Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4042 0 пікір 13 Ақпан, 2012 сағат 07:04

Нұрлан Дулатбеков. Жиһанша Сейдалин

Нұрлан Дулатбеков. ЖиһаншаСейдалин

Алаш көсемдері, Алаш қозғалысы қазақ халқы ұлы тарихының тағылымды кезеңін жасағандығын қазірде көзі ашық азаматтардың ешбірі де жоққа шығара алмасы анық. Біздер үшін Алаш жайындағы әрбір деректің маңызы үлкен, ойы терең, жүгі салмақты. Өйткені бұл ұлт-азаттық қозғалыс еліміздің әрбір азаматын бір мүддеге ұйыстырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дербес мемлекет құруға жұмылдыруға бағытталған еді. Және, ең бастысы, ұлтымыздың рухын биіктетуге арналған ұлы шара болды. Ал бүгінде тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлап, патриоттық сезімі жоғары еркін ұрпақ өсіріп отырған қазақ мемлекеті үшін ұлттық рухтың асқақтығы ауадай қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақстан қарқынды даму үстінде және осы ретте алға қойған стратегиялық мақсаттары да айқын. Осыдан барып дүниежүзілік қауымдастықтың алдында қазіргісі мен келешегін мойындата білді. Алайда бұған қуанатындармен бірге күмәнмен қарайтындар да баршылық, тіпті, қызғаныштағылар да көп. Сондықтан тәуелсіздігіміздің мұнан әрі де баянды болуы үшін ұлттық рухымыз берік болмақ керек. Осыған орай, Алаш қозғалысының тарихын зерттеу, жете тану қажеттілігі туындайды. Себебі ол - халқымыз өткен кезеңдерді саралай отырып, алдағыны болжаумен бірге ұлттық болмысымызды жаңғыртуға да серпін береді.

Нұрлан Дулатбеков. ЖиһаншаСейдалин

Алаш көсемдері, Алаш қозғалысы қазақ халқы ұлы тарихының тағылымды кезеңін жасағандығын қазірде көзі ашық азаматтардың ешбірі де жоққа шығара алмасы анық. Біздер үшін Алаш жайындағы әрбір деректің маңызы үлкен, ойы терең, жүгі салмақты. Өйткені бұл ұлт-азаттық қозғалыс еліміздің әрбір азаматын бір мүддеге ұйыстырып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дербес мемлекет құруға жұмылдыруға бағытталған еді. Және, ең бастысы, ұлтымыздың рухын биіктетуге арналған ұлы шара болды. Ал бүгінде тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлап, патриоттық сезімі жоғары еркін ұрпақ өсіріп отырған қазақ мемлекеті үшін ұлттық рухтың асқақтығы ауадай қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақстан қарқынды даму үстінде және осы ретте алға қойған стратегиялық мақсаттары да айқын. Осыдан барып дүниежүзілік қауымдастықтың алдында қазіргісі мен келешегін мойындата білді. Алайда бұған қуанатындармен бірге күмәнмен қарайтындар да баршылық, тіпті, қызғаныштағылар да көп. Сондықтан тәуелсіздігіміздің мұнан әрі де баянды болуы үшін ұлттық рухымыз берік болмақ керек. Осыған орай, Алаш қозғалысының тарихын зерттеу, жете тану қажеттілігі туындайды. Себебі ол - халқымыз өткен кезеңдерді саралай отырып, алдағыны болжаумен бірге ұлттық болмысымызды жаңғыртуға да серпін береді.
Ұрпағымыздың кемел келешегі үшін маңызы жоғары қажеттілік деп тауып, осы саланы арнайы зерттеп жүрген біздер тағылымды тарихи деректер қарастыру мақсатында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында білім іздей барған ұлт зиялыларының талайының ізі қалған Санкт-Петербург университетіне барған едік. Біздерді университет президенті, Ресейдегі ірі ғалымдардың бірі Людмила Алексеевна Вербицкая (фотосуретте, 2011 жылдың тамызы) жылы қабылдады. Л.А.Вербицкаямен таныстығымыз жаппай қуғынға ұшыраған құрбандар жайлы зерттеу жұмысымызға қатысты бұрынырақта орнаған болатын. Оның үстіне, оның ата-анасының ГУЛАГ жүйесінің қыспағына тап болып, қанқұйлы кезеңнің қиындығын татқаны да ықпал етсе керек. Бұл бастамамызды салған жерден құп алып, қолынан келген көмегін аямады. ХІХ ғасырда аққан жұлдыздай жарқ еткен ұлы Шоқаннан кейінгі қуатты толқын Б.Құлманов, А.Тұрлыбаев, Ж.Ақбаев, Б.Сырттанов, Р.Мәрсеков, Б.Қаратаев, М.Шоқай және тағы да басқаларға қатысты мұрағат қорындағы материалдармен кеңінен танысуға мүмкіндік туғызды.
Санкт-Петербург университетінен білім алған осынау арыстардың өмір жолы мен қайраткерлік қырлары жайлы мұрағаттан сол жолы алынған тың деректерді халық игілігіне жаратып, рухани сусындату мақсатында ұсынып отырмыз. Алғашқы ізденістерімізді - Р.Мәрсеков, Ж.Ақбаев туралы материалдарды - бұған дейін жариялаған болатынбыз. Ендігі кезек Жиһанша (Жанша) Сейдалинге тиіп отыр.
Жиһанша Әлмұхамедұлы Сейдалин - Алаш қайраткері, 1877 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. Әбілқайыр ханның ұрпағы. Кіші жүз ханы болған Нұралының шөбересі. Нұралының бір ұрпағы - Сейдалы, Байұлы руының құрметті тұлғасы болған. Сейдалыдан Күнтөре, Айтөре, Төрежан тарайды. Күнтөреден - Әлмұхамед (1832-1848 жылдар аралығында туылған) туады. Оқыған, көкірегі ояу, ел басшысы болған азамат. Орыстардың «орданың батыс бөлігінің билеуші ротмистрі» деген атағы бар. Кезінде ІІ Александрға барған қазақ делегациясының құрамындағы ел ағаларының бірі.
Айтөреден - Тілеумұхамед. Алқа кеңесшісі, Ресей жағрафиялық қоғамының мүшесі болған. Қасиетті Аннаның ІІ және ІІІ дәрежелі, Қасиетті Станиславтың ІІ және ІІІ дәрежелі ордендерімен наградталған.
Төрежаннан - Шуақ, одан - Жансұлтан, одан - Аббас және Сапаржан. Жансұлтан Қазан университетінде, ал ұлдары Аббас пен Сапаржан Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқыған. Олар туралы мәлімет кейінгі жарияланатын жұмыстарымыздың еншісіне қалып отыр.
Енді негізгі тақырыбымызға оралайық. Орайы келгенде айта кету қажет, құжаттардың толық нұсқасы ұсынылып отырылғандықтан, ондағы келтірілгендерді жалпақ тілмен және баяндап жатуды қажет деп таппадық. Көзі қарақты оқырман тақырыпқа өзек болып отырған тұлғаның болмыс-бітімі мен қайраткерлік деңгейін жеткілікті мөлшерде шамалай алады деп есептейміз.
Ресейдің Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатындағы құжаттардан Жиһанша Сейдалинге қатысты алғаш көзге түскені - мына құжат:

4 шілде 1900 ж.
С.-Петербург Императорлық Университетінің
Жоғары Мәртебелі Ректоры Мырзаға

Орынбор классикалық гимназиясының
ғылымдар курсын тәмамдаған Жиһанша Сейдалиннен

Өтінім
Кәмелеттік аттестат, туу туралы куәлік, әкемнің қызметтік тізімі, белгіленген құжаттар көшірмелері және екі фотосуретімді тіркей отырып, Жоғары Мәртебелі Мырза, менің сізге сеніп тапсырылған Университеттің Заң факультеті студенттері қатарына алынуыма жарлық беруіңізді сұраймын.
Мұнымен қоса С.-Петербург Университетін таңдауыма ықпал еткен келесі себептерді де келтіріп өтемін: біріншіден, Торғай облысының Әскери Губернаторы Жоғары Мәртебелі Мырза менің С.-Петербург Университетінің жанындағы Қырғыз шәкіртақысын алуыма келісім беріп отыр, екіншіден, Петербургте маған қол ұшын беріп, ақыл-кеңестерімен жетекшілік ететін туысқандарым тұрады: Атты әскердің отставкадағы Генералы Ғұбайдолла Шыңғысхан және Гвардия полковнигі, қырғыз Сұлтан Уәлихан. Мұнан басқа Орынбордағы Неплюев Кадет корпусының ғылымдар курсын ағымдағы жылы тәмамдаған ағам биыл Петербургтегі Михайлов Артиллериялық Училищесінде оқитын болады.
Қырғыз-қайсақ Кіші ордасының Сұлтаны
Жиһанша Сейдалин
20 маусым 1900 жыл. Торғай облысы, Ырғыз қаласы(Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.37347. парақ.1-1 келесі беті).
Құжаттағы мәліметтерден Жиһаншаның шыққан тегі тағы бір нақтыланып өтеді. Ден қоярлығы - Жәңгір ханның ұлы Ғұбайдолла Жиһаншаның қалыптасуына айтарлықтай ықпал еткен. Санкт-Петербургте оқыған кезінде, Ғұбайдолланың үйінде болып, соның тәрбиесін алады. Осы ретте Жиһаншаның тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен адамдар туралы толығырақ дерек келтірейік:
«1. Ыбырайым - Жәңгір ханның үлкен ұлы. Жоғары мәртебелі императордың рұқсатымен С.-Петербург қаласындағы Паж корпусына оқуға алынады. Император ағзамның жарлығымен Ресей империясының княздік мәртебесін иеленеді. 1865 жылы дүниеден өткен.
2. Екінші ұлы - Сақыпкерей, ол да князь болған.
3. Үшінші ұлы - Ахметкерей (1837-1914) - полковник, Әбілқайыр ханнан ант қабылдаған К.М.Тевкелевтің шөпшегі Зухра Тевкелеваға үйленген. Жарлық мәтінін келтірейік: «Бозда дүние салған Жоғары Мәртебелі Император Ағзам ІІ Александрдың атымен бастаймын, Билігін жүргізіп тұрған осы сенаттың 1870 жылдың 30 тамызындағы жарлығымен Ішкі Бөкей Ордасының дүниеден өткен ханы Жәңгірдің үшінші ұлы, отставкадағы полковник Сұлтан Ахметкерей Шыңғыс тікелей ұрпағы ретінде Ресей империясының княздік мәртебесін иеленіп, 1879 жылдың 9 тамызында оған мақтау қағазы, 1866 жылдың 14 қаңтарында Жоғары дәрежеде бекітілген елтаңба тарту етілді» (стилі мен грамматикасы өзгеріссіз сақталды). Олардың (Ахметкерей мен Зухраның) Измаилбек есімді ұлдары да, император жарлығына қарағанда, князь титулын иеленген.
4. Жәңгір ханның Ғұбайдолла есімді (1840-1909) төртінші ұлы - орыс әскерінің генерал-лейтенанты. Әскери тізімдерге Сұлтан Қажы Ғұбайдолла Жәңгір-оғлы Шыңғысхан деген есіммен тіркелген. Орыс-түрік соғысының белсенді қатысушысы, «Батылдығы үшін!» деген жазуы бар алтын қарумен наградталған. Қасиетті Аннаның І және ІІ дәрежелі, Қасиетті Станиславтың І және ІІ дәрежелі, Қасиетті Владимирдің ІІІ және ІҮ дәрежелі ордендерінің иегері. Императорлық Жоғары Мәртебелі ІІІ Александрдың нөкерлері қатарына енген. Орыс әскеріндегі соңғы қызметі - байланыс қызметінің бастығы, әскер мен флотқа Морзе аппараттарын ендірген. Ялта қаласында жерленген («Родина» журналы, №7, 2004)»(Оловинцов А.Г., Табулдин Г.Ж. Чингизиды: Династии и эпохи. - Астана, 2009. - 376 с. - С.104.).
Осындағы Ресей Империясының княздік мәртебесін иеленген бабалардың қайталанбас өмір жолдары мен атқарған еңбектері - өз алдына жеке тақырып.
ЖОО-ға қабылданғанға дейін Орынбор гиманзиясында оқыған Жиһанша Заң факультетіне түсерде, сол кездегі талап бойынша өзінің кәмелеттік аттестатын өткізеді. Мәтіні төмендегіше:

Кәмелеттік Аттестат №473
1877 жылдың 8 қыркүйегінде Торғай облысының Қостанай қаласында дүниеге келген, мұсылман дінінде, қырғыз шенеунігінің ұлы, екі жыл Орынбордағы Неплюев Кадет корпусында және бес жыл Орынбор гимназиясында оқыған, ҮІІІ сыныпта бір жыл болған Жиһанша Сейдалинге берілді, біріншіден, Орынбор гимназиясында оқыған уақыт бойы жүргізілген бақылауға алу негізі бойынша, тәртібі өте жақсы, сабаққа қатынасуы және дайындығы, сондай-ақ жазба жұмыстарды орындаудағы ұқыптылығы жақсы, ыждаһаттылығы жақсы, барлық пәндерге деген білімқұмарлығы қанағаттанарлық болды, екіншіден, төмендегідей білім көрсетті:

Ескерту. 5 - білім үлгерімінің үздіктігін білдіреді, 4 - жақсы, 3 - қанағаттанарлық, 2 - толық қанағаттандырмайды және 1 - қанағаттанарлықсыз.
Осылардың негізінде Сейдалинге Халық Ағарту Министрлігі ведомствосы гимназия және прогимназияның 1871 жылдың 30 шілдесінде ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕДЕ бекітілген жарғысының 130-132-параграфтарында белгіленген барлық құқықтарын білдіретін осы кәмелеттік аттестат берілді. - Орынбор, 1900 жылдың 5 маусымы(Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.37347. парақ.2-2 келесі беті).
Орынбор гимназиясында оқыған пәндеріне қарап, Жиһаншаның ЖОО-ға дейін қаншалықты білімі болғандығын шамалуға мұнан артық дерек қажет бола қоймас, сірә. Ал Санкт-Петербург университетіне қабылданған соң, жеке үлгерімін жетілдіру, жан-жақты біліммен қаруланудың жөні мүлде бөлек болса керек. Мұрағат құжаттарынан белгілі болғандай, Жиһанша оқуды зор ынтамен бастайды және солай оқыған да. Қырдан келген қазақ баласы үшін еуропаша тәрбиеленген орыс және тағы да басқа ұлттардың балаларымен тең оқу, әрине, оңайға түспейді. Басқасын былай қойғанда, Жиһаншамен бір курста А.Ф.Керенский оқиды. Міне, осылардан қалмау ол үшін үлкен сын болады. Оқу барысында Жиһанша ең адымен француз тіліне ден қояды, арнайы қосымша білім алып, осы тілді толық меңгеруге барынша күш салады, нәтижесінде 2 жылда француз тілін жетік меңгеріп, еркін сөйлесе алатын деңгейге қол жеткізді. Сонымен бірге университетте жүргенінде өз таңдауы бойынша мынадай пәндерді оқыған:

КУӘЛІК
Ұсынушы Жиһанша Сейдалин - мұсылман дінінде, Аға Кеңесшінің ұлы, 1877 жылдың 8 қыркүйегінде дүниеге келген. Орынбор гимназиясының кәмелеттік аттестаты бойынша 1900 жылдың тамызында С.-Петербург ИМПЕРАТОРЛЫҚ университетінің студенті болып қабылданып, заң факультетіне алынып, онда мынадай курстар тыңдады: Рим құқығы тарихы, Рим құқығы догмасы, Орыс құқығы тарихы, Мемлекеттік құқық, Шіркеу құқығы, Саяси экономика, Азаматтық құқық пен сот ісін жүргізу статистикасы, Сауда құқығы және сот ісін жүргізу, Қылмыстық құқық және сот ісін жүргізу, Қаржы құқығы, Халықаралық құқық, Құқық энциклопедиясы, Құқық философиясы тарихы; оқу бағдарламасымен бекітілген практикалық сабақтарға қатысып, француз тілінен сынақ тапсырды және жартыжылдық сынақ жөнінде талап етілетін ережелерге сай сегіз сынақтың барлық шартын орындауға қатысты.
Ресей ИМПЕРАТОРЛЫҚ университеттерінің 1884 жылдың 23 тамызындағы Жалпы Жарғысының 77-бабы негізінде аталғандарды куәландыру үшін тиісті талап бойынша университет мөрі мен қол қойылып, 1904 жылдың наурызында С.-Петербург Императорлық университетінің заң факультетінен осы №842 куәлік берілді.
Бұл куәліктің бір жерде тұруға белгі қағаз ретінде күші жоқ.
С.-Петербург Императорлық университеті Заң факультетінің деканы
Заң факультетінің хатшысы
Кеңес хатшысы(Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.37347. парақ.21.).
Оқу процесінің қиындығы өз алдына, содан ілгеріде ғана әкесі дүниеден озған Жиһаншаға ендігі жерде материалдық қиындықтар да әсерін тигізді. Дегенмен тегіне тартып туған қазақ баласы мойымай, қалай да толық білім алып шығуды мақсат еткендіктен, мұндай қиындықтардан шығар өзге жол іздеп, университет ректорының атына өтініш жолдайды. Келесі құжат - осының куәсы:

С.-Петербург Императорлық Университетінің
Жоғары Мәртебелі Ректоры Мырзаға

Заң факультетінің ІІІ семестр студенті
Жиһанша Әлмұхамедұлы Сейдалиннен

Өтінім
Ағымдағы жылдың көктемінде мені дәріс тыңдау құқығым үшін төленетін жарнадан босату туралы Жоғары Мәртебелінің атына жазылған өтінімде отбасылық жағдайым жайлы ештеңе келтірмеген едім.
Анамнан бала кезімде айырылдым. Әкем мемлекеттік қызметте 40 жыл қызмет еткен. Әкем 1898 жылы дүние салғанда, соңында жалғыз ғана зейнетақы қалды, оны кәмелеттік жасқа толмаған 6 баласы бар өгей шешем алып келеді. Менде ештеңе жоқ, әлдекімдердің тарапынан материалдық қолдау көрместен жүрмін және оқу үшін елімнен Жоғары Мәртебеліге сеніп тапсырылған университеттің жалғыз-ақ Крыжановский атындағы шәкіртақысына сеніп келдім.
Жағдайымның материалдық және адамгершілік тұрғыдағы осындай қиындығына байланысты мені дәріс тыңдау құқығым үшін төленетін ақыдан босату жөніндегі өтінішімді Жоғары Мәртебелінің құзырлығына қайта жіберіп отырмын.
Осылармен бірге кедейлігім туралы куәлікті қоса тіркедім.
Студент Жиһанша Сейдалин
С.-Петербург
1901 жылдың 6 қазаны(Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.37347. парақ.16-16 келесі беті).

Сонымен қоса сол кездерде А.Тұрлыбаев, Ж.Ақбаев сынды білімге барынша ден қойған қазақ жастары Санкт-Петербург университетінде оқылатын дәріспен ғана шектелмей, Императорлық археологиялық институттан да дәріс тыңдайды. Ол туралы 1902 жылдың 7 маусымында ректор атына жазған өтініштері бар.
Жиһаншаның демократиялық білімінің қалыптасуында оқу-білімге құштарлығы мен туыстары ғана емес, Санкт-Петербург университетінің де орны ересен. Санкт-Петербург университеті кезінде талай ірі тұлғаның қоғамдық-саяси ойы мен мәдениетінің дамуында айрықша рөл ойнады. Мұнда утопиялық социализм өкілі М.В.Буташевич-Петрашевский, сыншы әрі ойшыл Д.И.Писарев, демократ, жазушы философ Ф.Г.Чернышевский, танымал саяси қайраткерлерден П.А.Кропоткин, Д.Благоев, П.А.Столыпин, А.Ф.Керенский, П.Б.Струве білім алған. Патшалық дәуірде ел дамуының тоқырауда болғандығын халық көре бастаған қиын кезеңде, Ресей үшін ауыр уақыттарда қоғамдық сананы оятуға көбіне-көп университет студенттері мен оқытушылары атсалысып отырған. Ол замандарда университетте философиялық ғылымдар, әсіресе тарихи ғылымдар дінге қарсы рухта оқытылады, сөйтіп, студенттерде бүлдіргіш идеялар қалыптасады деген пікір бой көтерген. Университет студенттері мен демократиялық аяда әйгілі болған профессорлар ХІХ ғасыр бойына ресми биліктер тарапынан қудалауға түсіп, жұмыстан босауға, тіпті елден кетуге мәжбүрленді. Осы орайда М.Петрашевский, Н.Чернышевский, Г.Лопатин және т.с.с. тұлғалардың тағдырлары көпшілікке мәлім. Физика-математика факультетінде оқыған белгілі анархист П.А.Кропоткин, Д.И.Менделеевтің шәкірті болған П.А.Столыпиндер де - осы университет түлектері. Осы ретте профессорлардан В.И.Вернадский мен С.Ф.Ольденбургті де атап өтуге болады.
Университеттік ортада ой еркіндігі кең қанат жайып, талай түлектері Ресейдің ғана емес, сондай-ақ қазақ елінің де қайнаған қоғамдық өміріне белсене араласқан.
Әлемге танымал осындай ірі мамандар даярлап шығарған университетте сол мамандармен қатар оқып, білім жарыстырған Жиһанша Сейдалин Алаш арыстары жайында қозғалып жүрген тақырыптардан тыс қалып жатса, өздері мұрат еткен ұрпақтары тарапынан баба алдында шындығында да ағаттық болатын сыңайлы.
1904 жылы осы университетті аяқтап, елге қайтпақ болған Жиһаншаның алдына қойған ұлы мақсаттарының дені туған халқы алдындағы перзенттік борышын өтеумен байланысты болды, яғни елге қызмет етсем дейді. Алайда онысы бірден орындала қоймай, арнайы жолдамамен Кавказдағы Қара теңіз жағалауында орналасқан Озургель қаласына жіберіледі. Осында мамандығы бойынша 1910 жылға дейін еңбек еткен ол қызмет жағдайы, халықтар тіршілігі жайлы мол тәжірибе жинақтайды. Және елге оралғаннан кейін жиған-терген білімі мен қызметтік тәжірибесі негізінде кемелденген игі ойларын халқының болашағына арнайды.
«Айқап» журналы жарық көрген 1911 жылдан бастап ұлттық мүдде турасында мақалалар жариялайды. Алаш қозғалысының белсенді мүшесі ретіндегі қырынан көрінуге себеп болған да - осындай еңбектері. Мәселен аталған журналға басылып шыққан сиез шақыру мәселесіне қатысты мақалалары Алаш ұлдары арасында маңызды пікірталас тудырған, сөйтіп, ұлт зиялыларына ой тастаған. Жиһанша Сейдалиннің заманының әлеуметтік өзекжарды мәселелерді қозғап, ел ағалары арасында қуатты серпін тудыруға түрткі болған мақалалары: «Азып-тозып кетпеске не амал бар?», «Бас қосу», «Балмұхамет Тәшеновке жауап», «Үлгі аларлық іс», «Сиез туралы», «Жер жайынан бір-екі ауыз сөз», «Шаһар Троицк, 1 декабрь, 1913 жыл», «Әке мен бала» т.б. «Айқап» журналы арқылы ел арасына 1911 жылы тараған осындай қозғаушы сипаттағы алғашқы мақаласы - «Азып-тозып кетпеске не амал бар?» мақаласы. Мұнда отаршылдық заманындағы елдің тұрмыс-халін баяндай отырып, отаршыл үкіметке халық атынан талаптар қойылу керектігін алға тартады. Сол үшін де қазаққа сиез ашу керектігін түсіндірген Жиһанша сиездің ұйымдастырылуы мен онда сөз етілетін негізгі деген мәселелерді көптің талқысы арқылы шешу керектігіне баса назар аудартқан және қазақ зиялыларының осы жолда аянбай еңбек етіп, белсенділік танытуына үндеу жасайды. Ал қазақ халқының жарқын келешегі үшін ел жақсыларының бас қосуы ол кезеңде қаншалықты маңызды болғандығы қазірде арнайы дәлелдеуді қажет етпесе керек. Сондықтан ұлт мүддесін көздеген азаматтар жабыла қолдап, жауап жазған. Жиһаншаның сиез ашуға қатысты мақалалары «Айқап» журналынан басқа «Қазақ», «Мусульманская газета» басылымдарында да жарияланып тұрған. Туған халқының отаршыл елмен тең болуын діттеген тұлғаның осы жолда сиез ашу мәселесін қозғап, қалың елді серпілтуге жасаған алғашқы бастамасы Алаш қозғалысының тарихында жаңаша серпін туғызды. Алайда сиез ашу мәселесі патша тарапынан рұқсат берілмегендіктен, біраз жыл кешеуілдеп барып жүзеге асты. 1917 жылдың сәуір айында Торғай қаласында өткен қазақ сиезіне қатысқан Жиһаншаның есімі бүгінде сол игі шараның бастамашысы ретінде ғана емес, оның белсенді қатысушысы ретінде де танылуға тиіс.
Жиһанша Сейдалиннің өмір жолы мен Алаш қозғалысына қосқан жаңғырықты үні жайлы деректерді зерттеп, баспаға ұсыну бізге ең әуелі жас ұрпаққа шыққан тегін танытып, сол арқылы ұлттық болмысымыз бен рухымызды нығайта түсу үшін қажет. Талайдан арман болып, енді еліміздің еншісіне тиген тәуелсіздіктің мәңгілікке мызғымас қасиетті мирас ретінде кейінгіге табысталып отырылуы үшін қажет.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2119
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2528
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2233
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1634