тұрған мемлекет. Мысалы, 2018 жылы ҚХР-да әлемнің 196 мемлекетінен 490 мыңнан астам студент білім алған екен. Бұл көрсеткіш 2020 жылы жарты миллионнан асып жығылуы мүмкін деп күтілген. Алайда бүкіл әлемді әбігерге салған Covid-19 пандемиясы бұл жоспарға кедергі келтірген.

Қазір Қытайда оқып жатқан шетелдік студенттердің дені Оңтүстік Кореядан екен. Онан кейін АҚШ, Тайланд, Ресей, Жапония мен Индонезия. Қазақстан бұл тізімде 9-шы орында. Ал қазақстандық студентердің сұранысы бойынша білім жетілдіруге қолайлы мемлекеттер ішінде Қытай Ресейден кейінгі екінші орында тұр және ҚХР біліміне сұраныс жылдан жылға артып келе жатқаны да факт. Мысалы, 2007 жылы Қытайда 3 мың қазақстандық студент оқыса, 2020 жылдың басында (індетке байланысты эвакуациялауға дейін) олардың саны 14 мыңға жеткен. Ал 2010 жылы Қытайдағы қазақстандық студенттер саны 20 мыңға жуықтаған. ҚХР Білім министрлігінің мәліметінше, соңғы он жылда Қытайдың жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер саны 14 есеге көбейген.

Қытайдағы қазақстандық студент

«Қоғам пікірі» зерттеу Институты мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанынан құрылған Конфуций Институты Қазақстандық жастардың Қытайға жасап жатқан білім миграциясы туралы зерттеу әзірлепті. Тақырыбы мынадай: «Қазақстаннан Қытайға білім миграциясы – екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің бір аспектісі». Аталған зерттеуге сүйеніп, Қытайдағы Қазақстан студентінің бет-бейнесін шамалап түзіп шығуға болады екен. Сонымен, Қытайдағы Қазақстан студенті:

Ол - жас жігіт (жігіттер қыздарға қарағанда 1,2%-ға көбірек), қазақ (97,1%),  жасы 20-ларда (30,2%). Қытайдың Сиан қаласында, Сиан университетінде оқып жатыр делік, өйткені қазақстандық студенттедің 32,2%-ы осы қаланы таңайды екен. Мамандығы - шет тілдері маманы (13,7%), оның ішінде қытай тілі мен мәдениетін таңдаған (30,0%). Бұл оның шетелде білім алудағы алғашқы тәжірбиесі (85,3%). Білім алу процессіне көңілі толады (94,7%), алайда оқу процессінің айтарлықтай қиын екенін айтады (97,3%). Оқудан бос уақытын ғаламтордан, газет-журналдардан ақпарат қараумен өткізеді (63,1%).

Бұл респонденттердің жауаптары негізінде жасалған қазақстанық студентің жалпы портреті (мысал).

Неге Қытай?

Енді жаңағы зерттеудің негізгі нәтижелеріне бір тоқталып өтейік. Зерттеу авторлары респонденттерден жоғарғы білім алу үшін неге дәл Қытайды таңдғандарын сұрапты. Жауаптары мынадай:

Респонденттердің 49,6%-ы: «Қытай шетелдік студенттерге ерекше қамқорлық көрсетеді», деп жауап беріпті. Онан соң, 45%-ы оқу мен жатақжай бағасының арзандығын, 41,8%-ы білім сапасының жоғары екенін, 39,1%-ы ЖОО беделділігін, 29,5%-ы ұтып алған білім грантын, 26,5%-ы мәдени факторларды және  25,6%-ы таныс-достарының кеңес бергенін айтқан.

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ондағы студенттердің 76,8%-ы Қытайдағы ЖОО білімі туралы ақпаратты дәл осы дос-жарандарынан естігенін айтқан екен. Ал респонденттедің тек 12,5%-ы Қытай білімі туралы ақпаратты ғаламтордан, 5%-ы қазақстандық БАҚ-тан білген.

Қытайдағы Қазақстан студенттері қайда және қандай білім алып жатыр?

Жоғарыда айтылғандай, қазақстандық студенттердің дені (32,2%) білім алуға Сиан қаласын таңдайды екен. Онан соң, Бейжің, Шанхай, Гуанжоу, Ланчжоу, Үрімші және т.б. Ал қазақстандық студенттер таңдауының алғашқы үштігіне: Сиан, Бейжің және Тянцзин қалаларының шет тілдері университеттері кірген.

Зертетуге қатысқан респонденттердің жауабына сүйенсек, ол жақтағы қазақстандық студенттердің басым көпшілігі «қытыай тілі мен мәдениетін» немесе тілдік курстар бойынша білім алып жатыр екен. Респонденттедің 36,9%-ы солай деп жауап беріпті.

«Халықаралық сауда-саттық», «менеджмент», «әлемдік экономика және сауда», «қаржы» секілді экономикалық бағыттар бойынша білім алып жатқандардың саны 32,6%-ды құрайды. Ал құқықтық білім алушылар 10,7%.

Қытайдағы Қазақстан студентерінің білім көрсеткіші қандай?

Зерттеу авторлары Қытайдағы білім беру сапасы қазақстандық студенттердің әуелгі үмітттерін ақтайтындай-ақ, жоғары деп көрсеткен. Өз қаражатына оқып жатқандардың дені баға мен білім сапасына көңілдері толатындарын айтыпты. Ал респонденттердің арасында өз қаражаттарына барып оқып жатқандар - 64,6%-ды құраған. Қытайдың білім гранттарын ұтып алғандар - 32,7% болса, Қазақстанның білім грантарымен барып оқып жатқандар – 2,7%. Олардың басым көпшілігі жақсы (65,8%) және жоғары (21,2%) білім көреткіштеріне ие болған. Ал қытай тілін «жақсы» деген бағамен біліп шыққандар 80,6% көрінеді. Қазақстандық студенттердің көпшілігі тіл иелерінен гөрі талабы төменірек – шетелдіктерге арналған топтарды оқиды.

Олардың оқу аяқталған соңғы жоспары қандай? Сонда қала ма, әлде елге қайта ма?

Қытайда оқып жатқан студенттер арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде, оқуларын аяқтаған соң еңбек келісімшартымен сонда тұрақтап қалғысы келетіндер аз екені анықталған. Сонда қалу туралы үзілді-кесілді шешімге келгендер 11,1% болса, қалуымыз мүмкін дегендер 10,3%-ды құраған. Ал оқуларын аяқтаған соң Қазақстанға қайтуды жоспарлағандар 82,4% болған. Тұрақты өмір сүру үшін Қытайға біржола көшуді ойлайтындар 5,2% және Қазақстанға қайтамыз дегендер 91,7%-ды құрапты.

Сауалнама нәтижесі бойынша, жас қазақстандықтадың басым көпшілігі алдымен өздерінің ұлты мен мемлекетінің азаматтары екенін айтып, патриотттықтарын көрсеткен.

Түйін. Не бар, не жоқ?

Аталған зерттеудің нәтижелері қазақстандық студенттердің Қытайға жасап жатқан білім миграциясының позитивті де, түйткілді де тұстары бар екенін көрсетіп отыр.

Позитивті тұсы деп – зерттеу авторлары ондағы біздің студенттеріміздің жеке бас қауіпсіздіктерінің жоғары деңгейде қорғалуын айтады. Қытайда білім алып жатқан студенттердің арасында жүргізілген бұл сауалнама нәтижесі бойынша студенттердің ешбірінен ксенофобия белгілері байқалмаған. Сондай-ақ, білім берудің жоғарғы сапасы, баға мен сапа сәйкестігі, өмір сүру үшін жасалған жайлылық т.б. аспектілер позитивті тұсын көрсетеді.

«Ал енді қиындықтьарға келсек, бірінші мәселе – қытай тілі мен заңдарын білмеу немесе жетік білмеу» депті, зерттеу авторлары. Дәл осы Қытай заңын білмеудің салдарынан туындаған кейбір мәсеелер БАҚ-та біраз талқы болған. Алайда, соңғы жылдары мұндай жағдайлар азайған.

Қалай дегенмен, ҚХР-дағы қазақстандық студенттердің адаптациялануы әлі де болса акуалды мәселе. Ал оны шешудің бір жолы – дайындық курстарын ұйымастыру болып табылады. Сонымен қатар, оқуға бармас бұрын тілдік курстардан өту де студенттердің қаржылық шығындарын үнімдеуге сеп болатыны сөзсіз.

Қытайда білім алғаннан кейінгі тағы бір проблема – жұмысқа орналасу. Жоғарыда айтқанымыздай, ондағы студенттердің дені гуманитарлық бағыттағы тілдік мамандықтарды оқып келеді. Ал Қазақстанда бұл мамандыққа сұраныс аса жоғары емес. Сондықтан, зерттеу авторлары, Қытайға барып оқығысы келетін қазақстанық студенттерге мамандық таңдауда ойланып барып шешім қабылдауға кеңес береді.

Татяна Каукенова,

Қосымша: Автор Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Конфуций Институтының директоры Сәуле Қошанова мен ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Ботагөз Рақышеваға ұсынылған материалдар үшін алғыс білдіреді.

Abai.kz

6 пікір